БҮГІНГІ ОТБАСЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Аманжол ҚАЛЫШ

Тарих ғылымдарының

докторы, профессор:

Сіз «Қазіргі Қазақстандағы отбасы мен неке» атты монографияның авторысыз. Отбасылық құндылық дегеніміз не? Қазақ қыздарының шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуы неліктен жиілеп кетті?

– Бұл мәселе бірқатар факторға байланысты. Біріншіден, жатжерліктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздары жақын және алыс шетелдердегі жоғары оқу орындарында білім алғандар.

 

Негізінен, олар қазақтың ұлттық дүниетанымынан тыс өскен, ұлттық дәстүрінде тәрбие алмаған, көбінесе ана тілін білмейтін, басқа тілде сөйлейтін, тек шыққан тегі мен сырт келбеті қазақ, аты-жөні қазақ қыздары болып табылады.

Бұл қыздарды туған жерімен, өскен елімен рухани байланыстырып тұрған ерекше ештеңе жоқ. Ата-анасы мен жақын туыстары, дос-жарандары болмаса. Бұл жағдай ауыл қыздарынан гөрі көптеген қала қыздарына тән, сондай-ақ, орыс мектебінде, орыс лицейде немесе колледж, институт, университеттің орыс бөлімдерінде оқыған қыздарға тән мінез. «Болашақ» бағдарламасымен алыс шетелдерде оқыған қыздарымызға қатысы жоқ. Олардың ішінде ұлттық қайнардан сусындап өскен жастар баршылық.

Осы топқа жоғарғы оқу орнын бітірген соң сол елдерде жұмыс істеуге қалып қойған, неке жасына әбден жеткен, асып бара жатқан қазақ қыздарын қосуға болады, олар тарихи отаны – Қазақстанға қайтуға асықпайды, сол барған елдердің азаматтарымен ресми некеге отырып, я болмаса азаматтық неке құрып, өмірлерін қалауынша өткізуде.

– Өзіңіз көзбен көрген куәсі болған жайттар бар ма?

Мен осындай екі жайтпен таныспын. Екі бірдей таныс қазақтың қызы Парижде білім алып, Францияның азаматтығын алған араб жігіттеріне тұрмысқа шығып кетті.

– Ата-ана қарызы деген қасиетті ұғым қайда қалады сонда?

Әлгі қыздардың тұрмыстары тамаша, өмірлеріне дән риза, бәрі олардың көңілдегідей болып шықты. Сонымен қатар олардың зейнет жасына жеткен, зиялық қауымнан шыққан ата-аналары кәртайғанда жалғыз қалды, екеуден екеу шошайып отыр. Жиендерін көруге үнемі мүмкіншілік бола бермейді, ал қыздарына Алматыға ұшып келіп, ақ сүтін берген анасын, аялап өсірген әкесін қуантып кетуден гөрі, көңілі қалаған елдерге барып демалу жеңілірек.

Жат жерлік азаматтарға некелі жар болып отырған қыздар өздерін қалай сезінеді деп ойлайсыз?

Егер шындығына келсек, біздің қыздарымыз алыс шетел азаматтарын таңдап, тұрмыс құрғанда түрік, араб ұлттарына шығады, олардың екінші немесе үшінші әйел болып отыруы жиі кездеседі.

– Тоқал деңізші.

– Одан кейінгі орындарда парсылар мен қытайлар.

– Шетелдік азаматтардың өз мүддесі бар ғой!

– Шетелдік азаматтар үшін қазақ қыздарымен мұндай аралас неке олардың бизнес, қызмет көрсету, білім алу және тағы басқа салалардағы бейімделуін жеңілдетеді. Олар Қазақстан Республикасында бірнеше жыл жайбрақат өмір сүреді, сосын өз отанына оралады, өз еліне әйелдері мен осында туған балаларын алып кетуі сирек.

Көбінесе біздің қазақ әйелдері ол жерлерді жергілікті тіл мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді білмеудің салдарынан жерсіне алмайды. Таяу Шығыс елдерінен шыққандардың арасында исламды ұстанатындар үшін уақытша неке деген ұғым бар, олар қазақ қыздарымен бір айға немесе жарты жылға бас қосады, яғни, іссапарға келген кезеңіне орай келеді.

Біз оның үстіне араб елдерінде, Иран мен Қытайда неке жасына жеткен жыныстар арасында сәйкессіздік бар, миллиондаған еркек өз елінде өз ұлтынан шыққан қыздардың жетіспеуі салдарынан үйлене алмайды.

– Қыз бала қанша жасында тұрмысқа шыққаны дұрыс?

– Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын, жас бойынша да, тұрмыс жағынан алсақ та, кесіп айту оңайға соқпайды. Сөз жоқ, біздің патшалық Ресейдің құрамында болған отарлық өткен тарихымыз да, Кеңес одағындағы тоталитарлық жүйе діңкелеткен кезеңіміз де өз таңбасын қалдырды.

Біздің көптеген салт-дәстүріміз, түсі­нік-пайымымыз арғы көне түріктен тамыр тартқан дүниетанымды да, бұл исламға дейінгі кезең, сосын кейінгі ислам дінінің ықпалымен қалыптасқан дүниетанымды қоса сіңіргенін ескере білуіміз керек. Онда отырықшы-егіншілік мәдениет те, малмен күнелткен көшпенді мәдениеттің немесе жартылай көшпелі тіршіліктің де ықпалы білінді. Бұның да отырықшы-диқаншылық шаруашылық түріне шариғат ережелерін тіркеуге және көшпелі өмірге мұсылмандық әдет-ғұрыпты араластыруға қатысы бар.

Осы айтылған объективті және субъективті факторлар осы мәселеге де ықпал еткен.

Дау жоқ, бұрынғы өткен дәстүрлі қазақ қоғамында кәмілет жасына жеткен ұл-қыз­дарын 16-18 жаста аяқтандырып, отау тіккізіп жіберуге асықты. Қазақ әлеуметінің ауқатты бөлігі осы жаста үйленді, немесе кейінірек үй болды.

– Сәбит Дөнентаевтың «Жәмила қыз» атты сатиралық өлеңінде «Шайтан алсын, шал алсын, Төкең байғұс мал алсын» деп төңкеріске дейінгі жас қызын малға сататын қатігез ғұрыпты сынап жазған өлеңі еске түсті. Өткен дәуірде жауқазын қыз баланың обалына қалу да жиі кездесті.

– Қазақтың ертеректегі кедей табы үшін басқа тенденция болатын, олар өз қыздарын 12-13 жаста дәулетті адамдарға қалыңмалға ұзатып жіберді, көбінесе жас мөлшері тым ересек еркектерге беретін, әйел үстіне, кейде үшінші, төртінші әйел болып баратын.  

Кедей қауымы өз ұлдарын сақайтып барып үйлендіретін, өйткені қалыңмалды түгел төлеп беріп барып, қыз алуға шамалары келді. Қазіргі уақытта біздің нені қалайтынымыздан тыс жас жұбайлардың орташа жасының өсуі байқалады, 2015 жылы алғашқы некеге тұру жасы біздің республикамызда күйеу жігіт үшін 27,2 жас, ал қалыңдық үшін 24,7 жасты құрады. Бұның себебі, көптеген жас жігіттер мен қыздар орта немесе жоғары білім алуға ұмтылады, сосын беделді жұмысқа тұрып, жағдайын жасап алғасын, үй немесе пәтер алып барып отау тіккісі келеді. Ауылдық жерлерде ертерек тұрмыс құру ғұрпы әлі де сақталуда.

Қазақтардың некеге отыру жағдайына жеке адами факторлар ғана емес, махаббат, аяғы ауыр болып қалу, сонымен қатар ата-анасының материальдық мүмкіндіктері де әсерін тигізеді.

Қазіргі нарықтық қатынастарға өткен кезде, жасырын жұмыссыздық жайлаған тұста, ата-ананың баршасы көңілден шығатын той жасауға әл-ауқаты жете бермейді, баласына үй немесе пәтер сатып алып бере алмайды.

– Қалыңдықтың күйеуінің тегіне өтуі­не қалай қарайсыз?

– Бойжеткен қыз тұрмысқа шыққанда қазақта «өзім бақытты болам» демей, «барған отбасымды бақытты қыламын» деуі керек дейді. Қазақтарда, басқа да түрік тектес халықтар, ислам дінін ұстанатын шығыс халықтары сияқты, ер азаматтың рөлі зор, патриархальдық неке жолы ұсталынады, яғни, қалыңдық күйеу болып түскен соң күйеуінің ата-анасының үйінде бірге қоныстанады.

Осыған сәйкес, егер толық қалыңмал төленсе, ол келіншек «толықтай» күйеуінің және оның әулетінің меншігіне өткендей болады. Бұл жерде әйелзатының әлеуметтік мәртебесі оның шыққан тегіне байланысты қойылмайды, байлығы мен кәсібі есеп емес, оның қанша бала туғанына қарайды. Балалары көбірек болған сайын оның беделі өсе береді.

Әдеттегідей, әйел күйеуінің фамилия­сына өтеді, соңғы уақытта бұл сақтала бермейді. Қалыңдықтардың бір бөлігі қыз кезіндегі ата тегін сақтауға құлықты. Бұл жайтты, әлгі келіншектің өз отбасында ұлдың болмауымен түсіндіруге болады. Сондықтан өз фамилиясын қалдырады.

Шығыс елдерінен шыққан араб, түрік, парсы халықтарының өкілдері өз дәстүрін малданып, ислам дінініндегі шариғат рұқсат беретінін алға тартып, уақытша некеге отырудан бас тартпайтынын айтып өттік. Әйел затын биялай ауыстырғандай алып-тастай беру жақсылықтың нышаны емес. Екі ортада сорлап қалатын біздің қаракөз қыздар.

Сонымен қатар аралас некеге отыратын біздің қазақ қыздары орыс, еврей, корей, кавказдықтар және түбі бір түркі халықтары – өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт, қырғыз, қарақалпақ азаматтарына тұрмысқа шығып жатыр.

Алайда олардың балалары, яғни, екінші ұрпақ, әдетте, кейде ғана қазақ қанын жалғайтыны болмаса, көбінесе әкесінің ұлтын таңдайды, сонысымен өз анасының, қазақ қызының этникалық-ұлттық желісін үзіп тастайды. Басқа халыққа біржолата сіңіп кетеді.

– Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отбасылық салт-дәстүрлерімізді діни ағымдар жоққа шығарып жатыр, бұған не дейміз?

– Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері басқа да көрші ортаазиялық халықтар сияқты мұсылманшылықты қабылдағанға дейін көне бастауларынан нәр алған. Ханифа махзабы біздің тереңнен келе жатқан әдет-ғұрыптарымыз бен дәстүрімізді ислам дінімен қабыстырып берген. Мысалы, киелі жерлерге бару, кие бар деп саналатын таза сулар, таулар, әулиелер мен қасиетті саналған аруақтардың, зираттардың басына бару. Бірнеше ғасырлар бойы бұл тұрақты дәстүр саналды.

Тәуелсіздік алғаннан соң жағдай өзгерді. Діни ағымдар молайды. Исламдағы ваххабистік-салафиттік ағымның көзқарастары дәстүрлі дін жораларын қабылдамайды.

– Салт-дәстүрден бейхабар өскен баланың болашағын қалай елестетесіз?

Өз құрамында аға ұрпақ жоқ, немесе толық отбасы емес, жалғызілік әйел, ажырасқан жандар, солай жеке өскен бала, әкесі уақытша үйде жоқ, ұзақ іссапарға кеткенде, немесе қаржы табуға алысқа, басқа облыс, басқа жер, елдерге аттанғанда өзімен-өзі тұйықталып қалады. Оның бойына оң тәрбие дер кезінде сіңбеген соң теріс қылықтар шыға бастайды. Оның оқуы мен тәртібі әлсірейді. Тура сондай келеңсіз жайт бір отбасында бір бала өсіп жатса да болады. Оны шектен тыс еркелетеді, тыйым көрмей өскен бала ақыры оңбай қалады. Мұндай балалар әдепті, әдет-ғұрыпты, үлкенді сыйлауды, өзінің кісілік қасиеттерін оң дамытуды білмей, рухани кенже қалып, өмірге икемсіз болып өседі.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Қ. Бегманов

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30