Табиғат –ұлттық дүниетанымның іргетасы

Еліміздің егемендік алуымен байланысты 1990-жылдардан бастап өз ана тілімізде биологиялық төл оқулықтар жарық көре бастады. Мұндай төл оқулықтарға бастауыш сыныптарға арналған «Дүниетану», 5-сыныпқа арналған «Жаратылыстану», 6-7-сыныптарға – «Өсімдіктану», 7-8-сыныптарға – «Жануартану», 9-сыныпқа – «Тәнтану», ал 10-11-сыныптарға арналған «Тіршіліктану» оқулықтары жатады. Бұл оқулықтарда негізінен өз елімізде өсетін өсімдіктердің және елімізде кеңінен таралған жануарлардың өздеріне тән әрі биологиялық, әрі экологиялық ерекшеліктері оларды қорғау мәселелері туралы ұлттық дүниетанымдық ұғымдар кеңінен қарастырылды. Кейіннен, яғни 2000-жылдардан бастап, бұл төл оқулықтар жаңа буын оқулықтары деп өзгертіліп, оларға қосымша бірнеше оқу-әдістемелік кешендер жазылды. Қазіргі кезде бұл жаңа буын оқулықтарының 2-3-4-басылымдары жарық көріп үлгерді.

Толығырақ: Табиғат –ұлттық дүниетанымның іргетасы

Қазақ шырақты сөндірмеген

...Алқа-қотан киінген жастар. Көңілдері шат, жүздері жарқын. Кілемшелер үстімен екі жас топты жарып келеді. Басқан жерлері жұмсақ, мінездері халыққа жәйлі болсын деген ниетпен жеңгелері, құрбылары бұлғынның, түлкінің, тағы басқа аң терілерін төсеп жатыр. Имене басқан екі жастың өңдері бал-бұл жанады. Алдарынан шығып қарсы алған қыз анасы жанып тұрған оттың жанына алып барды. Қыз жеңгесі әкелген шыны ыдыстағы майды отқа тамызды да, «От-Ана, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым, Жер-Ана, тәу-тәу өзіңе тапсырдым» деп түтін иіскетіп, алауымен жастарды аластады. Шымылдыққа алып барып, «Ақ төсек, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым, Зәр белбеу, тәу-тәу өзіңе тапсырдым» деп ата-баба ырымын жасады...

Толығырақ: Қазақ шырақты сөндірмеген

Келін түсіру

Қазақтарда отбасы мен некеге қатысты сонау ежелден келе жатқан көптеген әдет- ғұрыптар, салт - дәстүрлер болған.  Ата- ана өзінің ұлын үйлендіру қамын әрқашан ойластырып жүрген.  Қазақта жеті атаға толмаған туыстар арасына неке қиюға қатаң тиым салынған. Болашақ келінді бала кезінен бастап іздестіре бастаған. Тіпті бала дүниеге келмей жатып сыртынан атастырып қоятын болған. Ал, қыз баланы болашақ келін, ибалы ана болуға жастайынан тәрбиелейді. Қыз өз үйінен ұзатылып, жұбайының үйіне келін болып түседі. Осы кезде көптеген ырымдар, жөн - жоралғылар жасалады.

Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру әрбір ата -ананың парызы. Кез келген отбасы үшін келін түсіру қуанышы мен қызығы мол мереке. Бұны туған - туыстар, бүкіл ауыл жиналып тойлайды. Қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей келін түсірудің өзі де, боладысы да қызық. Ауылдың қыз - келіншектері жас келінді қарсы алып, шашу шашады. Келін ақ босағаны оң аяқпен аттайды. Жаңа түскен келін беташар дәстүрі жасалғанша шымылдық астында отырады. Оны көру үшін беташар жасалады. Жас келіннің бетін ашарда екі жағында ауылдың көргенді, ибалы келіндері демеп  тұрады. Беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, қайынжұрты және басқа жұрт таныстырылып, жас келін оларға сәлем жасайды. Сәлем алған адамдар көрімдік береді. Беташар тойдың сәні, жас келіннің жаңа өмірге қадам басқанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі.

Келіннің беті ашылып, жас отауға кірерде жасалатын көне ырымдардың бірі – отқа  май тамызу. От – халық зердесінде қасиетті ұғым. Отпен аластау, от ана, отың өшпесін, ошақтан от кетпесін деп ауылдың сыйлы анасы келінге отқа май құйдырып, бетін сипап, аластайды. Жас отауды отпен аластау жын– шайтан иектемесін, пәле – жаладан сақтасын, махаббаттары оттай лауласын деген ниеттен туған ырым болса керек.

Тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет– ғұрыптың бәрі биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың биік тұғыры. Қазақ келінді малдың терісіне отырғызған. Себебі, келіннің мінезі жұмсақ болсын, ұрпақты болсын деген ырым. Одан әрі келіннің жасауын шешіп,  жиналған қауымға көрсетеді.

Той тарқап, үй иелері оңаша қалғанда  туыстары келін қолынан шай ішуге жиналады. Келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шай құяды. Жас келін мұндайда кесені сылдырлатпай, шай құя отырып, өзін танытады, шеберлігін, ыңғайын байқайды. Бұны «келін шай» деп атайды. Күнде таңертенгісін жаңа түскен келін басына жаулығын тартып, күйеуінен жасы үлкен отбасы мүшелеріне иіліп сәлем салады. Сол арқылы үлкендердің ризалығын, батасын алып отырады. Сөйтіп, келін түсіру тойының аяғы оның қолынан шай ішумен аяқталып, жас келін осы үйдің бір мүшесі болады. Міне, қазақ халқымыздың тойлары осындай салт-дәстүрлерімен мәнді, қызықты болып келеді.

Қазіргі кезде осындай наным сенімнен туған көне салт -  дәстүрлеріміз қайта жаңғыруда. Қыз ұзату кезіндегі салт -дәстүрлер, киім кию мәнері, келін түсіргенде, ақ босағаны аттар алдында  жасалатын салт жоралғылар қайта жалғасын табуда. Осы сынды үлкен мағынаға толы дәстүрлерімізді, наным -сенімдерді ұмыт қалдырмай ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру қажет. Егер ұлттық құндылықтарымызды жоғалтатын болсақ келер ұрпақ өзінің қазақилығын, ұлтшылдығын жоғалтады.

Меруерт ҚАБДЫЛОВА

БАС ИЕСІМЕН ДӘМДІ

Жылы-жұмсағын қонағына сақтайтын қазақ халқы үшін, өзі баптап баққан адал малы-ның өнімін азық ету жан сақтаудың амалы ғана емес, ар сақтау көрінісі де. Ұрпақ тәрбиесі – ұлтымыздың  ежелден  келе  жатқан  ұлы  мақсаты. Сондықтан  барлық әрекеттің, соның ішінде  тамақтану  мәселесінің тәлімдік астарына да үлкен мән берілген. Асты талғап жеп, малдың әр сүйегіне  сый-құрметке сай  мазмұн  сыйғызып, қастерлеп-қасиеттеген, инабат-тық иірім ұялатқан.

Қазақ халқы құрметтеген қонағына қойдың басын тартады. Мұндай кәде тек қазақта ғана бар. Қырғыздар да бас тартады, бірақ олар оны сыйлы қонағына емес, балаға береді.

 Бас пен жамбас сүйек еш уақытта ажыратылмаған, екеуі бірге жүреді. Өйткені бастың өзін аяқпен жалғап көтеріп тұрған ең буынды жалпақ жілік –жамбас. Еті әрі қоңды, әрі жұмсақ.

 Бастың   құйқасын   күйдіріп  алмай  үйітіп, қылшығын   қалдырмай   жуып,  жігін   қуалай айырып, кеңсірігін сілкіп, көзінің шелін ағызып,тісін қағып,бөлек қазанға суық суға салып асады. Тұзын татытып, қанды көбігін алып тастап, бүлкілдете қайнатып, құйқасын сылып алмай былбыратып пісіру – ас әзірлеушіден едәуір шеберлікті талап етеді. Жұмсақ болып, әрі тезірек пісу үшін сорпаға бір ас қасық  су  араласқан  сірке суын  немесе лимон  шырынын, тіпті  болмаса  бір  шай  қасық  ас содасын қосып жіберуге болады. Дұрыс піскен бастың құйқасының шырыны қолға жабыспайды.

Алдына  бас  келген  адам  оны  жайдан-жай  жей  бермейді.  Құрметтеу  бар да, құрметке лайық  болу  бар. Басты жөнімен бөліп, үлестіре білудің өзі – үлкен сын. Сыннан сүрінсең, – кісілігіңе тағылған мін. Демек, бас ұстауға да бас керек. Бір ескерте кететін жағдай, қаншама жолы үлкен болса да,әкесі бар кісі, күйеуі тірі әйел бас ұстамайды.Өз жолын өзі кескен  болып  саналады. Кейуана  ел  анасына  басқа  бата беру лайық болғанымен, бас бөліп отыру  аса  қолайлы  емес. Әдетте, жөн  білетін үлкен  әжелер бастың етінен жай ғана ауыз тиіп, оны  бөлу  міндетін  басқа  біреуге  жүктейді. Бұл міндеттің жүгін көтеру оңай шаруа емес. Жеке табаққа салынып ұсынылатын  бастың  маңдайы  айшықталып, жарқырата тілі-неді. Бұл – «төрт бағытым түгел, төрт түлігім аман, маңдайымыз  ашық, пәле-жала  қашық болсын» деген ниеттің белгісі. Тілінген  айшықтың  үстіне  бір  шөкім ет қойылады. Табақ тартқан кісі бастың батасы берілген соң, етті аузына салып жеп қояды. Онысы –  «батаңыз – бізге, басымыз – сізге» деген ниет. Тартылған бастың шүйдесі қонаққа, тұмсығы иесіне қарай қаратылып қойылады.

          Бастың батасы:

Бисмилләһи-иррахмани-ир-раһим!

Бас бердіңіз бізге, рахмет сізге!

Жасыңыз жетсін жүзге,

Ұлыңыз оншақты болсын,

Қызыңыз моншақты болсын.

Әуелі бердің шай,

Көңілің болсын жай!

Екінші бердің ет,

Көңілің таппасын ешбір дерт!

Үшінші бердің сорпа,

Болмасын бағың орта! Әумин!

Батадан  соң  «енші»  үлестіру басталады. Қадірлі қонақ әуелі не шүйденің бауыздау шетінен  немесе  екі  езуден  кесіп  алып, ауыз  тиеді. Мұнысы – «мен   сендерге  сүйеу   болам, тілеуіңді  тілеймін»  деген   ишара. Бастың  оң  құлағын  кесіп, шаңырақтың  ең  кішкентай баласына береді. Кейбір өңірде үй иесі оң құлағын өзі кесіп алып  қалады. Ол – «осы үйде де құлақтың иесі бар, малдың киесі орнында қалсын, ұрпағы сақ болсын» деген белгі. Әрі қарай «палуан бол» деп шүйдеден, «беделді бол»  деп  маңдайдан, «езуіңнен күлкі кетпесін» деп құйқаның  езуінен  етекте  отырған  келіндерге, «пейіштің  шөбін  иіскеген  жері» деп тұмсық тұсынан, «мәртебелі бол» деп төбесінен, «батыр бол» деп желкесінен, «пәленшені көздің қарашығындай сақтаңдар» деп екі жанашырға екі  көзді, «қамқор  болыңыздар» деп көздің жұмсақ етін тілеуқор үлкендерге ұсынады. «Шешен бол» деп таңдайды кішірек қыз балаға алақанына соғып ұстатады да, «алғыр бол»деген қосымша тілек айтады.«Әнші бол» деп көмейді, «құлағың жақсылыққа түрік болсын» деп, сол құлақты ойып үлестіреді. Жартылай етінен ажыратылған басты «орта табақтағы» сыйлы  бір  қонаққа ұстату, болмаса «бас иесіне» қайтару да әдебімізде бар. Басты толық  тақырлап  мүжімей, жартылай мүжіп қайтару – сыпайылықтың, әдептіліктің белгісі. Күтушілердің  арасындағы  қағылездеу біреуі бастың миын шығарып,тостағанға аздап тұздық,жылы-жұмсақ араластырып, «мипалау» даярлап, бас ұстаған кісіге қайтарады. Ол оны отырғандарға тегіс ауыз тигізеді. Тіпті, тісі  шықпаған  балаға  дейін  сыбағасыз  қалмайды, оған  кеңсіріктің  ішіндегі шеміршекті береді. Тісі қышыған  сәби  шеміршекті  кеміріп, бір жырғап  қалады. (Қазіргі кезде резіңке кеміртеді ғой).

Бұл салтымыз қауымдағы әр адамның міндеті мен орнын есіне салады.

Мүжілген  бастың, әсіресе  құрбанға  шалған, садақаға сойған малдың қаңқасын терең суға ағызып немесе ошақтағы отқа өртеп жіберетін болған, еш уақытта итке тастамаған. «Малының басын ит мүжіген – жаман ырым» деп есептелінеді.

 Ендігі  кезек  құрмет-дәрежесі  бастан  кем  түспейтін, бір  табақтың жүгін бір өзі көтеруге жарайтын  жамбасқа келіп, шетінен  кертіле туралып, жамбас ұстаған адам әуелі «өз сыбағасын»  ауыз  толтыра  бір  асағаннан  кейін,  «біздің жолымызды берсін, береке-бірлігіміз ажырамасын» деген тілекпен отырғандарға «асату» жасайды.

 Демек, халқымыздың  тамақтануының өзі тағлымы мол, әдептік-тәрбиелік мәні зор  басқосулар мен сыйластықтың, өзара қарым-қатынастың дәнекері болып табылады.

                                                                               

                                                                                                 Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ,

Ұлттық салт-дәстүр академиясының академигі

Қазақтың сәлем беру және жол беру дәстүр

Қазақ халқы салт-дәстүрге өте  бай халық. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойымызға сіңген салт-дәстүріміздің  ғасырдан-ғасырға ұрпақтар көшімен бірге ілесіп, өз құндылығын жоғалтпай  келе жатқаны да тегін емес.  Халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиетіне мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Атап айтар болсақ, «Мәдени мұра»  бағдарламасы  халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылауға, салт-дәстүріміздің бүгінгі заманға лайық өз орнын табуына үлес қосты. Елбасымыздың биылғы жылғы жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Мұның өзі елімізде тұратын барша ұлт өкілдерін татулық пен ынтымақтастық аясында өмір сүруге шақырса керек.

Толығырақ: Қазақтың сәлем беру және жол беру дәстүр

Тағы мақалалар...

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30