Көкірегі қазына қария туған халқының тағдырын көп ойлайтын еді...

Қазақстанның Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» деп аталатын сыр-сұхбат түрінде жарық көрген кітабын ден қойып, саралап оқып шыққанда көзім жеткен анық нәрсе: ол – Жамбыл көшесі мен Жароков көшесінің қиылысындағы саябаққа кешке қарай келіп, үнді халқының ұлы көсемі Махатма Гандидің ескерткішінің жанына жағалай орнатылған орындықтардың біріне жайғасып, сонда жиналған қариялармен әңгіме-дүкен құрып, қараңғы түсе үйіне ақырын аяңдап қайтатын Жағда Бабалықұлының көп шалдардың бірі емес, көңілі көсем нағыз абыз ақсақал екендігі болды. 

Батыр Бауыржан (Момышұлы) жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Ол кісі от басы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты «шал» деп, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген кәнігі қартты «қария» деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдын асырып отыратын қартты «ақсақал» деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңіре білген қартты «абыз» деп атаған. 
Рас, Жағда ақсақал ақын емес. Бірақ солай десек те, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, арғы-бергі тарихын, көне мәдениетін, ескі сөздерін зерттеп, ғылымға қыруар еңбек сіңірсе де Жағда ақсақалдың өмір жолы­ның ауыр болғаны қалай?! Сонда, сонда деймін-ау, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «ұлым дейтін халық болмаса, халқым дейтін ұл қайдан болсын» деген аталы сөзін ұмытқаны ма, бұл елдің?!

Толығырақ: Көкірегі қазына қария туған халқының тағдырын көп ойлайтын еді...

Қарашық

1991-жылдың күзі.

Әркімнің кіндік қаны тамған туған топырағы өзіне… өзіне ғана  -  Мысыр шаһары! Ол оны ешнәрсеге теңгермейді. Ешнәрсеге айырбастамайды да.

Қасымхан Түркістан елінің перзенті! Түркістанның батыс жағында  Бабайқорған ауылы бар. Сол жерде сылаң қаққан Қарашық өзені…ол өзінің бастауын Қаратаудың  қойнауынан алады. Жыландай иіріліп барып Сырдарьяға құяды. Ол ықылым  заманнан бері кебірсіген боз даланы қақ жарып,   ақырын ғана ағып жатқан бір кәусар.

Бір замандарда  осы Қарашықтың жағасында  Қаратаудың  күнгей бетін  сәулелі  нұрға толтырып, төңірегіне  сән-салтанат беріп, асқақтаған күмбездері  көк тіреген сәулетті қала болыпты. Ол –Қарашық шаһары! Оның  желкілдеген желегі, мәуесі майысқан бақша - бауы әрі-бері жөнкілген жібек жолындағы керуен легінің байырқалап,  тоқтап өтетін жері екен.

Қасымхан Қарашықтың  бойында  осындай  шаһар болғанын академик  Әлікей Марғұланның еңбектерінен жыр ғып шертеді. Түркістанда ғұмыр кешіп, бақилыққа аттанған небір  ғұлама мен жайсаңдар, ақындар, батырлар… тәнін қара жерге қимайтын асыл арулар осы Қарашықтың  ескі  қорымында мәңгілік жаннат дүниесіне еніпті.

Адамның  есінде қалатын жайдың бәрі  балалық бал дәурен  кезінде қалыптасады.  Көргенің де, естігенің де ұмытылмайды. Қасымхан Қарашық өзенінің ақ толқынымен араласып өсті. Көк шыбыққа  қармақ байлап, тұмадай тұнған  иірім-иірім қарасудан шабақ аулады. Су бетінде қалқыған аққу, қаздарға сұқтана көз тігіп, айлы кештерде  сейіл құрған қыз-жігіттердің соңынан  шуласа  шұбырған бала-шағаның ортасында томпаңдап, жүгіріп жүрді. Жұлдызы жымың қаққан мақпал түндерде Қарашық айдынында  жүзген Ай суретін көріп,  қиялға берілді. Осының бәрі елегзіте  емексітетін елес бір… 

Қасымхан үшін Қарашықтың арайлап атқан таңы да ерекше еді. Қарашыққа көз жасындай жылт-жылт етіп,  еркелей құйылылатын  бұлақтар… одан иін ағашпен су алып келе жатқан қыз-келіншектер күлкісі… сылдырлаған шолпыларының үні… дәл осы сәтте аттарын суаруға бара жатқан бұланай жігіттердің қыз-келіншектердің алдын кес-кестеп,  әзіл-қалжың айтуы… о, тілінен  дүррі гауһар сөз төгілетін бүгінгі ақын Қасымхан Қарашықтың  жағасындағы  сол романтакалық  өмірді  суреттеуге бар жанын салса да, оны  жеріне жеткізіп айта алмай  қатты толқиды.

 

Бір жолы сондай тебіреніс үстінде  Қасымхан: -Мен, тіпті, сізден сұрамаппын да, Қарашықта бұрын-соңды болып көрдіңіз бе? -деді.

-Иә,-дедім, -сағым ойнаған жазық далада шөліркеп келе жатқанда, ойда жоқта  терең жарға кеп тіреле қалатынымыз бар. Ол осы  –Қарашық өзені. Ғасырлар бойы табаны тереңдеп, жағасы  биіктеп кеткен. Суы тұп-тұнық. Мөлдір. Ырғалған майқоға.  Айдыны жалпақ қара сулары бар.

-Ой, Ілаға, рахмет, Сізге! –деп қуанды, Қасымхан, -құдай қаласа, сол Қарашыққа  Сізді апарамын, әлі.

Сондай  әсер құшағында жүргенде  бір күні  түс көрдім: Толықсыған мамыр күні.  Қарашықтың жағасына  атын жетектеп, бір орта бойлы ақ шашты кісі келіп тоқтады. Атын суарды. Сосын нұрға бөккен тып-тынық жардың ішінде  әнебір тұстағы  жарқыраған айдында  шомылып жүрген жастарға қиыла қарады. Солай қызығып біраз тұрды. Бір кезде шулаған сол  топтың ішінен бір қыз, бір жігіт бөлініп шыға келді де, ақ шашты кісіге: “О, Қасымхан аға!” деп аққудай иіліп, сәлем берді… енді бір сәтте Қасымхан әлгі  қыз-жігіттің қол ұстасып кетіп бара жатқанын тамсана тамашалап: “Шіркін, жастығым… Қарашығым!”  деген сөзді  емірене айтып, жеңіл күрсінді.  Атын жетектеп, Қарашықтың  жарынан қиялап шыға берді…

Осы түс  өңімде болған оқиғадай тебірентті де жүрді.

Қасымхан да  кездескен сайын Қарашықтың ертедегі әсем көркін, оның жағасындағы дулы өмірді айтып, аузының суы құриды. Анасы  Айжамал екеуі егін орағы кезінде ауыл-ауыл арасында, не егістікке, одан  қырманға қарай арбамен келе жатады. Сонда анасы:

                            Аулым  олай көшкен-былай көшкен,

                            Жартастан  түйем ойнап құлай көшкен.         

                            Бұлбұлым, мың күніме татиды,

                            Осы отырған бір күнім-ай!-деп  сызылтады.

         Содан кейін:

                            Аулым көшіп барады Көлмекөлге,

                            Алыс дейді Көлмекөл көрмегенге.

                            Алыс болса Көлмекөл жаяуға алыс,

                            Ақ жарылқап күн туар өлмегенге, -дейтін әнмен үні баяулай беріп,  “аһ, дүние, жалған-ай”  деп әлденеге өкінішті сезіммен  күрсініп салады. Қасымхан көзіне жас толып, булығады кеп. Бірдеме дегісі келеді, бірақ, қоңыр көзі боталап, ешнәрсе айта алмайды.

Сергек сезімді  анасы дәл осы сәтте ауылдағы үлкендердің “осы балаларың ақын болады… балағының биті бар… талабы зор” деген сөзін еске алып, жүзінен мейір нұры төгіліп,  бөденедей бүріскен Қасымханының  әнге беріліп,  уһілегенін сезіп:

                            Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда,

                            Биік ағаш солқылдар жел тұрғанда,

                                               Көкем-ай, қасы-көзі қиылып,

                                               Қай жерде отыр екен-ай!

                            Неғылайын біреудің Күн мен Айын,

                            Қарсы алдымда күлімдеп сен тұрғанда,

Көкем-ай, қасы-көзі қиылып,

                                               Қай жерде отыр екен-ай! –дейтін шалқымалы  әнге ойыса қояды. Қасымхан  да жымың ете түседі.

О, шіркін, Қарашық! Оның жағасында айлы түндерде анасы екеуі өстіп арба үстінде келе жатқанда қайдағы бір тұстан қойшылардың, не жылқышылардың әндері де талып естіледі. Жан-жағы таңғажайып  қиял дүниесі….

Осының бәрі  бір көрген түс… тәтті елес…

Ауыл іші ду- ду болады да жатады. Дуылдасқан думанды жастардың гүлі- немере ағасы-Назымхан, оның ақжарқын жары Ақтолқын екеу қос аққудай  шалқып, жиын-тойдың көркі боп жүреді. Бұл екеуіне қоса  Қасымханның туған апасы  Қаншайым да  сырлы үнімен әдемі ғана ән салады.

 Қасымхан осының бәр-бәрін аңсайды, сағынады, көп жыл көмескілене  көз талдырып, бұлдырайды бір. Соны ұмсынған жүректің  іңкәрлік қуатымен емексіп,  елестетеді.

Ән деген тұңғиық дүние…  ол өз-өзінен келе салса, қане? Тып-тыныш жүрген жүрек отын  үрлейтін бірдеме керек. Қасымхан Қарашық өзенін, балалық кезін еске алып, менің де жүрегімдегі тәтті сырларды қозғады. Оның лирикалық леппен желпіндірген буы домбырамның пернесін өзгеше бір әуезге салды. Домбыраны  шерткен сайын даланың лебі  желпіді.  Көңіл түкпірінде “Қарашық… Қарашық” деген сөз ғана. Мен “Толағай”, “Сырымбет”, “Бозқараған”, “Балқантаудың бауырында” дейтін әндерімнің  шертісіне  түстім. Шарықтаған ойым  әлгі бір көрген түсті көз алдыма  көлденең тартты. Ән бұл… тағы бір ән!        

Сырлы леппен сылаңдап, еркелей келген “Қарашық” әні  көкейіме гауһардай жарқырап, бірден  орнықты.

Екі-үш күннен кейін Қасымхан біздің үйге келді. Әнді   қайта-қайта тыңдады. Жүзі мың құбылды. Ой құрсауына түсті. Қасымхан ойланған күйі: -Ілаға, әнді “Қарашық” деп атадыңыз ба? –деді.

-Иә, -дедім, мен, -енді  сөзін жаз…

Қасымхан күмілжіп: -Ілаға, мен  үйге барып, жеке отырып жазайыншы ,-деді.

Мен басымды шайқадым. Қасымхан қабағы сәл кіржиіп,  амалсыз тосылды.

-Қасымхан…

-Иә, Ілаға…

-“Қарашық” әнін мен сөзсіз шығардым,  өзің талай рет әңгіме еткен  өзеннің көрінісі… соны елестеттім. Екеуіміздің “видениеміз…” соны әуезді өлең ет!  Жайлап бастап көр, әр жолыңа қырғидай шүйілемін. Көнесің оған.

Қасымханға бұл сөз жайсыз тиді. Іштей жақтырмады.

Сәлден кейін ақ қағаз бетіне:

                   Қарашық, сұлу өзен еркелеген,

                   Шелекпен саған келген ертеменен, - деген екі жол жазылды. Мен “дұрыс” дегендей ым қақтым. Сұрланып отырған Қасымхан езу тартты. Сөйтті де терезеге бет бұрып, күбірледі. Қағазға:

                   Судағы суретіне қарап тұрған,

                   Сол жылдар кездесуші ем еркеменен, -дейтін жолды  асығыс-үсігіс сүйкектетті. Бұл екі жол да жүрегімді шымм еткізді. Қасымханның жүзі  нұрланды. Енді  қайырма бар, соған ұзақ тірелді. Қайырма-әннің түйінді ойы,  мәйегі!  Әннің құдіреті де, әлсіздігі де  қайырмадан сезіледі. Ол тылсым кілтипан. Осыған  өресі жетпейтін ақындар әннің бағын байлайды.

Қасымхан булыға толғанды. Мен әнді тұтас екі рет қайталадым. Қайырмасын   қайта-қайта әндеттім. Осы желеуім жел берді, Қасымхан:

                                     Салтанат, сәнің жарасып,

                                     Бұрымындайын даланың.

                                     Шалқы да толқы Қарашық,

                                     Мен дағы шалқып барамын, -деген көңіл өрепкуін  шабыт экстазымен төге салды.

Мен риза болған сыңаймен жайлап қана: -Түн. Қарашықтың жағасы. Дуылдасқан қыз-жігіт. Таңғы салқын. Ұзап бара жатқан Ай, -дедім

Қасымханның бұлдыр сағым құбылған  ойлы жанарында  бір сәуле жылт етті де:

                   Бәріне куә айсыз қап-қара түн,

                   Қыз-жігіт жағаңа кеп топталатын.

                   Бір-бірін таң атқанша қия алмаған,

                   Жүрегі шіркіндердің от болатын, -дейтін сөздерді  еш іркілместен рахаттана жазды.

Осы кезде “Папасы…шайға!” деген сөз естілді.  Қасымхан күлімсірей  қозғалақтап: -Ілаға, Тиыш жеңгейдің шайын ішейікші,-деді.

Дастархан басында  Тиыш екеумізге алма-кезек күлімсірей қарап: -Қалай боп жатыр? –деді, - тыныштық па?

Мен мырс етіп: -Әзірше бейбітшілік,-дедім.

Қасымхан да күліп жіберді. Рахаттана шай іштік. Шабытты күйде отырған Қасымхан: -Аға,  үшінші шумағы қалай болады?-деді, - әнге сөз жазу азап қой, тегі.

Мен сол  ойланған күйі:  -Сен есейдің. Азаматсың!Алматыда тұрасың. Белгілі ақынсың. Анда-санда аңсарың ауып, туған ауылың Бабайқорғанға  келесің. Қарашықты жағалайсың. Ол саған сондай ыстық. Жағасында  алтын күндерің өткен. Қарашыққа деген  махаббатың -   концовка!-дедім.

Қасымхан орнына барып отырды да  алдындағы  екі шумақты маржандай тізіп, қайта көшірді де оған:                            

                   Қарашық  ырыс-құтым сарқылмаған,

                   Жастығым сенде қалды-ау жарқылдаған.

                   Араға жылдар салып келіп тұрмын,

                   Аяулы аманбысың алтын далам! -деген шумақты оп-оңай жалғастыра қойды.

Әб-бәрекелді! Концовка шықты! Ойымыз түйісті. Қасымханның жүзі бал-бұл жанды.

Ән көп әншілердің ішінде  алғаш рет Қазақстанның халық артисі, профессор Қажыбек Бекбосыновтың назарына ілінді. Ол оны  үлкен сахналарда, менің жеке  авторлық кештерімде әуелете шырқады. Ән бірте-бірте ел жүрегіне сіңді. Оны  жас әншілер жаңа аранжировкамен айтып, іліп әкетті.

2005-жыл. Қыркүйек айының  екінші жұлдызы. Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған кезекті бір халықаралық ән конкурсы өтіп жатты. Сол бір дулы күндерде  белгілі  режиссер, тамаша  актер Райымбек Сейтметов маған: -Мен жайында  түсірілген бір деректі  фильм бар еді. Соны көре алдыңыз ба?-деді.

-Иә, көрдім. Қасыңда  жұбайың бар, балаларың, немерелерің бар… бәрің Қарашық өзеніне  шомылып, мәз болып жүрдіңдер, -дедім.

Райымбек бұл сөзге толқып тұрды да: -Сізде “Қарашық” деген ән бар екен. Сөзін менің жерлес інім… төгіліп тұрған лирик Қасымхан Бегманов жазыпты. Ән менің жастық шағымда көз алдыма жайнатып бір әкелді дейсіз, менің сол фильміме лейтмотив болатын-ақ дүние екен, “әттең-ай!” деп өкіндім де қойдым,-деді, реңі сары күздей сарғайып.

Сол Қарашық…

Бір кездерде беймаза шабыттың буы қысып, осы  Қарашық, Бабайқорғанға симай, “жақсылық пен ізгілікті, адалдық пен  адамдықты, ар мен махаббатты жырлау үшін жаралғам, мен!” деп Алматыға бір-ақ тартқан албырт жігіт арада жылдар жылжып өткенде қыз бұрымындай бұралып, қатар ағып жатқан Қарашығы мен  Қарсақтысын аялап:

                   Қара өлең бе,

        елден қуды, шаршатты,

                            Қанша бұлақ қапталдасты, қарсы ақты.

                            Қайда жүрсем көңілімнен кетпеді,

                            Анашым бар Қарашық пен Қарсақты! –деп, асқақ ойлы ақынның жүрек жарды сөзін айтты

Сүйікті Қарашығы… міне, енді, Қасымханның жібектей есілген сөзімен  осылайша  ән болып, даланың ескек желімен қалықтап,  қиырдан-қиырға қанат жайып барады.

“Қарашық” әнін  шерте бастасам, менің де көңілім далаға қарай тартып,  шалқыған өмірдің ду-дуына жетелейді. Еліктіреді солай…

ҚАРАШЫҚ

сөзі: Қасымхан Бегмановтікі
әні: Илья Жақановтікі
орын: «Қыздар-ай» тобы

Қарашық сұлу өзен еркелеген,
Шелекпен саған келген-ай ертеменен,
дариға-ай.
Судағы суретiне қарап тұрған,
Сол жылдар кездесушi ем-ай еркеменен,
дариға-ай.

Қ-сы:
Салтанат-сәнің жарасып,
Бұрымындайын даланың
Толқыда-шалқы Қарашық
Мен-даға толқып барамын.

Есімде-ай сыз-сылдыр қап-қара түн
Қыз-жiгiт жағаңа кеп топталатын,
дариға-ай.
Бiр-бiрiн таң атқанша қия алмаған,
Жүрегi шiркiндердiң-ай от болатын,
дариға-ай.

Қарашық ырыс-құтым сарқылмаған,
Жастығым сенде қалды-ай жарқылдаған,
дариға-ай.
Оралдым араға мен жылдар салып,
Аяулы аманбысың алтын далам,
дариға-ай.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30