МҰРАЖАЙ – ҚОҒАМНЫҢ ӨМІР АЙНАСЫ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында музейдің отансүйгіштікке рухани тәрбие берудегі қызметінің маңызы көп. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан соң, ел экономикасын нығайтып болашақ өмірі­міздің рухани айнасы боларлықтай айғақтарды халқымыздың өткен тарихынан іздеуіміз заңды да, өткен тарихтың шежі­ресі қайнар көзі халқымыздың рухани мәдениеті, әдебиеті және тарихы екені даусыз. Аз ғана тарихи уақыт ішінде аяғынан тік тұрып, тәулсіз, бақуатты мемлекет құрып қана қоймай әлемдік қауымдастық ортасынан лайықты орын алған Қазақстан сияқты ел сирек.

 

«Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек» деп Елбасы қалың жұртты дәстүрлі құндылықтарына бастады. Елбасының ерік-жігерімен тарихты тәуелсіздік ұстанымдары тұрғысынан қайта қарау қолға алынып, халықтың көне дәуірлерден бүгінге дейінгі елдік, ерлік дастаны ақиқат тілімен, ұлттық намыспен жазылды. Бағзы дәстүрлі құндылықтар бүгінгі өркениетпен үндесті. Мәдени мұраларымыз, салт-дәстүрлеріміз қайта зерделеніп, тарихи тұлғаларымыз халқымен қайта қауышты. Елбасының тікелей қолдауымен көптеген тарихи даталармен қатар, ұлт тарихи тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілді, олардың рухани мұралары зерделенді.

Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасында ұлтын жанындай жақсы көретін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің және еліміздің ертеңгі күні еңсесі биік болу үшін өткенін түгендеп, есте қаларлық ескісін жаңартудың қаншалықты маңызды екенін өсер ұрпақтың санасына жеткізу – басты борышымыз екенін айқын көрсеткен [1]. Мәдени мұраға ұлттық мәдениетті, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, жинақтау міндеттері қаралған. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында өлкеміздің бай тарихынан, ата-бабадан мұра болып бізге жеткен құнды жәдігерлер зерделеніп мұражайымыздың ғылыми қоры толығуда.

«Біздің алдымызда ел болашағын се­ніп тапсыратындай, төл мәдениетін жақсы білетін, туған тарихын сүйетін естияр ұрпақ дайындау міндеті тұр.

Тәуелсіздік алғалы бері біз бүкіл әлем мойындаған мемлекетімізді құрып, экономикамызды нығайта алдық. Елімізде өзге тілдерді меңгеріп, осы заманғы ақпараттық технологияларды еркін игерген, ширақ та икемді жас ұрпақ өсіп келеді.

Бірақ олар ертеңгі күні төл тарихын білмейтін, ата-бабасын танымайтын, өздерінің ұлы мәдениеттің ұрпағы екенін түсінбейтін, жаны жат,жалаң технократтар болып өспесіне кім кепілдік бере алады» деген Елбасы Н. Назарбаевтың сөзі – мұражай мен мектеп алдына қойған келелі талаптардың бірі [2].

Мұражайларда жинақталған мұралар білім, тәрбие беру үрдісінде оқушыларға нағыз ұлттық білім негіздерін беруге мүмкіндік тудырады.

Мұражайлардың мәдени білім беру ба­ғы­­тындағы жұмыстарына көрмелер ұйым­­­дастыру, экскурциялар ұйымдастыру, лек­циялар оқу, кеңестер беру, мұражай­лық сабақтар өткізу, сонымен қатар жаңа бағыттар – интерактивтік көрмелер, қайыр­м­дылық шаралары, конкурстар, бір күндік акциялар ұйымдастырулар жатады.

Музейде қазақ халқының төл мәдениетін сақтау, оған деген ұлттық мақтанышын ояту мақсатында «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», тақырыбында өткізілген ұлттық киімдер көрмесі, «Керегең кең болсын, екі босағаң тең болсын», тақырыбындағы қазақы киіз үйдің құрылымына байланыс­ты көрме, «Ел іші – өнер кеніші», «Төл өнерін халқымның паш етемін» тақырыптарында өткізілген қолөнер шеберлерінің көрмесі оқушыларға, музейге келушілерге ерекше әсер қалдырды. Еліміздің заттай мәдениет туындыларының мәнін ұғынуға мүмкіндік алды. Жастардың бойындағы дарын мен өнерге деген ынтасын ашу мақсатында «Жас қылқалам шебері» тақырыбындағы оқушылардың өздері салған суреттер мен қолдан жасаған бұйымдарының, макеттердің көрмелері, әсіресе мүмкіншілігі шектеулі балалардың қолдарынан жасалған «Менің де бар өз үлесім..» атты қолөнер бұйымдарының көрмелері, жас ұрпақтың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, рухани өсуіне ықпал етері анық. «Толағайлардың толассыз табысы», «Бейбіт елдің тірегі – ел бірлігі» фотосурет байқауы да оқушылардың бойында шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал жасады.

Мұражайлық педагогика – мұражай аудиториясымен, оқушылармен жұмыс көзі, мұражайда өтетін экскурсиялар, ізденіс, қайталау, интелектуалдық ойын, танымал тұлғалармен кездесулер оқушылардың оқу үдерісіне деген белсенділігін арттыруға үлкен үлес қосады [3].

Музейде жастарымыздың бойындағы отансүйгіштік, патриоттық сезімді шыңдау үшін сабақтан тыс шараларды мектеп және арнаулы немесе жоғарғы оқу орындарының оқытушыларымен бірлесе ұйымдастырып, мұражайдың ғылыми қызметкерлері түрлі тақырыпта лекциялар оқыды. Атап айтар болсақ, «Атамыз – алаш, керегеміз – ағаш», «Алаш партиясына 100 жыл», мемлекет және қоғам қайраткерлері, алғашқы дипломат Н. Төрекұловтың 125 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде», Нұртас Оңдасыновтың 110 жылдығына орай, «Кемеңгер тұлға», Саттар Ерубаевтың 100 жылдығына орай, «Жалындаған жас ғұмыр» тақырыптарында лекция сабақтары оқылып, іс-шаралар ұйымдастырылды. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап көр», «Салт дәстүріңді білесің бе?», «Қазақ тілі – ұлт тілі», «Ұлттық теңге – кемел болашақтың кепілі» тәрізді танымдық, сайыс сабақтары, даталы күндерге арналған «Еліміздің рәміздері – Тәуелсіздіктің белгісі», «Бірлігіміз жарасқан», «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Бала – біздің бақытымыз», «Наурыз – жыл басы», «Ән салдырған ауылым..», «Терме тағлымы», «Ақындар айтысы» сияқты іс шаралар оқушылардың патриоттық сезімін көтеруге көмектесіп, еліміздің белгілі адамдарымен кездесулер өткізу оқушылардың адамгершілік, азаматтық тұлғасын қалыптастыруға оң ықпал етті. Мұражайда өтілетін әрбір сабақ, іс-шара өз елін, жерін сүйетін, тілін, салт дәстүрін құрметтейтін, бәсекеге қабілетті оқушының тұлғасын қалыптас­тырары хақ [4].

Мұражай қоғамдық өмір айнасы. Қазіргі кездегі мұражайлардың алдында тұрған басты міндеттердің бірі ХХІ ғасыр талабына, заманның ақпараттық ағымына сай компьютерлік базасын құру, ұлттық көркемдік құндылықтарымызды интернет жүйесіне, халықаралық мұражай кеңістігіне тиісті деңгейде енгізу болып отыр. Халық қазынасын терең насихаттау мен қастерлеп сақтауда, ел болашағы рухани жаңғыру үшін еңсерер еңбектеріңіз ерен, толағай табысты болсын.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Мәдени мұра» бағдарламасы. - Алматы, 2005.

2. «Мәдениет» журналы

3. Р. Харипова «Мұражайлардың мәдени бағытындағы жұмыс түрлері»

4. Р. Илясова «Қазіргі музей ісінің өзекті мәселелері»

5. К. Райымханов, Д. Қатран «Музей ісі­нің теориясы мен практикасы» Оқу құралы. Алматы, 2005.

 

Ғалымжан Байжігіт,

Түркістан қаласы

Тарихи-мәдени-этнографиялық

орталық. Ғылыми-зерттеу

бөлімінің меңгерушісі

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30