Түлектердің барлығы жұмыспен қамтамасыз етілуі керек

«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», –  деген Елбасымыздың сөзі жастарымызды заманына лайықты білімді болуға шақырады. Еліміздің өркендеуіне жастардың қосатын үлесі қашан да зор. «Жас келсе –  іске» деген. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Абылайұлы Ахметов жас та болса ісімен басқаларға үлгі болып жүрген белсенді азаматтарымыздың бірі. Мәдимен «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысы мен болашақтағы жоспарлары жайлы сұхбаттасқан едік.

 

Мәди, «Жас отанның» бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарының нәтижелері қандай?

2008 жылы Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған ең үлкен жастар ұйымдарының бірі –  «Жас Отан» Жастар қанатының биыл республика көлемінде жұмыс жасап жатқанына 9 жыл толып отыр. Атауының өзі айтып тұрғандай «Жастар –  Отанға!» деген мағынаны береді. Негізгі мақсаты –  еліміздегі жастардың рухани және мәдени дамуына, білім мен ғылымға бет бұруына, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмек көрсету. Барлық қалаларда, облыстарда, аудандарда «Жас Отан» Жастар қанатының бөлімшелері жұмыс атқарады. Мұның барлығы жергілікті басқару ұйымдарына, әкімшілікке, тағы басқа мекемелерге бір жағынан көрсетіліп жатқан көмек деп айтуға болады. Атқарылатын жұмыстардың барлығы партияның, «Жас Отанның» өзінің ұзақ және қысқа мерзімді «Сәтті қадам», «Жастар –  Отанға!» жобасы, «Жас Отан» кубогына арналған КВН, «Еркін пікір» пікірсайыс клубы, «Ұрпақтар сабақтастығы» арнайы жобалары аясында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өнер мен білім саласында жетістікке жеткен адамдармен бірлесіп кездесулер ұйымдастыру «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында жүзеге асады. Бұл жобаның тәрбиелік мәні өте жоғары. Ал Қазақстандағы еріктілердің басын қосып ардагерлерге, балалар үйіне көмек көрсетіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруда «Еріктілер мектебінің» рөлі ерекше.

«NURINTECH» pеспубликалық жастар инновациялық жобасының жаңа кәсіп ашқысы келетін немесе ғылым саласында жаңалық ойлап тапқан жастарға берер көмегі зор. Партия тарапынан жастарға жасалып жатқан көмектердің бірі –  «Жас Отанның» жанындағы Кеңес беру орталықтары. «Қолжетімді баспана», «Міндетті медициналық сақтандыру», т.б көптеген мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асатынын, қандай құжаттар керек екенін осы Кеңес орталықтарынан білуге болады.

 

Жастар арасындағы жұмыссыздық­ты азайту мақсатында қолға алынған «Сәтті қадам» жобасы жайлы айтып өтсеңіз.

Жоғары оқу, техникалық, кәсіптік білім беру орындарын бітірген түлектердің жұмыс табу жолын жеңілдету мен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында қолға алынған жоба 2013 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жалпы «Сәтті қадам» жобасы үш бағыттан тұрады. Бірінші бағытта жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім мекемелерін бітірген жастарға өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларына көмек беру. Мемлекеттік мекемелерге, жеке компанияларға тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Мұны іке асыру үшін кәсіпорындармен, мекемелермен екі жақты меморандумға қол қоямыз. Бізге келіп түскен өтініштер бойынша арнайы конкурстық комиссиямен бірлесіп сараптау жүргізіледі. Екінші кезеңде, әңгімелесуге шақырылады. Содан кейін барып қоғамдағы белсенділігі мен балдық көрсеткіші бойынша мекемелердің сұранысына орай іріктеуден өткен азаматарды үш ай тағылымдамадан өтуге жібереміз. Үш ай бойы өзін жақсы көрсете алған, біліктілігі мен білімін дәлелдеп, белсенділік танытқан жастарымыз сонда тұрақты жұмысқа орналасады.

 Төрт жыл ішінде жобаға 5600-ге жуық жастар қатысуға ниет білдірсе, оның екі мыңнан астамы мемлекеттік органдар мен ең ірі ұлттық компанияларда үш ай тегін тағылымдамадан өтті. Мерзім аяқталғаннан кейін 200-ге жуық жас жұмысқа тұру мүмкіндіктеріне ие болды. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік деп айтуға болады.

Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Бұлақ көрсең –  көзін аш» деген жақсы тәмсілдер бар. Қамқорлыққа зәру жетім балалар ЖОО-ын бітіргеннен кейін жұмыс таппай жатады. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты 2016 жылы ЖОО мен ТжКБ түлектері қатарындағы жетім балаларды жұмыспен қамту бойынша партиялық «Сәтті қадам» жобасының екінші бағытын іске қосты. Жетім балаларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді іске асыру үшін партия осы жылдың төртінші шілдесінде Астана қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Дін істері және азаматтық қоғам министрілігімен бірігіп, төрт жақты меморандумға қол қойды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп түкірсе –  көл» демекші партия мен министрлік осы мәселені қолға алып, шешу жолдарын қарастыратын болады. Елімізде бітіріп жатқан түлектердің барлығы жұмыспен қамтамасыз етілуі керек. Бұл бойынша, партия да, мемлекет те құзырлы органдардың барлығы тиісті жұмыс атқаруда.

 

Үшінші бағыт бойынша ше?

Жобаның үшінші бағыты ҰБТ тапсыру кезінде шекті деңгейді жинай алмаған және тестілеуге қатыспаған мектеп бітіруші түлектер үшін жақсы мүмкіндік. Елбасының тапсырмасымен тегін кәсіптік білім беру бағдарламасы қолға алынған болатын. Осыған орай, біз барлық бітірген студент жастарды қалаған оқу орындарына түсе алмаса да, түрлі саладағы кәсіптік білім беру мекемелерінде оқып, ары қарай жұмысқа орналасуға көмектесеміз.

«Мәңгілік Ел Жастары –  индустрияға», «Кәсіптік білім беру», «Серпін» сияқты түрлі бағдарламалар оқимын, білемін, көремін, ізденемін деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Қазір жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан да, партия тарапынан да министрліктер тарапынан да қолдау көп. Бұл жобалардың барлығына онлайн түрде өтініш қалдыруға болады. Халықты жұмыспен қамту орталықтарымен де тығыз байланыстамыз. Жобаның екі бағыты бойынша былтырғы жылдың өзінде 24 компаниямен келісімшартқа отырған болсақ, биылғы жылдың өзінде алғашқы маусымында 7 келісімшартқа қол қойып үлгердік. Оның ішінде мемлекеттік және жеке кәсіпорындар бар.

 

Алда қандай жобалар ұйымдастырылады? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

«Жас Отан» Жастар қанаты еліміздегі іргелі жастар ұйымы болғандықтан бізде ұзақ, қысқа мерзімді аралық жоспарларымыз болады. Арнайы жобалар бойынша біз қоғамдағы жастардың рөлін арттыруда, қоғамдағы өз орнын табуына септігін тигізетін жұмыстарды, іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Биылғы жылы «Жас Отанның» Алматы қалалық филиалы Мемлекеттік рәміздер күнінің 25 жылдығына орай Алматы қаласының әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып сегіз ауданда 8 семинар-тренинг өткіздік. Екі тілде арнайы видеоролик көрсетілді. Флешмоб ұйымдастырылды. Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековпен №159 гимназияда 200 оқушымен үлкен кездесу болды. Мұның бәрі жасалып жатқан ағымдағы жұмыстардың бір легі ғана болса, болашақта атқаратын жұмыстар әлі көп. Соның бірі, «Жас Отанның» жанындағы Кеңес орталығының жұмысын қайтадан жандандыру. Алматы қаласы бойынша 2-3 жерде Кеңес орталығының жұмысын қолға алсақ деп жатырмыз. Негізгі мақсат –  жастарға жүйелі түрде пайдалы ақпарат беру. Әлеуметтік желі арқылы қоғамға тұрақты түрде ұсынып отыратын қала деңгейінде канал ашу жоспарда бар. Бұл әлеуметтік желіде насихаттау жұмыстарының бір парасы ғана болмақ. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі замандастарымызды, құрдастарымызды қолдау туралы көп жерлерде қағаз жүзінде айтылғанымен іс жүзінде орындалмай жататыны бар. Көп жағдайда олар назардан тыс қалып жатады. «Жас Отан» Жастар қанаты сол олқылықтың орнын толтырып, мүмкіндігі шектеулі жастардың басын біріктіретін арнайы комиссия құрып, жаңа оқу жылынан бастап сол жұмысты күшейтсек дейміз.

«Сәтті қадам» жобасымен жұмыстар жыл бойы жалғасады. Жемқорлыққа қарсы іс-шара бойынша әрбір оқу орнында, кәсіптік білім беру мекемелерінде арнайы ақпараттық бұрыштарды, жастарымыздың жемқорлыққа байланысты арыз-шағымдарын қабылдайтын колл-центр ашу ойымызда бар. Сондай-ақ техникалық, гуманитарлық, кәсіпкерлік, инновация, т.б салалардағы білікті де білімді, талантты жастарды біріктіріп өзекті мәселелерді шешуге бағытталған арнайы клуб ашпақ ниеттеміз. Осының барлығы жастарымыздың болашағы үшін атқарылып жатқан шаралар. Ертең ел игілігіне қызмет ететін жастарымыз көп болсын!

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30