Менің де даусым естілер

           1987-жыл.

         Сары күз… (қай газет екені есімде жоқ)  ақын Қасымхан Бегмановтың бір топ өлеңдерін оқыдым. Газет мыжылып, жыртылып қапты. Сол өлеңдердің ішінде бір екі  шумақ мені  ерекше  елең еткізді. Әр жолына шүйіліп, қайта-қайта қадалдым.  Қорғасындай  құйылған ойлы сөз мені тұнжырата  баурады.

         Сол күннен бастап Қасымхан Бегмановтың өлеңдерін   іздей бастадым. Бір күні әдеттегіше  Ұлттық  кітапханаға  келдім.  Музыка бөлімінде  ән жинақтарына үңіліп, ескі  граммпластинкаларды  тыңдадым. Әдеби шығармалар бөліміне барып, Қасымханның кітаптарын сұрастырдым. Ізетті, елгезек қыз “Бастау”, “Қарашық”, “Бесіктен бейітке дейін”, “Сағыныш” деп аталатын  кітаптарын  лып еткізіп әкеліп бере қойды. Әр кітапты  беттеп отырып, әр өлеңіне ыждағатпен ден қойдым. Оқыған сайын   сирек бітімді ақынның  жан   дүниесіне  жайлап қана ене бердім.

         Үйге келген соң  мені  әлгі кітаптардың әсері қилы-қилы  толғанысқа салды.                 

         Қасымхан Бегманов! Лермонтовтай тұңғиық, зілді, терең, таккаббар; Есениндей  есіле жөнеліп, аһ ұра беріліп, сүйгеніне, сүйіктісіне құлай түсетін және тез жерініп, тез опынатын ақындық ерекше жаратылыс, ақындық болмыс… алды-артын  ойламайтын көзсіз сері;

Атақты Қасым Аманжоловқа арналған бір өлеңінде:

                            Қабырға сөккен, қазақтың мұңы тербеткен,

                            Қара бала едім, қараша ауылда ер жеткен.

                            Қаратау жақтың  қара талының шыбығын,

                            Ат қылып мініп түскенмін жолға сен кеткен.

 

                            Көсіліп жатқан куә ғой қырат, сай мына,

                            Қырандар көкке қанатын бірден жайды ма?

                            Мәңгілік өмір  іздедім мен де өзіңдей,

                            Қаршадайымнан айналып Асанқайғыға, -дейтіні бар. Осы сөзді айтқанда ол, шынында Қасым ақындай тепсіне, бұлқынатын шу-асау…  Сол Қасымның:

“Шығып жүр ғой бұл күнде,

Қасым деген бір ақын.

Бұзып-жарып киіп жүр,

                              Болды-ау, мынау қыратын” деп шуласқан төңірегіне дес бере қоймайтын өр де паң мінезі осы біздің Қасымханның да бойында бар!

         Ойда жоқта назарыма іліккен осы бір  бейтаныс ақын мені  таң-тамаша  сезімге бөлеп,  ойға қалдырды. Жүрегімде әлі де болса  баса алмай жүрген  пернем бар екен, Қасымханның  ойлы-күйлі жырлары  соны  қозғайын деді.

         Адамды танып-білу  үшін оның қалай сәлемдескені жетіп-ақ жатыр. Ақын да сондай. Өлеңінің бір, не екі жолы, я болмаса бір шумағы көкейге қонса, соның лебімен тербей жөнелсе,  сонда   беймәлім әлемнің сырлы сарайына ендім дей беріңіз. Қасымханның  сол бір газетке шыққан өлеңдерінің ішінде  жыртылмай аман қалған  мына бір  шумағы:

                            Шалқыған дарқан көңілге,

                            Байлыққа ажал қарамас.

                            Жалаңаш келіп өмірге,

                            Өтеді адам жалаңаш, -дейді. Осы сөз мені:

                           

Қарасу есік алды лайланды,

Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

                           Дүние өтерінде шыр айналды, -деп  күңіренген Біржан сал секілді  торықтырып, өмірдің  не екенін  еріксіз ойлантып, әбден тұтқындап алды.

         Мен Қасымханмен жүздесуді ойладым.

 

                                           *      *      *

 

         Күндер өте берді.

Қасымханның  жоғарыда келтірілген шумағы  маған  неге екені белгісіз, қарауытқан жанарына  айықпас  мұң ұялаған Лермонтовтың кейісті жүзін жиі-жиі елестетті. Менің көз алдымда  тұңғиық ойға шомған  Лермонтов тұрды да қойды. Жалт-жұлт еткен  қым-қиғаш ой енді бірде  Лермонтовтың орнында  маған  Қасымханды көрсетеді… бір қызық құбылыс.

         Осындай бір тебіреністі күн… мен жазушылар Одағының  үйіне келдім. Мұнда өзім жиі араласатын “Жұлдыз” журналы бар. Онда әлсін-әлсін музыкалық зерттеулерім басылады. Редакциядағы жігіттерге  кезекті бір материалдарымды тапсырдым да  коридорға шыға бергенім сол еді, орта бойлы, қараторы, ілтипатты жігіт иіле сәлем берді. Менің тосырқаған жүзіме сәл қымсынып: -Аға, Сізді сырттай жақсы білем. Әндеріңізбен өстік. Мен –Қасымхан Бегманов есімді ініңіз боламын, -деді.

         -Білем… білем, өлеңдеріңді оқып жүрмін, -дедім басқа сөз аузыма түспей.

         Қасымхан  да жөпелдемеде  не дерін білмей,  маған сынық мінезбен төгіле қарады.

         -Бір өлеңің…

         -Иә, Ілаға?

         -Бір газетте… өзі элегиялық сарында жазылыпты:

                            Жалаңаш келіп өмірге,

                            Өтеді адам жалаңаш, -дейді.

         Қасымхан өз өлеңінен жатқа айтқан осы жолдарға  жас балаша қуанды. Адамға  жалтақтамай тік қарайтын отты жанары  жүрегінің құштар лебін сездіріп,  сезімі лыпып тұр, мүлде.

Сол кездесуде  Қасымхан өзі отырған бір шағын бөлмеде әлі де болса сиясы кеппеген біраз өлеңін оқыды. Жұдырықтай жүрегін қолына ұстаған албырт ақын бірден ашылды. Нағыз ақынның мінезі!  Жүрегімнің пернесі  діріл қақты. Мені  муза құдіреті биледі. Терең ойлы, сырлы сезімді өлең жолдары  дүррі гауһардай жарқырады. О, тоба, тағы да Лермонтов елестеді. Қандай құбылыс, бұл?

         Лермонтов “Выхожу один я на дорогу” дейтін(Мен ақынның  Абай аударған осы өлеңіне  1962-жылы қарашаның аяғында Пятигорскіде… дуэль болатын Машук тауының  етегі… дым бүріккен жауынды кеште жападан жалғыз келе жатып, романс жазған едім.) атақты  өлеңінде ұлы тірліктің мәңгі тынысын:

                            Жақсы деп өскен-өнген емен ағаш,

                            Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап, -деп толғаса, Қасымхан мені арбаған әлгі  элегиясында:

                            Өседі бәрі қарыштап,

                            Сәбилер әлі-ақ ес білер.

                            Жылдардан қалған алыстап,

                            Менің де дауысым естілер, -дейді, үзілмейтін өмір жалғасын өбектеп. Өз құдіретін білген хас талант еш уақытта ұмытылмайтынын да біледі. Сол ойды меңзейді, Қасымхан. Оған “Мен ақынмын!” деп кеуде қағатын шіркіндердің өресі  жете берсе, қані?!

         Лермонтов пен Қасымхан… екеуінің  арасындағы  уақыт кеңістігі  Жер мен Көктей. Екеуі  ұшы-қиыры жоқ мезгілдің  екі кезеңі… бірақ,  екеуінің  жаратылысы бір, рухы бір. Екеуі де –Ақын! Ақын-тәңір сиы!

                                                   *       *       *

          Ал, бір күні…  күздің қоңыр кеші қызылжалқынданып батып бара жатты. Дачада  дем алып отырғам-ды. Қасымханның  элегиясы  тербей бастады. Ол толқын-толқын боп  шалқитын  “Еділ-Жайық”,  не  жібек самалдай лыпылдаған “Асылым” емес, иен далаға мамырлай жайылатын  “Толағайға” да ұқсамайды. Тіпті,  махаббат мұңы тұнған ең алғашқы романсым - “Ақ қайыңға” да жанаспайды… Қасымханның элегиясы мені Лермонтовтың  Абай аударған “Жолға шықтым, бір жым - жырт  түнде жалғыз” атты өлеңіне  жазған  романсымның  сарынына  жақындатты. Менің жүрегім Лермонтовтың, Қасымханның  жүрегі боп соқты.  Бір тылсым әуездің зілі шымырлатып, тереңге тартып барады.

         Сол түні  дачада  ұйқым бұзылды. Ауық-ауық оянып,  сыртқа шығып, толықсыған  Айға, алыстан жымың қаққан жұлдыздарға қарадым. Таусылмайтын қым-қуыт тірліктен бір сәт дамыл тапқан ұлы тіршілік… дел-сал ой құшағынан  шыға алмадым. Элегия  бірте-бірте ауырлап, енді ол романс лебімен уһілетейін деді. Қасымханды  ойладым. Нұр ойнап тұратын көзі шүңіректене тереңдеп,  дәл осы  элегияны жазу үстінде  жүрегі бірде суынып, бірде өрт боп жанып, ұлы тіршілікті,  өмірді ой таразысына салып, салмақтап отырған қариядай көрінді. Ол маған:  “мына жарық дүниеге  бес күндік қонақ екенбіз… жо-жоқ, бес күніңіз тым ұзақ. Қамшының сабы, ол. Пәлі, олай да емес, қарғаның адымындай ғана. Жоқ, әлі де ұзатып барам, ол… ол – қас  қаққандай сәт! Сонда бұл қысқа ғұмырда  пәни жалғанға  не үшін келдік? Неге  қолымыз жетті, нені мансұқ еттік, неге тырбандық! Үлкендер не үшін “ә, опасыз жалған”деді” деп қадалады кеп.                    

         Сол түні  кірпік ілгем жоқ…

                                          *       *       *

          Соның ертеңінде, күн демалыс еді, композитор Сыдық Мұхамеджанов телефон соқты:

         -Алло, Илья, саламат па?

-Ассалаумағалейкүм,  Сәке!

-Мына  күзіңіз жайлы боп тұр. Тамылжыған  тамыз күні секілді сондай  шуақты. Егер уақытың болса, өзіміз сейіл құратын әлгі бір көл бар емес пе,  Қаскелеңге  шығатын жолдың  он жетінші шақырымы.

-Иә, иә, Сәке…

-Сол жерге барайықшы.

Ұлы сәске кезінде  Сыдық екеуіміз көл жағасында  қыдырып жүрдік. Сыдық “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” операсын жазып бітіп қалғанын сөз етті. Мен оған қызыға ден қойдым. Кей ариясын  өзінің жұп-жұмсақ мақпал үнімен қоңырлатып, айтып та берді. Бір кезде  әңгіме ығытына орай  мен де шешіліп, қалай әндеткенімді сезбей қалдым. Сыдық жүріп келе жатып, кілт тоқтады да: -Бір  тосын әнді естідім бе, қалай? -деп, қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата жымиды, -бірақ, әннен ауырлау …

         Мен  қалтамда  жүрген газет қиындысын  көрсеттім. Қасымханның элегиясы… Сыдық екі шумақ өлеңге ұз - а - ақ үңілді. Сөйтті де  екі қолын артына ұстап, үн-түнсіз жүре берді. Мен: “өлең ұнамады ма?”  деп іштей тыпыршыдым. Сыдықтың қабағы түйілді.  Түсі бұзылды. Қабара түнеріп, Бетховен секілді тұнжырады.                                                     

Көлдің бетін лүп еткен самал желпіді. Ақирек  толқын  ақ көбіктеніп, жағада шылп-шылп етті. Сыдық көл бетіне  сүзіле қараған күйі: -Жан-жағым толған ақын. Иә, бізде ақын  көп-ақ. Бірақ, шабыт қысқанда көзіме  тек  Қуандық қана көрінеді.  Мұның сырын не десем екен, саған? 

Алматының бозғылт тұман түнінде,

Көп тұрып ек жасыл терек түбінде.

Жасың төгіп, асылып ең мойныма,

Қайда, қайда сол минуттар бұл күнде?

Бір кездерде  осылайша  толғаған Қуандықтың  осындай романсын басқа ақындардан іздеймін, дәйім. Таба алмаймын. Тосыламын, тығырыққа тіреліп. Романс – менің  стихиям ғой! Сол  стихиямнан суынып барамын. Жүректі ұйытқан бір беймаза  сезім осы. Мына бір екі шумақ өлең… газеттің түрі мынау, жыртылған… бұл өлең  бар-жоғы осы  ғана  ма? –деді.

Мен: -Иә, - дедім.

-Іштегі қайнаған сезімнің жылт еткен қайнары, бұл! Ар жағы тым терең екен. Сарқылмайтын, таусылмайтын  түрі бар. Жаңағы бір ыңылдағаның романс лебі… дәл басып тұрсың, ақын жүрегінің пернесін. Мұны дәл осы күйінде нотаға түсір. Басқаша құбылтпа.

Бұдан әрі сөз болған жоқ.

Сыдық екеуіміз әрқайсымыз өз ойымызбен өзіміз толғанып, күздің қоңыр лебімен діріл қаққан су бетіне  қарап, келе жаттық. Тым алыстан талып жеткен құстар үні естілді. Алашарбы бұлт шұбатылған зеңгір көкке  ойлана көз салдық. Мезгілдің тағы бір  күзі…

                                           *        *       *    

 Арада  екі күн өтті.

Мен Қасымханмен телефон арқылы сөйлесіп,  элегияның басқа да шумақтарын  білдім. Әрі ойланып, бері ойланып,  тағы бір шумағын  жазып алдым. Бұған көңілдене қалған Қасымхан: -Кездесейікші, Ілаға, -деді, өтінген сыңай танытып.

-Жарайды,  -дедім.

Қасымхан екеуіміз көкқасқа суы сарқыраған Кіші Алматы өзенін жоғары өрлеп, қалың  тоғайдың ішіне кірдік.Сұлу табиғаттың көркін тамашаладық. Көңіл сергіді. Емін-еркін сырластық. Әңгіме арасында  жаңа романстың сөзін  қайта-қайта оқып, оны:  “Менің де дауысым естілер…” деп атадық. Мен  тау жоталарын алқызыл нұрға бояп, батып бара жатқан қызыл күнге сарыла қарап тұрып:

                   Алысқан пәни жалғанмен,

                   Адамды арман тербейді.

                   Аңыз боп, ән боп қалғанмен,

                   Өлгендер қайтып келмейді.

 

                   Шалқыған дарқан көңілге,

                   Байлыққа ажал қарамас.

                   Жалаңаш келіп өмірге,

                   Өтеді адам жалаңаш.

                    Өседі бәрі қарыштап,

                   Сәбилер  әлі-ақ ес білер.

                   Жылдардан қалған алыстап,

                   Менің де даусым естілер, -деп қоңыр мұңды  шыңыраудан тартқандай уһілеп  әндеттім.

Романстың  соңғы сөзі  біте бергенде  Қасымханның  жанары ымырт үйірілген кеш секілді қарауытып, кірпігіне  ып-ыстық жастың  мөлдір моншағы ілінді.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30