Оңтүстік – салт-дәстүр мекені

Үстіміздегі жылдың қараша айының он сегізінші жұлдызында ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов ресми салтанатты жағдайда ашқан Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңы бір гектардан астам аумақты қамтиды. Облыстық бюджет есебінен қаржыландырған бұл ұлттық нысанның құрылысын «Заңғар-Сәулет» ЖШС  жүргізген.

Алаң аумағында «Ауылым − алтын бесігім» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған.

Сәулеттік жоба болашақта жалпы 50 гектар алқапта орналастырылмақ. Мұнда «Наурыз» алаңынан бөлек, тарихи-өлкетану мұражайы, салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, этносаябақ, көл жағалауы, қолөнершілер шеберханасы секілді тарихи-мәдени кешендер бой түзейтін болады. 

Келешекте бұл аумақта айтулы мәдени көпшілік шаралар өткізіліп, бірыңғай сәулеттік кешен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны болып қалыптаспақ.

 

Қала халқын қуанышқа бөлеген «Наурыздың» салтанатты ашылуына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, шаһар басшысы Дархан Сатыбалды, осы мерекеге арнайы шақырылған «Дәстүр» журналының бас редакторы, белгілі ақын Қасымхан Бегманов, сондай-ақ зиялы қауым мен қаламыздағы түрлі диаспора өкілдері, облыс  тұрғындары қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің  ұлттық  «Наурыз» алаңын  ашу  салтанатындағы сөзі:

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Шымкентке жұмыс сапарымен келгенде: «Шымкент − сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады!», − деген еді.       

Бүгін біз Елбасы айтқан сол оймақтай ойдың шындыққа айналғанына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Шымкентте ірі мегаполиске бастайтын бірқатар нысандар бой көтеруде.                Солардың қатарын бүгін «Наурыз» алаңы толықтырып отыр.

Алаңға «Наурыз» атауының берілуінде де үлкен мән жатыр. Өздеріңіз білесіздер,  Наурыз − бар тіршіліктің бастауы және жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, болашаққа бағыт-бағдар жасайтын ерекше сәт. Табиғат ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін  кезеңі.

Халқымызда «Наурыз Қазығұрттан басталады» дейтін ұғым бар. Сол қасиетті Қазығұртта жер-жаһанды топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемесі қайырлап, тіршілік қайта түледі дейтін аңыздар да жетерлік. 

Жалпы алаңы 1 гектардан асатын аумақта «Ауылым − алтын бесігім» атты барельеф, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композициялар ұлттық тарихымыздан сыр шертіп, сайын даланы мекендеген ұлы халықтың болмыс-бітімін даралайды.

Келешекте мұндағы бірыңғай сәулеттік ансамбльді тарихи өлкетану мұражайы, салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, этно-тарихи нысандар мен қолөнершілер шеберханасы толықтырып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенім мол.

Алдағы уақытта осы алаңда халқымыздың тарихын ұлықтап, ұлттық салт-сананы жаңғыртатын көптеген игілікті шаралар өтіп, жұртымыздың ауызбірлігі мен бауырмалдығын бекемдей түседі деген ойдамыз. 

Баршаңызды әлеумет үшін маңызы зор жобаның табысты іске асуымен құттықтай отырып, отбасыларыңызызға амандық, бақ-береке тілеймін!»

 

«Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын  Қасымхан Бегманов:

«Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйым – қазақ халқының бітім-болмысы, табиғи жаратылысы. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп, бүгінге тамтығы  ғана жеткен таңғажайып педагогикалық университеті. Қазақтың кешегі қарапайым кемпір-шалдарының тәлім-тәрбиесін алған, бүгінгі аға толқын өкілдері кімнен кем?  Сол толқынның өкілдерінің тікелей басшылығымен, көк туын көкке желбіретіп, тәуелсіз мемлекет құрып жатырмыз. Мемлекет болғанда қандай! Керуен де, керуен боп кезегімен келмеске кеткен ата-бабаларымыздан қалған, ұшқан құстың қанаты талатын ұлы даланы шекарамен тас қылып бекітіп алған  таңғажайып  мемлекет.

Біздің  халықтың дінін, ділін, тілін, ұлттық рухын, салт-санасын, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын, тұрмысын, мәдениетін, әдебиетін, тағамын, киім-кешегін, ән-күйін, билерін, төрт түлік малын, көркем  табиғатын  жастарымыз терең түсінуі, жан-жақты білуі үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек.

Жеке бастың намысы, ұлттық намыс, елдік намыс, отаншылдық, мемлекеттік намыс болуы керек. Өз ұлты теңсіздікке ұшырағанда оған ара түсу үшін, жанкештілікке бару – ұлт намысын қорғағандық.

 Біздің қазақ жылқы мінезді, арғымақ тектес халық. Сондықтан қазақтың шабына, намасына тие беруге болмайды.

Менің құрдастарым, менен сәл кіші және үлкен адамдар өте жақсы біледі. Ата-әжелеріміз бізге үнемі: «табалдырықты баспа, босағаны керме, үлкен кісінің жолын кесіп өтпе, сөзін бөлме» деген тәрізді ескертпелерін күнделікті  айтып отыратын. Бұндай ескертпелердің соңы  аңыз әңгімелермен, ертегі, жыр-дастандарына  ұласып жататын. Біздің бала қиялымыз көкке көтеріліп, аспанға қалықтайтын.

  Міне, менің жоқтайтыным, менің үнемі іздейтінім, алаңдайтыным  бүгінгі, ертеңгі  ұрпақтың жайы. Біз бүгінгі ұрпаққа кешегі бізді тәрбиелеген сол  қарапайым ата- әжелерімізден қалған мейрімділік, адамгершілік, ежелгі тал бесіктен жер бесікке дейінгі халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиымдарымызды тегіс табыстай алдық па?

Ғасырлар қойнауынан аман жеткен ұлттық жауһарларымызды жоғалтып алған жоқпыз ба? Барлық бастау дәстүрден басталатынын бүгінгі күні Елбасымыз да өз Жолдауларында нақты айтып-ақ жатыр. Енді осы бастаулардың басы, жалғасы болатын салт-дәстүрімізді жас ұрпаққа қалай насихаттай аламыз. «Баланы мектепке барғаннан кейін емес, баланы ананың құрсағында жатқан кезден тәрбиелеу керек» деген еді маған атақты этнограф Жағда Бабалықұлы. Баланы ана құрсағында жатқанда тәрбиелеу керектігін бүгін бүкіл әлем де  мойындап отыр.

Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжеміз  осы салт-дәстүріміздің бәрін ұстанған, оны балаларының, немерелерінің бойына  терең сіңірген. Қасиетіңнен айналайын Зере анамыз дәрет алмай, омырауын жумай перзенттерін  ешқашан емізбеген екен.

Аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным ханымның елді ақылмен басқарғанын, ата-дәстүрімізді Шоқанның бойына сонау сәби кезінен терең сіңіргенін біз тарихтан жақсы білеміз.

Әлі күнге дейін алыс ауылдарда шашылып жатқан, қағазға толық түсе қоймаған салт-дәстүрімізді бүгінгі ұрпақтың санасына қалай құямыз. Бізден оларға не қалады, деген ойлар менің жанымды  үнемі жегідей жейді.

Жердің бетінде қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын осы Оңтүстік Қазақстанның халқындай ұстайтын,  дәріптейтін бірде-бір халық жоқ.

Қазіргі таңда  салт-дәстүрімізді  шынайы іздеп, жоқтап жатқан ұлан байтақ қазақ елінде Асқар Мырзахметовтей  әкім жоқ.

Көктем де Оңтүстіктен басталатыны сияқты осындай игі бастамалардың көбі осы Оңтүстіктен басталып жатқанын көріп жүрміз. Оған мысал ретінде мынау бүгінгі ашылып отырған ұлттық «Наурыз» алаңын айтсақ та болады.

Наурыз туралы қазақ зиялылары көп айтып, көп жазды.

Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған күні,   күн мен түн теңелген деп анық көрсетіледі.

Ал,  Міржақып Дулатов ұлтымыздың осы бір ұлы мейрамы төңірегінде талай толғанды. Кейбіреулер бұл мерекені әлі күнге діни мейрамдармен шатастыра береді. Наурыздың ешқандай дінге қатысы жоқ. Наурыз біздің таза ұлттық төл мерекеміз. Ал  қазақ қазақ болғалы тойланып келе жатқан жалғыз мереке ол  – осы Наурыз ғана.

Туған елім, Оңтүстік халқының тойы көп болғай. Осы Алаңда Наурыз тойы ғасырлар бойы тойлана бергей.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30