"Әнші болмағанда қолөнерші болар едім"

«Ертістің ар жағында Семей ме екен а-хау,

Сөйлеткен тіл мен жақты, көмейме екен

гүл өзіңмен отырған, гүл-гүл жайнап мінезіңнен-ай...» -деп әндеткен әнші қыздарыңыздың нәзік дауысынан қазақылықтың, қазақ қыздарына тән еркеліктің лебі ескенін байқайсыз. Сұқбаттасу барысында байқағаным бойында жасырынып жатқан ұяңдық пен нәзіктік бірін-бірі басып озып жарасым тауып тұрғандай сезіледі. Қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен Шаба Әденқұлқызымен болған әсерлі әңгімені сіздерге ұсынып отырмыз.

Толығырақ: "Әнші болмағанда қолөнерші болар едім"

«Бейнелеу өнерінсіз қазақ мәдениетін айту жеткіліксіз»


   Мен суретті өлмеу үшін саламын

Мұратбек Жоламан

 Сурет– өнер туындысы әрі тарих десек, суретшілік–өміршең өнер. Ал, суретші– шексіз тарихтың бір сәтін уақытша «тоқтата» алған тамаша туындының иесі. Ішкі жан-дүниеңдегі қуаныш-күйініш, мәнді де мағыналы сәттерді қылқалам күшімен қағаз бетіне жазу және оны көпшілікке ұғындыра білудің өзі тамаша қасиет емес пе? Әрбір суретшінің «шимайы» әрбір картинаның өзіндік алар орны, тарихи мәні, келешек ұрпақтың қажеттілігіне жаратарлық құндылығы бар десек артық болмасы анық. Осы орайда сәті түсіп Одақтың төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков мырзамен сұқбаттасқан едік.

  –Байтұрсын аға, армысыз! Суретшінің сезімі мен іңкәрлігін, әрекеті мен мінезін, табиғи дарынын біз салған суретінен аңғарамыз. Осындай тамаша өнерге қалай келдіңіз? Сізге  суретшілік кімнен дарыды?  Балалық шақтан бір үзік сыр айта отырсаңыз?

–Сурет салуға құлшыныс жас кезден басталды. Өнерлі болу– Жаратқанның берген сыйы. Баланы  жас  күнінен қалай тәрбиелесең солай икемделеді. Немістің атақты ақыны Гете айтпақшы: «Музалар топталып жүреді». Жас кезде музыкаға да, суретке де, ақындыққа да бейім болады. Бір пайыз Алладан келген дарын болса, қалған 99 пайызы адамға еңбекпен келеді. Менде де бала кезде бейнелеу өнері мен музыка қатар жүрді. Бір кездері музыкант болуды армандадым. Ойдан ән құрастырып, аспаптарда ойнап жүрдім. Өсе келе суретшілік қабілетім ашыла түсіп, бейнелеу өнеріне жаным жақын болды. Мектепте қабырға газеттеріне сурет салу арқылы өнерімді шыңдадым да, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті көркем сурет және графика факультетіне оқуға түстім. Институт қабырғасында жүргенде жақсы оқып, бітіргеннен кейін мұғалімдік қызметке қалып, кескіндеме жағына бейімделе түстім әрі сабақ бердім. Ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүріп, ғылымға да бет бұрдым. Өнердің теория жағына басымдық көрсетіп, кітап, мақала жазу, бейнелеу өнерін үйрену әдістерін жасауға да көңіл бөлдім. 1978 жылы Алматыда алғаш рет театр және сурет өнері институты  ашылып, мені проректор етіп тағайындады. Оқу орнында он үш жыл қызмет атқардым. Осы кездерде де шығармашылықтан алшақтамадым, керісінше жетілдіре түстім, талай көрмелерге қатыстым, суретшілер одағына мүшелікке өттім. Бос уақытым бола қалса, сурет салумен айналысатын едім. Кейіннен өнердің астарына үңіле жүріп, аспирантурасын да бітіріп алдым. Осы уақытқа дейін атқарған еңбектеріме қарап, бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбамды қалдырып келемін деп ойлаймын. Кейіннен «Театр және сурет өнері» институты «Театр институты» және «Көркемсурет институты» болып екіге бөлінді. Сол кездері графикалық дизайн кафедрасын аштым. Уақыт өте келе Ә.Қастеев атындағы мұражайға басшылық қызметіне ауыстым. Мұражай жұмысы бейнелеу өнерін насихаттау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, жәдігер жинау сияқты сан-салалы екен. Сол жылдары еліміз егемендігін алып жатты, қоғамда да біраз өзгерістер бар еді. Егемен елдің жаңа өнерін қалыптастыру, мұражай жұмысына бағыттау секілді жұмыстар мені көп ізденуге, мұражайлық көрмелер ұйымдастыруға, экспозиция жасауға бейімдеді.  Сол кездерде қазақтың бейнелеу өнерін шетелдерге таныстыру сияқты жұмыстармен жүрдім. Бұның өзі де мен үшін шығармашылығымды жетілдіру болды. Мұражайда жүргенімде Абайдың 150 жылдығы тойланды. Осы орайда бір Абай арқылы сол замандағы қазақ қоғамын, тұрмыс-тіршілігін көрсету керек болды. Біз «Ғасырлар тоғысындағы қазақ өнері» атты көрме ұйымдастырып Түркия, Ресей, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерге шықтық. Қазақ мәдениеті дүниежүзілік өркениеттің бір көрінісі, саласы ретінде дәлелдеп, осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұрдық. «Қызғалдақ және адам» деген атпен халықаралық фестиваль өткіздік. Негізгі мақсат– қызғалдақ шын мәнісінде Жетісу жерінің  өсімдігі екендігін дәлелдеу. Бір замандарда осман түріктердің Еуропаға ауысуы, грек жеріне ауысу барысында Түркия елінде сұлтандардың сарайында қызғалдақты еге бастаған. Голлондиядан Түркияға келген саудагер сұлтандардың сарайының жанында өсіп тұрған гүлдің тамырын пиязбен шатастырып алып кетеді. Голландияға апарып өсіреді. Кейін көктемде еккен «пиязы» гүл болып шығады. Бұл тарихи жағдай тарихта өзіндік орнын қалыптастырумен қатар экономикаға да үлесін қосады. Біздің Жетісудің қызғалдағының осындай ерекше тарихы барын Голландия, Түркия елшілігімен келісе отырып, үлкен көрме ұйымдастырып, жан-жақтан ел ардақтыларын шақырып, мұражайдың жан-жағына отырғыздық.

Мұражай ісі жан-жақты, шығармашылықпен тығыз байланысты екенін мұражайға басшылық жасаған жылдарымда ұқтым. Кейіннен мені өнертанушы ретінде танып, бейнелеу ісінде атқарған еңбектерімді ескеріп, 2009 жылы Суретшілер Одағының 16 құрылтайында  төрағасы етіп сайлады. Осы уақытқа дейін суретшілердің жеке кітаптарын шығардық. Әмен Қайдаровпен бірігіп түстердің қазақша атауын, қазақ мәдениетіндегі орнын зерттеп, зерделеп, «Бейнелеу өнері мен кескіндеме өнеріндегі түр-түс» атты кітап шығардық.  Өнертанушы ретінде осындай атқарған істерді айта аламын.

–«Қазақ өнері» 5 томдығы жөнінде айта кетсеңіз?

–Бұл– үлкен жоба. Астана қаласында Суретшілер Одағының Басқарма төрағасы Қоңыр Әбділдаұлы Мұхамедиев «Самұрық Қазынаға» қаржыландыруға тапсырыс берді. Қаржы мәселесі шешілген соң, редакция алқасын құрдық. Бірінші «Ежелгі өнерінен» бастадық. Ол үшін археологтармен көптеп жұмыс істеу керек болды. Белгілі археолог Зейнолла Самашевпен келістік. Осы бірінші томды Зейнолла Самашев пен философия ғылымдарының кандидаты  Жанарбек Берістенов екеуіне жүктедік. Екінші том– Халықтық және қолданбалы-сәндік өнер. Авторы өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Құрман Мұратаев. Үшіншісі «Мүсін монументальді-сәндік өнер» деп аталып, өнертанушы Эльмира Ахметова авторлық етті. Төртінші томның аты– Кескіндеме болса, авторы өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Халима Тұрысбекова. Ал бесінші том– Графика. Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының қызметкері, өнертанушы Камилла Ли авторлық етті. Осылайша, алты ай ішінде бес томдық кітапты жарыққа шығардық. Мәдениетіміз бен өнерімізді тірілтіп, ел қатарына қосуды ойлап, осы кітапты көпшілікке ұсындық. Кітап альбом ретінде ғана шықса, алдағы уақыттың жоспарында теориясы мен тарихын қатар жазып шығару көзделді. Бейнелеу өнері бүгінде мәдениетіміздің үлкен саласы. Бейнелеу өнерінсіз қазақ мәдениетін айту жеткіліксіз болады деп ойлаймын.

–«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында Қазақстан Суретшілер Одағы қандай игі шаралар атқарып жатыр?

–«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы көрегендікпен айтылған. Біздің ендігі мақсат– Мәңгілік Ел болу. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында егемендік алған қазақ елі Еуразия жүрегінде қалатын ел болу керек. Ол үшін әр азаматтың бойында ұлтжандылық сезімі мықты болса, мәдениет пен өнерден, білім мен ғылымнан құр алақан болмаса игі еді. Біздің атқарып жатқан істердің бәрі дерлік, елді мәңгілікке апаратын азаматтардың рухани жан дүниесін байыту. Осы тұрғыда өнерді өркендетумен қатар ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп шықсақ, біздің жеткен жетістігіміз. Суретшілер Одағы қоғамдық ұйым болса да, жастардың өнерге деген ерекше көзқарасын қалыптастырып, талпындырып келеді.

Жарыққа шыққанына бес жылдан астам уақыт өткен республикамыздағы салт-дәстүрді насихаттайтын ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының оқырмандарына айтар тілегіңіз?

–Біріншіден «Дәстүр» деп қойылған атауы өте керемет. Дәстүр біздің мәдениетіміздің әр саласында бар. Бүгінгі жаһандану процесінде ел ретінде танытып, оның тарихының бар екенін дәлелдей түсетін бірден бір журнал деп ойлаймын. Оған баршамыз ат салысуымыз керек. Журналдың ғұмыры ұзақ болғай.

–Әдемі өрбіткен әңгімеңізге рақмет. Сізге, сіз басқарып отырған Суретшілер Одағының барлық мүшелеріне шығармашылық табыс тілеймін. Сәттілік!

Сұқбаттасқан Айдана ҚУАНТХАНОВА

 

АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЛЫП МҰРАЖАЙ (Маңғыстау кесенелері мен құлпытастары ұлттық дәстүріміздің атаулы құндылықтары)

 

 

 

Маңғыстауда түйіні шешілуге тиіс жұмбақтар, құлпы ашылуға тиіс құпиялар өте көп. Тіпті «Қырымның қырық батырында» кездесетін жер аттарының бір парасы Маңғыстауда. Сол дастанның бір тарауында жау қолынан опат болған баласы Манаш батырдың өліміне шыдай алмай Күйкен деген кемпір құздан ұшпайтын ба еді. Ал Маңғыстауда «Күйкен ұшқан» деген ұшпа бар. Манашпен аттас жердің бар екендігі де жұрттың бәріне белгілі. Ел адамдарының айтуымен – бірінде Орақ, екіншісінде Мамай жатыр деген қос төбені өз көзіммен көрдім. Мұның бәрі тектен-тек емес қой. Мұның бәрі зерттелуі керек қой...

Толығырақ: АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЛЫП МҰРАЖАЙ (Маңғыстау кесенелері мен құлпытастары ұлттық дәстүріміздің атаулы...

Отандық өнімдердің бағасы неге шарықтап тұр?

Отан деген не деп сұраса, Л.Толстой: «Ол халықтың өткені, бүгінгісі,келешегі»деп жауап берген екен. Қазақ елінің кешегісі–қалың қатпарлы тарихы болар. Бүгінгісі–біз, келешегі–біздің иісі қазаққа тән болмысымыз, ұлттығымызды ұлықтауға жасалған игі істер. Тарих табыттай ауыр, тамырдай терең құбылыс. Сақалымызға сары шіркей ұялап, миымызға қара шыбын балалаған замандарда да рухын жоғалтпаған ұлттың XXI ғасырға абыройлы аяқ басуы– ән-күй, айтыс сынды ұлттық өнерімізді, тоқыма, құсбегілік сияқты бекзат өнердің заманмен бірге келуі болар. Қазақ халқы шынтуайтқа келгенде өнердің қай түрінен болса да мақрұм қалмаса керек. Ендігі көкейде туындайтын сұрақ: төл өнерімізді қаншалықты игеріп, дәріптеп жүрміз? Осы сауалыма жауап таппаққа елордамыздың ұлттық нақышта өнім сататын бірнеше дүкендерінің табалдырығын аттадым. Ұлттық киімдер бағасының ең арзаны 30000-40000 айналасын құрайды. Ұлттық оюы бар әмиянға қол жеткізгіңіз келсе, әмияныңызда бес мыңнан кем емес қаражатыңыз болуы тиіс. Заманыңызға сай телефоныңызды да ұлттық өніммен қаптап алғыңыз келсе,тағы үш мыңнан жоғары. Шамасына қарай шанасы демекші, мен сияқты қарапайым студенттің қалтасын әжептәуір қағатын ақша. Ал менің ұлттық оюы бар көйлекті күнде кимесем де, әмиян, білезік, шолпы, самайлық сынды бұйымдарға қызығатыным бар. Аз қолында алтын болғанша, көп қолында темір болғаны мың мәрте артық емес пе еді?! Яғни, нарықтағы бағасының түсіп, қолжетімді бағаның орнатылуы-кез келген қалауы бар адамға ұлттық оюмен өрнектелген киім, әшекей- бұйымды сатып алуына, сол арқылы отандық өнімнің қолданыс аясын кеңейтіп, қадірін арттырарына үлес қосатыны айдан анық. Әрі өзіміздің қол өнеріміз бен дәстүріміздің насихатталуына көп үлесін қосар еді, әттең..

Айдана СЕРІК,

Астана қаласы


Дәстүрлі ән өнері өлген емес, өлмейді де...

дәстүрлі ән өнерін насихаттауды мақсат еткен Амангелді Сейітханмен жүргізілген сұхбат

 

Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Бүгінде рухани жәдігерлердің  ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын бүгінгі ұрпағымызға жеткізіп, ұрпақтың еншісіне жеткен құндылықтардың бірі.

Ән — адамның көңіл-күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – халықтың өмір айнасы. Қазақ елінің тұрмысы мен тарихының келбеті.Ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен аласапыран замандарда да халқымыз ән тыңдаудан артта қалмаған. Сондай тыңдайтын кұлақ пен тыңдаушылар көп болғандықтан, дәстүрлі ән де көбейе түскен еді.Түгін тартса түбі көрінетін таяздыққа тақауемес, қазақ халқы әнге өте бай. Болашақта сол байлықты жоғалтып алмауды, дәстүрлі әннің келешегі үшін алаңдаған Біржан сал: «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын» деген еді. Алайда,сан ғасырлық тарихы бар ән өнері сұрапыл ғасырлар ағымының небір қатал сындарынан өтсе де, ұмыт болмады. Оның бірден-бір себебі, кезінде тәмам жұртты таң қалдырып, әсем даусымен дәстүрлі әндерді шырқаған Ақан, Біржандардан қалған мұраны насихаттап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырып, сақтап қалуға талпынып жүрген дәстүрлі әннің жанашыр азаматтарының арқасы. Бүгінде, қазақтың дәстүрлі әнін насихаттап, ән өнеріне теңізге құйған тамшыдай болса да үлесін тигізіп, айналасына ән сәулесін шашып жүрген азаматтың бірі,Ыбырай, Біржан, Мәди, Балуан Шолақ бастаған әншілердің әнін өз даусымен орындағанын естуді армандайтын – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университеті, журналистика факультетінің студенті Амангелді Сейтхан. Журналистика мен өнерді қатар алып жүруді мақсат тұтқан жалынды жаспен арнайы тілдесіп қайтқан едім.

Толығырақ: Дәстүрлі ән өнері өлген емес, өлмейді де...

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30