Күй

 

«Күй – бұрын-соңды құлақты біткеннің құлағымен тыңдап, жүректі біткеннің жүрегімен сезіп көрген дыбыс, ырғақ, үн, әуен біткеннің сонау алыс асқарда тұрған қожасы» (Белгілеу дәптерден)

Күйден басқа өнерді Аллатағала дүниежүзіндегі барша халыққа ортақ етіп таратқан екен. Ел біткеннің арасынан азғана дарын иелері құдайдың жарлығымен жаралып өз-өз  заман, кездерін өлеңмен өрнектеп, суретпен бейнелеп... деген секілді өнердің әрбір түрімен өзгеге жарық сыйласа керек. Ал «КҮЙ» - деген, құдіреті басым өнерді құдай тек қазаққа ғана еншілепті.

Толығырақ: Күй

Өскелең ұрпақ шежірені білсе...

Қазақ шежірелерінің көптеген нұсқалары Қазақстан Республикасының Орталық Ғылыми кітапханасында, Ұлттық кітапханада, Мемлекеттік Орталық мұрағатына жинақталған. Бір ғана Орталық Ғылыми кітапхана қорында 20 мыңдай қолжазба болса, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 6 мың беттей шежіре бар. Ал өлеңмен жазылған шежірелердің басым көпшілігі еш жерде жарияланбаған. Солардың біразына тоқтала кетсек.

«Түрік тайпалары мен қазақ үйсіндер» атты жыр-аңызы ақын Төлтай Меңлібайұлы жазып алып, 1960 жылы ӘӨИ-дің қолжазба қорына өткізген. Жыршы шежіреде адамзаттың тарихын  Адам атадан бастап түгел қамтып, қазақтың үш жүзге бөлінетін құрылымына дейін таратып жырлаған. Асан ата шежіресіне сүйене отырып ежелгі тайпа, ру, жер атауларын көптеп пайдаланған. Соның ішінде Ұлы жүз руларына шолу жасаған. Шежіре аңыздың тағы бір ерекшелігі – жырлаушының тарихи деректер мен оқиғалардан жан-жақты хабардар болуы. Өйткені мұнда тек қазақ рулары туралы ғана емес, өзге де халықтардың шығу төркіні жан-жақты сөз болады. Сондай-ақ жыршының грек (мәтінде иунан), қытай ғалымдары мен М.Қашқаридың еңбектерімен таныс болғанын:

Толығырақ: Өскелең ұрпақ шежірені білсе...

Балабақшадан бастау алған ұлттық тәрбие

Еліміздің ертеңгі болашағы балаларға ұлттық тәрбие беру – қазақ халқының басты міндеті. Ұлттық тәлім-тәрбиенің басты мақсаты – адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, туысқандық, әдептілік, әдемілік болып табылады. Балабақша – бала тұлғасының қалыптасып, білім нәрінің бастау алатын алғашқы білім ошағы. Балаларды балабақшадан бастап ақылдылыққа, алғыр ойға, тілдік шешендікке, ісмерлікке баулу – ұлттық тәрбиенің басты мақсаты.

Толығырақ: Балабақшадан бастау алған ұлттық тәрбие

Қымыз - қазақтың ұлттық сусыны

Ана сүті мен жылқы сүті - біздің тарихымыздың басы.

Ғафу Қайырбеков

"Ас - адамның арқауы" деп даналық ой қалдырған бабаларымыз ғасырлар бойы табиғат анамен біте қайнасып ғұмыр кешкен. Жаратылысың берген несібесін теріп жеп, табиғатпен біте қайнасып ұрпақ өрбіткен. Ризығы мол Алла тағаланың жаратқан пендесі көшпелі өмір керуенінде ең құнарлы мың жарымнан астам тағамдарды азық еткен дейді зерттеуші ғалымдар.

Толығырақ: Қымыз - қазақтың ұлттық сусыны

Монако сапары


Европадағы кішкентай ғана мемлекет– Монакода жыл сайын футболдан УЕФА суперкубогі сарапқа салынатын дүбірлі додаға досым Әлішер Толыбаевтың тікелей ұйымдастыруымен 2011 жылдың тамылжыған тамызында барып қайтқан едік.

Иә, баяғы ұлы Бейімбетше айтар болсақ, «бәрін айт та бірін айт, колхозшының жырын айт» демекші бұрын спортқа ел құсап елігіп елжірей қоймайтын қайран басым, досым, құрдасым Әлішер қызықтырып еліктірген соң, қайда қалмаған, қайда  кетпеген он күн деп келісе кеткем. Бар жұмысты кейінге ысырдық. Келіспегенде ше, баратын жерің Шымқала, тіпті Астана да емес бұрын атын еміс-еміс қана есіткен, картадан іздесең әрең табатын  алыстағы мен үшін жұмбақ Монако емес пе ол?  Тіпті дулы футбол матчын былай қойғанда, бұрын көрмеген елді көрудің өзі бір ғанибет емес пе?

Иә, сонымен төрт адам боп аттанатын болдық. Төртеуміз деп отырғаным  шымкенттік ежелгі достарым Әлішер Толыбаев, Мейрамәлі Әбдірамановтармен,  тараздық құда Досан Рымтаев деген азамат. Досан құда жас болса да Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, Тараз төңірегіне іскерлігімен жақсы аты шыққан белгілі кәсіпкер. Жанымдағы азаматтардың үшеуі де осы заманның іскер азаматтары. Алды бірнеше ірі өндіріс, кәсіпорындарының иелері. Бизнестерін әлдеқашан жолға қойған, тұрақты табыс көздері бар алпауыт жігіттер. Ал, сырлас Әлішер досым екеуміздің жер бетінде бармаған жеріміз, араламаған елдеріміз саусақпен санаулы-ақ шығар. Ары кетсе жарты жыл, кейде күйбең тірліктен жалыға бастасақ  төрт-бес айдан кейін-ақ бұрын табанымыз тимеген бір елге он шақты күнге тартып отыратын әдетіміз бар. Бұл жолы да дәл солай болды.

Монаконың Алматыда арнайы өкілдігі жоқ. Сондықтан ұшуға рұқсат ететін құжаттарды Францияның визалық орталықтарынан алуға болады екен.

Сапарластарым қажет құжаттарды дайындау үшін Алматыға бір күн ерте келіп, қайтқан. Алматыдағы Фурманов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан Франция елшілігіне, бізді осы ойынға шақырған Төле би көшесінің бойындағы туристік агенттікке бірнеше мәрте барып жүріп бітірдік-ау, әйтеуір.

...Біз мінген алып әуе лайнері Алматыдан Амстердамға жеті сағаттай   ұшты-ау деймін. Бұрын басқа да алыс елдерге ұшқандағы самалеттердің әуедегі  шыңарауға құлағандай селкілдерінен, кездейсоқ оқыс қалшылдарынан әбден зәрезап болған басымыз бұл жолғы артық дыбысы да естілмей жайлы ұшып, өте сәтті қонған әуе алыбына риза болысқан кейіппен Амстердамның аэропортына келіп түстік. Осында түрлі себептермен біраз кідіруге тура келді. Сондықтан азда болса бұл шаһар жайлы бірер жайтты айта кетсек артық болмас.

Мынау көкпеңбек боп керіліп жатқан Амстердам - Нидерландының ең үлкен қаласы, Голландияның астанасы. Қала Амстел өзенінің бойында орналасқандықтан осы өзеннің атымен аталған тәрізді. Бұл қаланың негізі 12 ғасырда  алғаш рет санаулы балықшылар ғана тұрған шағын елді-мекені ретінде пайда болып, содан ұлая, өсе келе бүгінгі таңда  оның 172 ұлттарды қамтитын 743,104 тұрғыны бар. Жалпы шаһар маңындағы тұрғындарымен қоса есептегенде – 1,5 миллиондай халық тұрады. Кейбір дерек көздеріне қарағанда баяғыда Нидерландының алтын дәуірі кезінде әлемнің ірі сауда кемежайы, қаржы және гауһар орталығы болған екен. ABN Amro, Akzo Nobel, Heineken International, ING Group, Ahold, TomTom, Delta Lloyd Group және Philips  тәрізді дүние жүзіне мәлім көптеген нидерландияның аса ірі корпорациялары мен банктерінің бас-кеңселері дәл осы қалада орналасқанынан бұрын да аздап хабарым бар болатын. Ал біздің қолымыздағы дерек бойынша осы Амстердам әуежайы Еуропадағы төртінші ең ірі әуежай болып есептеледі. Амстердамнан ішкі рейспен Француздардың Ницца деген қаласына ұштық. Европада ішкі рейстерге арналған бұл ұшақтар ұшып қонуға өте ыңғайлы, иекемді жайлы орындарда екі адам қатар отырып ұшатын шағындау ұшақтар. Міне, сол ұшақтан төменге көз салсаң түбі көзге әрең-әрең еміс-еміс қана  көрінетін тұңғиық шыңаулардың үстімен ұшып келеміз. Тү-у-у тереңде жарқыраған көлдер, қарауытқан жерлер, қарлы шыңдары күнге шағылысқан әлдебір таулар бұлттарды жарып шыққан сәттерде көзге шалынады. Бөтен ел, басқа жерде адамға бәрі таңсық. Менімен қатар отырған Әлішер бір сәт қалғып кетіпті. Кеше түнде Мейрамәлі екеуі Шымкенттен, Досан құда Тараздан келе сала таңғы рейсте ұшатын ұшаққа отырғанға дейінгі екі арадағы сабылыс үшеуінде қалжыратып-ақ тастағандай. Үш серігімде алаңсыз ұйқыға кеткен. Өз басым оларға Алматыдан қосыла салғандықтан ба екен, әлі сергекпін. Барлық көріністерді санаға жазып алғым кеп төменге тесіле мұқият қараймын. Осы сапарға шығарда бұл елдің тарихын түгелдеп көп ежектегесін бе екен, көңіл құрғырың әлде неге алып ұшады. Міне, Ницца қаласына да жеттік-ау. Ниццаның аэропортынан бізді арнайы көлікпен орыс тілін бұзып түсініксіздеу сөйлейтін жас француз жігіті күтіп алды. Біз оның көлігіне отырған соң бірден Монакоға тарттық. Тауды тесіп жасалған тунелді таспадай тартылған теп-тегіс жолмен жүйіткіп келеміз. Төңірегімізге қызыға қараймыз. Бір метр бос жер жоқ. Таудың басына дейін қия беткейлерге екі-үш қабатты үйлерді мінгестіріп салып тастаған. Сырт көзге қызылды-жасылды үйлер таулардың етегінен бастап, басына дейін тасты жарып салынғандықтан, оларға апаратын қия жолдар таулардың белінен бірнеше рет орап тастаған белбеулердей алыстан көз тартады. Бізге бәрі таңсық. Төңірекке жанарымызға сыйғанша ашқарақтана қараймыз.   Жалпы Ницца – Жерорта теңізінің жағалауына орналасқан өте әдемі қала екен. Бұл негізінен ежелден Францияның оңтүстік айлағына қарайтын ең үлкен демалыс жағалауларының бірі болып саналады. Қалың оқырманның бірі болмаса біріне қажет боп қалар деген ниетпен болған жеріміз жайлы қолда бар кейбір деректерді айта кетсек артық болмас деп ойлаймыз. Себебі бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған ағайынға керек боп қаларына күмәніміз жоқ. Сонымен егер Ниццаның тарихын сәл әріден бастасақ, онда бұл Ниццаңыздың негізін біздің заманымызға дейінгі ІҮ ғасырда гректер қалаған көрінеді. Сол тұста әйел құдайы Никейяның есімімен Ники атауы берілген. Кейіннен Ницца атауын алған қала орта ғасырда сан алуан қиямет-қайымдарды бастап өткеріп, талай-талай қанды майданды кешіп өтіп,  түрлі басқыншылардың  тегереуінді шабуылдарына ерлікпен төтеп берді. Баяғы Франция королдері қаншама рет бұл шаһарды басып алуға тырысты, бірақ ер жүрек ежелгі тұрғындар өз тәуелсіздіктерінен оңай айырғылары келмеді. Ал ХІІІ -ХІҮ ғасырларда Ниццаны Прованса билеушілері бірнеше рет басып та алды. Сонау  1388 жылы қала  Савойский графтығының тікелей қамқорлығында, қорғауында болды. 1860 жылға дейін Савойский графтығының құрамында болған шаһарды Сардиния Корольдігі Туринский келісімшарты бойынша Францияға берді. Жалпы Францияның Ниццаны билеуі  екі кезеңнен тұртын көрінеді. Біріншісі: 1691-1731 жылдары аралығында  король Людвик ХІҮ болса,  ал екіншісі 1792-1814 жылдары  атақты Бонопарт Наполеонның қаланы басып алған уақытымен сәйкес келеді.

Міне, сол Наполеонның жүргізген үздіксіз соғыстарынан кейін  ғана Ницца әлемге курортты қала ретінде белгілі бола бастаған. Өзінің жанға  жайлы климатымен, жып-жылы қысымен, тап-таза ауасымен, сан түрлі шырын жемістерімен, таңғажайып табиғатымен бұл шетелдік демалушыларды қатты қызықтырған аймақ атанды.

Өткен ғасырдың екінші жартысында Ницца халқы  қала мэрі Жана Медесена (1928-1944, 1947-1966) мен оның ұлы Жактың  сауатты, салиқалы саясаттарының арқасында өте жайлы тыныш өмір кешті. Бұл тыныштықты –1979 жылғы қазан айының он алтыншы жұлдызындағы  орын алған алапат табиғат апаты – цунами кезіндегі бірден тоғыз адамның өмірін қиған оқыс  оқиға бұзды. Сонымен қатар Ницца бірнеше рет халықаралық саяси форумдарды өткізетін де ресми орын ретінде әлемге белгілі қала ғой. 2000 жылдың желтоқсанында Евро Одақ шекарасын шығысқа қарай кеңейту жайлы келісімге келуге саммитте осы шаһарда өтті. Ал 2008 жылдың қараша айында бұл Ниццаңызда Евро Одақтың Ресей саммитінің де өткені бізге  баспасөзден белгілі. Онда екі елдің президенттері Н.Саркози мен Д.Медведев грузин-осетин қанды қақтығыстарына байланысты келісімдерді қайта қарағандығын сол тұста газеттер шулап жазды.

Ницца – Франция Ривьерлерінің бейресми астанасы және «Приморские Альпы» департаментінің әкімшілік орталығы болып та табылады. Ал Ривьер деп отырғанымыз бұл ежелгі– француз-итальян жағалауы. Ол Лигурийский теңізі мен батысында  Францияның оңтүстігіндегі, 70 мыңдай ғана тұрғыны бар, «Лазурный» жағалауындағы Канн деген курортты қаласынан, шығысында  Специя  қаласына дейінгі үлкен аралықты алып жатыр. Ал Специя — Италияның ең бір ірі әскери айлақты және әскери өнеркәсіптік қаласы екені оқырманға белгілі болар.

Ривьердің Францияға қарайтын жағы Монако княздығымен бірге ел арасында «Лазурный берег» деп те  аталады. Ал, Итальяға қарайтын жағы да екіге бөлінеді екен. Бір жағы – Ривьер-ди-Поненте, екінші жағы – Ривьера-ди-Леванте деп аталатынын ұмытып қалмас үшін жол сапар жазып жүрген блокнотымызға тұра ғап түртіп алғанбыз.  Сонымен Ривьера —  Жерорта теңізінің бірқалыпты тамаша климатының айқын дәлелі іспетті. Бұл жерде қыста ауа райы– +9,+12 градусты ғана көрсетсе, ал жаз айларында  –+22,+25 градус ғана болады.

Бұл аймақ баяғы  бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін туберкулез ауруының әлемге белгілі бірден бір сауықтыру аймағы болып есептелінгенін екінің бірі білмейді. Ежелгі Приморскидің Альпы   тауларының жартысы   Францияның оңтүстік-шығысында, Италия шекарасында орналасқан тауларға ұласып жатыр.

Лазурный атты жағалаудағы ең үлкен қала Ниццада Францияның көлемінің үлкендігі  жағынан екінші орынды алатын «Ницца-Лазурный берег» әуежайы орналасқан.  Бұл алып Әуежай күніне 32 елдің 100 бағыты бойынша сан түрлі ұшақтарды қабылдап, 10 миллионға дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді. Ал авто, теміржол тораптары болса Ниццаны Еуропадағы  экономикалық , әкімшілік орталықтарымен тікелей жалғап жатыр. Ал круиздік Ницца айлағы болса – Франциядағы ең үлкен порты айлақ.

Сондықтанда бұл Ницца қаласы күні бүгінге дейін Францияның ең үлкен, ең басты мәдени орталықтарының бірі болып отыр. Бұл жерде жыл бой әр түрлі мәдени басқосулар болып тұрады. Ал мұражайларының саны мен сапасы жағынан Ницца тек Парижден кейінгі орынды иеленеді. ХІХ ғасырдың ортасында бұл Ницца қаласы орыс аристократтарының арасында өте әйгілі демалыс аймағы ретінде белгілі болды. Бір дерек көзі бойынша 1856 жылы жесір қалған ханшайым Александра Федоровна осы Ниццаға демалысқа келген көрінеді. Ханшайым сол сапарында  Ниццадағы Вильфранш шығанағынан арнайы жер сатып алады. Сосын сол жерге арнайы рұқсат алып император үйін салады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ Ниццаға  төрт жүзге жуық орыс отбасы көшіп келеді. Ал 1912 жылы Ниццада алғаш рет орыстың Әулие Николай соборы салынады. Собор құрылысы орыс императоры Николай ІІ тұсында тұрғызылған екен.  1930 жылы Ниццадағы орыстардың саны бес мыңнан асып кеткен көрінеді. Олардың көбісі Ресейді кешегі қызыл революция кезінде тастап қашып шыққандар екен. Олардың көпшілігі екінші ұлы отан соғысы басталған кезде Америкаға эмиграцияға өтіп кетіпті.

Сонымен қатар Ниццаға кеп бір кезде атақты орыс жазушысы А.П.Чехов демалған дегенде нақты дерек бар. 1927 жылдың қыркүйек айында дәл осы Ницца қаласында орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің бір кездегі әйелі, әлемге әйгілі биші Айседора Дункан ханым кездейсоқ қайтыс болады. Ару Айседора ханым мінген машина анау керіліп жатқан ағылшын жағалауында зымырап кетіп бара жатқанда, сол машинаның дөңгелектеріне  бишінің өз мойындағы ұзын шарфы желмен желбіреп ұшып барып ілініп, оралып қалып, буып өлгендігі жайлы да  қайғылы деректі кездестірдік. Кезінде Есенин жайлы жылт еткенді қалт жібермей оқыған бізге ұлы ақынмен атақты бишінің тарихында түптетіп оқығанбыз. Олардың екеуінің әлемді кезген сапарларына қызыққанбыз сонда. Олардың сәтсіз біткен махаббат хиқаятына әбден қанық болғандықтан ұлы бишінің дүниеден өткен жерін өз көзімізбен көру бізді бей-жай қалдырмағаны анық. Оны ойлы оқырманда сезіп отырған болар.  Жә, бұл жалпы басқа бір мақалаға арқау болатын басқа әңгіме. Қазір төрт қазақтың табаны тиіп тұрған әсем Ницца, ән Ницца, жыр, аңыз Ниццаға ептеп болса да қатысы бар болған соң ғана айта кетейік деп жатқанымыз ғой. Міне, сонымен ұлы сахарадан келген төрт қазақ сол Ницца қаласынан Монакоға қарай кетіп барамыз. Осы жерде қолдағы бар кейбір деректерді оқырмандарға таратып айта кеткен артық болмас.

Ал бұл шағын мемлекеттің территориясы үш шағын қаладан тұрады екен. Олар – Мокако, Монте-Карло және Ла-Кондан. Алайда осынау кіп- кішкентай осы мемлекеттің тарихы тым тереңде жатыр екен-ау. Тіпті біздің эрамызға дейінгі Х ғасырда бұл аймақта ежелгі финдер тұрған көрінеді. Финдерден кейін бұл жерді гректер басып алған. Ал І ғасырда осынау шалқып жатқан таңғажайып бүкіл Лазур жағалауы ертедегі Рим империясының құрамына енген. Бұл мемлекет құлағанан кейін бұл жағалау арабтардың иелігіне өтеді. Ал біз алыстан бір көрмекке іздеп келе жатқан Монако қаласы ХІ ғасырда  генуялықтардың күшімен салынған екен. Кейінінен олар 1215 жылы бұл жерде алып қорған тұрғызды. Содан кейін барып ХІҮ ғасырда Монако княздігі пайда болды. Княздықты алғаш рет генуэз тайпасынан шыққан Грималди басқарады. 1524 жылы бұл княздік Испанияға бағынады. Ал 1641 жылы Монако біржолата Францияның қарамағына өтті. Бұл дүниедегі ең кішкентай мемлекеттің шағын ғана астанасы бүкіл дүние жүзіне белгілі болды. Мұнда бар-жоғы 10 мыңдай ғана адам тұрады. Олардың 25 пайызы Монакоға берілген Монигаскилер, қалғандары осы өңірде тұрақты тұрып келе жатқан әр жерден келген шетелдіктер. Олардың көпшілігі француздар. Содан кейін италяндықтар, гректер, немістер,  ағылшындықтар мен американдықтар. Негізгі тіл – француз тілі. Ал діндері бүгінгі католик діні.

Қазір қала индустриясы барынша қарқынды, серпінді дамыған, сан алуан шипажайлары бүгінгі заманға сай өркендеген, өнеркәсібі әбден өскен кішкентай ғана мемлекет. Мұнда негізінен электро техникалық өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, дәрі-дәрмек өндіру жағы өте кең дамыған. Сондай-ақ фаянс, моелик және сан алуан сувинер өндірсі де кең етек жайған екен.

1885 жылдан бері бұл княздік коллекциялық марканы тұрақты шығарып тұрады. Ол әлемдік рынокта өте үлкен сұранысқа ие боп отыр. Дегенмен бұл елдің экономикасының негізін құрап отырған ең негізгі – туризм саласы екені ешкімге жасырын емес. Монакода әлемге әйгілі музыка академиясы да бар екен.  Қаланың инфрақұрылымы әбден туристерге ыңғайластырып жасалынған екен. Сән-салтанаты жарасқан қонақ үйлер, шулы мейрамханалар, жайнаған дүкендер, жағасын толқындар тепкілеген жұп-жұмсақ құмды жағажайлар демалушыларға мінсіз қызмет көрсетеді. Монте-карлода ең алғашқы ойынхана 1861 жылы ашылған екен. Қазір бұл ұлғая-ұлғая әлемдегі ең үлкен казиноға айналған.

Бүкіл дүниеге белгілі 1899 жылы ашылған қаланың ең бір назар аударарлық орындарына мұхиттану музейі мен экзотикалық таңғажайып бақ жатады. Бұл мұражайдың ортасында бүкіл әлемнің барлық теңізінен әкелінген барлық балықтардан әбден іріктелген үлкен аквариум тұр. Бұл бір жағынан теңіз танудағы әрі үлкен ғылыми орталық іспетті. Дүние жүзіндегі ең алғашқы халықаралық гидрографикалық қоғам тұңғыш рет осында ұйымдастырылған.  Міне, біз сол Монакоңыздың қақ ортасындағы керемет қонақ үйге кеп тоқтадық. Бұл қонақ үйдің бұрын біз түскен қонақ үйден ерекшелігі теңіздің толқындарының тепсініп біздің балконымыздың дәл түбіне дейін кеп жататындығында еді. Оны да қойшы, әсіресе жағалай бірнеше қатарға бөлініп тізіліп тұрған сан мыңдаған көздің жауын алатын әсем кемелерді айсаңызшы. Ой шіркін-ай, не деген сұлу сурет. Не деген әдемі көрініс десеңші. Әттең мен суретші болсам ғой мына таңғажайып көріністі ақ қағазға салар едім. Ол суретті қағазға сол қалпында жазу мүмкін емес. Тіпті поэзияның тіліменде жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек.

Әсіресе дала қазағына экзотикалық бақтың жанында алғашқы қауымдастық дәуірінде адамдар өмір сүрген үңгір сақталғаны қызық көрінеді. Қазаққа үңгір таңсық болмағанымен адамды еріксіз тарихтың кейбір қатпарларының белгісіндей әсерге бөлейтіні анық.

Бұл Монакоңыз – кішкентайлығы, жерінің өте шағындығы жөнінен Еуропа мен  бүкіл әлемде екінші орында тұрған мемлекет. Ал бірінші орында  ежелгі Ватикан мемлекеті тұрғаны біздің оқырманға белгілі болар. Дегенмен осы шағын қала мен княздікті басқару ешкімге жалтақтаусыз өте дербес түрде жүргізіліп келеді. Коммуна мұнда сонау 1911-1917 жылдары құрылған екен. Мемлекеттің конституциясының сол 1911 жылы шыққан қаулысына сәйкес мұнда княздік үш коммунаға бөлінген: Ла-Кондама – айлақ жағасындағы шағын ғана аудан, Монако – тасты аймаққа орналасқан өте көне шаһар болса, Монте-Карло – ең бай және мәртебесі өте жоғары аудан боп саналады.

1917 жылы осынау  үш қаланың орнында бір ғана коммуна болған екен. Кейіннен бұл коммуна– Ла-Кондама және Монте-Карло болып екіге қақ бөлінген. Ал қазіргі кезде ол екеуі  шағын-шағын он ауданға бөлініп кетіпті.

Ал осы Манокадағы ежелгі салтанатты князь сарайы әлі күнге дейін Монако үкіметінің баяғы біз айтқан грималь тайпасынан қалған мемлекеттік ресми резиденциясы боп есептеледі. Бұл сарай Генуэзск қорғаны болып алғаш рет 1191 жылы салынған. Кейін  кеңейтіліп, қайта салынғаны аңғарымпаз сырт көзге оңай аңғарылады.  Сонау ҮІІІ ғасырдың аяғынан бастап бұл тарихи ежелгі сарай баяғы генуэздің гримал тайпасының еншісінде көрінеді.

ХҮІІ ғасырдан бастап ержүрек грималдықтар әсем Монаконы тәуелсіз мемлекет ретінде басқаруды қолға алған.  Алайда олардың тыныш өмір сүруіне қуатты көршілері мүлде мүмкіндік бермегені жайлы тарихта сарғайған қағаз беттерінде сайрап жатыр.

Осынау салтанаты асқан тарихи Сарайдың Еуропадағы өзге сарайлардан ең бір ерекшелігі, ол тек қана Монако княздігінің жеті ғасыр бойғы жалғыз резиденциясы болып келеді.

1997 жылы Гримальды сарайында өзінің Монаконы 700 жыл бойына басқарып келгендігін аса салтанатты түрде атап өткен екен. Монакоға жылдам әрі қарапайым жолмен жетудің ең бір қолайлы жолы – Ницца қаласына ұшақпен жетіп, поезбен 30 минут немесе жеңіл автокөлікпен жарты сағаттың көлемінде  жетіп баруға болады екен. Аэрофлот және Аэр франция әуе компаниялары Ницца мен Парижге күн сайын әуе қатынасын жүргізіп отыр. Алматыдан Ниццаға дейін ұшақтар  7-8 сағат ұшады. ТМД азаматтары Монакоға Париж арқылы да ұшуға болады.  Біздің Алматыдан Парижге дейін күн сайын KLM, Lufthansa, British Airways и Turkish Airlines әуе компанияларының ұшақтарымен ұшқан жолаушыларға шамамен жолға тоғыз сағаттай уақыт кетеді екен.

Біздің жол бастаушымыз УЕФА Монакодағы чемпиондар лигасы және Еуропа лигасының топтық кезеңге жеребе тарту сонымен қатар Еуропаның үздік ойыншысын анықтау  гала-концертінің кестесін футболға кіретін билетпен бірге берді.

Жұма, яғни 2011 жылдың тамыз айының  26 жұлдызында  Монаконың орталық стадионында орталық еуропа уақыты бойынша сағат 13-де футбол басталады деп жазылған.

Сағат 13:00-де Grimaldi Forum –  Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жеребе тарту болады екен. Ал, кешкі сағат 20:45, «Луи II» алаңы  - УЕФА Суперкубокгінің ойыны «Барселона» – «Порту»  Монакодағы «Луи 2» атындағы стадионда футбол тойы аса салтанатты жағдайда басталды.

УЕФА суперкубогі үшін “Порту”мен “Барселона” командалары футбол алаңында айқасты. Суперкубок кiмге бұйыратынын өз көздерімен көргісі келген  жанкүйерлер Монакодағы “Луи 2” стадионында ине шаншар орын қалдырмапты. Бұрын-соңды бір жерге осыншама халықтың жиналғанын көрмеген қазаққа бәрі таңсық.  Төңірегіміз құлақ тұндырардай ду-ду, гу-гу. Стадиондағы ыза, қиқы, у-шудан адамның құлағы тұнады. Шынында да Әлішер, Мейрамәлі, Досандардың маған кешеден бері қонақ үйдегі шәй үстінде кезектесіп айтса айтқандарындай-ақ бар екен.   Бірнеше мәрте ақтық сынға жетіп жығылған Португалияның атақты футбол командасы  “Барселонадан” айласын асыра алмады. “Барселона” бапкері Хосеп Гвардиола Кубокті екінші мәрте еншілеп, бұл көрсеткіш бойынша  Алекс Фергюсон, Луис ван Галь, Карло Анчелотти сынды белді бапкерлермен теңескені мәлім болды. Қос клуб та ойынды өте ынталы бастады. Ой-хой шіркіндердің тепкен доптары ауаны айырардай  аспанға ысқыра ұшқандай көздеген межесіне артық та емес, кемде емес дәл беретіні бізді қайран қалдырды. Қасымдағы серіктерімді ғана емес қаршадайдан қара өлеңмен ауырған мені де мынау ғажайып ойын бірден өзіне еліктіріп алып кеткендей. Стадионның мына басынан әуелетіп тепкен доптары стадионның екінші  шетінде күтіп жүрген командаласының аяғына орала кетуі таңқаларлық-ақ жағдай. Шебердің аты шебер ғой, несін айтасың шіркін-ай деп осындайда қазақ футболын налып отырып есіңе алады екенсің. Айдалада отырып жының келеді екен. Осы біздің футболшылар неге мыналар құсап ойнамайды екен деп. Жыл он екі ой солар жаттықпай, шеберліктерін шыңдай түспей не бітіреді екен өзі деп ашудан іштей булығады екенсің. Е, е бұның бәрі арман ғой. Біздің жігіттер мыналар құсап қашан айды аспанға шығарады екен деп қиялға батады екенсің. Анау отырған Витор Перейраның ойыншылары соңғы рет «каталондықтармен” 2001-2002 жылы өткен Чемпиондар лигасында кездескен екен. Міне, тағы да мына екпіні жер жарған  “Барселона” аяқтарына тұсау болды-ау. Сондағы жеңiлiстiң ащы дәмi олардың әлі өзектерін өртейтіні сырт көзге анық аңғарылып тұрғандай. Қанша жерден жанталасқандарымен, Виктор Вальдес қорғаған қақпаға қарай олар жақындай алмай-ақ қойды. Ал, өз кезегінде атағы алысқа кеткен үздіктердің үздігі атанған  Лионель Месси Фредди Гуариннің бір сәтте жіберіп алған сәл ғана қателігін, өте сәтті пайдаланып кетті.  Қырағы Элтонмен жеке қалған Лео жалт бұрылып лып еткізіп допты  қайыра теуіп қақпаға солқ еткізіп тастай салды. Доп торда тулап жатты. Демдерін іше тартып тына қалған бүкіл стадион бір кісідей орындарынан атып тұрып қайтадан ыза-қиқы айқай сүреңге басты. Бүкіл стадиондағы жанкүйерлердің қосылып салған әнінен бүкіл Монако топырағы дірілдеп тұрғандай болды. Жер жарған шудан құлақ тарс етіп бітіп қалғандай. Иә, командаласының  тастай салған пасын өзінен өзге ешкім шебер пайдалана  алмайтынын сезе қойған Фредди Гуарин допты анадайда ағып келе жатқан Леоға  асырға қойды.  Леоның аты Лео ғой қақпаға сарт еткізді. Есеп 1-0. Ал бұған қап-қара боп ызадан күйіп кеткен  «Порту» жанталаса қимылдай бастады. Бірақ одан түкте шықпады. Сілікпесі шығып жүзін тер жуған Роланду Мессиді шалып құлатып, қатаң ескерту алды. Қара терге түсіп есеп теңестіреміз деген олардың аптығын  жұлдыздай аққан Фабрегас әп-сәтте басып-ақ тастағандай болды. Леоның пасын, кеудесімен бағытын сәл өзгертіп қағып жіберіп, сабазың допты қақпаға солқ еткізді-ау. Ашу-ызаға булыққан Фреди Гуарин Маскераномен себепсіз байланыса кетіп алаңнан қуылып тынды.  Ой-хой, бұл бір Монако топырағында өткен шын мәніндегі доп додасы болды-ау өзі. Осылайша олар УЕФА суперкубогін жеңіп алды. Ал, Леоның УЕФА суперкубогінде гол соқсам деген асыл арманының біз осы жолы іске асқанының куәсі болдық. Стадионды аударып тастай жаздаған екінші голдың авторы Фабрегас болса «Барсаның» құрамында өзінің үшінші ойынын  өткізіп, ерекше үшінші титулға ие болды.  Біздің көз алдымызда  Порту командасы жеңіліп қалып, арманда кетті. Қос қақпаға дәл бағытталған  жеті  соққы сайын бүкіл  стадиондағы жанкүйерлер орындарынан атып-атып тұрысты. Қиыстау кеткен әрбір соққылар тұсындағы ашу-ызамен дүрліге қол соғып тұрып алған сәттер менің есімнен әлі күнге дейін кетер емес.  Сол сәтте санап, жазып отырдым екі жақтың бұрыштан соққан оннан аса доптары менің көз алдымда әлі күнге ауада қалқып тұрып қалғандай болды-ау.  Екі жақтан  отыздан аса тәртіп бұзушылық байқалды. Екі жақтан да еріксіз қызыл, сары қағаз алған ойыншыларды аяп отырдым. Қалай аямайсың, өйткені олар өз елдерінің намысын қорғап жатыр ғой?!

Сөйтіп  көз алдымызда Месси мен Фабрега бір-бір доптан гол соқты. Мен қасымдағы серіктеріме ұрлана қарап қоям. Олар бәрін мүлде ұмытқан. Бүкіл ынталары ары-бері ауаны айырып ұшқан ала допта.

Сонымен нақтылай айтсақ Европаның  үздік ойыншысы  Лионель Месси Фредди бірінші голды ойынның 39 минутында салды. «Парту» жігіттері осыдан кейін-ақ күштерін қанша сарқа салғанымен де еш нәтиже шығара алмады.  Екінші голды «Барселона» ойыншысы Фабрега ойынның 88 минутында «Порту» қақпасына енгізді. Есіп 2:0 болып, УЕФА суперкубогын «Барселон» қанжығасына байлады. Бүкіл стадион «Барса, Барса» деп қол соғып ән шырқап тұрып алды. Айқай-шудан құлақ тұнады, ешкім ештеңені естімейді.

Біздің жанкүйерлерге керек боп қалар бұл жолы  Барселонаның құрамында: Вальдес, Алвес, Абидаль, Хави, Иньеста, Маскерано, Кейта, Коррея (Бускетс,  Вилья (Санчес), Месси, Педро (Фабрегас ойнаса,  Портудың сапында: Элтон, Фусиле, Роланду, Сэпунару, Отаменди, Гуарин, Моутинью, Родригес (Варела), Соуза (Фернандо), Клебер (Белуччи,  Халк).

Тәртіп бұзған Иньеста, Родригес, Роланду, Гуарин секілді футболшылар ескерту алды.

Роланду мен Гуарин кейіннен  ақыры алаңнан біржолата қуылып тынды.

Осынау шиеленісті ойын Нидерландылық Куйперстің төрешілігімен өткені көпке мәлім. «Барселона» командасының сұрапыл шабуылшысы, Аргентиналық 2010-жылғы дүниежүзінің  ең үздік футболшысы атанған Лионель Андрес Месси тағы да өзінің теңдесі жоқ ойыншы екенін дәлелдеді. Месси тағыда кәрі құрлықтың ең үздік ойыншысы деп танылды. Бүкіл стадиондағы халық Месси деп қосыла айқалағанда солардың ортасында отырған адам өз атын ұмытып қалғандай күйді бастан кешеді екен. Мұндайды бұрын кім көрген. Бастан өтпеген соң адам көп нәрсеге мән де бере бермейді екен-ау өзі.

Иә, айтпақшы ұйымдастырушылар матч тұсында алыс елдерден келген біз секілді жүзге жуық адамдармен атақты футболшылармен кездесу өткізді. Еуропалықтардың дәстүрімен жайылған ресми салтанатты дастарқан басында дүниежүзінің  ең үздік футболшысы, әлемдегі ең танымал ойыншы, тағы да басқа атақтарға жеткен, аттары аңызға айналған футболшылармен жүздесіп, кездесудің сәті түсті. Солардың бірі Еуропа және әлем чемпионы Франк Лебеф болатын. Мен тараздық жас футболшы, құда бала Бақытжанның атына  осы атағы әлемді шарлаған Франк Лебеф мырзаның қолтаңбасымен «Барселона»  футболкасын жаздырып алған едім. Бұл да жәй бола салған жоқ. Қолында әдейі алып келген жалғыз-ақ футболкасы бар Франк Лебеф бүкіл қонақтардың алдында бәрі әділ болуы үшін жеребе тастады. Осы жеребе кімге түссе, мына футболкаға сол адамға қолтаңба жазып берем деді. Аты аңызға айналған ойыншыны ұйымдастырушалар қоршап тұр. Жұрт бір сәтке іштей тына қалды. Әлемнің төрт бұрышынан футболдан кейінгі кешкілік асқа жиналған екі жүздей адамның ортасына тасталған осы жеребе маған түсті. Әрине, тіпті күтпеген кездейсоқ олжа болды бұл. Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған футбол фанатттарының тесіле қараған көздерін сол сәтте арқаммен сездім. Біздің топ әрине ду ете қап, сатырлата қол соғып, мәз болды. Сол қуанышты сәтте-ақ мен болашағынан көп үміт күттіретін жас футболшы, тараздық құда бала Бақытжанды есіме ап, болашақта Қазақстанның атын кәрі құрлықта, әлемде танытсын деп іштей тілек тіледім. Олжа футболкаға сол жерде жас футболист Бақытжан Рымтаевтың  атына ақ тілек сөздер жазғызып алдым. Елге келген соң арнайы жайылған дастарқан үстінде ол футболканы Бақытжанға аман тапсырдым. Бақытжан мәз боп, қатты қуанды. Ол өйткені аты аңызға айналған Франк Лебефті пір тұтады екен. Лайым  тілегіміз қабыл болып, жас Бақытжандар болашақта қазақтың даңқын әлемге шығара берсін деп тілейік, халайық!

... Теңіздей толқыған нөпірдің арасында лықсып стадионнан сыртқа беттедік. Ертеңінде ерте қонақ үйдегі бөлмемізден таң ата сыртқа қарасақ кешегі сан мыңдаған  сан алуан кемелер орындарында жоқ. Түнде барлығы кетіп қалыпты. Иә, ештеңе де мәңгілік емес. Баяғы біздің даланың  шалдары көп айтқандай бәрі де өткінші. Үш-төрт күндей шағалалары шаңқылдаған теңіздегі тізіліп тұрған сол кемелермен бірге менің әлдебір қимасым әлде қайда кетіп қалғандай бір күйді бастан кештім. Сол сәтте ұйқысынан әлгінде ғана оянған Әлішер менің қасыма келді. Екеуміз үнсіз толқынды көк теңізге қарап ұзақ тұрдық. Мейрамәлі досымыз бен Досан құда қонақ үйдің басқа жағына орналасқандықтан олардан әлі хабар жоқ. Сірә, түнгі жүрістен сүрлігіп әлі ояна қоймаған секілді. Біз Әлішер досым екеуміз қонақ үйдің теңіз жақ бетіндегі ашық алаңқайдан теңізге қарап тұрып алыстағы елді ойлап күрсіндік. Кемелердің бір түнде жан-жаққа кетіп қалуы,  аңғарып қарасақ біздің де  елге қайтатын уақытымыздың таяп қалғандығынан хабар бергендей белгі екен-ау. Түс ауа бізде жолға жиналдық.

Төменде күтіп тұрған жолбастаушымыз көлігімен бізді ала жөнелді. Қош  таңғажайып Монако, топырағыңа қайтып келуге дәм тарта ма жоқ па, ол жағы тек Аллаға ғана аян.

Ниццадан біз отырған Амстердам бағытына ұшатын самалеттің ұшу алаңында жүгіріп барып парылдап тұрып қалуы көңілімізге секем алдырып, бойымызды белгісіз бір үрей билегендей болды. Қу көңіл бекер секем алмаған екен да. Ақыры самолеттің маторының ақау бары анықталып, бізді қайтадан Ниццаның күту залына шығарды. Осы арада Алматылық журналист Сергей деген азамат мені танып қап, бірге жүрсек қалай қарайсыз деп өтінді. Мен оған неге қарсы болайын. Күту залына шығысымен сол Сергей біздің құжаттарымызды алып кассаға кеткен. Әне, мен оның сыртынан қарап отырмын. Бір кезде Сергейдің «Қасымхан аға, сіздердің төртінші паспорттарыңыз қайда, жылдам маған беріңіздерші»,-деген даусын естіп біз бір-бірімізге қарадық. Дәл сол арада Мейрамәлі досымыз: «жаңа ғана мына жерде тұрған сумкам жоқ, барлық құжат, қаражат барлығы соның ішінде еді», дейді алабұртып. Сол сәтте шынымызды айтар болсақ үшеумізде сілейіп қатып қалғандай болдық. Шет елде құжат жоғалту.... Одан өткен сұмдық жоқ қой. Ең әуелі есін жиған Әлішер болды. «Жігіттер болары болды. Екі адам қайтады, екі адам қалады. Қасымхан екі күннен кейін Өскемендегі өтетін мүшәйраның қазылар алқасының мүшесі болғандықтан сөз жоқ қала алмайды, кетеді. Егер асығыс болмасаң Мейрамәлімен бірге Досан сен қалсаң қайтеді. Ептеп тіл, жөн білесің ғой», деді. «Біз Қасымхан екеуміз қайта берейік, бәріміз топырлап не істейміз деді». Тар жер. Ердің ерінің сыналар жері ғой бұл. Әй бірақ,  Досан құда сыр берген жоқ. Ер екен ғой сабазың.

- «Жарайды, Әлеке, Мәкеңнің қасында мен қалайын онда»- деді көп ойланбастан. Осы сөзге тоқтадық. Әлішер қалтасындағы қалған қаржысын Мәкеңенің қолына ұстата берді. Қас-қағымдай-ақ сәтте қанша күн бірге жүрген серіктерімізбен қоштасып Сергейге ілесіп самолетке беттедік. Мейрамәлі доспен Досан құда ойламаған жерден Ниццаның аэропртында қол бұлғап қала берді. Біз үшеуміз Ниццадан Парижге ұшып кеттік. Парижге қонған соң, рулде жап-жас қыз отырған таксимен аэропортқа жеттік. Олар бізді Прагага ұшатын самолетке отырғызды. Прагага келсек, Алматыға самолеттің ұшып кеткеніне бір сағаттай уақыт бопты. Әуе компаниясы бізді Прага қонақ үйіне орналастырды. Кешке мен, Әлішер, Сергей үшеуміз Праганың мейрамханасынан дәм татып отырдық. Иә, сол сәтте мен ішімнен шынында да біздің қазақ көп айтатын дәм айдаса адамның бармайтын жері жоқ екен-ау деп ойлап отырдым. Прага қонақ үйіндегі бөлмеме келіп отырып қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиндей ағамыздың осы қалада тұратыны есіме түсті. Бірақ ол кісінің адресін білмегендіктен қайдан табарсың. Сөйтіп ойламаған жерден Әлішер, Сергей үшеуміз осылайша бір түн  Прага қаласының қонақ үйіне қонып шықтық. Ертеңіне таң атпай аэропортқа келсек, бізге  бүгін Алматыға екі бағыт бойынша ұшуға болатынын айтты.  Біріншісі Анкараға барып, кешке дейін күтіп, Алматыға ұшу. Ал екіншісі қазір Франкфрут ке барып, екі сағаттан соң Алматыға ұшып кету. Біз ойлана келе екінші бағытты таңдадық. Сөйтіп Прагадан Европаға қарай Франкфрутке кері ұштық. Франкфруттың аэропортынан үш сағаттан соң біз үшеуміз мінген немістің алып әуе лайнері Алматыға қарай бет алды. Әй, бұның бәрін қойшы, Өскеменге екі-ақ күнге кешігіп баратын болдым. Алтайда ақындардың дүбірлі мүшәйрасы өтеді. Қадыр, Тұманбай ағаларыма, Ислам Әбішевке берген сөзімде тұратын болдым. Монакоға кетерде  оларға кешіксем екі-ақ күнге кешігем деген едім. Сол сөзді бекер-ақ айтқан екем. Айтпағанда осыншама әлекке түспейтін бе едік, кім біледі?

P.S.

Ниццада құжат жоғалтып қалып қойған Мейрамәлі досым мен Мәкеңе серік боп қалған Досан құда екеуі Ниццадан поезбен Парижге жетіп, Париждегі Қазақстан елшілігі арқылы уақытша құжат жасатып, он күннен соң елге аман оралды.

Бет қатталып жатқанда Досан құда Жамбыл облыстық мәслихатына депутат болып қайта сайланды деген Алматыға қуанышты хабар жетті. Иә, айтпақшы Шым қалаға Әлішер мен Мейрамәліге шұғыл  хабарласып, халқы қадірлеген Досан құданы құттықтауды ұмытып кетпейік.

Алматы–Амстердам–Ницца–Монако–Ницца–Париж–Прага–Франкфурт–Алматы.

Қасымхан БЕГМАНОВ

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30