Арыс

1992-жыл. Тамылжыған қыркүйек.

Сол бір күндерде Алматыға  Қытайдың Шыңжан автономиялық ауданынан төрт-бес қонақ келді. Оларды  арнайы шақырған жазушылар Одағында  Қасымхан Бегманов басқарып отырған “Ақын Саттар Ерубаев” атындағы ассосациясы екен. Қонақтардың арасында Жан Минь Чун, Шин Лян дейтін  екі  қытай жігіті, Нариман есімді ұйғыр, Жұмағұл деген  қазақ азаматы бар. Тілмаш қыз – Лиза (қытай қызы)  және бар. Олар Алматыда діттеген  жұмыстарын  реттеген соң, Шымкент, Түркістан… одан әрі Ташкентке баруы керек. Міне, дәл осындай мәміле кезінде  Қасымхан  телефон соғып, мән-жайды түсіндірді де: -Ілаға, уақытыңыз болса мына  Шыңжандық қонақтармен сапарлас боп,  біздің  Оңтүстікке  барсақ… мен сізге өз  ауылым – “Бабайқорғанды көрсетсем” деген ниетте жүрмін ғой, - деп қиылды.

Мен меселін қайтарғам жоқ,   келістім. Оңтүстіктің жұмсақ, биязы күзін  сағынып та жүргем-ді.

Сол жолы біз Шымкентте, Түркістанда екі күн аялдап, қонақтардың   біраз шаруасын ыңғайластырып, екі қаланың әсем жерлерімен таныстырып, одан  Қасымханның ауылы - Бабайқорғанға  қарай жол тарттық.

Бабайқорған… Қасымханның:

                            Қара суық,

                            Қысқы кеш, Бабайқорған,

                            Туған үйде  достармен талай болғам.

                            Талай болғам,

                            Сырласқам елесімен,

                            Ұяң қызбен жүзіне арай қонған.

                            Өсектерін  өршітті халық түрлі,

                            Бір келкі өмір лезде жалықтырды.

                            Ертеңінде Түркістан вокзалында,

                            Бір қыз мені шығарып салып тұрды, -деп жырлайтын алтын бесігі!

Сол  Бабайқорғаны…

Бұл  ауыл -  шөккен нардай  сұлаған  Қаратаудың  күнгей жақ бетінде  дарағы, бау-бақшасы  боз мұнарға бөгіп, мүлгіп тұрған көрікті ауыл. 

Бабайқорғанда біз екі күн болдық. Кәдімгі қонақжай қазақ ауылы.   Сауықшыл. Әндетіп, дуылдап жатады екен. Сол келген күннің  ертеңінде Қасымханның үйінде  ақсақалдармен  бас қостық. Көпті көрген көнекөздер Қасымханның  келе қалғанына қуанысып, оның балалық кезінен бастап, бозбала кезіне дейінгі қызықты өмірін әңгімеледі.

Қасымхан атасы-Бегман, әжесі Айнаштың қолында шолжыңдап, ойына не келсе, соны істеп, бұланай боп өскен.  Бегман ақсақал кешегі Екінші  Ұлы Отан соғысында  талай шайқастарға қатысып,  Ленинград блокадасындағы қияметті бастан кешкен. Соғыс Ұлы Жеңіспен біткен соң елге оралып, өз аулында біраз жыл  колхоз басқарған. Елге  көсем сөзі өткен ақылды кісі екен. Дастарханы  игі жақсыларға жайылыпты.  Қасымхан ұлағатты қария сөздерін осы өз үйінде сәби кезінен тыңдаған. Өз әкесі Сейітхан оның еркелігіне көніп, “Атасының баласы ғой” деп қана тынады екен. Ешкім бетіне келмеген.

Бабайқорған қариялары  көп сырға қанықтырды.

Асылы, дарынды жандардың  өзі өскен  өнер  ортасы болады. Пушкиннің  сәби көңіліне  таңғажайып ертегі-аңыздар, өлең-жыр мен тәтті әуез өзін өбектеген нянясы Анна Радионовнадан дарыды дейді. Шоқанға да  сондай рухани нәрді емізген әжесі Айғаным көрінеді. Абайды да дана еткен  әжесі  Зеренің   өрелі тәрбиесі. Солай да солай  мысалдар  жетіп артылады. Қасымхан да  тағлымды өнегені  осы   Бабайқорғанынан алған.

Мына бір көріністің елесі –  қариялар күн еңкейіп, қоңыр кеш түсе берген маужыр сәттерде  ауыл шетіндегі   төбеге шығып, алқақотан отырып әңгіме-дүкен құрады. Сөз жүйесі өз-өзінен қисын тауып,  терме, толғаулар ағылады. “Алпамыс”,  “Ер Тарғын”,  “Қыз-Жібек” дастандары жырланады. Қариялар дәл осы ауылдан он сегіз шақырымдай жердегі  Шорнақ ауылында “Елім-ай” әнінің бұзылмай  сақталғанын да тамсана сөз етеді.   Зерделі біреулері:  “Е,  “Елім-ай” “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасіретіне қалай душар болдық, соны шерлене толғаған тағлымды жыр екен, талай сұңғыла көкірек ұмыттырмапты. Оны  кезінде мына іргеміздегі  Қарнақта дін оқуын тауысқан  ғұлама дүлдүл, нағыз кең көкірек сыр сүлейі – Белгібайдың  Айтбайы таңды таңға ұрып айтушы еді”,  десе, екінші біреуі: “Оу,  ана жылдары, оны ұмыта да қойған жоқпыз, бүгіндері аты әйгілі  екі жазушы- Әбіш Кекілбаев пен Мұқтар Мағауин сол “Елім-ай” жырын осы  Шорнақтағы бір шалдан жазып алып кеткенін көзіміз көрді” дейді, күпілдеп.

Қасымханға бесік жыры,  домбыра үні  ана сүтімен  дарыған.

Қасымханның  бір сүйікті адамы –нағашы атасы  Бәйкенже! Ол кісінің  зайыбы - Өтебике!

Бабайқорғандағы бір әңгіме кезінде Қасымхан:  - Менің жас қиялыма қанат бітірген жанның бірі осы - Өтебике  әжем!  Өзі   бойы сымбатты,  көзі  қарақаттай  мөлдіреген қараторы,  сыпа,  тәңір келісті ғып жаратқан көркем  кісі еді.  Жаны да сондай  нәзік. Көкірегі толған сырлы ән. Дауысы да  ашық, таза.  Даланың аңқылдаған дәстүрлі әншісі. Мен осы күні ойлаймын, ақындық ділімдегі  лиризм осы Өтебике әжемнің сыршыл жүрегінің  әсерлі лебі шығар, -деп жылы сезіммен елжірей  сөйледі.

Иә, біз Бабайқорғанда  екі күн  беймарал дем алдық. Ауылдың әнмен гуілдеген сауық-кештеріне қатыстық. Қаратаудың күңгей беті  мұнарланып, қиялыңды қозғайды. Етегіне барып, сейіл құрдық.

Қыркүйектің сол бір тамылжыған күні… біз Ташкентке қарай  жолға шықтық. Біраз жер жүрген соң  Темірлановка селосын жанай ағып жатқан Арыс  жағасына келдік. Біздің машина  үлкен көпірдің  оң жағындағы  жалпақ сазға  кеп тоқтағанда сол жағалауда тұрған екі автобустан  ошарыла түскен  көп адам( шамасы тойдан қайтқан болуы керек) бәрі қызу… лепіріп алған. Бір кезде олар: “Арыстың бойында, таныстым өзіңмен” деп жамыраса қосылып,  Шәмші әнін гуілдетті.

Осы сәтте мен Қасымханға  қарап: -Шіркін, өмір-ай, ә… бүгінде Шәмші жоқ, әні бар. Арыстың бүктетіле жөнкілген толқынына қарашы, адамзат баласының  жарық дүниеге  келіп-кетуі осы толқындар секілді, - дедім.

Қоңыр көзі  қилы-қилы ойлармен бұлдыраған Қасымханның толғанғаны сезілді: -Ана бір жылдары осы жағалау… осы көпір… осы жерде  Шымкенттік бір топ жігіт Шәмші ағаны  сейілдетіп, әндетіп жүріп ек.

-Ол қай жылдар?

-1984-жыл. Күз еді. Ол кезде мен облыстық комсомол комитетінде істеймін. Бір күні күн жауын… әдеттегіше жұмыста отыр едім, үстінде ұзын сулығы бар, аяғында резинка етік… Шәмші аға келіп тұр. Ұшып тұрып сәлем бердім. Таныстық. Әңгімелестік. Түс мезгілі…  мен ол кісіні  қоярда қоймай  үйге алып келдім. Сөзді ұзартып неғылайын,  Шәкең біздің үйде үш күн жатты. Мен бір нәрсеге таңғалдым, әй, ондай іс біздің қолымыздан келе бермейді, үйдегі келініңіз Рахила кухняда  тамақ істеп жүргенде  Шәкең үлкендігіне қарамай, дастархан мәзірін  әзірлеуге көмектескені… мен не дерімді білмей, сасқалақтадым.

Ал, бір күні өзіммен бірге қызметтес  ақын  Қабылбек Төретаев (қазір облыстық архивтің бастығы), журналист Дәулет Исабеков (бүгінде  Шымкенттегі Қонаев мешітінің имамы), обкомкомсомолдың идеология хатшысы Әкім Нақыпбаевтармен ақылдасып, Шымкентте және оның төңірегінде  біраз жерде  кездесулер ұймдастырдық. Әндерін емін-еркін тыңдадық. Сол жолы  Шәкең “Шәуілдір туралы ән шығарам” деп маған сөз жаздырып алды. “Отырар жайында да ойланшы, лирик інім” деп  тілек етті.

Жылдар  тізбегі  өтіп жатты. Шәкеңмен содан кейін  жүздесе алмадым. Кейін білдім, әлгі  әндеріне ақын Сабырхан Асанов сөз жазыпты.

-Сол күндерде  Шәмшінің көңіл күйі, жағдайы қандай еді?

-Киімі жұпыны. Салдыраған ескі “Жигулиі” бар. Әрине, біз көтермелеп, қолпаштап бақтық, бірақ, мен Шәкеңнің кілегейленген қоңыр көзінен  сарғайтқан мұңның табын сездім.  Отбасы, бала-шағасы жөнінде  ләм-мим демеді. Тұрағының да қайда екенін сұрауға  ыңғайсызданып, батылымыз бармады. Бар тірлігі, күнкөрісі елдің үстінде жүргендей бір жұмбақ… жадау ғұмыр. Мінезі сынық.  Әр нәрсеге ілкімді, иліге кетеді. Жағдай таңдамайды. Бір пысықайлар сияқты ірілерге  бас ұрмайды да. Жұрттың бәріне көңілі бір. Кісі көңілін жықпайтын тұзы жеңіл бір әулие бітім.

-Қасымхан…

-Иә, Ілаға.

        

-Мен де саған бір сырымды айтайын: - Ұмытқам жоқ, сол 1984-жылы… мамыр айының  жиырма тоғызыншы жұлдызы. Жиделер гүлдеп, мына нулы тоғай хош иісі бұрқырап, үлпілдеп тұрды. Біз бір топ адам Қазықұрттың етегіндегі Новои совхозына  ұзатылған қызымыз Сәуленің құдалығына бара жатып, дәл осы жерде Шәмшімен кездестік. Сәуленің әкесі-Жеңісбай, Жеңісбайдың ағасы  белгілі судья Ескермес екеуі де әнші, ақынжанды адам, Шәмшіні көріп, шүйіркелесе амандасып,  мәре-сәре болды да қалды. Олар Шәмшінің “Арыс жағасында” деген  әнін сырлы сезіммен  айтып та берді. Шәмші мына бейтаныс жандардың ықыласына риза болды. Сонда Шәмші  Арысқа  ойлана қарап:  “Өмір дегеніңіз- өзен екен ғой” деді.

-Арыс, Арыс болғалы қай заман, Ілаға. Жағасына кеп ат суарғандардың есебі жоқ. Жағасына кеп махаббат сырын  шертіскендірдің де есебі жоқ. Жағасына кеп жалт ете түскен сәуледей өте шыққан алтын дәуренін еске алған мұңлықтардың да есебі жоқ.

Осы сөздерден кейін Қасымхан екеуіміз көк  айдыннан көз алмай, біраз үнсіз тұрдық.  Қиялым толқындарға  ілесіп, ұзап барады…

Сол күні  кіші бесін кезінде  Сарыағашқа келдік. Ертеңінде  менің сондағы жиенім  - милиция полковнигі Әмірхан Диханбаев  бізді  Ташкентке апарып, сәулетті қаланың  көрікті жерлерімен таныстырды. Шыңжандық қонақтардың арасындағы  Жан Минь Чунь және Жұмағұл Ташкенттей тарихи шаһарды көргендеріне шаттанып, бір кезде  бұл жердің өзі де қазақтың жері болғанына  көздері  жеткендей  таңғалды.

Біз сол  оңтүстік сапарынан Алматыға оралған күннің ертеңінде  тәңертеңгі шай үстінде  мен “Арыс” атты жаңа әнімді әндетіп отырдым.

Соның ертеңінде  Қасымхан біздің  үйге келді. Әнді тыңдады, әдеттегіше.

-Ән сөзін “көз алдымда  жазасың” –дедім, - Арыс жағасы. Жиделер гүлдеген. Қасыңда  шашы жер сызған сүйген қызың бар. Сен мәзсің. Бұл-бірінші шумақ. Қайырмада – арманыңды ала қашқан Арыс толқыны. Ол  тым алысқа ұзап, шексіздікке жұтылып жатыр.

Екінші шумақ-мақпал түн. Айдай нұрлы сәулеңді  сүйіп – құшқан ләззатты сәт.

Үшінші  шумақ: -Арада көп жылдар өткен. Арыс жағасына  анда-санда келіп тұрасың. Баяғы  күндерің көз алдыңда. Қайда… қайда сол уыз ару ?  Қасымхан, ән сөзін осылай  тербе. Бұл да “Қарашық” секілді ән.     

Қасымхан ләм-мим демеді. Тұнжырап, ойға түсті. Менің сөзіме  үнсіз ғана бас изеп, ақ қағазға  алғашқы  жолдарды жаза бастады. Мен есікті жаптым да,  оңаша қалдырдым.

Көп уақыт өтпей-ақ  ән сөзі  дайын болды:

                          Көріп өстім ағыстың билегенін,

                        Жұпар шашқан, шіркін, Арыстың жиделерін, дариға-ай.

                                            Қара шашы арқасын түгел жапқан,

                         Сенің ерке қызыңды, шіркін, сүйген едім, дариға-ай.

                                               Алтын Арыс,

                                               Ақтың алыс,

                                               Мендегі асыл армандай!

                        Үнсіз-тілсіз қалқаммен күлімдескен,

                         Қалай ғана шығарам, шіркін, түніңді естен, дариға-ай.

                        Сенің асау толқының секілденіп,

                        Өмір өтіп барады, шіркін, білінбестен, дариға-ай.

                                                  Алтын Арыс,

                                               Ақтың алыс,

                                               Мендегі асыл армандай!

                   Алтын Арыс, ақ Арыс, терең Арыс,

                   Алты алашты емізген, шіркін, ерен Арыс, дариға-ай.

                   Ерке қызың баяғы қайда екен деп,

                   Елес қуып әлі де келем, Арыс, дариға-ай!

                                              Алтын Арыс,

                                             Ақтың алыс,

                                             Мендегі асыл армандай!

Осы сөзді  қанша оқысам да  еш жерін  өзгертіп, не алып -қоса алмадым. Қасымхан  менің  қиялымды, көңіл-дітімді дәл басыпты. Әнді  сөзімен қоса  айтып отырғанда  Қасымхан көзі күлімдеп: -Уһ!-деді.

Мен де  оқыс мырс етіп, Қасымханға қарадым. Қасымхан езу тарта жымиып: -Ту-у, ән сөзіне қандай капризный едіңіз, -деді бір тауқымет иығынан түскендей қуанып.

“Арыс” әні  сол Оңтүстік сапарының  естен кетпес бір белгісі.

“Арыс” әнін  Қажыбек Бекбосынов кәдімгі дәстүрлі ән секілді әуелетіп, шырқай жөнелгені сол, оны  басқа да әншілер тез үйреніп алды.  Оған, әсіресе, домбырамен айтатын әншілер қызықты.               

Бүгінде бұл ән Құрманғазы атындағы  ұлт аспаптар оркестрінің  репертуарында. Оны  2004-жылдың  маусым айының төртінші жұлдызында Алматының   Республика сарайында өткен  “Еділ-Жайық” атты  концертімде  осы оркестрге қосылып, белгілі әнші  Майра Ильясова орындады.

Осы концерттің әсеріне толқыған профессор Тұрсынбек Кәкішев: -“Балқантау”, “Сырымбет”, “Толағай” әндерімен  тауларымызды биіктеттің, “Еділ-Жайық”, “Ағады Ертіс”, “Ойыл толқынымен” ұлы дарияларымызды шалқытып ең, солардың қатарында, міне, енді, “Арысты” да  толқыттың. Қасымхан сырлы сезімді ақын ғой, әндеріңе табиғи  үйлесе кетеді екен. –деп қолымды қысып,   жүрек жарды сөзін айтты.

“Арыс” әні орындалса болды, мамыр айында гүлдеген көк  жиде… оның көкірек жарған жұпар лебі… табиғаттың сондай бір исініп тұрған жақсы күнінде  Арыс жағасында кездескен Шәмші… Қасымхан екеуіміздің  Арысқа  сұқтана қараған  ойлы сәтіміз… асқақтап,  шығандап кеткен қиялымыз  жүрегімді  ерекше бір ыстық сезімге бөлейді. Сонда оның жағасына  әлі талай Шәмші, талай Илья, талай Қасымхан кеп, көк жиекпен астасқан айдынына қарап, болашақ күндерге  көз жіберіп:

                                 Алтын Арыс,

      Ақтың алыс,

      Мендегі асыл армандай! –деп  тұратынын ап –

анық елестетем…  

АРЫС

сөзі: Қасымхан Бегмановтікі
әні: Илья Жақановтікі
орын: Майра Ильясова

Көрiп өстiм Арыстың, а-хау, билегенiн,
Жұпар шашқан Арыстың, шіркін,
жиделерiн, дариға-ай.
Қара шашы арқасын, а-хау, түгел жапқан,
Сенiң ерке қызыңды, шіркін, сүйген
едiм, дариға-ай.

Қ-сы:
Алтын Арыс, ақтың алыс,
Мендегі асыл армандай.

Үнсiз-тiлсiз қалқаммен, а-хау, күлiмдескен,
Қалай ғана шығарам, шіркін,
түнiңдi естен, дариға-ай.
Сенiң асау толқының, а-хау, секiлденiп,
Өмiр өтiп барады, шіркін,
бiлiнбестен, дариға-ай.

Алтын Арыс, ақ Арыс, а-хау, терең Арыс,
Алты алашты емiзген, шіркін,
ерен Арыс, дариға-ай.
Ерке қызың баяғы, а-хау, қайда екен деп,
Елес қуып әлi де, шіркін, келем,
Арыс, дариға-ай.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30