Теміртау түні

Теміртау түні

2001-жыл.

Теміртауда алтын күз. Жып-жылы… желсіз тынған маужыр сәт. Көк жүзінде  қимылсыз қалқыған ақша бұлт.

Осы сапар мені  Теміртаудағы бір қадірлес жан  Тілеукен Смағұлов қарсы алды. Тілеукен Қарқаралы жағынан. Менімен  кездескен сайын жанға жайлы жұмсақ әзіліне басып: «Сіз біздің  қара ормандай қайысқан Қаракесектің композиторысыз. Бір Балқантау жөнінде  төрт әніңіз бар. Бірінен-бірі өтеді. Ол тек махаббат жыры емес, біздің еліміз бен жерімізге деген ыстық ықыласыңыз. Сізді сол үшін силаймыз. Өз азаматымыз дейміз, мақтанып.  Қарағанды, Теміртауда  төңірегіңізде  дуылдасып жүретін сері жігіттердің бәрінен  сізге мен жақындаумын» деп мені  елден ерек  өбектеп жүреді. 

Сол келген күні кешінде Тілеукеннің үйінде бір келісті   отырыс болды. Арқа азаматтарының игі  дәстүрі бар, бастары қосылып, жинала қалса мәзірі, мәні жоқ қысыр әңгіме айтылмайды, тегі. Көкейдегі  сөздер арғы-бергі тарихтан қозғалады, ән төңірегінде ғана өрбиді. Арқаның  «Жиырма бесі», «Екі жирені», «Дударайы», «Қаракесегі», «Әупілдегі», «Ләйлімі», «Балқадишасы», «Хорланы»… әрқайсысы бір-бір хикая, тек сол әндер ғана ма, біздің заманымыздың  «Қарлығаш», «Кестелі орамал», «Жас қазақ», «Ақерке» секілді   әндерін де сүйсіне сөз еттік. Оларды сағынышты жүректің лүпілімен   емірене әндеттік.

Ән саябырлаған бір сәтте әңгіме басқа бір салаға ойыса берді:

-Теміртауыңыз осы… жүз жетпіс мың халқы бар, тоқсаннан астам ұлт тұрады.

- Ал, ол бір кезде Қарағандының  шетіндегі  Самарқан деген қалашық еді. Ол да өзінше бір тарих.

-Кешегі  Екінші Ұлы Отан соғысы басылған жыл. Сол жылы күзде Қазақстан Үкіметін  басқарып отырған  Нұртас Оңдасынов Мәскеуге барыпты.

-Е, осыны  айтшы…

-Оңдасынов СССР Ауыр өнеркәсібі министрі  Тевосянның қабылдауында болады. Барған мәселесі –жаңағы  Самарқан қалашығын  болашақ металлургтер қаласы ету. Тевосян сабырлы, тоқтамды кісі екен, Оңдасыновпен емін-еркін пікірлесіп, дұрыс шешімге келеді. Бір кезде Тевосян ойланып отырып: «Сіз бұл қаланы  «Самарқан» дейсіз, ә? Өзібекстанда әйгілі Самарқан қаласы бар емес пе?»  деп оқыс сауал қояды. Оңдасынов бұл сөзге не дерін білмей, мүдіріп, сасқалақтап қалады.  Тевосян жұмсақ үнмен: «Қазақтар металлды не дейді?» деп сұрайды. Оңдасынов «Темір» деп жауап береді. Тевосян «дұрыс» деп, жымия бас изейді. Оңдасынов жүрегі лүп ете түсіп: «біз темір кенін тау-тау ғып өндіретін боламыз. Сіздің «Темір» деген сөзіңізге «Тау» деген сөзді қоссақ қайтеді?» дейді, еркінси сөйлеп. Қойшы не керек, екеуі әрі-бері ойланып, осы  мәмілеге тоқтайды. Кейін Қазақстан Орталық комитеті мен Жоғарғы Совет Президумы металлургтер қаласын «Теміртау» деп  мақұлдапты.

-Бізге көп нәрсе беймәлім, әлі. О баста аталарымыз осы жерді  «Самарқан» деп қалай атаған, оны  біз білмейміз.

-Арқаның күре тамыры дерлік Нұра өзенінен бөлінентін бір  кең арна бүгінде осы Самарқан көлі… үлкен су қоймасы, ол. Оның жобасын сол кездерде Қазақстан  Ғылым Академиясының  президенті Қаныш Сәтбаев жасатқан. Қанекең!

-Бұл жерді ертеде  Қареке-Мұрат деген ел жайлаған. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің, Нұрсұлтанның жары Сара Алпысқызының елі… бұл елден Батыраш- Қотыраш есімді алпауыттар шыққан.

Мен үшін осындай  тосын сырлар  шертілді.

Отырыс ұзаққа созылды. Түннің бір уағында  бәріміз тысқа шықтық. Тым-тырыс тына қалған  дүние… қала шуы басылған. Күздің  салқын лебі. Толықсып Ай да туған екен. Жұлдыздар биіктеп, алыстай бастапты.

Тілеукен: -Міне, біздің аула. Бұл жерге біз жақында ғана көшіп келдік. Ескі үйді балаларға қалдырдық. Әні… екі қатарлы үй… шамы да сөнбепті. Сол үйде  Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Көзімізге  ыстық көрінеді. Кезінде  осы үйде  әндетіп, дүрілдетіп жатушы едік. Содан бері  неше рет күз келді, неше рет қыс түсті, өмір өз әуенімен жүре береді екен. Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртауға келсе болды,  бұл үйге соқпай кетпейді. Тарихи үй!-деді,  жылы сезіммен.

 Қасымыздағы жігіттердің бірі: -О, шіркін, Теміртау түні! Самарқанның  лебін қарашы, жайлап қана желпіп жатыр, -деп қалды.

Мен көк жүзіне  көз салдым, Ай да жылжып барады…

Ертеңінде  Тілеукен екеуіміз Теміртауды араладық. Ол  мені ә дегеннен қаланың орталығында салынып жатқан  металлургтер монументіне алып келді.  Екі металлургтың бейнесі… оған ұзақ қарадым. Мені  қандай сезім биледі, білмедім,  сол  бейненің бірін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұқсаттым.Бұл не түйсік, құдай-ау, бірдеме дегім келді, бірақ, ешнәрсе айта алмадым. Өте… өте тартымды монумент!

Тілеукен жайлап қана сөз бастады: -Нұрсұлтан 1958-жылы онжылдықты бітіре сала Алматы облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен өзі секілді  бір топ жастардың қатарында  Теміртаудың жаңадан салынып жатқан металлургия заводына келді. Энтузиастар! Келе сала білек сыбанып, қауырт іске араласты. Жас маман ауадай қажет. Завод басшылары біраз жігіттерді іріктеп,   украинаның Днепродзержинск қаласына оқуға жіберді. Солардың ішінде  Нұрсұлтан да бар еді. Онда ол училище бітіріп, металлург мамандығын алды. Құю машинасының шойыншысы боп шыға келді. Бұл –1960-жыл. Сол  жылдардан бастап, Нұрсұлтанмен жұмыстас, қызметтес… дос-көңілдес боп бірге жүрдім.

Қазақстан магниткасы! Бірінші және екінші домна пештері шойын селін ағызды. Мартен пештері  мың градустық жалынмен лаулады. Бұл не деген ғаламат десеңізші! Сол бірінші домна іске қосылғанда Нұрсұлтан аға  горновой боп тағайындалды. Осы кезде  белсенді комсомол ретінде де жұлдызы биіктеді. 1962-жылы Қазақстан ЛКЖО ның  Х – съезіне, Москвада  БЛКЖО Х1У-ші сьезіне делегат боп қатысты. Металлургия заводының жолдамасымен институтқа оқуға түсті. Қараңыз, енді бір сәтте ол бірінші домнаның диспечері!

Нұрсұлтан білімімен де, іскерлігімен де ерекше көзге түсті. Ол қалалық комсомол комитетін басқарды. Одан қалалық партия комитетінің екінші хатшысы… Қарағанды металлургия комбинаты  партия комитетінің хатшысы… қараңыз, Алматының  іргесіндегі  жұпыны бір ауылдан түлеп ұшқан кешегі балауса жігіт ысылған азамат боп, көз алдымызда өмір белестерінен осылайша өрлей-өрлей, міне, бүгін Тәуелсіздік алған Қазақстанның  тұңғыш президенті болып отыр. Жалындаған жас жігіттің сол жылдардағы  азаматтық келбетіне  қызығып, «Аядай ғана Теміртаудың уысына  сияр ма, екен!» деп  қиял жете бермейтін асқар шыңнан көргендей таңғалушы едік. Бұл сүйінішті сөзді, әрине, Нұрсұлтанмен  тағдырлас болған ескі көз мен айтпағанда бүгінгі ұрпаққа кім айтады? Қыран қияға самғайды деген осы!

Тілеукен осылай деді де ажары кіріп, сәулеттене түскен көшелер мен гүлзарларды көрсетіп,  Самарқан көлінің жағасына кеп тоқтады. Ол көлге ойлана қарап тұрып, сөзін жалғастырды: -Ой, сол кездегі қайнаған өмір… завод та жалындап, лаулап жатады, болат құйып. Нұрсұлтан да жайсаң жастарды тың ой, тың бастамалармен үйіріп, қат-қабат істің басында жалындайды да жүреді. Демалыс күндері… бәріміз лек-лек боп, көл жағасына келеміз. Жастар думаны дүрілдейді. Ортамызда Нұрсұлтан… домбыра тартты, ән салды. Халық әндерін жақсы білді. Оның ішінде «Біздің шешей айтушы еді.» деп, бір сырлы әннің:        

Құралай,

                                     Отырсың жайды сұрамай,

                                                Мәнісін айтшы, қалқам, бұл қалай?, -дейтін ойнақы  қайырмасын лыпылдатқанда көзінен ұшқын атып, жанып кетуші еді. Сондай-ақ, «Дедім-ай, ау!», «Топ дуадақ дегенде топ дуадақ» деп басталатын тағы бір шалқымалы әні, «Угай-ай, угай- угай, әй, угай» дейтін биязы, мақпал әні… кейін ойлап қарасақ, бұл әндердің бәрі Нұрсұлтан өскен  Жетісу өңірінің  әндері екен. Жібек самалдай желпитін қоңыр әуез. Жүрекке сондай жылы тиеді. «Ә, шіркін, қазақ әні!» дейтініміз де содан ғой.

 Нұрсұлтан домбырамен Арқаның кең тынысты әндерін кербез сезіммен керілтіп шырқағанда «үстіне  оқалы шапан, басына үкілі бөрік кигізсе баяғының  серісі боп шыға келер еді» деп, қызығушы едік. Сол құштар сезіміне қоса ойлы да еді. Басқа бір әншілерден «Хорлан», «Әупілдек», «Арман-ай», «Қаракесек», «Үшқара»  әндерін тыңдағанда  бар дүниені ұмытып, тұңғиық ойға батып кететін-ді.

Кешегі фильмдеріміз де гуманистік идеялардан туды ғой. Соның бірі -«Весна на заречной улице» фильмі. Сол фильмдегі:

                   Когда придет весна не знаю,

                   Пройдут дожди, сойдут снега.

                   Но, ты мне, улица родная,

                   И в непогоду дорога, -деп айтылатын ән Нұрсұлтанның ең сүйікті әні еді.

Сол жылдарда  «Разные судьбы» дейтін  фильмдегі  бас  кейіпкер композитор Рощиннің романсы да жұрт жүрегін ерекше тебірентті. Нұрсұлтан сол романстың:

                            Голова стала  белою,

                            Что я с ней поделаю, -деп келетін қайырмасын  мұңая қоңырлатқанда бәріміз қоғадай иіліп, үнімізді шығармай, мүлгіп қалушы едік.

Сонда  осындай бір тұнжыр сәттен бізді  Нұрсұлтанның өзі құтқаратын-ды. Иә, сезімі алмас қылыш жүзіндей жарқылдап:

                            Ой, красивый над Волгой закаты,

                            Ты меня провожала  в солдаты.

                            Руку жала,  провожала,

                                    Провожала, провожала! –деп,  шалқытып ала жөнелуші еді. Оған ілесе бәріміз заматта дүр сілкініп, әнге қосыла кетуші едік.

         Е, осының бәрі  қадірлі күндеріміздің  шуақты  елесі екен. Көл жағасындағы сондай дулы кештерде қыз-жігіт атаулы Нұрсұлтанның ғана аузына қарап, төңірегінде дүркіреп жүретін-ді. Олардың арасында Сара да жұлдыздай жарқырап, Нұрсұлтанның қасынан бір елі ажырамайтын-ды. Біз екеуіне сүйсіне қарайтынбыз. Сол жастардың ішінде украйндық қыз-жігіттер бастап, «Киевский вальспен» үйірсе, оның толқынды әуезі сол  тоқыған күйі біздің  «Қазақ вальсіне» ұласатын-ды. Сайранымыз, сейіліміз түннің бір уағына дейін созылатын-ды.  

О, шіркін, Теміртау түні! Самарқан көлінің самалы… саф ауаны жұтып жүре бергің келеді. Бірақ,  ертең жұмыс… біз үйді-үйімізге қайтар кезде:

                            Не слышны в саду даже шорохи,

                            Все здесь замерла до утра.

                            Не забудь  и ты  эти летние,

                            Темиртауские вечера, -деп Самарқанның жағасынан кете алмай, бір-бірімізге жымың қағып, тұрып алушы едік.

Ілеке, осының бәрі есімізде. Ностальгия! Жастықтың жайнаған романтикасы!

Біздің Теміртауды кезінде екі атақты композитор әнге арқау етті. Бақытжан Байқадамов «Қазақстан магниткасы жастарының маршын» дүбірлетсе, Сыдық Мұхамеджанов «Жарқырайды, Теміртаудың оттары» әнін жалындатты.  Ол әндер бүгіндері  әлмеғайып бір  концерттерде, не  радиода орындала қалса Теміртаудың сол кездегі тынысы көз алдымызға келіп, өткен  өмірімізді  елестетіп, кәдімгідей желпініп, көтеріліп қаламыз. Өмір… тарих өз белгісін әндерде де қалдыра береді екен.

Тілеукен осы сөзімен жүрегімнің пернесін жайлап қана басқандай болды.

 

                                  *             *          *

 

 

Екі күннен кейін мен «Қарағанды – Алматы» поезында келе жаттым. Поездың бір сарынды жүрісі… мұндай сәтте адамды қым-қиғаш ой қамалайды. Көңіл түкпіріндегі әр жай кино лентасындай көз алдыңнан өте береді. Елес бәрі… мен Тілеукеннің үйінде шертілген әңгіменің бәрін еске түсірдім. Теміртаудың мақпал түнін елестеттім. Күлкісі, әндері шалқыған жастар… олардың ортасында Нұрсұлтан мен Сара! Екеуі қол ұстасып, Самарқан көлінің жағасында сейіл құрып келе жатыр. Нұрсұлтан Сараға күлімсірей қарап: «Айға бетіңді бұршы» дейді. Сараның күміс күлкісі төгіледі. Осы көріністер іштей тамылжытты.

Мен поездан түскенде жүрегіме жібектей есілген бір сырлы  әуездің  толғанын сездім…

 

                                 *           *          *

 

Мына бір күз…  тағы бір ән мөлдіреді. Оны  елуінші жылдардың  әні десе болады. Дәл солай. Сол кездегі  лирика!

Әр жаңа ән туғанда ойлайтыным – ақын мен әнші. Әрине,   ән сөзін өзім жазсам, онда көңілімде  тек әнші ғана тұрады. Ал, бұл жолы да әдеттегіше біраз ақынмен іштей  тілдесіп көрдім. Біріне тоқтағам жоқ. Қасымханға ғана елеңдей бердім. Менің композиторлық лабораторияма еркіндеп еніп, өз видением- көңіл дітіме әбден көнген төзімді ақын Қасымхан ғана. Сондай етене, ілкімді… ойымды  әріден  сезіп, үйлесе кетеді. Жаңа ән «не» деп тұр, соны түсінуге бар жанын салады. Кейбір ақындар сияқты «өзімшілдігі» жоқ.  Қасымханның  болмысы  олардан мүлде бөлек. Қасымханды  мойындайтын  ақын ағалары оны «Махаббат ақыны!» дейді. Дұрыс сөз! Қасымханға тоқтадым.

Үш күннен кейін Қасымханға телефон соқтым. Ол жаны қалмай Алматымен іргелес Абайаулындағы үйіне шақырды. Келдім.

Күздің  тып-тынық жаймашуақ күні. Қасымханның ауласы жайнаған гүл. Жұпары көкірек жарады.  Гүлдің ортасында дөңгелек стол. Екі кресло. Бірақ, біз жүре әңгімелестік. Іштей толқулымын.  Жүрек лүпілін зорға басып, діттеген ойымды шашыратпай  суыртпақтап, шығара бастадым: -Бірінші шумағы –түн. Теміртау түні! Толықсыған толған Ай! Айдай сұлу қыз көркіне құлай берілген албырт сезімді жайсаң жігіт.

Екінші шумағы- бұлғақтап, желігіп жүрген  сол жігіт қыз алдында сөз  айта алмай толқып, тек көзімен өртеп,  сұқтана қарай береді.

Үшінші шумақта  - Қыз жүзін аймалаған Сарыарқаның самалы! Іңкәрлік сезім.

Төртінші шумағы – Теміртаудың кербез көлі Самарқан… самал тербеген ақ айдын… аспанда қалқыған алтын Ай! Ай сұлу ма, қыз сұлу ма,  жүрек жандырған құмарлық оты.                    

Бесінші шумағы-Теміртаулықтар айлы түндерде Самарқан көлінінң жағасындағы сейілден қайтып бара жатып, дәйім:

                            Не забудь и ты эти летние,

                            Темиртауские вечера, -деп әндетеді екен. Солардың арасында - Нұрсұлтан мен Сара бар! Ән дәл осылай қимас көңілдің  ұмсындырған сезімімен аяқталуы тиіс!

Қасымхан осы сөздерді үнсіз тыңдап, бас изей берді.

Мен Қасымханды жеке қалдырдым да ауланың ішінде  әрі-бері жүріп, одан  әлі де болса желегі желкілдеп тұрған бақты аралап, өз ойыммен өзім боп кеттім.

Шамалы уақыттан кейін Қасымхан алғашқы  екі шумақты көрсетті:

                            Жарқылдаған сырғаң-ай,

                            Толықсып бір туған Ай!

                            Теміртауда кездестік,

                            Жаным, саған, жаным, құрбан-ай!

 

                            Қыз сөзіне еліткен,

                            Жігіт едім желіккен.

                            Көрген сәтте өзіңді,

                            Толқыдым мен, айтшы, неліктен?

Қасымханның асығыс жазылған шимайына қарап тұрып, «Великолепно!» дедім, басқа сөз аузыма түспей. Қасымхан  қағазға қайта шүйілді. Іркілген жоқ:

                            Сарыарқаның самалын,                

                            Аймалатқан жамалың!

                            Жүрегімді жандырды,

                            Сырға толы мөлдір жанарың, -деген шумақты жарқ еткізді. Мен «Тамаша экспромт!» дедім, сүйсініп. Қасымхан қоян ілген қаршығадай жұтынып:

                            Көл тербетіп жағаны,

                            Жұлдыз жымың қағады.

                            Алаулаған жүзіңді,

                                Ай да қимай батып барады, -деген сөздерді асықпай, бипаздап жазды. Мен: «Какая красота!» дедім, -енді концовка!..

         Қасымхан шамырқана қозғалақтап: -Ілаға, әндетіңізші, -деді.

         Мен осы шумақтардың бәрін әнге қосып, екі рет қайталадым. Қасымхан екі көзі қара бұлақтай тұнып:

                                      Теміртауда мақпал түн,

                                      Жан сырыңды ақтардың,

                                      Армандай бір ән қалды,

                                      Белгісі боп, қимас шақтардың!-деген шумақты еш кідіріссіз  мөлдіретті. Елестеткенім де, күткенім де дәл осы көрініс, осы сөз! Қасымханға үн-түнсіз төгіле қарадым…

                  

                                       *            *           *

 

Екі күннен кейін телефон арқылы жаңа әннің туған мән-жайын Теміртаудағы Тілеукен Смағұловқа жеткіздік. Телефонда әндетіп айтып та бердім. Тілеукен желпіне сөйлеп, жер-көкке симай қуанды.

Қасымхан іле-шала Теміртаудағы жергілікті газеттің редакторы Аманжол Ақынға телефакспен  әннің нотасы мен  сөзін салып жіберді. Сол күні бізге Теміртаулық азаматтардың риза болған  лебізі де жетті.

Тілеукен бұл жайды қала әкімі Серік Нығметұлы Ахметовке  мақтаныш сезіммен айтыпты. Сөйтіп, «Теміртау түніне» қызыққаны сондай, олар қаладағы мәдениет қызметкерлерімен тез арада  мәміле түзіп, бұл әнді орындаушыларға конкурс жариялапты. Менің Теміртауда  авторолық кешімді  өткізуді де  жоспарлапты. Теміртаулықтар өстіп  дүбірледі-ай кеп.

Арада біраз күндер өткенде Тілеукен телефон соғып: «әншілер конкурсында өзіміздің Теміртаулық квартет –екі жігіт, екі қыз ерекше көзге түсті. Осы бір күндері Мемлекет хатшысы Әбіш Кекілбаев Теміртауға  арнайы іс сапармен келіп еді, бір  әсерлі кездесуде  «Теміртау түні» әнін  сүйсіне тыңдап, жылы лебіз білдірді» деді.

Дәл осы кезде (2001-жыл, 11-қараша)  «Жас Алаш» газетінің бетінде  «Теміртау түні» әнінің нотасы жарияланды.

 Қараша айының  23-жұлдызы күні Теміртаудың мәдениет сарайында «Теміртау түні» деп аталған авторлық кешім Тәттімбет атындағы  академиялық оркестрдің шалқымалы дүбірімен  басталды. Дирижеры Алдаберген Мырзабеков! Арқа әншілері  менің әр кезеңде жазылған жиырмадан астам әндерімді  шырқады. Концерттің орта тұсында «Теміртау түнінің» жазылу тарихы айтылды. Теміртаулық квартет-Жанна Хасенова, Табысбек  Шәкей, Айдар Серікұлы, Төлжұма Арыстанбаевтар оны сырлы сезіммен мөлдірете орындады. Теміртаулықтар дүрілдете  қол соқты. Қасымдағы екі қызым - Қарлығаш, Ләйла… және осы Теміртауда тұратын нағашы жеңгеміз Мұқтарима құшақ-құшақ гүлдің ортасында тебірене  толқып тұрдық.

Соның ертеңінде  Қарағанды жұрты «Шалқыма»  атты концерттік залда «Арқаның айлы түнінде» деген  авторлық кешімді тамашалады. Кешті  медицина ғылымының докторы, профессор, атақты кардиолог… әдебиет пен музыкаға  білікті эстет жан  Қабдолла Құлқыбаев жүргізіп, әр әннің  хикаясын лирикалық сезіммен баяндап отырды. Бұрыннан белгілі әндердің ішінде жұрт «Теміртау түнін»  ерекше  ықыласпен тыңдады.

Кеш соңында облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов ел атынан ризалық сезімін білдіріп: - «Теміртау  түні» әні – президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  романтикаға толы  жастық шағына арналған ән. Мұндай әннің шығуы заңды да. Халқымыздың маңдайына біткен  кемеңгер жанды қалай ардақтасақ та  біздің жүзіміз жарқын. Сол пейілімізге лайықты да. Ілекеңнің осы бір сәулелі әні  жүрекке сондай жылы, оның аңызы да ел арасына  кең тарап барады.  Әннің сөзі де жібектей есілген көркем дүние  екен. Ілеке, «Теміртау түні» үшін  ақын Қасымхан Бегманов  екеуіңіз қашанда біздің Қарағандыға, әлбетте, оның ішінде  Теміртауға ең қадірлі жандар боп есептелесіздер. Осындай шалқыған  әндеріңізбен жиі келіп тұрыңыздар!-деді.

Концерттен соң бір топ кісі дуылдаса құттықтап, мені жібергісі келмеді. Бір азамат тұрып: -Сіз «Алматы кешінде»,  «Жайлаукөл кештері», «Кеңгірдің қоңыр кештері» дейтін  әндеріңізбен қазақ даласының  қызарып батқан кешіне қызықтырдыңыз… о, шіркін, сондай… сондай кештеріміз!-деді.

Жаныма жақын жүретін ақын інім Зағыпар: -Осы әндерден кейін алаулаған кештер жүрегімізді толқытатын болды. Оны өлеңмен бейнелеп те көрдік. Бірақ, тіл де дәрменсіз екен, -деп, шабыттана сөйледі.

Осы сөздерді  күлімсірей тыңдаған профессор Қабдолла Құлқыбаев: -Максим Горький  1925-жылдары  жазған  бір мақаласында «Джон Рескин возвестил глубокую истину, сказав,  что закаты в Англии стал прекраснее после картин Тернера» дейді. Сіздер сол сөзді айтып тұрсыздар… енді, міне, «Теміртау түні» деп аталатын ән… бұл ән де  мақпал түндерде шертілген махаббат сырымызды дәйім еске салады... сондай түндерді  «аһ» дегізе  аңсатады… соған  сұқтандырады, -деді өзі де  тебірене қалып.

 

                         *               *                *

 

Атырауда Төкен Жұмағұлов есімді бір текті азамат бар. Оны  жұрттың бәрі қадірлеп, үлкені де, кішісі де “Төкен Танаевич” дейді. Маған  жан-жүрегімен берілген, ділі кіршіксіз таза, бір бекзат жан. Екеуіміз жиі бас қосамыз. Сейілге де  бірге шығамыз. Арамызда айтылмайтын сөз,  ашылмайтын  сыр болмайды.

       Төкен Танаевич бір жолы үйіне шақырды. Дастархан басында адамды ибалы мейірмен үйіретін жан-жары Динаның  балдай тәтті ақбұйра шайын ішіп,  әңгіме-дүкен құрдық. Төкен Танаевич ағынан жарылып, шешіле сөйледі: - Ілеке, Қазақстанның қай жеріне бармайын, әндерің шырқалады да жатады. Сол әндеріңнің бірі – “Теміртау түні”… бұл әнге  бір клип  түсіріліпті. Теледидардан  көріп, ой, қатты толқығаным. Оны Қарағандылық әншілер тобы сондай әсерлі орындады, мені тәтті қиял тербеді. Ойым өткен күндерге зымырап ала жөнелді. Баяғы  елуінші,  алпысыншы жылдар…  Теміртаудың металлургия  комбинаты… көк тіреген домна пештерінің   будақтаған  қарақошқыл түтіні… Самарқан көлінің жағасында торғын желек жамылған қаланың қайнаған өмірі… бастарында  жап-жалпақ қалпақтары, қолдарында темір ожауы бар болат қорытушылар… гүлдері көз тұндырған бульварлар… қол ұстасып кетіп бара жатқан жарқын жүзді жайсаң жастар, міне,  осылардың ортасында  зәулім терек тізілген  тротуарда, о, құдая тоба,  құдды аумаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Иә, иә, Нұрекең - солқылдаған бозбала! Екі көзі жас қыранның көзіндей жалт-жұлт етеді. Қасында  уылжыған  бір мөлдір көз… мен оны  Сара дедім! “Апыр-ай, ә!” деп таң-тамаша болғаным. Бұл қандай нәрсе, Ілеке, а?  Осы аяулы жандардың  сол жастық шағы  сенің “Теміртау түні” әніңнің өзегі боп тартылыпты. Мен осы ән орындалып біткенше өміріміздің  сағымдай бұлдырап, артта қалған алтын күндерін елестетіп,  өзгеше бір хал кештім. Ләззатқа бөлендім.

Мен бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерге қанат жайған “Тенгизнефтестрой” акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасымын. Республика бизнесмендерінің келелі жиындарында  президентпен жиі-жиі жүздесеміз. Мүдделі ортақ мәселелерді бірге талқылаймыз. Емін-еркін ақылдасамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің әрқайсымызды  жылы сезіммен баурап, пікірімізді тыңдайды, ой бөліседі. Ал, Ілеке, сен болсаң елімізді  нұрлы болашаққа  бастап бара жатқан осы бір кемеңгер жанды  “Теміртау түні” әніңмен ардақтапсың, бұл- ол кісіге деген халық махаббаты. Бәріміздің жүрегіміздегі ізгі сезім, Ілеке! 

Төкен Танаевич сол жолы осылай деді.

 

                                   *              *              * 

2003-жыл. Қаңтар айының  екінші жартысы… бір күні үйде мазам болмай,  сырқаттаныңқырап отыр едім, Төкен Танаевич  телефон соқты.

-Ілеке, саламат па?

-Ә, Төкен Танаевич, сәлем… сәлем!

-Жол жүргелі жатырмын,  бүгін… кешкі  рейіспен.

 -Қай жаққа?

-Президент бастаған бизнесмендер делегациясымен Швейцарияға барады екенбіз. Осы топтың ішінде Аслан Мусин, Қырымбек Көшербаев, Владимир Школьник, Григорий Марченко бар. Делегация құрамына  ұлым Абай да  кірді. Ол “Тенгизнефтестрой” акционерлік қоғамының президенті  ғой. Жас бизнесмен! Біз Абай екеуіміз Атыраудан  Женеваның өзіне тіке ұшамыз. Делегациямызбен сол жерде бас қосамыз.

-О, Төкен Танаевич, Абайжанды үлкен сапарға  алып бара жатыр екенсің, қуаныштымын! Қоғамның  бүгіні мен ертеңі  осы  Абай секілді  жас  азаматтардың қолында  ғой. Қырық шілтен шылауында болсын, Қыдыр ата  қолдай жүрсін!

-Рахмет, Ілеке, рахмет!  Імм… ендігі сөз былай: “Теміртау түні” әні бар емес пе?

-Иә.

-Мынадай жақсы сапарға бет алдық…сол “Теміртау түнін” ақ тілегің ретінде Швейцарияға  ала кетіп, өз атыңнан президентке  табыс етсем деймін! Маған нотасы, кассетасы керек.

-О, Төкен Танаевич… нота бар, ал, кассета…   “Теміртау түні” әзірше кассетаға жазыла қойған жоқ.

-Ілеке, Атырауда ол әнді орындайтын әншілер бар ма?

-Бар.

-Кімдер олар?

-Гүлнар, Зина есімді екі қыз. Әдемі дуэт.

-Ілеке, өтінем… осы әніңе пейілім кетіп тұр, қалай етсең де бүгін кешкі  алты-жетіден қалдырмай  әнді  жаздыр да қолыма тигіз! Және “Еділ-Жайық” әніңнің тарихы баяндалған бір кітапшаң бар еді ғой, соны да қос. Осының бәрін бір пакет етіп әзірле. Жан досыңның бұйрығы осы!

Ал, орындамай көр, мына тілекті. Сырқат жайына қалды. Мен ұлы сәске кезінде Дина атындағы  мұнайшылар сарайына келдім. Ішке кіре бергенімде сызыла әндеткен  дуэтті  құлағым шалды. Таныдым. Гүлнар мен Зина! Олар мені көргенде қуанып кетті. Менің ішкі дітімді алдын ала сезгендей  екеуі қосарлана сөйлеп: -Аға… аға, біз бағаналы бері біраз әндерді  орындап, әзірлік жасадық. Сіздің “Теміртау түні” әніңіз дауысымызға  сондай ыңғайлы,  тыңдап көресіз бе? – деді, елпілдеп.

-Иә, қані,  - дедім, жүрегім лүп ете түсіп.

         Ән орындалды. Бір емес, екі-үш рет қайталанды. Екі әнші қыздың сырлы үніне қатты тебірендім.    

Ән кешкі сағат бестің кезінде  кассетаға жазылды. Сәлден соң Төкен Танаевичтың қолына тиді.

         Кейін сол Швейцария сапарын   Төкен Танаевичтің ұлы Абай былай деп әңгімеледі: -Біздің бизнес- делегация  әуелі Женевада, одан кейін Цюрих қаласында  өткен конференцияға  қатысты. Цюрихтағы беделді жиынды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы кіріспе сөзбен ашып,  Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы  мүмкіндігі  жөнінде жарқын мысалдар келтірді. Мемлекетімізді жан-жақты  таныстырды. Банкирлер мен инвесторларды  Қазақстанда  кең көлемде бизнес жасауға  шақырды.

      Содан кейін Аслан Мусин, “Ұлттық банктың” бастығы Григорий Марченко баяндама жасады. Қазақстанға қызыққан шет елдік инвестрлер бірінен соң бірі сөйледі.

       Бір кезде  үзіліс жарияланды. Міне, дәл осы сәтте Елбасы трибунадан түсе бергенде папам орнынан тұрды да ол кісінің алдынан шығып, қолын алып, сәлемдесті. Сосын Сіз берген    пакетті тапсырды.

Бұл жайында  маған Төкен Танаевичтің өзі де мақтана сөйлеп:  ”Нұрсұлтан Әбішұлы,  Сізге Атырауда тұратын композитор Илья Жақанов  сәлем хат беріп еді. Мына пакеттің ішінде өзіңізге арналған “Теміртау түні” әні  және Сіз сүйіп тыңдайтын “Еділ-Жайық” әнінің тарихы жазылған кітапша бар. Композитордың Сізге деген лебізі  және бар. Қабыл алыңыз” дедім.

Елбасы пешенесі жазылып: “Жақсы, Төкен Танаевич, Сіз бен Біз дос - көңілдес жандармыз, жас кезімізде  Ілекеңнің әндерін айтып өстік, ол кісіні ерекше силаймын. Мына жолдаған әнін тыңдаймын, әрине… кітапшасын да оқимын, өзіне ризашылық сезімімді хат арқылы білдіремін. Рахмет, Сізге!” деп, қолымды  қайта-қайта қысты. Ал, Ілеке, күте бер, бір сәтті күні президентіміздің  сәлем хаты да қолыңа тиіп қалар, -деді.

 

                           *                   *                   *

Сол жылы  желтоқсан айында  Елбасы  Атырауға келді. Осы бір күндері мен Орал, Ақтөбе жағында жүрдім. Біраздан кейін Атырауға оралдым. Бір күні  таңертең телефон шылдыр ете түсті. Трубканы көтердім.

          -Аға, сәлеметсіз бе?

          -Ә, Гүлнармысың, сәлемет пе, айналайын?

          -Ана жолы… президент келгенде  сіз қалада болмадыңыз.

          -Иә.

          -Мен президенттің алдында ән салдым.

          -О, қай жерде?

          -Облыс әкімі  Аслан Есболайұлы  Мүсиннің резиденциясында. Аға, сол  отырыста  біраз әнші болдық. Менің кезегім келгенде  гитармен “Теміртау түні” әнін айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан ұшып түрегелді де: “Қалқам, бұл әннің сөзі бар ма, өзіңде?” деді, күлімсіреп. “Бар, аға” дедім, блокнотымды көрсетіп.  Нұрсұлтан Әбішұлы: “Қалқам, енді осы әнді екеуіміз айтып көрейік” деді, ортаға шығып. Мен гитарды жүрексіне шертіп, жайлап әндете бастап ем, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден қосыла берді. Үні мақпалдай жұмсақ… сезімі сырлы…  таңғалдым! Ән орындалып біткенде жүзінен нұры төгіліп: “Рахмет, қалқам, бұл әнді ылғи айтып жүр…біздің жастық шағымыздың әні” деді. Аға, адам өмірінде  сәттіліктер бола береді ғой, ал, мен үшін Елбасымен әндеткен күнім ең бақытты күн. Ондай әнді жазған Сіз де  бақыттысыз!

          -Е, Гүлнар айналайын, президентпен екінің бірі  қосылып ән салып жатқан жоқ, бұл да болса тәңірдің игені. Жұлдызың әнмен биіктей берсін!

          Атыраулық  әнші  Гүлнар Тұралиеваның  осы әңгімесі  әжептеуір аңыз боп тарап, жұрт Нұрсұлтан Әбішұлының  кішіпейіл қасиетін дәйім сүйсіне сөз етеді.

 

                                    *                   *                 *

2004-жыл.  Қараша  айының  соңғы күндері…

Астанада желтоқсанның бірінші жұлдызында         “Конгресс-Холл” сарайында  “Еділ-Жайық” атты концертім болуға тиіс. Соның қамымен ертерек келгем-ді.Репетиция басталды. Бір күні мені  президент аппаратының бастығы  Иманғали Тасмағамбетов қабылдады. Мен кабинетіне кіре бергенімде  Иманғали  орнынан күлімсірей түрегеліп: -Ілаға, орденіңізбен құттықтаймын!-деп құшақтай алды.

Мен аң-таң боп үндей алмадым. Иманағали: -Бүгін Бішкектен Қырғызстанның  Мемлекеттік хатшысы жолдаған құттықтау хат алдық. Сіз “Данекер” орденімен  наградталыпсыз,-деді.

Мен Иманғалиға  осы қуанышты хабары үшін және  осы жазда  Алматыда  Республика сарайында  өткен  “Еділ-Жайық” атты концертіме, мына Астанада болатын концертіме жан-жақты  көрсеткен көмегі үшін разылық сезімімді білдіріп, жаңа ғана шыққан компакдискімді силадым. Иманғали  дискіге  ойлана қарап отырып: -О, “Теміртау  түні” әні де кіріпті ғой, маған  тағы біреуін…  Нұрсұлтан Әбішұлына  берейін, - деп жымың ете түсті.

Абырой болғанда портфелімде  екі-үш дискі бар еді, Иманғали соның біреуіне президенттің атына автогроф жаздырып алды.

Желтоқсан айының  бірінші жұлдызында  Астанада “Конгресс-Холл” залында  “Еділ-Жайық” атты авторлық кешім өтті. “Теміртау түні” әніне қол соққан жұрттың сол дүбірін еш уақытта ұмыта қоймаспын. Ол да  әндеткен өмірімнің бір сәулелі күні!

Сол желтоқсанның  он алтыншы жұлдызында  мен  қазақтың  бір топ  зиялыларының қатарында  “Парасат” орденімен наградталдым. Осы қуаныш үстінде  президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүйім жұрттың алдында  маған осы орденмен қоса бір конверт ұсынды. Жұрт бұған елең ете қалды. Сәлден соң жүрегім толқып, конвертті  ашып қарасам  президенттің өз қолымен жазылған хаты екен. Міне, сол хат:

         “Құрметті композиторымыз Илья Жақановқа!

Леке, өзіңізді және әндеріңізді  аса құрметтейтінімді  Сіз білесіз.

Қуанышы да, ауырлығы да мол осы Тәуелсіздік жылдарында  әр уақытта қолдау көрсетіп, жанымда болдыңыз. Зор рахмет! Бұл Сіздің елге, Отанымызға істеген еңбегіңіз деп білемін.

Әндеріңіз басылған  табақшаны алдым. “Теміртау түні” әнін бізге (жанұямызға) арнапсыз. Рахмет!

Аман-сау болыңыз. Әлі де талай  тамаша әндер күтуші Н.Назарбаев.             

                                                               15.Х11.2004 ж. Астана”

 

Осы хатта  қаншама жан жылылығы бар, ізгі жүректің лүпілі... әр кез көзіме оттай басылады.

 

                                     *             *             *

2005-жыл.  Елбасы президент сайлауы қарсаңында бүкіл Қазақстанды аралап жүрді. Еліміз шаттық құшағында. Сол күндердің бірінде Атырау  облысы әкімшілік аппаратының бастығы Сәрсенбай Құрманұлы Еңсегенов маған телефон соғып: -Аға, Сізді  Қарағанды жаққа “жол жүреді” деп естідім, бөгеле тұрғаныңыз жөн. Елбасын күтіп отырған жайымыз бар. Қат-қабат әзірлік. Аслан Есболайұлы сол шараның  басы-қасында сіздің  болғаныңызды  қалап отыр, -деді.

Мен бұл сөзге елең етіп, ізеті мен әдебі зипа бойына бек жарасқан   сүйкімді азамат Сәрсенбайдың тілегін қабыл алдым.

Маусым айының  жиырмасыншы жұлдызы күні Елбасы Атырауға келді. Атырау жұртшылығы мәз, қаланы мерекедей безендіріп, салтанатты түрде қарсы алды.

 Сол күні “Атырау” қонақ үйінің мәжіліс залында  Елбасы облыс ардагерлері мен  интеллигенция өкілдері,  диаспора жетекшілері қатысқан көшелі жиын өткізді.Шын ықыласты  әңгіменің бас кезінде маған сөз берді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының нұрлы жүзіне қарап: -Нұреке, хош келдіңіз, алдымызда  президент сайлауы. Соның қарсаңында  Қазақстанның  біраз жерінде болдыңыз. Халық Сізді шаттана  қарсы алып, әр сапарыңыз ұлан-асыр мерекеге айналып жатыр. Міне, енді, Атыраулықтардың  ортасында  осы Тәуелсіздік жылдарындағы  тарихи жетістіктерімізді  жарқырата айтып, болашақтың жарқын мүмкіндігін көрсетіп отырсыз. Еліміздің ұлы көшінің алды сондай нұрлы, біз Сізге, сенеміз! Сіздің жолыңыз - қаһармандық жол! Біз Сіз бастаған жолмен жүреміз!-дедім.

 Сосын жүрегім тебірене толқып, “Атыраулық жерлестерім білсін” деген оймен Елбасының өткен жылы   өзіме  жазған  хатын оқып, “Теміртау түнін” әндеттім. О, ғажап… ойда жоқта Нұрсұлтан Әбішұлы шабыттана шалқып, менің “Толағайымды” шырқай жөнелді. Мен де  жүрегім өрепкіп,  қосыла кеттім. Ән айтылып болғанда  Нұрсұлтан Әбішұлы  мені  құштар сезіммен  құшақтай алды. Жұрт  масаттана қол соқты. Облыс әкімі Аслан Есболайұлы: -Великолепно! –деп, қолымды қысты.

Елбасымен болған осы кездесу  теледидардан әлденеше рет көрсетілді.

Бұл оқиға да  әнмен өтіп келе жатқан өмірімнің бір жарқын беті…

 

                               *                    *                 *

Сол жазда біз отбасымызбен Қарағандыға  келдік. Теміртауда болдық. Мұндағы дос-көңілдес жандармен қауыша жүздестік. Көңілімізді елең еткізген бір жай -  Қарағандылық азамат Ерлан Төлеутайұлы  “Теміртау түні” әніне клип түсіріпті. Түрлі түсті бұл клиптен де  Теміртаудың  елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басындағы  дүбірлі өмірін, қайнаған тынысын, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастық романтикаға толы  жайсаң кезін көрдім.

“Теміртау түні”… жүрегімді  жас жігіттің жүрегіндей соқтырып, айлы түндерге сұқтандырып қойған ерке назды әуезім!!!

 

 

 

                                     *                *               *

 Мезгілде толас жоқ. Ағылады да жатады…

         Тағы бір күз келді. Ақ түбіттей шұбатылған алашарбы бұлт жайлап қана  тұп-тұтас жылжиды. Тіпті, оның қозғалып, маңып бара жатқаны сезілмейді де. Бұл кешегі бір жадыра-жайсаң күндерде ұлы тіршіліктің жазғы ду -дуы саябыр тартып, қырмызы гүлдері жайнаған даланың  жұпар лебі білінбей, күн қызуы қайтқан  қазан айының  туған сәті.

         Көк жүзінде  моншақтай тізіліп,  жылы жаққа бет түзеген құстар үні  әр нені ойландыра,  уһілете  еске салып,  мұңды әндерін жібектей сызылтып, алуан түске боялған тау-тоғайды, айдыны салқын өзен-көлді, үнсіз мүлгіген сары адырларды бесік жырындай тербетеді. Құстардың қиқулап қайтуы арман-тілегіңді алып кетіп бара жатқандай көз талдыра,  сарылта қаратады.

         Күз  - сарғайған жапырақ, сары дала.

Күз – сарсаң ой. Қиялың жетпейтін сағым дүние. Сарылтқан сағыныш. Емінткен аңсау.

Күз - кешегі бір лебіңнен жалын атып, аспандағы  Күн мен Айға, жымыңдасқан жұлдыздарға қол создырып, өзіңді қоярға жер таппай, бұлғақтап жүрген ессіз күндеріңді жайната   елестетіп, бәр-бәрін алақанға салып, сол тәтті сәттерден қалай ғана  “көз жаздым” деп…  иә, өкіндіре “аһ” дегізетін толғаныс бір.

Күз –көлеңке басы ұзарған үлкен өмірдің бірте-бірте баяулап, қоңырқай тартып, қарауыта беретін сәті.

Көк торғын шәлі жамылған тау қойнауы, шалғыны  құлпырған  бел-белестердегі шоқ-шоқ қайыңдар мен теректердің  құбыла қалған осы бір қызылды-жасылды реңі  мені әр кез  элегия, романс әуезімен баурайды. Күз түссе болды,  табиғат төрінде  жүре бергім келеді. Дала үні… соған құлақ түрем.

Күз.  Менің күзім! Қасымханның күзі! Мезгіл шіркіннің жеті күзі бізді осылайша  толқытып, толғанысқа салыпты… 

ТЕМІРТАУ ТҮНІ

сөзі: Қасымхан Бегмановтікі
әні: Илья Жақановтікі

Жарқылдаған сырғаң-ай,
Толықсып бiр туған-ай.
Темiртаудың аруы,
Жаным саған,
жаным құрбан-ай.

Қыз сөзiне елiткен,
Жiгiт едiм желiккен.
Көрген сәтте өзiңдi,
Толқыдым мен
айтшы нелiктен.

Сарыарқаның самалын,
Аймалатқан жамалың.
Жүрегiмдi жандырды,
Сырға толы
мөлдiр жанарың.

Көл тербетiп жағаны,
Жұлдыз жымың қағады.
Алаулаған жүзiңдi,
Айда қимай
батып барады.

Темiртауда мақпал түн,
Жан сырыңды ақтардың.
Армандай бiр ән қалды,
Белгiсi боп
қимас шақтардың.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30