Арманым едің

1999-жылдың  қазан айы.

Бізді өзімізге қадірлі Нұртаза ағай мен Ғарифа жеңгей қонаққа шақырды. Мен радиодан беріліп жатқан Франс Шуберттің «Аяқталмаған симфониясын» тыңдап отырдым.  Адамның жан-жүрегін уһілеткен бір аңсау… бітетін түрі жоқ. «Бітпесе екен» деп тіледім. Шуберт жүрегі…келте қайырылған ғұмырында қалай шаршаған, ол. Шуберттің сарғайған жүзі… жүрегін солықтата тілгілеп, қансыратқан сағыныш… орнымнан қозғалғым келмеді. Қасымда асығыс-үсігіс киініп жатқан Тиыш ақырын ғана  құлағыма сыбырлап: -Ағайдың үйіне кешігіп баруға болмайды. Ол кісі(Нұртаза ағай кезінде Жезқазғанда обком хатшысы болған.) тәртіптің адамы. Жинақталшы. Мен қазір… қазір… екі-үш минут, –деді.

Осы кезде  телефон шылдыр ете түсті. Трубканы көтердім: -Алло, ағай, - деді бір қарлыққан үн, - бүгінгі «Қазақ әдебиеті» газетін оқыңызшы…

Сөйтті де сөз үзіліп кетті. Тіпті, кім екенін де білмей қалдым. Немерем Абылайханға: - «Қазақ әдебиеті» газеті келді ме, қарашы, -дедім.

Абылайхан залға өтті де қолында газет, маған ұсына берді. Газеттің бір бетінде Қасымханның топтама өлеңдері басылыпты. Оған қомағайлана  үңіліп, тез-тез оқып шыққандай болдым. Тиышқа: - Осы бетті осылай ашып тұршы,-дедім.

Тиыш газетті айқара ашып, ұстап тұрды. Мен бір беттің  үш жерінен үш шумақты қарындашпен дөңгеленте сызып, белгі салдым. Сөйттім де қайта оқыдым. О, ғажап, әр түрлі өлеңнен тұп-тұтас құйылған бір дүние шықты. Оған үнсіз қарап, қайта-қайта оқыдым. Жай ғана өлең емес. Романс сөзі! Оң қолымның саусағы  пианино клавишасына  қалай ілікті, сезбедім, мен. Бір элегиялық сарын… іштей әндете бердім. Сол толқыған күйде газетті пианиноның үстіне қойдым да: -Жүрейік, Тиыш! –дедім, дегбірім қашып.

Машинамен келе жатып, неге екені белгісіз, көкейіме бірден қона кеткен әлгі үш шумақ, Шуберт симфониясы көз алдыма  Асанәлі Әшімовтың сарыла шаршаған жадау жүзін елестетті. Сақалы  үрпие ұйысып, екі көзінің асты салбырап, ерні кебірсіп,  тұнжырайды кеп. Сол кейіпте демін ішіне тарта күрсініп, сөйлейді, маған: «Ә, Илька… біздің Майра сені осылай деуші еді ғой, саған осымен бірнеше рет айттым, «Майраны сағындым» деп, сен үнсіз тыңдадың да қойдың. Сенен басқа да мұң шағып, сырласатын  жандар бар ғой, құдайға шүкір, сенің жөнің бөлек емес пе?  Ит көйлекті бірге тоздырдық. Балалық шағымыз  Байқадамда  өтті. Сегізінші класта бірге оқыдық. Алматыда студенттік кезімізде  жұбымыз жазылған жоқ. Мен Майраға үйленгенде дәйім қасымыздан табылушы едің. Саған ғана… саған ғана айтқым келеді, көңілімдегі кейбір жайды. Сен көрінбейсің, мүлде. Келші, ішімді жегідей жеген шерден  сап-сары болған  жүзімді көрші… Майрасыз қиын екен… бақ –дәулетімді, сайран күндерімді… жәрменкедей дуылдасқан кең дастархан, думанды отырысымды… Мәдиім мен Сағиымды, о, менің қос құлыным, екеуін де… бар құтымды, Майра өзімен бірге әкетіпті. Жазмыш  ісіне  қолдан келер ешнәрсе жоқ болса да, өткен күннің сәулелі, шуақты елесін еске алып, бақилық Майрамен сырттай тілдесіп көрелік, келші…

Майра екеуіміздің махаббатымызды Шәмші Қалдаяқов «Қыз сағынышы» деген әнінде  мөлдіретіп еді, оны мен және  сен… екеуімізден басқа  кім біледі,а? Бір жолы  Майра қасында Шолпан Тоқсанова бар, радиоға барып, көңілді оралды. Шәмшінің сол әнін  сен дирижер Александр Гурьяновқа оркестровка жасатып, оны  Зейнеп Қойшыбаева радиоға жаздырып… соған мәз-мәйрам боп тыңдап отыр екенсің. Сонда Майраның шаттанғаны… Майра шырайы кіре құлпырып, қуанғаны сонша: «Біз өмірде тағдырдың  не жазғанын көріп келе жатырмыз. Қолымыз бірдемеге жетіп, сүйінсек те, не болмашы нәрсеге опынып кейісек те  берекеміз кетіп, шаңырағымыз шайқалмапты. Бақыт дегеніңіз осы екен!» деп ағынан жарылды. Бақыт… құс па, не, ол? Үйленген кезімде  үлкен кісілер  «қолыңа қондырған бақыт құсың құтты болсын» деп еді, сол бақыт құсым –Майрам… қайда, қайда, қазір?! Қайда ұшып кетті, а?  Мына пақырың   жалғыз…»

Мен жол үстінде Асанәлімен осылайша ойша тілдестім. Телефонмен үзіле-үздіге айтатын сөздерінің бәрін енді ғана тыңдағандай, езіліп келе жаттым. Ойға шомғаным сонша, Тиыш анда-санда: -Көзіңе қара, жолды жөндеп жатыр, абайсызда  соғылып қалмашы, бірдемеге, -дейді, - неғып тұнжырай қалдың? Байқашы…

Мен бәрін көріп, бәрін байқап келемін. Бірақ, көңілім мүлде басқа жақта. Түн. Қап-қара түн. Жар төсегіне сүйеніп, жападан –жалғыз уһілеген Асанәлі:

                                      Түн жарымы,

                                                        ел ұйқыда,

                                                                  ояумын,

                                      Егілуге, төгілуге таяумын.

                                      «Махаббат жоқ», деген сөзді естісем,

                                      Көз алдыма сен келесің, аяулым!-дейді,  мұңды үнмен.

         Сол қалжыраған күйі:

                                      Ақша бұлттар іздеп бірге жыласын,

                                      Мейлі көктен найзағайлар құласын.

                                      Асылым-ау,

                                                        қайда барсам алдымда,

                                     Елес боп кеп, күлімсіреп тұрасың, -деп қаңырығы түтеп, жан-жағына  елегзи қарайды, Майрасы жоқ…

Жүрегім Асанәлі айтып отырған осы сөздермен тілім-тілім боп, қансырады. Бірақ, заматта оған қайтадан ып-ыстық қан құйылып, қуатты романстың  құштар лебімен күшейіп бара жатқанымды сездім. Бұл сезім - асқақ арман... ол тым алыстап кеткен. Бір ғажайып махаббат. О, тәңір, одан қалай көз жазып қалған?

Мен осылайша Қасымханның  өлеңін Асанәлінің  аузына салып,  күрсінте сөйлетіп отырмын. Бұл не, ән бе? Жай ғана сырлы сезімді ән емес, ол жан-жүректі толқытатын толғанысты романс.  Машинада келе жатып, «барар жеріміз ұзай түссе екен» деп тіледім. Асанәлі енді бірде:

                                      Үзілерде жанарымда жатар мұң,

                                      Қамығармын,

                                                        қайғылы ойға батармын.

                                      Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

                                      Жаным, сенің есіміңді атармын, -деп  Майраның  жастығына  басын сүйеп, қаусап отыр.

Осы  толқу үстінде жететін жерімізге кеп тоқтадым. Машинадан сүйретіле түстім.Тиышқа:-Тротуарда жүре тұрайықшы, -дедім.

Он-он бес минут үндемей, әрі-бері жүрдік.

Осы сәтте мен әдеттегіше мұндай дүниені орындайтын әншіні елестеттім. Әнші болғанда да ол - тенор! Тенор болғанда да  жібектей  сызылған нәзік үнді ұяң тенор емес, отты сезімді, жалын жүректі қуатты тенор керек. Осы оймен Нұртаза ағайдың үйіне келдік. Қонақтармен сәлемдестік. Іле дастарханға отырдық. Ду-ду отырыс…ал, мен өз-өзімнен іштей бөлектеніп, ешкімнің сөзін естігем жоқ.  Көкейімде тек қана  «Арманым едің» деген сөз… тағы бір романс  сыздады, жүрегімде!

Сол бір күндерде мен алдағы қараша айының орта кезінде Астанада «Конгресс–Холл» сарайында өтетін концертіме әзірленіп жүргем-ді. Онда көп әндердің ішінде Қасымхан сөзін жазған «Қарашық», «Дүние», «Арыс» әні орындалуы тиіс еді, енді міне, сол концерттің программасына «Арманым едің» романсын да  енгіздім.

Соның ертеңінде Қасымхан біздің үйге келіп, жаңа романсты тыңдады. Әр түрлі өлеңінен үш шумақтың қалай құралғанына  таңғалды. Бұл, әрине, композиторлық лабораториямның  ақындар біле бермейтін тылсым құпиясы.

Ал, бір күні  мен Асанәлінің  «Елім-ай» студиясына бардым. Асанәлі жалғыз өзі шахмат ойнап отыр екен. Менің келгеніме  елең етіп, қуанып қалды. Бөлменің ортасында биллиярд тұр. Мен  оң қолымды  оның жақтауына сүйеп: -Тыңда, Асеке,-дедім де басқа сөз айтпай, романсты  әндете бердім.

Асанәлі орнынан  жайлап түрегелді де терезенің алдына барды. Сыртқа көз салды. Екі қолы қалтасында, мізбақпады. Құлазыған құла түздегі балбал тастай сіресіп тұр.

Романс айтылып бітті. Үнсіздік. Әлден соң  Асанәлі маған  бұрылғанда қызара кілкілдеген көз шарасынан бырт-бырт үзілген жас тамшысын көрдім.

Екі күннен кейін Қазақстанның халық артисі, профессор,  дирижер Алдаберген Мырзабековке телефон соқтым. Жаңа романстың  мән-жайын айттым. Өте сезімтал, ойлы жан: -Бүгін қолым бос еді, үйге келші, Еркін жеңгеңнің шайын ішіп отырып, ақылдасайық, -деді.

Алдабергеннің үйінде «Арманым едің» романсы қайта-қайта ойналды. Алдекең ой-сезімін еш бүкпесіз жарқ еткізетін шабытты дирижер: -Ана бір жылы сен  «Даниярдың әнін» жаздың. Оны мен оркестрге түсіргенде әріптестерім, музыканттар, әсіресе, тенор дауысты әншілер: «Қандай классикалық ән!» деп таңдай қағысып еді, арада біраз жылдар өткенде мен тағы да «сондай бір кесек бітімді ән қолыма тисе екен» деп ынтығып жүрдім. Ал, бір күні  сен маған  «Балқантау» атты әніңді әкелдің. О, шіркін, «Балқантау»… оған қаншама тенор таласты, Кенжеғали Мыржықбаев оны романтикалық шарықтауға жеткізіп, қалай  шырқады! Мына «Арманым едің» романсы дәл сондай дүние  екен, Илья! Осы аталған үш ән-романсыңды Марио Ланца, біздің заманның ұлы теноры Лучано Паваротти сияқты құдіреттер ғана  айтса ғой, шіркін! Мұны сен өзіміздің Асанәліге арнаған екенсің, оның осы күнгі жай-күйін екеуміз ғана емес, бүкіл халық біледі. Аяулы Майраға деген ескерткіш, бұл! Солай! Өмірде болып жататын  кейбір жайлар бағзы бір шығармаға  арқау болса, мысылы,  оған орыс, иә, Батыс  европа мәдениетінде ерекше  мән беріледі. Оның жазылу тарихын әспеттейді, керемет! Глинка мен Пушкин романстарының әр қайсысы бір-бір тарих. Сел-сел әңгіме. Мына романстың да өзіндік хикаясы бар екен. Егер бұл романс  концертте орындалатын болса, сценарийде оның қысқаша жазылу тарихы айтылғаны жөн. Ал, іске сәт делік, партитура жазуға бүгін кешке-ақ отырам,-деді.

Мен Алдабергеннің үйінен  құштар сезімге бөленіп шықтым.

Сол 1999-жыл. Қараша айының он бірінші жұлдызы. Астананың «Конгресс-Холл» сарайында «Әнім саған, Астана!» атты концертімде «Арманым едің» романсын опера  театрының  әншісі Қияқбай Асанбаев Алдаберген Мырзабеков жазған  партитурамен жан тебіренте орындады. Қасымхан қасымда отырды. Бұл романсқа  жұрттың қалай қол соққанын көрді. Мерейі тасыды. Сондай көңіл шалқуы үстінде ол: -Сіз, Ілаға, академик Евней Букетов айтқандай, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген композитор екенсіз. Біржан сал, Ақан сері, Абай әндері толқын-толқын ұрпаққа етене боп, құлпыра                                                                                                            түлеп, болашаққа  кәусар қалпында кетіп барады. Сіз де сол кереметтер сияқты әр кезеңге  үйлесе кететін «вечно молодой композиторсыз!» - деді, көтермелей шаттанып.

2004-жыл. Мамыр айының  соңғы күні. Қасымхан екеуіміз Бішкекке келе жаттық. Рульде Қасымханның өзі. Бішкекте маған сүйікті екі әнші бар-Қырғызстанның халық артитстері: Дариға Жалғасынова мен Керим Турапов. Олар алдағы күндері Республика сарайында болатын «Еділ-Жайық» атты концертіме қатысуы тиіс. Қасымхан екеуіміз осы әншілермен мәміле түзіп қайтуымыз керек.

Жол бойы сөзден сөз өрбітіп, әнге сөз жазудың құпиясын, қиындығын айттық.  Бір кезде  радиодан қырғыз әндері берілді.

-Бішкекке тақала бергенде әдеті…  қырғыз радиосы осылайша  елең еткізеді.

-Қырғыздар да  қиялға бай халық. Әндеріндегі нәзік лиризм тіліңді байлап тастайды, мүлде.

-Тыңдайық…

Амал не, концерттің соңы екен. Бітті. Қасымхан маған бұрылып: -Ілаға, 1999-жылдың  желтоқсаны… Бішкекке сапар… ұмытқан жоқсыз ба,-деді.

-А, -дедім, мен, сәл аңырып.

-Біз екі машинамен Бішкекке қарай  келе жаттық. Тиыш жеңгей, қызыңыз Қарлығаш, жолдасы Асқар бар… менің қасымда өзіңіз және әншіңіз Жоламан Құжиманов бар…Қордай асуына шамалы жер қалғанда қар жауды,  жел ұйтқып,  жаяу борасын көтерілді. Құдай сақтасын, әб-сәтте дүние алай-түлей боп кетті. Біз Қордай асуынан әупірімдеп зорға астық. 

Ертеңінде Бішкекте Қырғыз университетінің мәжіліс залында сізге Шыңғыс Айтматов атындағы  халықаралық сыйлық берілді. Қазақстанның  елшісі ақын  Мұқтар Шаханов пен қырғыздың мемлекеттік симфониялық оркестрінің  бас дирижеры, Халық батыры Асанхан Жұмахматов сіздің әндеріңіз жайлы әсерлі сөздер айтты. Іштей мақтанып отырдым. Мұндағы атақты әншілеріңіз Дариға Жалғасынова мен Керим Тураповтар Айтматов кітаптары бойынша жазылған («Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан»)  әндеріңізді  бірінен соң бірін шырқады. Жоламан Құжиманов домбырасын  күмбірлете толғап,  сіз екеуіміз жазған «Қарашық», «Арыс», «Дүние» әндерін орындады. Менің де мерейім көтерілді. Қырғыздар дуылдаса қол соқты.

Сол күні кешінде  қырғыз досыңыз  - композитор Алтынбек Жаныбековтің  үйінде әндеткен   отырыс… сіз әңгіменің бір тұсында  «Арманым едің» романсын орындадыңыз.

-Иә. Алтынбек сонда: -Мына романс: «үзілерде жанарымда жатар мұң» дейді, қандай трогательно, а! А, еще «ең соңғы сөз айта алатын хал болса, жаным сенің есіміңді атармын» деген жолдарға не деуге  болады, а?   Мұндай сөзді жазу үшін, оу, Илюша, адамға  қандай ғана жүрек бітеді,а?» -деді, сөз таппай қиналып. Мен: «Ондай сөзді жазу үшін мына  Қасымхан  ініңіздің жүрегіндей жүрек керек!» дедім. Алтынбек: «Иә…иә, менің де жүрегімде  айта алмай жүрген сырларым бар еді, соны  Қасымхан інім қозғап жіберді.  Гениально!»  деді.

-Солай болды, Ілаға.  Мұны біреуге айтсам сене ме, тегі?  Ал, Алтынбек Жаныбековтың сол сөзі жүрегімді дәйім діріл қақтырады да жүреді.

Осы сәтте романстың әр сөзі жүрегімді тілгілеп: - Егер сол күні  «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған  өлеңіңе  кез болмасам, мұндай романс  тумас та еді, -дедім.

Ақын жүрегі қандай нәзік, Қасымхан  толқыды ма, көзі жасаурады.

Біз жайлап Қордай асуына көтеріле бердік. Осы асуға шыққанда ылғи тоқтап, бір сәт дем алып, таудың үстінен  боз мұнарға бөккен терең қойнаулар мен шатқалдарға, жібек желі желпіген үстіртке көз салып: «О, жайнаған жарық дүние!» деп, тұратыным бар. Сондай сезімде тау гүлдерінің жұпар лебін жұтып, біраз бөгелдік. Бір кезде  ұялы телефоным  безілдеп қоя берді. Тыңдадым. Әнші Бақтияр Тайлақбаев екен. Ол: «Ілаға, «Арманым едің» әніңіз қатып кетті. Характерін өзгерттім. Әдемі эстрадалық ән боп лыпып тұр. Компьютерге жазып та қойдық» деді. Мен «А?» дей бергенімде сөзіміз үзіліп кетті. Әбіржіп, тосылдым да қалдым.  Бақтиярдың сөзі  ұнамады: -Қасымхан, енді сәлден соң Бішкекке келеміз. Әншілерімізбен сөйлесеміз. Бірақ, Бішкекке қонбаймыз. Түнделетіп болса да  қайтамыз, -дедім, ойда жоқта мазам кетіп.

Қасымхан аң-таң, түкке түсінген жоқ, үндемеді.

Біз Бішкектен түнделетіп қайттық.

Ертеңінде Қасымхан екеуіміз Бақтиярдың студиясында  «Арманым едіңді» тыңдап, өз дүниемді-өзім танымай, салым суға кетті. Жүрегім ұйып, не дерімді білмей, іштей түйіліп: -Бақтияр, бұл ән емес, романс! Нотасы бар ма, өзіңде? –дедім, өзімді-өзім зорға тежеп.

Бақтияр пультте отырған аранжировщигі Бауыржанға «бар ма?» дегендей ым қақты. Ол: -Бар, -деді. Мен оған сүзіле қарап: -Ойнашы, -дедім, түнеріп.

Бауыржан менен көзін ала қашып, саусақтары дір-дір етіп, қымсына ойнады. Осы кезде Қасымханға көзім түсіп кетіп еді өзінен-өзі пысыны қашып, «бір шатақ шығып кетпесе екен» деген жанша қайда тығыларын білмей сасқалақтады. Мен Бауыржан мен Бақтиярға алма-кезек қадалып: -Бұл есер көңілдің лыпылдайтын эстрадалық әні емес, терең толғанысты  романс - дедім, зілді үнмен, - мыналарың түкке арзымайтын бос селтең.  Сөзін мүлде түсінбепсіңдер. Бұл –сүйікті жарынан айырылған шерлі жүректің құсасы. Ауыр қайғы!

Бақтияр не айтарын білмей состиып тұр. Бауыржан маған  көзінің астымен ұрлана қарап қойып, аккордтарды  жүрек сыздата шымырлатып терді. Бақтияр екі иіні салбырап, жеңіл күрсінді. Солай тұнжыраған күйі «түсіндім»  дегендей маған ойлана қарады.

Шамасы жиырма минутте аранжировка жасалып бітті. Бақтияр оған жарты дауыспен жайлап ілесе берді. Сергек сезімді алғыр әнші екінші рет қосылғанда бар дауысымен емін-еркін шырқады. Романс жүрек мұңы боп сорғалады. Сөйтіп, үш-төрт рет қайталанды. Ең соңында жүректі күйдіріп-жандырып, арманмен аһ ұрғызып, уһілетіп тынды.

Мен ешқандай ескертпе жасағам жоқ. Бақтияр да  осы бір іске таң-тамаша боп: - Вот здорово! Ілағам мендей эстрада әншісін жиырма минуттың ішінде камерный әнші етіп шығарды! –деді, қыздай мөлдіреп.

2004-жыл. Маусым айының төртінші жұлдызы. Республика сарайында өтіп жатқан  «Еділ-Жайық» атты концертімнің орта тұсында Бақтияр Тайлақбаев орындаған «Арманым едің» романсы    үш мыңдай көрерменді толғандырып, зал іші сілтідей тынды. Бақтияр романстың соңғы  шумағында сахнадан түсіп келіп, бірінші қатарда отырған Асанәлі Әшімовтің қолын  алды. Тебірене толқыған Асанәлі әншінің бетінен сүйіп, залдағы жұртқа бұрылып, басын иіп, тағзым ете бергенде көзінен  аққан маржан тамшы  жылт-жылт етті. Үні дірілдеп: -Біздің Илья  кешегі керемет композиторларымыздың  көзін көрген, үлгісін алған… сол ірілерден қалған последний из могиканов! Разымын… разымын, достық жүрегіне!-деді.

… Ән дүниеге келеді. Жүректен шыққан ән жүрекке жетуі тиіс. Бір әндер бар,  дыз етпе сезімнің сыңғыры ғана… сәлден соң  ол бар ма, жоқ па, тіпті, оның  қалай туып, қалай  ғайып боп кеткенін білмей де қаласың. Ән емес, ол. Көңіл желпінісі ғана.  Бір әндер болады,  ә дегеннен  жан тебірентеді,  не келе-келе  өз құдіретін мысқалдап қана танытып, өмір бақи ұмытылмай, жасай береді. «Арманым едің»:

                            Үзілерде жанарымда жатар мұң,

                            Қамығармын, қайғылы ойға батармын.

                            Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

                            Жаным сенің есіміңді атармын!- деп бітеді. Сүйген жүректің ешнәрсемен салыстыруға болмайтын осындай  соңғы сөзін Қасымханнан бұрын қай ақын айтты екен? Көлгірсімей ойланыңдаршы… еш құдірет айта алған жоқ! Қасымханнан кейін  мұндай арманды сөзді  естимін бе, естімеймін бе, білмеймін… оның болжауы жоқ. Осы романстағы сөзімен-ақ Қасымхан бәрінен биік, бәрінен терең, бәрінен оқшау жаратылған жұмбақ құбылыс. Сол себепті болу керек, өзіне -өзі сұқтанған Абай «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!» деген… 

АРМАНЫМ ЕДІҢ

сөзі: Қасымхан Бегмановтікі
әні: Илья Жақановтікі
орын: Бақтияр Тайлақбаев

Түн жарымы,
ел ұйқыда,
ояумын,
Егiлуге, төгiлуге таяумын.
«Махаббат жоқ», – деген сөздi естiсем,
Көз алдыма сен келесiң, аяулым.

Ақша бұлттар iздеп бiрге жыласын,
Мейлi көктен найзағайлар құласын.
Асылым-ау,
қайда барсам алдымда,
Елес боп кеп,
күлiмсiреп тұрасың.

Үзiлерде жанарымда жатар мұң,
Қамығармын,
қайғылы ойға батармын.
Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,
Жаным, сенiң есiмiңдi атармын...

«Махаббат жоқ», – деген сөздi естiсем,
Көз алдыма сен келесiң, аяулым.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30