Ел бірлігі – асыл қазына

Еліміз өз тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстанда тұратын барлық халықтардың бірлігі мен достық қарым-қатынасын қалыптастыру, оны нығайту басты бағыттардың бірі болды. Бұл орайда, еліміздің қоғамдық келісім мен ынтымақты сақтау жөніндегі стратегиялық басым бағыттары негізгі әрі шешуші роль атқарып келеді. Елбасы бұрнағы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессия­сында сөйлеген сөзінде «әлемде болып жатқан өзгерістерді қабылдау үшін, басқа халықтар мен мәдениеттерді түсіну үшін сананың ашықтығы қажет. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы үйрете алады» деп, атап көрсеткен болатын.

 

Алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздегі этносаралық айнымас достық, мызғымас өзара сыйластық пен тату-тәтті бейбіт өмір сүрудің мерекесіне айналып отыр. Сондықтан да, әр қазақстандық үшін бұл мерекенің орны ерекше.

Бүгінгі күні жер жәннаты – Жетісу қазақ халқының төңірегінде ұйысқан 100-ге жуық диаспора өкілінің құтты мекеніне айналған. Қазіргі кезде облыстағы халықтардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтап, оны дамыту бағытында 70-тен астам этномәдени орталық жұмыс істейді.

Бір орталыққа топтастырылған этномәдени ұйымдар мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарына ерекше назар аудара отырып, бірлік пен ынтымақты баянды етуге бір кісідей өз үлесін қосуда. Олар тәуелсіз Қазақстанның егемен ел ретіндегі ролін ескере отырып, татулықтың туын көтеруде.

Барлық жақсылық әр адамның ізгі ниетінен туады. Этнос өкілдері облыс көлемінде өткізіліп жатқан саяси-қоғамдық шараларға белсене атсалысып, оның табысты әрі нәтижелі өтуіне зор ықпал етуде. Бүгінгі күні өзге ұлт азаматтары мемлекеттік тілді үйренуге, қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің құндылықтарын жоғары бағалай отырып, оның бірегей қалыптасуына қолдау көрсетуде.

«Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ту етіп ұстаған жетісулықтар ұлттық салт-дәстүрге айналған мерекелерді барлық халық өкілдері ортақ құндылық ретінде жоғары бағалап келеді. Жыл сайын атаулы мерекелерде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын ерекше атап өтеді. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да бір-біріне етене жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өткізілуде. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір этномәдени орталықтары мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Қазақстанның саяси қайраткерлерінің пікірі бойынша, ұлтаралық және дінаралық келісімнің сақталуы, олар жүргізіп жатқан саясаттың басты қағидаларының бірі.

Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Қазақстан үшін айтулы мереке мүлде жаңаша мән-маңызға ие. Бұл мейрам бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының басты нышанына айналды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде халықтар арасындағы татулық пен ынтымағымыз бұзылмай, әр этнос өкілдері бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келді. Бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жүз отыздан астам ұлт өкілдері Қазақ елін өз туған жұртындай көреді. Бұның барлығы – біздегі берік саясаттың үлкен жетістігі.

Елімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысын жүйелі атқаруда. Халық бірлігінің арқасында әлемдік дағдарысқа мойымай, дамуға бет алдық. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

Бүгінгі күнде Алматы облысының аумағында құрамында 4 мыңнан астам адамы бар 627 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Жуырда облыстық қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен Көксу ауданы, Балпық би ауылында Талдықорған өңірінде және Талғар ауданында этносаралық шиеленістердің алдын алу мақсатында Алматы өңіріндегі аудандардың қоғамдық келісім кеңестері мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген отырыстар өткізілді. Ұйымдастырылған шараларға аудан, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Достық дастарқаны» бағдарламасы аясында «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» және облыстық орыс орталығы бірлесіп славян халқының дәстүрлі «Рождество», «Масленица» мейрамдарын, облыстық «Күміс тамыр» қытай мәдениетінің орталығы «Ынтымағы жарасқан туған өлкем» форумын өткізді. Дәстүрге айналған шаралардың әлеуметтік бағыты аясында жағдайы нашар отбасы балаларына қайырымдылық көрсетіліп келеді.

Халық қалаулылары да маңызды іске қолдау көрсетуде. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары П.Казанцев, Ш.Хахазов, М.Магеррамов Талдықорған қаласында және Көксу ауданында арнайы жүздесулер өткізді. Оған облыстық этномәдени бірлестіктері төрағалары, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б. Ертаев, Ш. Нұрымов, Ш. Хахазов облыстың бірқатар аудандарында сындарлы кездесулер өткізіп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Ал, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларды іске асыру мен «Президент реформасы және жастардың бойында патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастыру» жөніндегі мәселелер талқыланған кеңес отырысына 250-ден астам адам қатысты.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, қаңтар айында өткен мәжілісте «Әйел және алкоголизм» мәселесі көтеріліп, талқыланды, Кербұлақ ауданының іс-тәжірибесін үлгі ретінде аудан, қалаларға тарату жөнінде ұсыныс жасалды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментімен «Жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу» тақырыбында бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда жастарды жемқорлыққа қарсы күреске баулу, «нольдік төзімділік» аясында тәлім-тәрбие беру жөнінде тиянақты әңгіме өткізіліп, өмірден алынған қоғамға жат қылықтар жөнінде мағлұматтар берілді.

Өңірдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, адамдар, тіпті туған-туыстар арасындағы кейбір үлкенді-кішілі мәселелерді сотқа дейін жеткізбеу, азаматтардың жеке беделін сақтау, сол арқылы бірлікті қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні арнайы құрылған 20 медиация орталығы қызмет көрсетеді. Өткен мерзім ішінде «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» базасында 16 аудан, 3 қала бойынша медиация кабинеттері қызмет істеуде. Осыған сәйкес, «Медиация негіздері» тақырыбында шеберлік сыныбы және «Этносаралық медиативті өкілеттілік» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Республикалық «Мың бала» жобасына байланысты Оқушылар сарайындағы «Мәңгілік Ел» орталығында «Ұлағатты әңгіме» тақырыбындағы дөңгелек үстелге аудан, қалалардағы орта мектептер оқушылары, колледж студенттері, этномәдени бірлестіктер, облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Үлкен Ел – Үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы бойынша «Алғыс айту» күніне орай кең мағыналы іс-шаралар өткізілді. Мысалы, Достық үйінде «Қазақстан – қайырымды ел» форумы ұйымдастырылды. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларының ардагерлері және көпбалалы аналарға алғыс білдіріп, құрмет көрсетілді.

Қаратал ауданындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында 300 адамның қатысуымен митинг өтті. Құрбан болған азаматтардың рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Шараға қатысушылар тағдырдың тәлкегіне ұшырап, жер аударылып келген ұлт өкілдерін қазақтар бір үзім нанын бөліп беріп, өзі есікте жатып, төріне оларды паналатқан дарқан көңіл, кеңпейілді, қонақжай Қазақ еліне шексіз алғысын білдірді. Ауданның мектеп оқушылары әдеби-шығармашылық композиция қойды. Облыстың барлық 19 аудан, қалаларында осындай іс-шаралар ұйымдастырылып, «Қайырымды Ел» акциясы аясында 600-ден астам адамға 9 млн теңгеге қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Талғар ауданында «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі Мемлекеттік стратегиялық бағдарламаны жүзеге асырудағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбында облыстық Ассамблея жанындағы жетекші журналистер клубының отырысы ұйымдастырылды. Бекітілген кестеге сәйкес, наурыз айында қайырымдылық ұйымдары мен донорлардың «Қайырымдылық керуені» облыстық съезд-форумы өткізілді. Шара барысында мүгедек балалардың қолөнер көрмесі мен қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Талдықорған қаласындағы аз қамтылған 70 отбасына азық-түлік себеті таратылды. Этномәдени орталықтарының аудан, қалаларындағы филиалдары осындай қайырымдылық шараларын өткізді.

Қасиетті «Наурыз» мейрамы қарсаңында облыс бойынша «Бірлік», «Тағзым», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Өнеге», «Салауат», «Ұлыстың Ұлы күні» және «Қайырымдылық» атты 7 бөлімге топтастырылып, онкүндік жарияланды. Бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары болды. Сонымен бірге, «Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлері орталығы» «Татулық – бірлік бастауы», облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі «Тіршіліктің тірегі – асыл жандар» форумын, «ҚР «Барбанг» күрдтер қауымдастығының» филиалы «Қош келдің, әз Наурыз», облыстық балқар мәдени орталығы «Мәңгілік Ел – құрыштай беріктігім» форумдарын ұйымдастырды.

Белгіленген медиа-жоспарға сәйкес
І тоқсанда 90-нан астам мақала республикалық, облыстық газеттерде жарық көрді. «Қазақстан», «Хабар», «24 KZ», «Жетісу» телеарналарында – 100-ден аса телесюжеттер көрсетілді және оның ішінде айына
1 рет шығатын «Жетісу» телеарнасының «Единый народ» бағдарламасы да бар. 60-тан аса ақпарат ресми сайттарға, әлеуметтік желілерге 24 ақпарат орналастырылды.

Облыстағы қоғамдық-саяси жағдайға, өңірдегі этносаралық қатынастардың жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін үрдістерді анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жасалады. Бүгінгі күні облыс әкімдеріне берілген тапсырмаға сәйкес Ресейдің сыртқы саяси құрылымдарының, үкіметтік емес ұйымдарының Қазақстанда тұратын орыс-славян және басқа этностарға, оның ішінде тарихи шығу тегі Ресей Федерациясы болып табылатын басқа этностарға ықпал ету фактілерін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылдың І тоқсанында «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыстың 12 ауданы мен 3 қаласында 900 респондент қатысқан әлеуметтік сауал­нама жүргізді. Оған 395 ер адам, 505 әйел адам қатысқан. Сауалнама қорытындысы бойынша респонденттер Алматы облысында этносаралық қарым-қатынастарды «жағымды» деп бағалаған. Сонымен бірге, өзге этнос өкілдері көп шоғырланған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Ұйғыр, Панфилов, Талғар аудандары ерекше бақылауға алынған.

Жұмыс жоспарына сәйкес, бізде қайырымдылық ұйымдары мен донорлардың «Қайырымдылық керуені» облыстық съезд-форумы өткізілді. Сондай-ақ, «Қайырым­ды ел» акциясы аясында жалпы саны 39 531 адамның қатысуымен 576 іс-шара өткізіліп, 11 млн. 235 961 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының

орынбасары, хатшылық меңгерушісі.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30