ДӘСТҮР ТУРАЛЫ ОЙЛАР

     Қазаққа қандай дәстүр керек деген ұлы сұрақ бар. Тұрмыстық салт - дәстүр емес. Дәстүр - ата жолын көзсіз қайталау да емес. Дәстүр - бүгінгі шындықпен астасқан қазақ болмысының ерекшелігі болуы тиіс. Оны бойға билік сіңдіре алмайды. Ол - әр отбасының ұрпақ тәрбиесі жолында негізге алатын қағидаты, тереңдете айтсақ - қазақтың өз иісі! Дәстүрді ұстаудың кереметтігін кей халықтар дәлелдеді де. Рас божырап, өз ұсқыны жоқ қойыртпақ жұртқа айналып барып, тізерлей тоқтаған секілдіміз. Ендігі мақсат барша азаматтар: баласы, немересі, шөбересі үшін - ұйыса бастаған Ұлтымыздың нышанын қалыптастыратын; ішкі, сыртқы әсерлерге бой бермейтін, тірі қалуға ұмтылған өзімшіл, бауыр еті езілген қаншыл мінез қажет-ақ.

      Ертеректе Ресейдің дәмі тартып, біраз уақыт болғаным бар-тын. Әр ұлтты өзіндік бет-бейнесі арқылы былайда ажыратуға болар. Ал оның салт-дәстүрі қылығынан төгіліп тұрса мүлдем керемет екенін сонда сезгем. Алақанымды жүрегіме басып сәлемдескенімде орыс шырақтар сүйсінгендіктен шектерін тарта таң қалушы еді: "Прекрасный обычай у Вас, так здороваться!!!" деп.  Осындай жай ғана ишараттың өзі халықты жақсы да жаман да жағынан таныта алады. Сонда сезгем: өзімнің жеке басымды сүйреп жүрген пенде емес, мені көріп халқымды таныр - айнасы екенімді. 

Толығырақ: ДӘСТҮР ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Құдалыққа кімдер барады?

Құдалық – қазақ халқының әдет-ғұрпында ерекше орны бар дәстүр. Ол құдаласу арқылы жекжаттық қатынастарға бастайтын алғашқы ресми қадам. Құдалық ата-аналардың алдын ала келісімі бойынша болсын немесе қыз бен жігіттің уәделесуі арқылы болсын байланыстардың басы. Қазақтың дәстүрлі некелесу салтында ата-аналардың ризашылығы – ең басты шарт. Құдаласу – ата-аналардың қалыңмал, той мәселелерін өзара келісе отырып шешуінің кілті. Қазақтың құдаласуы әдетте үкі тағу дәстүрінен басталады. Тіпті бесікте атастырылған күннің өзінде де үкі тағуы рәсімі жасалады. Үкі тағу басы бос бойжеткен қызды меншіктейтін, оның айттырылған жері бар екендігін көрсететін дәстүр. Үкі тағуға әдеттеі жігіт жағынын ең жақын үш-төрт туысы барады. Ата-анасының бірі болады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді.

Толығырақ: Құдалыққа кімдер барады?

Дүние

                              1992-жылдың күзі…

Сол бір шуақты маужыр күндердің бірінде  өзімізбен туыс, дәйім ықылас-пейілі жарасып, силасып жүретін Мұхамедқасым Шәкенов үйіне бір топ игі жақсыларды қонаққа шақырды. Дастархан басында  көшелі сөздер айтылып, ықылым заманғы  тарих сырлары шертілді. Сол әңгіменің  тиегін ағытқан Әбіш Кекілбаев пен Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин… соноу ғұндар, сақтар дәуірін тірілте сөйледі.   Еділ патша (Аттила),одан көп бері Шыңғысханның  жойқын жорығы,  Жоңғар қалмақтарымен шабысқан екі жүз жылдық  соғыстың тарих қатпарында сіресіп жатқан беймәлім сырларын суыртпақтады. Бірін-бірі толықтырды.  Бірін-бірі жөндеді. Жүріп өткен арғы-бергі сұрапыл жолдарымызға көз жіберді.

Қызылды-жасылды дөңгеленген дүние…  мезгілдің  ұлы көшінде  талай толқын келіп, талай толқын кеткен.

Ұлан – байтақ қазақ даласына  қаншама  жат көздер қадалған. Қаншама  ырысымыз жатқа шашылған.

Бір кезде  Ноғайлы хандығы…  Алтын Орда боп дүрілдеппіз. Сәулетті қалаларымыз, алтын күмбезді  Сарайларымыз  күннің көзін ұялтыпты. Өзге жұрттың ішін күйдіріпті. Күндердің күнінде  дана қариялар “Ханнан тақыт таярда қараша жұртпен қас болар” деген сөзді күрсіне айтыпты. Байлық пен бақ-дәулетке көзі тұнып,  өз билігі, өз құлқынын ғана  көздеген кейбір  өресіз хандарымыз “қой үстіне бозторғай жұмыртқалады”, дейтін бейбіт күн мен сүттей ұйыған ұлы тыныштықты, ынтымақ пен бірлікті келістіріп  ұстай алмапты. Өзді-өзі қырқысып, соның қырсығынан жат жұртқа жем болыппыз.

Елдің  басынан бағы тайған сол бір соқтықпалы-соқпақсыз сергелдеңді күндерде  Атамекеннің тұтастығын сақтау  мүддесін ойлап, Ресей империясын амалсыздан қорғалақтап, сол құрсауда  ұзақ булығып, Кеңестік дәуір кезеңінде де  үніміз шықпапты. Әлемде  қазақ халқы… Қазақстан мемлекеті барын ұмытыпты , бұл дүние!

Осылайша тамырын тереңге жайған  сөз ағыны кеше ғана   дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына келіп бір-ақ тірелді. Ғасырлар бойы аһылап-уһілеп, сұрапыл күреспен өткен ата-баба көксеген Тәуелсіздік қолымызға тиді. Мың өліп, мың тіріліп,  тұралап жетіппіз, бұл күнге…

Отырыстағы әңгіме  әрі-бері шарықтап,  бай тарихтың ұшы-қиыры жоқ кеңістігі ашылды. Бір кезде  жұрт сәл сейілгісі келді ме, бір-біріне ым қағып, домбыраны көрсетіп, “ән, күй тыңдасақ” деген емеурін білдірді. Мен Ақселеуге ым қақтым. Ақселеу өзінің  ибалы, сырбаз қалпымен қоңыр домбыраны қоңырлата сөйлетіп, Тәттімбетің “Қосбасарларын” бірінен соң бірін бипаздап шертті. “Көкейкестінің” шыңырау үнімен ойландырып, буып тастады. Жүрекке ауырлау боп бара жатқанын сезді ме, Ақселеу Сүгірдің  шуақты күйлеріне жалт бұрылды. Бүлкілдеген “Бозінген” мен сұлу әуезді “Аққу” күйі еңсе түзеді.

Кезек маған келді.  Мен “Еділ-Жайық” әнін айттым. Ән тыңдалып болған соң  Әбіш Кекілбаев: - Тарихтың біраз бетін ақтардық, жаңа. Қандай қиямет қайымды көрсек те  рухымыз өлмепті. “Еділ-Жайық” әні - сол  ұлы көксеудің шалқыған гимні. Еділ, Жайық - екі су. Есемізді қайтарып,  ес –тұсымызды  жиғызған екі қайнар еді. Ежелден бері  аңсаған шөлімізді  қандырған екі  зәм-зәм еді. Көптен бері  ерініміз біреуіне жетсе де, біреуіне жете алмай,  сыңар емшек емгендей пұшайман боп жүрген жетімқұрсақ көңіліміздің мерейін үстеп, рухани ырысымызды түгендегендей ән туғызған мына  сайыпқыран композитор Илья Жақановтың шапағатты шабытына қазақ баласы түгел қарыздар, -деп толғана бір тоқтады да, қоңыр көзіне  қарауыта батқан кеш секілді  тұңғиық ой тұнды, -біз бүгінгі және келер ұрпаққа  жүріп өткен жолымыздың қуанышты, күйзелісті кезеңдерін зерделеп, жетесіне жеткізіп, ойландырып  отыруымыз керек.  Құдай ойсыз, зердесіз ұрпақтан сақтасын, бізді! Біздің ата-бабалар, мысалы:

                   Еділді алды- елді алды,

                   Жайықты алды –жерді алды,

                   Енді алмаған нең қалды? -деп жан көксеуін осылайша айтып кеткен. Сол өксіткен өмір жеңіл болмапты,  бізге. Соның бәрінен өткенбіз… жаңа сөз еттік, тарихымыздың  ең ауыр кезеңдерінің бірі-Жоңғарлармен ауық-ауық соғыстың ең қасіретті, ең патетикалы гимні болған  “Елім-ай” әні халықтың рухы боп  уақыт озған сайын құдіреттеніп, асқақтап барады. Біз еңіреп жүріп, сол “Елім-аймен” ес жиған  ер халықпыз. “Еділ-Жайықтай” әнді  берген Ілекеңнің   жүрегі өткен күн… дүние… тарих тауқыметін қозғайтын,  бастан кешкен сол сұмдықты  есімізден шығармайтын тағы бір әнмен толғанысқа түссе, деп ойланып отырғанымды қарашы…

Осы отырыстан кейін Әбіштің сөзі  көкейімнен кетпей қойды.

Бір күні  шертіп отырған домбырам (Мақтұмқұлының сөзіне жазған “Өтіп барады” дейтін толғау әнімді іштей қайталап, бір терең ойға шомып бара жатқан ем. Сол да түрткі болды.) бір тосын сарынға  жайлап қана ойыса берді. Мұхамедқасым Шәкеновтың үйінде қозғалған тарих сөзі кезең-кезең, дәуір-дәуірімен көз алдыма  тұра қалды.  Тереңнен шымырлаған мұңды әуез жүректі салқындатып, тұнжыратып отырса да шабыт қысып, қуаттанып бара жатқанымды сездім. Бір сағаттай уақыт болды ма, болмады ма, мен  домбырамды орнына қойып, тұп-тұтас құйылған әннің өлшемін қағазға түсіре бастадым.

Шамасы бір аптадай  өзімді-өзім іштей тыңдап, көңіл дітінің  жетер жерін біліп, ойым  әбден бекіп, тұрақтаған сәтте әннің сөзін жазатын ақынды ойладым. Әрі-бері толғанып, ақыры Қасымхан Бегмановқа  тоқтадым.

Бір күні Қасымханды үйге шақырдым. Мына жаңа әнге түрткі болған отырыстың бар әңгімесі шертілді. Қасымхан сол тарих сөзіне ойланған сайын түсі суынқырап,  “түсіндім” дегендей басын изей берді.

Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме,  Қасымхан біздің үйге  жарқ етіп кіріп келді. Өзінің  ізетті әдебімен қымсыныңқырап, ән сөзін көрсетті. Сөзін қайта-қайта оқып, “ән екі шумақ сайын  қайырылып, бір ойды түйіндеп отыруы тиіс. Тарихтың азалы қасіретін соған сиғызып көр, сөз жүйесі солай  өрілсін” деген дітім түп-түгел орындалыпты. Өлеңде рух бар. Ең кереметі осы! Қасымхан  қабағымның ашыла  түскенін сезіп, бір нәрсе дегісі келіп қозғалақтай бастады. Мен: -Бәрі дұрыс! –дедім, домбыраға қол созып. Сосын көкірегім уілдеп:

Дүние қызыл-жасылды,

                   Сан ұрпақ саған бас ұрды.

                   Толқын да толқын қазақтың,

                   Топырақ жүзін  жасырды.   

                            Өткізіп қилы ғасырды,

                            Ырысым жатқа шашылды.

                            Тау мен тасқа соқтым мен,

                            Халқым, деп ғазиз басымды.

                   Ноғайлы болып аңрадым,

                   Отырар болып қаңрадым.

                   Ақтабан болып шұбырып,

                   Далада қалды саңлағым.

                               Семей де болып сенделдім,

                            Ертіс те болып емделдім.

                            Қасіретіңнен қайысып,

                            Қызығыңды кем көрдім.

                     Нарын да болып ұлыдым,

                   Арал да болып құрыдым.

                   Желтоқсан болып борадым,

                   Лақтырып тағдыр құрығын.

                            Төріме деп жұмақтың,

                            Дүние сені ұнаттым.

                            Асан қайғыны зарлатып,

                            Иассауиді жылаттың.

                                   Кесіле жаздап тілім де,

                                Жоғала жаздап ділім де,

                                Қиямет қайым жолдармен,

                               Тұралап жеттім бүгінге.

Тағдырдың шәлкес сұрағы,

Көңілде мұң боп тұр әлі.

Бөлініп қалған даламнан,

Бейіттер үнсіз жылады.

                                Дүние-ай, сені не етермін,

                            Көз жұмар мәңгі жетер күн.

                            Сайын да сайын даламды,

                            Кімдерге тастап кетермін.

                     Дүние-ай, сені не етермін,

                   Мен дағы бір күн өтермін.

                   Керуен де керуен ұзаған,

                   Бабаларыма жетермін.

                           

                   Жүрегін жаудың қақ тілген,

                   Алшайтып тұрып ат мінген.

                   Қазақ деп мұңға баттым мен,

                   Қазақ деп жылап жаттым мен.

 

Көзімде мұңның табы бар,

Ернімде шөлдің зары бар.

Жетім ботадай боздадым,

Сөз ұғар біреу табылар.

              Алдыма түсті-ау жабылар,

              Жабылардан да жалығар.

              «Қазақтың зарын айтты-ау» деп,

              Мені де жоқтар, сағынар, -деп күңіренген қуатты әуез жүректі солықтатып, еш кібіртіктемей, емін-еркін ағылды.

Бұл  “Дүние” деп аталатын жаңа әнді  тағы да  әнші Қажыбек Бекбосынов тез үйреніп алды. Қажыбек оны концерттерде  жиі орындады. Қажыбек арқылы  басқа әншілердің де репертуарына орнықты.

“Дүниені” Атыраулық әнші Елемес Мағазовтан тыңдағанда  көне дүние  зары мен біздің заманның қасіреті- Семей, Нарындағы Азғыр, Қызылқоға өңіріндегі Тайсойған полигондары… Арал теңізінің  сарқыла кебуі, ешуақытта лайланбайтын Ертістің ең залалды суға айналуы, осының бәр-бәрі  талай жанның  жан- жүрегін  қалтырата тітіреткенін  көрдім.

Бір жолы қараша айының алғашқы  қансонарында  “Алматы-Петропавл” поезында келе жаттым. Екі адамдық купе. Қасымда  медицина ғылымының докторы, профессор, кардиолог Қабдолла Құлқыбаев бар. Қабдолла –Жаңаарқалық азамат. Негізгі мамандығы  дәрігер болғанмен әдебиет пен тарихқа, музыкаға зерделі… ел ішінде  қария сөздерін  көкірегіне көп тоқыған бір ғұлама жан. Маған рухани жағынан өте етене. Әр әнімнің хикаясын  өзіме  мөлдіретіп айтып бергенде таң-тамаша қалатыным бар. Жол үстінде  екеуіміздің  әңгімеміз  өз-өзінен қисындасып,  жараса кетті. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай… және басқа да белгілі-белгісіз халық композиторларының  әндерін көп сөз еттік. Сол әңгіменің бір иінінде  Қабдолла терезеден далаға ойлана қарап отырып: -Ілаға, Сіз кейінгі бір жылдарда бір ән шығарыпсыз, сөзінде:

                   Семей де болып сенделдім,

                   Ертіс те болып емделдім,-деп келііп;

Тағдырдың шәлкес сұрағы,

Көңілде мұң боп тұр әлі.

Бөлініп қалған даламнан,

Бейіттер үнсіз жылады, -дейтін тамаша жолдар бар.  Бұл-біздің заманның  баланың баласына кететін айықпайтын шері. Міне, сыртқа көз салыңызшы… қазір біз  Ағадыр даласында  келе жатырмыз. Бұл бұрын  Жаңаарқа ауданына  кіретін жерлер еді ғой. Кейін өзі жеке аудан боп бөлінді. Одан  Шет ауданына қосылды. Қараңызшы,  Жаңаарқаның батыс жағынан жарылған  Ресей ракетасы аспанда  шашырай төгіліп,  Шет, Қарқаралы маңына  дейін сынықтары жеткен. Дәл осы жерлер экологиялық апатқа ұшырады. Адам өлімі көп. Мен бір жағы –химикпін де, сіз мынаны түсініңіз - әлгі  қасіретті ракетаның  жерге сіңген  гиптилі топырақта бес жүз жылға дейін  сол  зардапты күйінде қала береді. Бұл ғылыми тұрғыдан анықталған сұмдық. Біз осы қайғы-қасіреттің  ортасында  мүгедек боп, өліп… өлмесек те өлексе боп, айықпас дертке шалдығып, әншейін, әупірім деп қана жүрміз. Сіздің  “Дүние” деген әніңіз жүрегіміздегі  осы  зар-запыранды ақтаратын реквием екен! Иә… иә, дәл солай! Саясаттың құрғақ айқайынан гөрі әннің құдіреттілігін тарих талай рет көрсетті. “Дүние” әні  – адамзат баласының жан айқайы! Өлсек те  осылай деп ышқына үн қатып өлгеніміз жақсы! –деді.

Қабдолланың осы сөз жүрегімді ұйытады да жүреді.

“Дүние” әнінің тағы бір тебіреністі екі оқиғасы есімде: Бірі-1993-жыл… ақпан айы, біз Қасымхан Бегманов бастаған шағын делегация  Шынжанға  сапар шегіп, жолда  “Дружба” кеденінде қытай шекарасының  тексеруінен өттік. Сонда купемізде бізбен шүйіркелесе танысқан бір  қазақ полковник әңгімелесіп отырып, сөз арасында  “Дүние” әнін  тыңдады. Толқығаны сондай: “ Е, тарихтың  сергелдеңді кезеңдерінде біріміз ойда, біріміз қырда дегендей бір-бірімізден көз жазып қалыппыз. Басымыздан қандай күндер өтсе де  төзіп бағыппыз. Мына әннің сөзі баланың баласына  жететін тағлымды сөз екен. Рухымыз қандай зор еді!” деген сөзді  көзі жасаурап  айтты.

Екіншісі –1995-жылы қаңтар айында  профессор Тұрсынбек Кәкішев бастаған  тағы бір осындай  топ Ирандағы қазақтарды зерттеуге бардық. Горгонь дейтін қалада  қазақтар тұратын үлкен квартал бар екен. Сол жердегі ел ақсақалы  Ақмұрат қарияның үйінде  “Дүние” әні айтылды. Әнді  көз жастары сорғалап  тыңдаған ағайындарды көріп, Тұрсынбек Кәкішев: “Құдай-ау, мынау  “Дүние” деген ән осы заманның  “Елім-айы” ма?!” деп  қатты тебіренді. Сол сапардан қайтқанша  Ирандағы қазақтар “Дүние” әнін мүлги уһілеп, тыңдаумен болды.

Қазақ халқының  қасіретті тарихының  тамұқта жатқан белгісіз беттерін кешегі Кеңестік идеологияның қатерінен қаймықпай, батыл ашқан жазушы  Мұқтар Мағауин менің бір концертімде “Дүние” әнін тыңдап: “мына бір лебізім папкіңіздің ішінде жүрсінші” деп тілдей ғана қағазды  берді. Онда:  “Халықтық рухта  қаншама әсем ән берген алашқа танымал сазгеріміз Илья Жақановтың  өткен тарихымыздағы  трагедиялық ақуалдар турасында  кеңінен толғанып шығарған ”Дүние” атты реквием - зары  өзгеше үлгідегі  әсерлі шығарма. Ұлттық музыка дәстүрінде, еуропалық биік мәдениет деңгейінде  жазылған,  мәтіні де мағыналы, терең” деген сөз жазылыпты.

Дөңгеленген дүние…  өткен күндер өксікті. Келер күн келер екен не дайындап?

ДҮНИЕ

Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзiн жасырды.

Өткiзiп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.

Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды саңлағым.

Семей де болып сенделдiм,
Ертiс те болып емделдiм.
Қасiретiңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдiм.

Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын.

Төрiме деп жұмақтың,
Дүние сенi ұнаттым.
Асан қайғыны зарлатып,
Йасауиды жылаттың.

Кесiле жаздап тiлiм де
Үзiле жаздап дiлiм де.
Қиямет-қайым жолдармен,
Тұралап жеттiм бүгiнге.

Тағдырдың шәлкес сұрағы,
Көңiлде күй боп тұр әлi.
Бөлiнiп қалған даламнан,
Бейiттер үнсiз жылады.
Дүние-ай,
сенi нетермiн,
Мен-дағы бiр күн өтермiн.
Керуен де керуен ұзаған,
Бабаларыма жетермiн.

Дүние-ай,
сенi нетермiн,
Көз жұмар мәңгi жетер күн.
Сайын да сайын даламды,
Кiмдерге тастап кетермiн.

Жүрегiн жаудың қақ тiлген,
Алшайтып тұрып ат мiнген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.

Көзiмде мұңның табы бар,
Ернiмде шөлдiң зары бар.
Жетiм ботадай боздадым.
Сөз ұғар бiреу табылар.

Алдыма түстi-ау жабылар,
Жабылардан да жалығар.
«Қазақтың зарын айтты-ау» деп,
Менi де жоқтар, сағынар.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30