Күреңбел

 1993-жыл. Ақпан айы.

Біз  Қасымхан бастаған төрт-бес адам  өткен жылы келген қытайлық жолдастардың  шақыруымен поезбен  Шыңжанға бет алып келе жаттық.         

Ұзақ жолдың үстінде қасыңдағы сапарлас жандардың сөз жүйесі өзінен-өзі қисындаса кететін әдеті. Ондай сәтте әркімнің көңілінде  бұғып, булығып жатқан небір  құпия сырлар   жылт ете қалады. Біздің арамызда  Қасымханның  жаны жайсаң, әзілқой жеңгесі  Ақтолқын бар.  Осы Ақтолқын Қасымханмен  қалжыңдасып,  бозбала кезіндегі  біраз қызықты оқиғаларын айтты. Оның  қыздан қыз таңдап, сол шіркіндердің әрқайсысына  өлең -  жырларын арнап, шашылып-төгіліп, арман құшағында бұлғақтап жүрген ессіз, есер күндерін еске салып,  шегімізді қатырды. Маңдайы ақ күмістей жарқыраған  ажарлы жеңгесінің  әр сөзі  Қасымханды қызықтыра  тебірентті. Қасымхан сол  жақсы күндерінің қадірін ұмытпаған  екен,  іштей бәрін елестетіп, толқып отырды.

Ақтолқын көзі күндей күлімдеп: -Әй, ұл, атасының баласы…соноу бір жыл есіңде ме, ұмытпасам 1977-жылдың  маусым айы –деп Қасымханға  қадала қарады.

-Иә, -деді, Қасымхан да  көзінен шуақты сәуле жарқ етіп.

-Сонда сен: “Әуелі ол сүйді, өзі бас ұрды. Адамның асылы екен,” деп жүрегіңді қолыңа алып, мәз боп жүрдің. Сол қыз қайда, бүгінде?

-Ой, жеңеше-ай,  жастықтың әуресі кімнің басында болмайды, дейсіз…

Қасымхан жүзі дуылдап, қып-қызыл боп кетті. Сөйтті де маған жымия сыбырлап: -Ілаға, өзіңіз сүйетін Біржан салдың  бір әні бар еді ғой,  мына  Ақтолқын жеңешемнің әлгі сөзіне  жауап болсын, соны айтыңызшы, -деді.

Мен “ол қандай ән еді?” деп сәл мүдірдім. Қасымхан: -“Жамбас сипар” деген ән емес пе? -деді, лып еткізіп.

Есіме түсті. Қасымханды бас изей қоштап:

                                      Дегенде, біз қартайдық, біз қартайдық,

                                      Белгісі қартайғанның серттен тайдық.

                                      Қанеки, соныменен шыққан мүйіз,

                            Қасына сұлулардың көп жантайдық, -дедім, жайбарақат қана.

Қасымхан Ақтолқынға:  “Ал, бұған не дейсіз?” деген жанша  ым қақты.

Ақтолқын да  шырайлы жүзі бал-бұл жанып: -Иә, иә… жұдырықтай жүрегіңді  қыздарға үлестірумен келесің. Оны өзің айтпасаң да өсекші өлеңің жаяды, бәрімізге аян ғып. Сен –алмас қылыштың  жүзісің. Мың құбыласың. Иә, лезде айни саласың. Жүрегіңде маза жоқ, анаған бір, мынаған бір уһілете талдырып,  шаршатып біттің. Бір өлеңің: 

                                      Өзің жайлы ойлаймын бүгінде мен,

                                      Жабықсам да

                                                        өмірден, түңілмегем.

                                      Бар өмірім тұрады сағыныштан,

                                      Ғашық жандар

                                                        жоқ шығар сүрінбеген, -деп келеді, ал, оның кім? Одан қалай көз жазып қалдың, а? Тағы бір өлеңің:

                                      Арасында жер басып жүргендердің,

                                      Сені сүйген мен барын білші гүлім, - дейді. Бұл қай қыз? Сүйіпсің “гүлім” деп. Енді  аһылап-уһілегеніңе жөн болсын?- деп тықсырды.

Қасымхан қызараңдап, не дерін білмеді. Ақтолқын әлгі сөзінің жауапсыз қалғанына   масаттанып: -Бәріне куә -өз сөзің! Тыңда тағы:

                                     Мұңға айналдың,

                                                                   жапырағын күз жайды,

                                      Отырамын поезға бір тоқтаған.

                                      Ел өсегін бастағанда біз жайлы,

                                         Бұл балада жоқ болам, –дейсің де, аңсаулы жүрегің солықтап:

                                      Баяғы іңкәр сезіммен,

                                      Кездестім тағы өзіңмен.

                                      Сағыныш жасы,

                                                                           жүректі өртеп,

                                      Үзіліп түсті-ау көзімнен, -деп таусыласың. Бұған не дейсің, а?

Қасымхан еріксіз күлімсіресе де қабағының асты бірте-бірте  қоңырқай тартып, тұнжырайын деді. Ақтолқын сол тығырыққа тіреген күйі:

                                      Бұл ғұмыр қысқа жол ғана,

                                      Ойладық, бәрін толғана.

                                      Кездесіп тағы,

                                                                  қоштасып тұрмыз,

                                      Тағдырдың сиы сол ғана, -деп сылқ-сылқ күлді.

Қасымхан да еріксіз езу тартып, уәж айтты: -Әй, жеңеше-ай, не десеңіз де өтті ғой, бәрі. Кей жайға жастығымыз кінәлі шығар, не өз барқымызды өзіміз білмегенбіз. Бәлкім, әлсіздігіміз… Сіз қазір мені сөйлетпей, “жеңдім” деп отырсыз. Ал, өзіңіз ше? Сізді  біздің  Назымхан ағай  ғана сүйді ме? Гүлдей құлпырған кезіңізді көрдім ғой, көлеңкеңізді көбелектей қуалап, талай жігіт жүгіріп жүрді.

Ал, сіз болсаңыз құдай жарылқап, біздің әулетке  келін  боп түстіңіз,  қадамыңыз құтты. Бірақ, шыны керек, мына жер бетінде   сізге қолы жете алмай қалған небір жігіт дүррі бар ғой… бар. Олар да сіз жөнінде менің өлеңімдегі уһілеген сөздерді айтатын шығар. Не айла, бұл өмірдің бұйрығына. Тағдыр сыйы осылай, жеңеше. Сіз де армансыз біреуге.

Ақтолқын жүзі алмадай албырап, бір сөз айта алмады.

Осы оқиға мені тәтті түстей  тербей берді.

Күз. Бір күні Қасымхан телефон соғып: “Ілаға, бүгін қолым бос. Үйдегі күйбең-күйбең іс шаршатты. Елегзіп, бір жаққа шыққым келеді. Бірақ, көзіме ешкім көрінбейді. Дос-жарандар   мың құбылады. Үйде де, түзде де құлазимын. Осындайда жанға не, дауа, Ілаға? Ән… ән ғана! Сізден ән тыңдағым келеді. Жан тазарсын. Тән сергісін. Сіз, біздің заманның ескі  әндерін… оның ішінде, әсіресе, орыс композиторларының әндерін жиі айтасыз. Сол әндердегі нұрлы сезім шуағын сізден сезіп, әр әннің тарихы мен тағдырына қызығып, бір ғажайып дүниеге енгендей шырайым кіріп, көтеріліп қалам. Шығайықшы, кең дүниеге!” деп қиылды.

Біз сол күні түс қайта тау етегіне бардық. Сырластық. Ана жылғы Шыңжан сапарын еске алдық. Ақтолқынның әзіліне күлдік. Сол әңгіме үстінде  мен өзім сүйетін біраз орыс әндерін… оның ішінде Исаак Дунаевскийдің:

                   Ой, цветет калина

                   В поле у ручья.

                   Парня молодого

                   Полюбила я, –дейтін сырлы әнін айттым. Оның  сюжетті сөзіне қызықтық. Бір махаббат хикаясы. Бақсақ, бізде мұндай әндер жоқтың қасы. Әндеріміздің дені жалпылама ғана  “күйдім… сүйдім” дей береді. Шәмшіде  “Қыз жалғыз, біз екеуміз” деп аталатын сюжетті ән бар. Шәмші орыс әндерін жақсы білді. Сол тағлым. Осыған ойлана мән бердік. Әдебиеттегі бұлжымас шарт – Время. Место. Действие -әнге де керек. Соны зерделедік.

 Соның ертеңінде Қасымханның өлеңдер жинағына  көз жүгіртіп отыр едім:

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған, 

Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам.

Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау,

Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған.

 

Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған,

Тамшыдай тамған тырсылдап жүзiме талдан.

Дүние-ай,

           сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып,

Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған.

 

Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған,

Осындай мұңлы,

                   туған жер,

                               төсiңде бар ма ән?

Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi,

Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған.

 

Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты,

Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi.

Дариға-ай,

                 сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп,

Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi.

 

Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар,

Сағынышымды қара жел,

                                ала қашып бар.

Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы,

Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар, -деген бір өлең ойға салды да қойды. Баяғы сол Шыңжанға сапар… поез үстінде Қасымхан мен Ақтолқын жеңгесінің әзілі… Қасымханның  сүйген қызына жазған  сағынышты  өлеңдері… арада жылдар өткенде сол қызбен кездесуі… бәрін елестетіп, жүрегімнің пернесі дірілдеді де отырды.

Дүниеге тағы бір жаңа ән келді. Өзімнің алғашқы әндерім секілді. Иә, елуінші жылдардың әуезі. Бұл әнді орысша сөзбен айтсаң да өзге жұрттарға  еш жаттығы жоқ. Сол баяғы  әндеріміздегі лирика… Қасымханға телефон соқтым. Әннің мән-жайын, ондағы сезім күйі қандай болуы керек… бәр-бәрін бір ләззатты сезіммен аян еттім. ”Кездесейік” дедім. Бірақ, Қасымхан үш күндей бөгелді. Төртінші күні Қасымхан жайраң қағып, үйге кіріп келді. Алабұрта сәлемдесіп, қолыма бір парақ қағазды ұстата берді. Өлең. Оған көзім түскені сол:

                  

Есімде Күреңбел қырлары,

                            Беймаза жылдарым зырлады.

                            Ол кезде бозбала ақын едім,

                            Бір сен деп төгілген жырлары.

 

                            Есімде сүйдің сен асылым,

                            Мен - дағы армансыз тасыдым.

                            Тағдырдың тым қатал сиы барын,

                            Неліктен білмедік ғашығым.

 

                            Есімде Күреңбел кештері,

                            Таулардан самалдың ескені.

                            Соңғы рет өзіңмен қоштасарда,

                            Бұлттардың күркіреп көшкені.

 

                            Есімде Күреңбел көктемі,

                            Аңсатып құстардың жеткені.

                            Қайтейін, қинайды жүрегімді,

                            Өмірдің өзіңсіз өткені! –деп, жаңа әніме табиғи үйлесе кетті. Өз жүрегімнің лүпілі…

Ән сөзіне ойлана үңіліп, бір жеріне қалам тигізбедім. Қасымхан екеуіміз бір - бірімізге үнсіз ғана күлімсіреп, көзбен ғана  ұғыстық.

 -Әнді “Күреңбел” деп атаймыз ба?- дедім.

-Иә,-деді, Қасымхан.

-Е, бір “Күреңбелді”  біледі екем, ол - Талдықорған жағында…

-Менің “Күреңбелім” басқа жақта, Ілаға!

Бұл –1999-жылдың күзі.

“Күреңбел” әні алғаш рет біздегі Корей жұртының белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Зоя Кимнің орындауында 2004-жылдың маусым айының төртінші жұлдызында Республика сарайында өткен “Еділ-Жайық” атты концертімде орындалды. Одан кейін осы концерт сол жылы желтоқсан айының бірінші жұлдызында Астанада   “Конгресс-Холл” сарайында өтті. Бұл жолы “Күреңбел” әнін қазақ эстрадасының  бір жарқын жұлдызы  Толқын Забирова дүйім жұртты таңғалдыра шырқады.

Қасымхан ақын ғой,  ақын… “Күреңбел” әніне  толғанғанда: -Ілаға, Шыңжанда Рахметолла Әпше есімді белгілі ақыннан Әсеттің “Ардақ” дейтін әнінің белгісіз бір түрін жазып алып едіңіз ғой, соның  қайырмасын айтыңызшы, -дейтіні бар.

Мен  оны жайлап әндетем де:

                            Салдым-ау, сайран,

                            Қалдым-ау, қайран,

                            Дүниеде болмас істің бәрі де арман, -деп “аһ” дегізетін қайырмасын күрсіністі леппен айтып бітем. Қасымхан көз алдымда құлазып, қоңыр көзіне мұң ұялайды. Әр өлеңіндегі сыр өз басынан кешкен хал. Сол сәтте көңілімде неміс ақыны  Иоганнес Бехердің “Вся жизнь истинного поэта-сама поэзия!” деген сөзі  маздап жатады. Қасымханның өзі де  әндегі кейіпкер…

КҮРЕҢБЕЛ

сөзі: Қасымхан Бегмановтікі
әні: Илья Жақановтікі
орын: Зоя Ким

Есiмде Күреңбел қырлары,
Беймаза жылдарым зырлады.
Ол кезде бозбала ақын едiм,
Бiр сен деп төгiлген жырлары.

Есiмде сүйдiң сен асылым,
Мен дағы армансыз тасыдым.
Тағдырдың қатал сыйы барын,
Нелiктен бiлмедiк, ғашығым.

Есiмде Күреңбел кештерi,
Таулардан самалдың ескенi.
Соңғы рет өзiңмен қоштасарда,
Бұлттардың күркiреп көшкенi.

Есiмде Күреңбел көктемi,
Аңсатып құстардың жеткенi.
Қайтейiн қинайды жүрегiмдi,
Өмiрдiң өзiңсiз өткенi.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30