ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОЛДАНЫСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАЛЫ

 

Темірхан Сақаұлы ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі салтанат құрған жаңа тарихының 25 жылы талай жаңа бастамалардың ұсынылуымен, одан кейін біртіндеп жүзеге асуымен ерекшеленеді.

Ата Заңымыз –  «Қазақстан Республикасының Конституциясындағы» кіріспеде «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз»(1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. –  Алматы: Юрист, 2008. –  40 б.; 3-б.), –  деп заңнамалық-мемлекеттік тұжырым-мәлімдеме жазылған. Бұл –  Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы байырғы, негізгі ұлт қазақтардың және басқа халықтардың аз санды этникалық топтары атынан қабылданған негізгі заң тұғырнамасы. Мемлекет аумағындағы негізгі қазақ ұлтының ежелгі замандарда пайда болуы, одан кейін осы мекенде қалыптасуы, дамуы кезеңдеріндегі материалдық және рухани мәдениет салаларындағы көрсеткіштері тарихи дамудың сабақтастығы жүйесімен жалғасып келді.

Әлем өркениеті кеңістігіндегі қазақ ұлтының рухани құндылықтарының сақталуында жазу өнерінің қызметі басты орын алады. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеулердің (ғалым Н. Уәлиұлы еңбегінің) нәтижелері бойынша жазудың әліпбилік (алфавиттік) үлгілері әуелде б.з.б. 3-мыңыншы жылдарының ортасында семит халықтарында пайда болғандығы, одан кейін солардың б.з.б. 2-1 мыңыншы жылдарындағы финикий, арамей әліпбилері, одан кейінгі парсы-арамей, сирия-арамей, араб жазуы – алғашқы негіз үлгілері болып саналады. Ғалым Н. Уәлиұлы бұларды батыс әліпбилері, ал классикалық грек жазуын, Византия жазуын, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазуларын ежелгі грек әліпбилерінің Шығыс тармағына жатқызады. Ал, батыс грек әліпбилері қатарында италий, этрус, көне герман сына жазуын атайды. Ғалым Н. Уәлиұлы этрус әліпбиінің латын әліпбиіне негіз болғанын, несториан, манихей жазуларындағы ескерткіштерді, көне ұйғыр әліпбиіне негіз болған соғды әліпбиін, көне ұйғыр әліпбиінің негізінде ХІІІ ғ.-дан кейін тұңғыс-манжұр жазулары қалыптасқанын атайды.

Зерттеуші орта ғасырлардан бастап, әртүрлі әліпбилермен жазудың діндермен (зоратуштра –  арамей жазуымен; иудаизм –  шаршы қаріп жазуымен; христиан секталары яковит, несториан, манихей –  сирия-арамей жазуларымен; ислам –  араб жазуымен) байланысты дамығанын айтады. Араб әліпбиімен жазылған орта және кейінгі ғасырлардағы Ислам ағартушылығы әдеби мұралары (Қожа Ахмет Иасауидің «Ақыл кітабы» –  «Диуани хикмет», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» –  «Һибат-ул-хақаиқ», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» –  «Құтадғу біліг», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақырзаман кітабы» –  «Бақырғани кітабы», Махмуд Қашқаридың «Түрік сөздігі» –  «Диуани лұғат-ит-түрк», Сайф Сараидың «Түркіше Гүлстан» –  «Гүлстан бит түрки», «Жәдігернама», Рабғузидың «Қиссас ул-әнбийа»; Адам Атадан Мұхаммед ғалайһи-уәссәламға дейін, т.б.) Шығыс классикалық әдебиетінің рухани мәдениеттің қалыптасуына зор әсер еткенін айтады. Сонымен бірге, ғалым еуропалық латын әліпбиінің біздің тарихымызға қатысты қолданылу бастауын да атап көрсеткен: «Түркілер 12-ғасырдың өзінде-ақ латын әліпбиін қолданған. Мысалы, дүниежүзіне әйгілі «Кодекс Куманикус» кітабы осы әліпби негізінде жазылған» (Уәлиұлы Н. Әліпби, алфавит// Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.- 1-том: А-Ә.- 720 б.; 677-б.).

ХІІ– ХІХ ғғ. дейін және ХХ ғасыр мен қазіргі ХХІ ғ. басындағы араб жазуы арқылы қалыптасып, дамып, Ислам дініндегі Шығыс халықтарының материалдық және рухани мәдениеті байланыстарының ықпалдастықтарының үздіксіз жалғасуы өркениет кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарына ортақ даму бағыттарын айқындайды.

Ал, ХХ ғасырдың басында (1912 ж.) ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов араб әліпбиіне негізделген қазақтың өзіндік әліпбиін «жаңа емле» («төте жазу») үлгісімен жасап, бұл нұсқа 1913– 1929 жылдары медреселерде, мектептерде қолданылды.

2017 жылы 12 желтоқсанда Алаш Орда үкіметі басқарған Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Анықтамалық дерек бойынша: «Алаш автономиясы –  1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-территориялық мемлекеттігі (1917-1920 жж)» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» - 1-том: А-Ә... 247-б.).

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған 25 жылы көлемінде атқарылған игі істер жүйесінде сөз арқауындағы Ахмет Байтұрсынов негіздеген «Төте жазу» және арабтық көне қадым араб, сонымен бірге байырғы түркі ойма жазуларындағы, латындық әліпбилеріндегі бұрынғы-соңғы рухани құндылықтарды игеру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді...

Қазақстан Республикасының Президенті –  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілі –  біздің рухани негізіміз. ... Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» –  деп, ұлттық өрлеу мен әлемдік өркениетті тұтастандыратын өзекті мәселені де атап көрсетті: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл –  ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады».

Ұлт Көшбасышысы- Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «І. ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты –  сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» екендігін назарға ұсынған.

...2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» (Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан, №70 (29051), 12 сәуір, сәрсенбі, 2017 жыл, 1-2-бб.; 2-б.).

Қазақстан Республикасы – мемлекет құру­шы қазақ ұлтының және әр түрлі ұлт өкілдерінің Отаны. Сондықтан Елбасының мақаласындағы «Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады» деген сөзі –  Қазақстандағы орыс, ураин, ұйғыр, өзбек, түрік, күрді, кәріс, неміс, т.б. ұлт өкілдері үшін болашақта жалпымемлекеттік латин графикасындағы әліпбиге көшетіндері туралы ескерту. Демек Елбасымыздың осы айқын бағдарлы ұстанымы аясынан Қазақстан Республикасындағы басқа ұлт өкілдері оқитын, жазатын бұқаралық ақпарат құралдары, баспа өнімдері, оқу-ағарту, ғылым, материалдық және рухани мәдениеттің барлық салалары да тыс қалмауын қадағалауымыз керек.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30