ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ БІР ТАҢБАНЫ ЕКІНШІ ТАҢБАМЕН ӨЗГЕРТУ ҒАНА ЕМЕС

Әлімхан Жүнісбек,
филология ғылымдарының докторы,

профессор:

– «Бүгінгі қазақ жазуына  реформа керек» деп айтып келе жатқаныңызға да көп болды, аға. Елбасымыздың өзі айтқан латын әліпбиіне көшу үшін Сіздің жасаған әліпбиіңіз өте

ыңғайлы екені  де баспасөзде жазылып жатыр. Әліпбиді жеңілдетуде сонау ескі тарихымызға жүгінген боларсыз?

– Дұрыс аңғарғансыз, қазақ жазуына жүргізілген өзгерістерге (реформалар-ақ дейік) көз жүгіртіп көрейік: жиырма тоғызыншы жылдан бастап Ахаң әліпбиінен арылып, латын әліпбиіне көштік, қырқыншы жылдан бастап латын әліпбиін тастап, кирилл жазуын алдық. Алайда, мұның бәрі жай реформа емес, саяси реформа болғанын көпшілік жақсы біледі. Ал саяси реформада ғылыми негіз болмайды, саяси реформаның мақсаты ел мүддесінен, тіл мүддесінен басқа болады.

Қазақ жазуының тарихындағы ең ауыр кезең 1957 жылдан басталды. Осы кезде қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у әріптерін алғанымыз бар. Тіптен, белгілі бір академигіміз «и, у әріптеріне қарсы шыққандардың пиғылы дұрыс емес» деп, сес көрсетіп, партия журналында дәуіріне лайық мақала да жариялап жіберген көрінеді. Ол аз болғандай, КПСС, ТАСС, ООН деп жазу керек деп, айды аспанға тағы бір шығардық. Ең соңында орыс тілінен енген сөздерді «сол тілде қалай жазылса, солай жазып, қалай айтылса, солай айту керек» деп бір-ақ тыныстадық.

Сонымен, қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліп­биі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды.

Сол тұстағы жазу әрекетіміздің орынсыз екенін көрсетіп, 1969 жылы-ақ бір мақала жазған едім. Әрине мақала ғылыми талданым үлгісінде жарияланған болатын, заманның қиын кезі, «реформа» деген сөзді ауызға алудың өзі қауіпті болатын. Міне сол кезден бастап мақала немесе баяндама болсын, оқулық немесе моногрфия болсын үзбей түсіндіріп келе жатырмын. Бірақ ғылыми зерттелімдердің нәтижелерін ескеріп жатқан білім саласындағы билік жоқ.

Сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеу­меттік мән жатыр. Орыс жазуынан қашу – көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы екені рас. Ендеше, әңгіме кезінде орынсыз көтерілген жоқ. Мұны қазақы көпшілік қауым дұрыс түсініп отыр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі – жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби (дыбыс), таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

Тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңірегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.

Енді Елбасымыз еркіндік беріп қана қоймай, тапсырма да беріп отыр.

Егер бүгінгі жазуға байланысты нау­қанды жазу реформасына айналдыра ал­­сақ, онда қазіргі қазақ жазуының ем­ле-ережесінің көптеген жаңсақ тұстарынан арылар едік. Себебі кезінде араб дәс­түрімен, кейіннен орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен
емле-ережелер қазақ тілінің ішкі айтылым заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Соның нәтижесінде жазумен тілі шыққан кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау – и» деп орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ. Бүгінгі күндері солай айтып та жүр. Жас ұрпақ тілінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.

Тіл мамандары орыс жазуының мұндай тіл бұзар әсерін көрмей отырған жоқ. Қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Сондықтан орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Табиғаты бөлек орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл – ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па?

Қазіргі ұсынып отырған жобамызды бір адамның бүгін ойлап тапқан табысы деп қарамау керек. Қазақ сөзінің үйлескен айтылым болмаса жазылым үлгісі бұрын, жоғарыда мен ескерткен 1957 жылға дейін болған. Ендеше әңгіме сол үлгіге қайта оралу туралы болып отыр.

– Қазір әліпби ауыстыру жайлы екі жар пікір қалыптасып отыр емес пе?

Оныңыз рас. Олардың біріншісі, орыс тілді немесе ағылшын тілін меңгерген информатик мамандар қазақ тілін компьютерге икемдеп жатыр. Әрине, қазақ тілін компьютерге икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Мұндай әліпби сөздің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал амалын, тіптен, сөйлеу ырғағын бұзып бітеді. Мұндай әліпбимен жазылған мәтін оқу-әдістеме жұмысын қиындатып жібереді, өйткені бір таңбаның жазылуына бір емле-ереже керек болады. Оның бәрін меңгеру бала түгілі ересектің өзіне қиын болмақшы. Әрбір ережені жаттап әлек боламыз. Оның үстіне мәтіннің көрінісі айқыш-ұйқыш болып шығады. Мұны біз техникалық немесе интернет әліпби деп отырмыз. Бұл саланың мамандары «компьютер түйметақтасынан шығып кетпейміз, бағдарлама жасауға шығын шықпайды» деп жар салып жүр. Бір қарағанда көңілге қонымда-ақ, соның нәтижесі болар жоғары билікте отырғандарға осы жоба ұнап отырған тәрізді. Ал оның қиындығы мен шығыны ертең оқулық жазып, мектепке барғанда он еселеп алдымыздан шығатынына, әзір, ешкім көңіл бөлмей отыр. Әліпби жасанды, жасанды дүниеде жайлылық болмайды, ұзаққа бармайды. Қайтеміз, әліптің артын бағайық.

Екінші, біз ұсынып отырған ұлттық әліпби нұсқасы. Тілімізде бар болғаны 28 төл дыбысымыз бар, әліпби тізбегі бір дыбыс бір таңба болып шығады. Санаулы ғана емле-ереже болады. Төл әліпби ұлттық санаға жақын, ешкім ереже жаттап әлек болмайды. Мәтін жіпке тізген моншақтай бір келкі жолдардан құралады. Әрине арнайы бағдарлама (программа) керек тұстары бар, оның шығыны бары да рас, бірақ шығыннан қорқып тілбұзар әліпбиге қалай барамыз?!

Біз қазір саяси егемендік алдық, экономикалық егемендік қолымызда, тарихи егемендігіміздің куәсі елді мекендер мен көше атаулары көз алдымызда, қоғами-мәдени егемендігімізге ешкімнің таласы жоқ. Ендігі жерде бізге жетпей тұрған – әліпби егемендігі.

Ел егемен болу үшін: оның егемен тілі болу керек; егемен тілі болу үшін оның егемен жазуы болу керек; егемен жазуы болу үшін оның егемен әліпбиі болу керек; егемен әліпбиі болу үшін ол ұлттық болу керек.

Ұсынған жобамызды ұлттық деп отыр­ған себебіміз де осыдан. Кірме халықаралық атауларды қалай жазамыз деп әуре болып қажеті жоқ. Оның үлгісі дайын тұр, қазіргі кезде қалыптасқан жазу үлгісі бар, оны орыстардың өзі жатырқамай қабылдап отыр, тіптен жазу тұрқы бөлек қытай, араб тәрізді елдердің өзі жарнамаларын, компания, адам, мемлекет аттарын халықаралық үлгіде жазып жүр. Біз де осы үрдістен сырт қалмаймыз.

– Қазіргі қазақ тілінен бастап барлық жерде «қазақ әріптері” деп жекелеп қойғанға үйреніп қалдық десек те болады. Үйренгеніміз соншалық, қазақта тек сол 7-8 әріп қана бар екен деген ой өзінен-өзі келіп тұрады. Сонда болашақта осындай бөлектеуден құтыламыз ғой?

– Тілдің емле-ережесі мектеп оқулығынан басталады. Ендеше қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына жақындастыру сол мектеп балаларынан басталғанын байқамай келдік.

Кез-келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Дыбыстарымыз бірдей, әріптеріміз бірдей деп ұзын желінің аяқ жағына басымызды тұқыртқан өзіміз екен, кімге өкпелейміз?

Мен жүрген жерімнің бәрінде осы жайды ескертіп жүремін, 28 дыбысымыздың бәрі де өзімізге ғана тән, өзге тілдерде жасалым немесе айтылымы (артикуляциясы) жоқ дыбыстар. Жазу реформасын баптап аяқтай алсақ, өзімізді-өзіміз кемсітуден арыламыз.

– Емлелер ережесі де өзгере ме?

– Төл дыбыстарымыздың жазылымына байланысты, бірлі-жарым болмаса, емле өзгерісі болмайды. Төл сөздеріміздің жазылымына еніп кеткен кірме таңбаларға қатысты үлкен өзгерістер болады. Тіптен шамалап та айтуға болады, кірме таңбалардың жазылымына қатысты қырықтан аса емле-ереже қысқарады. Және оларды арнайы қысқартып жатпаймыз. Қазақ сөздерін төл жазылым үлгісіне салсақ, басы артық тіл бұзар емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады. Сонда өз дыбыстарымыздай көріп жүрген бөгде таңба немесе дыбыстардың машақатын көз алдарыңызға елестетіп көріңіздер.

Сонда қазіргі орфоэпиялық сөздіктер деп жүргеніміздің үштен бірі ғана қалады.

– Еліміз латын әліпбиіне көшкенде, алдымен билікті көшіру керек сияқты. Әйтпесе, орыс тілімен сөйлеп отырған билік, екі әліпбиді қатар алып жүру керек десек, ескі әліпбиден арыла алмай қаламыз. Бұл жағы қалай болар екен?

– Керек десеңіз жазу реформасына жан ұшырып қарсы болып жатқандар да солар емес пе? Ендеше олардың тарапынан жанашырлық бола қалады деп үміттеніп керегі жоқ. Бірақ латын әліпбиіне баптап өте алсақ, олардың өздері болмағанмен, келер ұрпағы мойындайды ғой.

– Латын әліпбиі болашақта түркі әлемінің жақындасуына ықпал ете ала ма? Технология мен ғылымды меңгеруге қаншалық себі тиеді?

– Осыдан біраз жыл бұрын бес түркі мемлекетінің көрнекті мамандары (Қазақстаннан академиктер Ә. Қайдари мен Ө. Айтбайұлы және проф. Е. Қажыбек) бас қосып 34 таңбадан тұратын ортақ әліпби жобасын ұсынды. Ондағы мақсат егер түркі жұрты латын әліпбиіне өтетін болса, онда таңбаны сол отыз төрттің ішінен алатын болсын. Әрине сөздің айтылымы әртүрлі бола береді, бірақ сөздің, мәтіннің жазылым бейнесі барлық түркі жұртына таныс бола береді. Бірінің жазғанын екіншісі оқи беретін болады. Жазуы бір болса, түркі жұртының басын біріктірудің бір амалы осы болмақ.

Технология деген бүгін жаңарады, ертең ескіреді, ертең жаңарады, бүрсікүні ескіреді. Сондықтан оның соңына түсіп болмайды. Ал ғылымның дамуына, сөз жоқ, үлкен жол ашады. Ақпарат алмасу күшейеді.

 

Әркім таза сөйлеуді

міндетіне алсын

 

– Тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті дегеніміз не? Тіл мәдениетін дамытудың жолдары қандай?

– Тіл мәдениеті дегеніміз тілдің әдеби нұсқасын бұзбай сөйлеу ғой. Дегенмен тіл мәдениеті дұрыс сөйлеу ғана емес, сол сөзді, сөйлемді, мәтінде дұрыс дыбыстау болып табылады. Қазіргі сөйлеу мәдениетімізге құлақ салыңызшы. Екі сөзіміздің бірі орысша, және таза орысша да емес, соған қарамай дүбәра сөйлеп жатамыз. Әбден қанымызға сіңіп кеткен, өзіміз де (өзге де) байқамаймыз, мән бермейміз. Ал бірақ сырт көзге соншалықты ерсі көрінетінін, тіптен кейбір орыс өкілдерінің қазақтың өзінің тілі жоқ дегенін де естіп жүрміз. Оған өзіміз себепкер екенімізді мойындауы­мыз керек.

Мен мынадай ұсыныс жасап жүрмін. Әркім өзіне таза сөйлеуді міндетіне алса, тіптен орыс сөзін қосып сөйлеу ұят деңгейіне жетсе, намысты қозғаса екен. Әрине базар мен көше үстіне ұсынысымыз өтпес, ал зиялы қауым мен студенттердің қолынан келмейтіндей жай емес қой. Сондай бір қоғами қозғалыс басталса, көпке өнеге болған болар еді.

– Осы әңгімеміздің негізгі арқауы салт-дәстүрлерімізді қалай сақтаймыз деген ойдан келіп туындаған еді. Тіліміз бен жазбамыз болмаса, әрине, басқа құндылықтардың сақталуы да екіталай дүние емес пе?   

– Дұрыс айтасыз. Жазу ең алдымен халықтың бірегей ұлттық құндылығы (коды) десе де болады. Бұған дейінгі реформалар сол ұлттық құндылықарымызды жоюдың амалы болғаны рас. Ондағы мақсат – қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына мейлінше жақындастыру болатын. Бұл мақсат көп жағдайда орындалды. Қазақтың төл сөзін менсінбейтін ұрпақ келді. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Түсіндіре бастасаң болды, «ескіні аңсап отыр», «өмірден қалып қойған» секілді атақтарды жапсырып шыға келеді. Ондайда қазақ тілінің төл айтылым үлгісін (сөздің айтылым әуезі, буын құрамы, морфем заңдылықтары) сақтап қалу үшін «ескіні де аңсап, өмірден де кеш қалып жатуға» тура келеді. Біздің жанымызға «ескішіл» атанып, «өмірден кеш қалғандығымыз» емес, ана тілінің тұрқы бұзылып бара жатқандығы батады. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді және ағылшын тілін меңгерген ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыстың бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.

Қазақы салт-дәстүрімізді сақтау деген өз алдына үлкен әңгіме болуға тиіс, оны жазумен тікелей байланыстыра қою да қиын.

– Салт-дәстүрімізді ұстап, ырым-тыйымдарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақ өз ана тілін де қадір тұтары сөзсіз емес пе?

– Әрине, салт-дәстүр, ырым-тиым дегендеріңіз ана тілі арқылы санаға сіңеді ғой. Дегенмен тіл қадірін білу тәрбиенің өзге түрлеріне де байланысты ғой. Қазіргі кезде бір кездегі ұйысқан ауыл, дәстүрлі отбасы деген жоқ қой. Жас ұрпақ үшін бүкіл ауыл тәрбие мектебі болатын, ауылдың кез-келген ересек адамы әке-шешеден кем емес тәрбиеші болатын. Кішінің үлкен алдында аяғын тартуы берік ұстаным болатын. Қазіргі кезде осы дәстүр сетінеп бара жатқан тәрізді. Үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы жауапкершілігі қалмай барады-ау, шамасы. Мұндай жайтты күнде көше үстінде көріп жүрген жоқпыз ба, үлкен көрмеген боп өте шығады, кіші айқасқан құшағына қымсынбайды.

– Ғаламдану басқан сайын өмірге қолайлы деп санаған тілдерді меңгеру басым болып бара жатқан сияқты. Қазақтар бұл жағынан алда келеді. Осының түбі ана тілімізді шетқақпайлыққа әкеліп соқпау үшін не істеу керек?

– Әрине көп тіл білгеннің, оның ішінде үстем тілді білгеннің, еш кемшілігі жоқ. Керісінше ұтымды екенін көпшілік түсіне бастады. Шетелдіктермен әңгіме үстінде мен оларға мынадай сұрақ қоямын: «мен өз басым өмір бойы бір орыс тілін үйреніп келемін, соның өзінде жетік білемін деп айта алмаймын, ал сіздер болсаңыздар екі-үш, тіпті одан да көп тіл білесіздер, осының сыры неде?» деймін. Сонда олардың жауабы: «Егер Батыста жақсы тұрамын десең, ісім өнсін десең көп тіл білуің керек» дейді. Енді сол жағдай бізге де жетті, оны алдымен түсінген жастар жағы.

Қазіргі кезде ағылшын тілінің ықпалы өте күшті болып тұр, солай бола да бермек. Ағылшын тілінің ықпалынан, тіптен, орыс тілінің өзі жасқана бастады. Ағылшын тілін білгеннің пайдасы да мол болып тұр.

Сөз жоқ, өктем тілдің ықпалынан ана тіліміз зардап шегері күмәнсіз. Жаһандану заманында ана тілімен қатар өзге де ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу өзімізге байланысты. Осыны түсінетін ұрпақ тәрбиелеп үлгеруіміз керек. Ұрпақ ең алдымен ана тілін жетік білу керек, ана тілін кемсіту оны жетік білмегендіктен туады.

Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.

Осыған байланысты есте болатын нәрсе – ешбір мемлекетте кірме сөздердің жазылуына деп қосымша таңба ойлап таппайды, не де болса өз әліпбиінің құрамынан шығады. Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі республикаларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз.

Шындығында, өзге тілдердің де, оның ішінде қазақ тілі де бар, емле-ережесінің оңай болып тұрғаны шамалы. Жалпы, қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның емле-ережесі болып табылады. Емле-ереженің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау сөз жаттаудың қиындығынан емес, азды-көпті сөзді әркім-ақ жаттап алады, сол тілдің емле-ережесін меңгере алмағандықтан болады. Қазақ тілінің төл дыбыстары бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 латын таңбалары толық жетіп жатыр. Бір дыбыс – бір таңба болып құйылып тұр.

– Латын һарпіне бір топ зиялы қауым өкілдері қарсы шықты. Солардың сөзіне айтар қандай уәжіңіз бар?

– Қазақта «бітпес іске себеп көп» деген нақыл сөз бар. Осы ақылман сөздің ақиқаты дәл қазір көрініп отыр. Ретімен талдап көрейік.

Латынға қарсы мамандар «құдай бере салған 42 әріптен айрылып қаламыз, сол 42 әріп арқылы кез-келген сөзді жаза береміз» дегенді алға тартады. Орыс жазуынан айрылып қалсақ далада қалатындай сезінеміз.

Біріншіден, ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.

Кезінде Ахаң да әріп санын қысқарта бастаған, сол кезде ұлт ұстазының жағасынан алғандар болған. Оларға Ахаң: «әріптерді қысқартып, артығын борышыма берейін деп жатқан жоқпын» деген екен. Бізде айтулы 42-ні 28-ге түсіргенде артығын еншілеп кетейін деген ойымыз жоқ.

Кирилшілердің тағы бір дәйегі – бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Елбасымыз айтқандай, кирил жазуы латын жазуымен он-он екі жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды бәрібір қайта баспай отыра алмаймыз ғой. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдамай-ақ қойсын.

Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде белгілі жазушымыз: «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды» деп қысқа қайырып еді. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.

Жазу ауыстырудың шығыны да бар екені рас. Кез-келген шаруа шығынсыз бітпейді. Латын әліпбиіне өту шарасы да шығынсыз болмайды.

Алайда шығынның да шығыны бар. Бірін­шіден, латын әліпбиіне қарсылар кі­тап басудың, оқулық шығарудың шы­ғынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда немене, кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Кітап та басамыз, оқулық та шығарамыз. Оның қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші секілді жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.

Сонда қалатыны – мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Оның да артық шығын шықпайтын жолдары көп. Мұғалімдер үшін жұмыс бағыты бұрыннан қалыптасып қалған мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары бар. Мектептердің өзі латын әліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының өз мүмкіншілігі бар. Қазіргі заманда не көп – ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар көп, олар да қарап жатпайды. Жалпы, латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басым сенбеймін. «Тәуекел» деп кірісіп кетсе, берісі үш ай, арысы жарты жылдың мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.

Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әне-міне дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.

Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру көтере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды.

Баспа орындарын латын әліпбиіне икем­деп қайта құруды да даурықтырып кере­гі жоқ. Өйткені бұрынғыдай батпандап қор­ғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл шығып жататын баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Оның үстіне кез-келген баспаханада латын жазуына байланысты компьютер қоры
дайын тұр.

Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын ту­ды­рады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.

 

Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды

 

– «Һаріп өлтіреді» деген сөз орта ғасырда діни сипатта шыққан сөз. Һаріпті ауыстыра берудің ұлтқа тигізер қандай әсері бар? Оң мен солы қандай?

– Бұл сөзіңіздің сырын онша біле бермейді екенмін. Әрине жазу ауыстыра берудің жақсылығы шамалы. Саяси ауыстырылған жазудың өмірі ұзақ болмайтынын тарих көрсетті. Енді болса, ыңғайы келген сәтті пайдаланып, ғылыми негізде жазу ауыстырып алсақ, одан ұтарымыз мол болмақ.

Жазу табу – араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпыз. Ахаңның қазақ тіліне тән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмыз. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез-келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан біз тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмыз. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келемейтін жаңалық ашылды.

Ал, енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетініміз белгілі болды. Ендеше осы елдің азаматы ретінде, осы жазу саласының маманы ретінде біз бұл шаруадан шет қала алмаймыз. Ондағы мақсат – латын жазуына дұрыстап көшу.

– Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар деп естиміз. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асыпты. Сонда бұл қайдан қаптап кеткен «байтұрсыновтар»?

– Иә, тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл – әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтіміз шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

Мәселе – «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.

Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек.

Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсінбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады.

Кез-келген жазуды кез-келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заң­дылығымен тонның ішкі бауындай қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсат­ты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

Жетілген әліпби – қолдағыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Қиыны – бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау.

 

Ғылым саласында

«көп ақылы – көл болмайды»

 

– Осыдан қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады дейсіз ғой.

– Қазіргі тіліміздегі басы артық жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.

Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәселесін, ауыстыра қалған күнде қай әліпбиді таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары (фонетистер) дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтар арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми іс «асармен» бітпейді, ғылыми нәтиже аламан жұрттың қау-қаулауымен алынбайды. Ерсі көрінсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы – көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Әліпби саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғылымда қоғами теңдік те (демократия) жоқ, адами теңдік те (ғұламалық) жоқ. Ғылым – адамзат болмысының бейтеңдес (бейдемократиялық) тұсы.

Біріншіден, орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, әлі де болса орыс жазуында қаламыз деудің енді реті келе қоймас. Оның үстіне Ресейдің өзіндегі орыс тілі мамандарының ішінде де латынға көшейік деген академиялық деңгейдегі пікір қалыптасып келеді. Тіптен, орыс жазуында қала қойғанның өзінде оған түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ал, оған өзгеріс ендіреміз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетініне еш күман жоқ. Екіншіден, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әліпбиіне қайта оралып жатудың тағы жөні жоқ. Өйткені қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы көп бейтаныс жазудың бірі ғана. Үшіншіден, латын жазуы қалай-қалай дегенде де әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы болып қалды. Оның үстіне егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен өзі түсіп қалады. Дұрыс әліпбиден бұрыс емле-ереже туындамайды, бұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже туындамайды. Жазу реформасы дегеніміз – осы.

Сөз соңында аздап шегініс жасап алсақ деймін. Бұл шегініс мұғалімдер мен оқытушыларға арналады. Өйткені латын әліпбиінің қай нұсқасы қабылданса да оны іске асыратын солар болып табылады.

– Ендеше қазіргі жазуымыздың жаңсақ тұстары қайсы және оны қалай түсіну керек?

– Иә, пысықтай түсейік.

Морфем талданым:

оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й [y]» деген ереже қайда қалады?

оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у [w]» деген ереже қайда қалады?

Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен, көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у[w] тіркесіп, тұйық рай оқұу [oquw] жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.

Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың
ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз.

Буын талданым:

миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» (А. Байтұрсынұлы) деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.

суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.

Тасымал талданым:

жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

– Бұл сұрақтардың бәріне қалай жауап береміз?

– Иә, көріп отырғанымыздай, аттаған сайын бір сұрақ алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының, жұмсартып айтқанда, күмәнді тұстары көп деген сөз.

Бұдан туатын қорытынды, орфография мен орфоэпия сөздіктерін өзара үйлестіру керек болады. Өйткені орфоэпиялық сөздіктің басым бөлігі осы кірме таңбаларды таратып жазуға арналады. Егер кірме таңбаларды орфографиялық тұрғыдан таратып жазатын болсақ, онда олардың орфоэпиясын дайындап әлек болудың қажеті де болмайды. Орфоэпиялық сөздіктің көлемі кем дегенде жартысына қысқарады, тіптен үштен бірі ғана қалуы
мүмкін.

Ендігі қиындық кірме таңбалардың дыбыс құрамын оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар арқылы көпшілік санасына жеткізіп, ақиқатын мойындату. Бүгінгі таңда бұл қиынның-қиыны болғалы тұр. Кірме таңбалар қазақ тілінің жеке дыбыстары емес, дыбыс тіркестері дегенді түсіне қоятын орта жоқ. Көпшілік санасын орыс орфографиясы тұмшалап тастаған. Жоқ жерден өзімізге-өзіміз жұмыс тауып беріп отырмыз. Сондықтан ең алдымен қазақ мәтінін «әліпби» транскрипциялап алуымыз керек. «Әліпби» транскрипция дегенді амалдың жоғынан ойлап тауып отырмыз. «Әліпби» транскрипцияның үлгісін осы еңбектің бірінші бетіне арнайы келтіріп қойдық. Амал-әрекетті бастауыш сыныптарынан бастау керек. Қазақы айтылым қазақ балаларының санасына жеңіл ұялайтын болады. Бертін келе кірме таңбаларды қазақ тілінің жалаң дыбыстары деп шатаспайтын болады. Ол үшін кірме таңбалар қазақ тілінің ұлттық әліпбиінің тізбегінен шығарылып тасталуы керек те, олардың жазылымы өз алдына емле арқылы реттелуге тиіс.

Жаңа әліпби мен оның емле-ережелері қазақ сөзінің айтылым әуезіне, буын құрамына, морфем жігіне нұқсан келтірмейтіндей болу керек. Мұндай келелі шара мектеп «Әліппесі» мен оқулықтарынан бастау алмаса, «әліпби мен емле-ереже сырқаты» бүгінгіден де асқынып кетері сөзсіз.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Қ. БЕГМАНОВ

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30