ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

Тәуелсіздік пен тіл ... Осы бір қасиетті ұғымдарды егіз қозыдай қатар атау олардың адам өміріндегі алатын орнын айшықтайды. Яғни, тілсіз тәуелсіздіктің, тәуелсіздіксіз тілдің ғұмырының баянды болуы мүмкін емес. Осы орайда қазақ тілі ұлыстар мен ұлт өкілдерінің ортақ тіліне айналған, олармен достықта өмір сүріп отырған Алматы облысы Іле ауданындағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар мен шаралар туралы баян етпекпіз.

 

Елбасының «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» – деп атап көрсетті. Әр ұлттың мәдениетін, тілін, дінін тең дәрежеде дамытуға көңіл бөлінді.

Татулығы мен ынтымағы жарасқан ауданында 200 мың тұрғын бар. «Тілі бірдің тілегі бір» демекші, ауданда тұратын 30-дан астам ұлт өкілдері мемлекет құраушы қазақ халқының айналасына топтасқан. Олар мемлекеттік тілдің қанат жаюына өз үлестерін қосып келеді.

Еліміздің тәуелсіздігі орнағаннан бергі жылдарда ауданымыздың елдімекендерін, физикалық-географиялық атауларын, көшелерін және тағы басқа орындарын атау мен қайта атау барысында халықтың ұсыныс-пікірлеріне сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен ауданда Дмитриевка – Байсерке, Николаевка – Жетіген, 12 декабрь – Жәпек батыр, Шилікемер – Нұрғиса Тілендиев, Винсовхоз – Мұхаметжан Түймебаев, МТФ – Төле би ауылдары болып өзгертілді. Соңғы 25 жылдың ішінде кеңестік дәуірді сипаттайтын мағынасыз қойылған 219 көшенің атауы өзгертіліп, оған жер-су атаулары мен батырлар, ақындар, жыраулар мен би шешендер, ауданымызға еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдерінің есімдері берілді. Алдағы уақытта Междуреченск, Чапаев, КазЦик, Комсомол, Покровка атауларын өзгерту туралы мәселе ауылдық округ әкімдіктері мен қоғам белсенділерінің күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар Центральная, Садовая, Новая, Интернациональная, т.б. орысша атаулармен аталып жүрген көшелердің атауын өзгерту үшін кент, ауылдық округ әкімдіктері жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрғындардың белсенділігін арттыра отырып, еліміздің бірлігі мен болашағын, келешегі мен тарихиын насихаттау бағытында бірлесе жұмыстар атқару қажет. 2010 жылдан бастап 2014 жылға дейін елімізде ономастика саласында мораторий жарияланған. Іле ауданында өткен жылы Байсерке, Жетіген, КазЦИК ауылдық округтеріндегі атауы жоқ 41 көшеге атау беру туралы жергілікті тұрғындардан ұсыныстар түсіп, нәтижесінде 40 көшенің атауы облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысы беріліп, тарихи жер-су атаулары берілді.

Алдыға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды.

Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Жақында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы облысының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің 24-ақпандағы №80 қаулысы бектілді. Үшінші кезеңді қамтитын құжат негізінде Іле ауданының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары нақтыланды.

Қазақта «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Тілді үйрену отбасынан, балабақшадан, мектептен басталады. Ауданымызда жыл сайын қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің саны артуда. Тәуелсіздік алғалы бері 25 жылда ауданда 9 қазақ тілін­де тәрбие беретін мемлекеттік балабақша ашылса, көптеген жеке кәсіпкерлер арқасында жекеменшік балабақшалардың басым бөлігі мемлекеттік тілде тәрбие беруі көңілге қуаныш ұялатады. Жыл сайын мектепке дейінгі тәрбиелеу орталықтарында аудандық «Қазақшаң қалай, балақай?» атты өзге ұлт өкілдері бүлдіршіндері арасында байқау өткізіліп тұрады. Аудандық байқаудан оқ бойы озық тұрып, жүлделі орынға ие болған «Балдәурен», «Ақбота», «Балдырған» балабақшалары әр жылдары өткізілген облыстық байқауларда жүлделі 1-орындарды қанжығаларына байлап қайтты. Байқау нәтижесі көрсеткендей өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын ашық білдіре алатынына қарап, «Тәрбие басы тіл» деген сөздің қадірі артатынына көз жеткіземіз.

Қазіргі кезде ауданда жалпы білім беретін 41 орта мектеп бар. Олардың біршамасы тек қана қазақ тілінде білім берсе, қалғаны аралас мектептер.

Білім беру мекемелерінің атаулары ономастикалық атауларға сәйкес. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, елімізге танымал тұлғалар Әнуар Молдабеков, Мұқағали Мақатаев, Кенен Әзірбаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Тоқаш Бокин, Тұрғанбек Қатаев сынды тұлғалар атымен аталады. Білім мекемелерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын тілдік шаралар, елімізге белгілі ақын, жазушылар мен қоғам қайраткерлері М.Шаханов, А.Осман, И.Сапарбай, т.б зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстелдер, кездесулер, пікірталастар өткізіліп тұрады.

Алаш атын аспанға шығаратын бүгінгі қоғам жастары. Ауданда тұрғындарың 30 пайызын жастар құрайды. Олардың да мемлекеттік тілге, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында өзге ұлт жастары арасында «Абай оқулары», «Тіл парасат», байқаулары үш тілді меңгерген жастар арасында өткізілген «Тіл шебері», орыс тілді білгерлері арасында өткен «Ой сана», әртүрлі 16-22 жас аралығындағы жастар арасындағы «Орал­хан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» байқауы сынды аудандық тілдік шаралар тұрақты өткізіліп жүр. Аталған байқау жеңімпаздары облыста, республикада аудан намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болуда. Байсеркелік Аққожа Дастан республикалық үш тілді меңгерген жастар арасындағы «Тіл шебері» байқауында бас жүлдеге ие болды.

Осындай шаралардың барысында өзге ұлт өкілдері жастарының мемлекеттік тілге деген қызығушылығын байқаймыз. Солардың қатарында ерекше атап өтер №15 орта мектептің 11-сынып оқушысы Артем Рустемов, №8 орта мектептің оқушысы Алексей Елесеев, Чапаев ауылының тұрғыны Ми­хаил Чурсин, Жаңаталап ауылының тұрғыны Пак Светлана, Өтеген батыр кентінің тұрғыны Екатерина Моисеева сынды жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен ой-пікірлері тәуелсіз еліміздің қасиетті тіліне деген ынтасы басқа да жастарды жігерлендіруде.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың пәрменді жолдарының бірі – тілдік шаралар. Жыл сайын ұйымдастырылатын шаралардың рөлі артып, деңгейі жетіле түсуде әрі олардың қатары көбейіп келеді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткен тіл мәдениетін жетілдіру, ауызекі сөйлеу шешендігін қалыптастыру мақсатында өткен облыстық «Текті сөздің төресі – терме» байқауында жүлделі 2-орынға ие болған Ақылбек Жаңабаев, халқымыздың кең таралған дәстүрі – бата-тілек сөздерді ақсақалдарымыздың барынша жете меңгеруін, бата мен тілекті шатастырмауын, қазақтың нағыз ақылман, абыз, батагөй ақсақалы болып қалыптасуын көздей отырып, ұлттық болмысымызды сақтау, рухани түп тамырымызды насихаттау мақсатында өткізілетін аудандық «Батагөй» байқауына қатысқан Жетігендік Мықышев Мұрат ақсақал облыстық байқаудан жүлделі 2-орынға ие болып, көпке үлгі көрсетті.

Мемлекеттік тіл саясатын қоғамда пәрменді түрде жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет саласы. Яғни мемлекеттік мекемелер мен кент, ауылдық округ әкімдіктері, құқық қорғау органдары мен халыққа тікелей қызмет көрсететін орталықтар мен әлеуметтік көмек көрсетуші мекемелер екені белгілі.

Аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер, кент, ауылдық округтер мен бөлімдер 2011 жылғы 29-маусымда Елбасының №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көзделген міндеттер бойынша өз үлестерін қосып келеді. Қазір аудан бойынша 225 мемлекеттік қызметкер болса, соның 98 пайызы мемлекеттік тілді еркін біледі. Өзге ұлт өкілдері санатындағы бес қызметкер мемлекеттік тілді түрлі деңгейде меңгерген. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздар бүгінгі күні толықтай мемле­кеттік тілде жүргізіледі. Бүгінгі күні ауданда мемлекеттік тілде іс жүргізудің нормативтік-құқықтық негіздері қаланып, материалдық-техникалық база­сы толық жасалды. Мемлекеттік мекемелердің ресми іс қағаздарын сапалы әрі сауатты жүргізіп, жұмыс жасау үшін Алматы облыстық тілдерді дамы­ту жөніндегі басқармасы тарапынан әр жылдары келіп түскен түрлі салаларға байланысты қызмет барысында қолданылатын терминдер сөздігі, оның ішінде: экономикалық, бухгалтерлік, медициналық, заңгерлік, т.б сала мамандарына арналған терминдер сөздігі, облыс ономастикасы анықтамалық энциклопедиясы, қазақ тілінің лексика грамматикалық сөздігі, орфографиялық терминдер сөздігі сияқты әдістемелік көмекші құралдар таратылып берілді. Жақында ғана тұсауы кесілген Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ахмет Кендірбекұлы редакциясын басқарған «Алматы облысының елдімекен атаулары» атауымен шыққан облыстағы аудан, қала, елдімекен атауларының қысқаша мән-мағыналары мен олардың шығу тарихына арналған кітап қалың оқырманға жол тартты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған нақты шаралар белгіленді. Негізгі бағытта 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 80 пайызға ал, 2020 жылға 95 пайыз болады деген үлкен міндеті тұр. Тіл туралы мәселеге тоқтай келе, Мемлекет басшысы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағиданы тағы да қайталап айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарымен реттеліп отырады. Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда маңызды рөл атқаратын көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сай біріздендіру, үйлестіру және қоғамдық бақылауды күшейту, осы шараға аудан, ауыл жұртшылығын кеңінен жұмылдыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді тұрғындар мен кент, ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесе отырып «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы өткізіліп тұрады. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдардан бері 12 рет рейд ұйымдастырылып, көрнекі құралдарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 112 кемшіліктің 98 түзетілді.

Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан Республиксының мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілін дамыту мәселесі еліміздің қалыптасу кезеңіндегі негізгі міндеттерінің бірі ретінде күн тәртібінен түскен емес. Осы тұрғыдан болашағы зор еліміздің өршіл талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуге, оқытуға, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуге ерекше мән берілуде.

Тәуелсіз Отанымыз алдында тұрған әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену мақсаты Қазақстан халқының ынтымақтастығы мен бірлігінсіз мүмкін емес. Жалпы, қазақстандық патриотизм кіндік қаның тамған жерге деген ерекше қасиет – сүйіспеншіліктен туындайды. Ал, осындай қасиетті сезімдердің тек қазақ халқының ғана емес, ауданымызды мекендейтін өзге де этностардың бойына себе білсек, қоғамдағы саяси және экономикалық міндеттердің барлығын шешуге мүмкіндік туатыны сөзсіз. Тіліміздің тағдыры – өзіміздің тағдырымыз. Атадан балаға мирас болып қалған Ана тілін білу – әркімнің азаматтық борышы. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс. Осы тұрғыда ауданның барлық мекеме басшылары, қоғамдық ұйым, кәсіпорындар жетекшілері жолдаудан туындайтын міндеттердің бірі – тіл саясатын жүзеге асыруда жауапкершілік танытып, мемлекеттік тілге құрмет көрсетулері қажет екені айқын.

Егеменді еліміздің ертеңі жарқын болуының шарты – тілге құрмет көрсетуіміз қажет. Тіл – ұлттың ұлт болып қалыптасуының ең басты шарты.

Санат ЕРБОЛАТҰЛЫ,

Іле ауданының мәдениет және

тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30