БАБАЛАР МҰРАСЫ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ БРЕНД БОЛА АЛА МА?

Соңғы жылдары «ұлттық брендті қалыптастыру қажет» деген пікір халық арасында да, мемлекеттік деңгейде де көп айтылып жүр. Елімізде қолға алына бастаған қандай да бір жақсы бастама болмасын, бәрінде бір мақсат – ұлттық брендке айналу. Расында, бүгінгі бәсекелестік заманда брендсіз күн жоқ. Экономика мен бизнестегі бренд мәселесі өз алдына, бірақ, мемлекеттің жақсы имиджін қалыптастырып, әлем жұртшылығының санасында Қазақстан дегенде бірден «Ол – пәлендей ел ғой» деген керемет ой пайда болатындай ету үшін ұлттық мәдени брендті қалыптас­тыру қажет.

 

Қазақстан Республикасы Мәдени саясатының тұжырымдамасында да осы мәселеге көңіл бөлінген. «Отандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікпен ықпалдастыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын елімізде және шет елдерде кеңінен ілгерілету, меншікті ұлттық брендтерді қалыптастыру» тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі ретінде көрсетілген. Әсіресе, бабадан қалған ұлттық мәдени мұрамызды, соның ішінде салт-дәстүрлерімізді бренд ретінде қалыптастыру қажеттігі баса айтылуда. Осы арада, біз бабалар мұрасын сақтап, дәріптеуде жемісті еңбек етіп жүрген, ұлт мәселесінде қалыс қалмайтын бірқатар азаматтарға сауалдар қойып, бұл турасындағы пікірлерін білген едік.

1. Бабадан қалған мәдени мұраларымыз, соның ішінде салт-дәстүрлеріміз ұлттық мәдени бренд бола ала ма?

2. Салт-дәстүрді халық арасында жаң­ғырту үшін қандай кешенді шаралар қажет деп ойлайсыз?

3. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Бүгінгі күні жұрт назарынан тыс қалып бара жатқан, бірақ, ұлт болашағы үшін қайта жаңғыртуды қажет ететін қандай салт-дәстүрлерді білесіз? Керісінше, қандай салттардан бас тартқанымыз жөн?

Тәттігүл Қартаева, Тарих ғылым­дарының кандидаты:

1. Салт-дәстүр – рухани мұрамыз. Атадан балаға мұра болып, ғасырдар ғасырға жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлерімізді, әсіресе, отбасылық дәстүрлерді және бесік жыры, беташар тәрізді тұрмыс-салт жырларын, табиғат пен ғаламға қатысты халықтық білімдер жүйесі мен әдеттерімізді, дәстүрлі қолөнерімізді, ұлттық ойындарды, бір сөзбен айтқанда ұлттық көрінісі бар кез-келген рухани мұрамызды ұлттық мәдени брендіміз деп айтуға толық құқымыз бар. Салт-дәстүрді ұлттық бренд ретінде таныту өз қолымызда. Қазіргі таңда жаңғыртылған мұраларымыздың қатары да жетерлік. Оның ең бастысы Наурыз бен сол мейрам кезінде атқарылатын түрлі рәсімдер.

2. Салт-дәстүрді кешенді жаңғырту мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Бұл әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелердің қатарында. Рухани мәдениет мұраларын материалдық мәдениет мұраларымен бірлестікте жаңғырту мақсатында әлемнің дамыған мемлекеттері «Этникалық мәдениет реконструкциясы» мәселесін қолға алып, қолданысқа енгізген. Мәселенің шешімін «экомузей», «тірі музей», «парк-музей», «тірі экспозиция» жұмыстары арқылы шешіп отыр. Ұлттық мұраны осы бағытта насихаттауда Америка мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің озық тәжірибелері бар. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді алсақ, оларда «ЭТНОМИР», «Боронино: тірі музей қорығы» жобалары қарқынды іске асуда.

Табиғат және тарихи-мәдени ортада өзінің табиғи болмысын сақтап қалған, материалдық және материалдық емес мұралардың дәстүрлі түрлерін сақтап отырған, олардың қызметін ылғи жандандырып, өзекті мәселе ретінде көрсетуге бағытталған музей түрі – «тірі музей» деп аталады. Тірі музейлер өзінің аймағында ландшафты тарихи қоныстармен қатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандағы қызмет көрсету сервистерін қамтамасыз ететін қонақүйлер, мейрамханалар, офистер, т.б. қамтиды. Бұл музей түрі тарихи-мәдени ескерткіштермен қатар ұлттық дәстүрлер мен ғұрыптарды насихаттап, оларды дамытуға қызмет етеді. Тірі музей шетелдік музеологияда «пайдалы музей» деген ұғыммен де танымал, оның мақсаты жергілікті тұрғындардың мәдени-тынығу және ағартушылық қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, олардың қоршаған ортамен байланысын арттыру болып табылады. Тірі музейлерде белгілі бір тарихи кезеңдегі адамдардың тұрмыстық жағдайын қайта жаңғырту арқылы тірі тарих экспозицияланады. Музей мамандары қайта жаңғыртуды ұйымдастыру барысында барлық ұлттық мұраларды, яғни ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, ұлттық ойын-сауықтар, т.б. ескереді. Салт-дәстүрге қатысты қойылымдар ұйымдастырылып, оған келушілер қатыса алады. Қазіргі заманда өзінің дамуында жаңа көзқарастарды жүзеге асыру жолына түскен мәдени мекемелер дәстүрлі міндеттер мен мақсаттардың аясынан шығып, қоғам мен қоршаған орта өміріне қызу араласуы, өз шеңберін кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы кеңейтуі керек. Осы «тірі музей» жобасы салт-дәстүрді жаңғыртудың бір үлгісі бола алады.

Материалдық емес мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар тізіміне» енгізу бойынша мемлекеттік деңгейдегі жұмыс қарқынды жүргізілуі керек. Қазіргі таңда «Наурыз», «Айтыс» сияқты мұраларымыздың әлемдік статус алғаны үлкен мақтаныш.        

3. Жаңғыртылған дәстүрлеріміз көп-ақ. Бірақ, олар жаһанданудың ықпалына ұшыраған. Қазақтың тойы ұлттық нақыштан алшақтап бара жатыр. Әсіресе, қыз ұзату тойы қайта жаңғырғанымен, қазіргі глобализация әсерінен ұлттық бояуын жоғалта бастады. Қыз ұзатудың кешке басталып, түнгі он екіде қыздың ұзатылуы, ұзатылатын қыздың әкесімен вальс билеуі еш дәстүрімізге сыймайды.

Дәстүрге сай жаңа түскен келіннің беті үйде ашылады. Ал қазіргі кезде келін түсіп, барлық туған-туыс келіннің бет-жүзін көріп, бір-екі ай өткен соң мейрамханаға алып келіп, беташар жасайды. Беташарға қыздың әке-шешесі мен туыстарының қатысуы да ұлттық дәстүрімізге жат дүние. Келіннің гүл лақтыруы, күйеу жігітті достарының көтеруі, флеш-моб сияқты үрдістерден де бас тартуымыз қажет.

Баланың тұсауын кескенде алдына ақша, түрлі заттар қойып, қайсысын таңдаса, бала соған жақын болады деген ойдан жасалған ырымдардар бар. Осындай жасанды ырым-тыйым, дәстүрлерден, тойларда асабалардың ұят әзілдерінен де арылғанымыз жөн.

Ұлт болашағы үшін салт-дәстүрлерімізді бұзбай сақтауға күш салып, дұрыс жаңғырту жолында күресуіміз керек.

Меруерт Егізбаева, Әл-Фараби атындағы Қзақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті

1. Бола алады.

2. Бүгінде халық, әсіресе жастар әлеуметтік желілерде көп отырады. Сол себепті, салт-дәстүрді насихаттайтын арнайы сайттар ашып, әлеуметтік желілерде салт-дәстүрді дәріптейтін арналар мен бейнероликтерді көбейту керек. Яғни, заманауи технологияның мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз қажет. Телевизия мен баспасөзде де салт-дәстүрді насихаттауға әлі де болса көбірек көңіл бөлінуі тиіс.

3. Қазір жастар арасында ажырасу көп. Бұрынғы кезде мұндай жағдайлар болмаған. Сондықтан, отбасылық дәстүрде, әсіресе, ата-ене мен келін, күйеуі мен әйелі арасындағы қарым-қатынаста қазақ халқының дәстүрлі ұстанымдырын жаңғырту керек деп ойлаймын. Тек келіннен ғана емес, ата-енеден де талап етілетін әдемі салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыз бар. Мысалы, бастапқы уақытта жаңа түскен жас келіннің жүріс-тұрысына сұқтанбау, әрбір қадамын сынға алмау, келіннің жаңа отбасына сіңіп кетуіне барынша жағдай жасау тәрізді қағидаларымыз жас отбасының діңгегін берік етудің алғышарттары болатын. Өз кезегінде қыздың ата-анасы да қыз баланы жат жұртқа жіберерде отбасылық өмірге даярлайтын болған. Ата-енені сыйлау, төркінге жиі бара бермеу, үй шаруашылығын жүргізе білу тәрізді міндеттерді қызына жастайынан үйрету шешенің парызы болған. Ертеде қыздар төркініне тек бір жылдан кейін баратын еді.

Қаймағы бұзылған дәстүріміздің тағы бірі – ұлға келінді ананың таңдап беруі. Баланы анасынан артық білетін ешкім жоқ. Ұлдың шешесі келінді өзі алып берсе, келінмен тату болып, тіл табысуға тырысады. Ене мен келін татулығы – отбасының берекесін сақтауда, әулеттің дәстүрлі эстафетасын жалғастыруда өте маңызды рөл атқарады.

 

Нұрбану КАМАЛ

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30