Біздің мақсат-- тамаша туындыларды таныту

дейді "Жебе" тобының продюсері Дінмұхамед Серікұлы.

Адам  үшін бүкіл мақсатын кеберсіген ерінге, бүкіл өмірін сарқылмайтын бұлаққа айналдыратын дарындылықтан асқан шынайы еш нәрсе жоқ.                           

Камил Джебран

"Жебе" тобының продюсері Дінмұхаммед Серікұлымен сұхбаттасуға келісіп, телефон тұтқасын  қойғаннан кейін, белгілеген жерге жетуге асықтым. Осындайда уақыт тез өтіп, жолдың ұзарып кететін әдеті емес пе? Келіскен уақытымнан кешігіп бардым. Дінмұхаммед аға студияға жол сілтеп жіберді де, өзі сәлден соң келетінін ескертті. Есіктен ене, алдымнан бойларына қазақтың тәрбиесін мықтап сіңірген екі жас жігітті кездестірдім. "Жебелік" жігіттер! Әзіл-қалжыны аралас әңгімелерін бастап кетті. Сөз басында үлкенге деген ерекше құрметін, өздерінің продюсерлеріне деген асқан сыйластығын бірден аңғартты. Екеуіде "Уақытыңыз болса, Дінмұхаммед ағадан кейін сұхбат береміз" деген шешімдерін бір ауыздан айтты. Менде құптадым, аздан соң Дінмұхаммед аға да келді. "Жебеліктердің" продюсерлерімен әдемі әңгімемді бастап та кеттім...

–Армысыз, аға! Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рахмет. Топ қашан құрылды? Өзгеруіне қандай себеп болғанын айта отырсаңыз?

Топ 2008 жылы құрылды. Содан бері жігіттермен талай әндер жазып, таныла бастадық. Тамыз айында бес жылдық келісім шарттың уақыты аяқталып, топты іріктеп, дуэт болып жатырмыз. Асылжан Өстеміров екі айдан бері бізбен жұмыс жасап келеді.Бүгіннен бастап келісім шартқа қол қойды. Ізбасар Көпбергенов топ құрылғалы бері бізбен бірге, ылғи менің жанымда. Бұрынғы әндерімізді жаңартып, екі дауыста жазып, қосымша жаңа әндерде шығарып жатырмыз. Дуэт болғалы концерттергеде шығып үлгердік. Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған "Сені ойладым" әнімен "Саз әлемінің" біріншісіне  шықтық, алдағы уақытта бейнебаян түсіру ойымызда бар. Топта жұмыс жоғарғы қарқынмен жүруде. Жігіттердің өнерге деген талпынысы ерекше. Өнер десе алып ұшып тұрған соң, сеніңде жұмысқа деген құлшынысын арта түседі екен. Бұрынғы топтың құрамында ән айтқан Аян жеке жоба болды. Келісім шарттан кейін, топтағы жігіттер өз бағыттарымен кеткісі келді. Өнерде ешкім ешкімнің аяғына тұсау сала алмайды. Сүйіспеншілікпен жасалған дүние ғана неғұрлым әдемі әрі шынайы көрінеді. Топтан алысқа тек қана Данияр ғана кетті, қалған жігіттер жанымда. Бірігіп жұмыс істеп жүрміз.

Сіз өнерге қаншалықты жақынсыз? Өзіңіздің  бойыңыздан қандай өнер түрін таба аламыз?

–Жас кезімде талай ән салдым. Кейін заман талабына сай, маңдайға жазылғанымен бизнес саласына бет бұрдым. Бірақ, өнерден алыстамадым. Мейрамбектің “Өнерді сүйгенінің өзі-- өнер" дегеніндей  "МузАРТтың" жігіттерімен, Ұлықпан Жолдасов, Арман Бексұлтандармен араласып жүрдім. Олардың өнерге деген махаббатының өзі жаныңды жадырататын. Сол жігіттердің ұсынысымен, қазақтың балаларын көтеріп,өміршең- өнер айдынында мәңгі жүзіп өтуін тілеп, "Жебе" тобына продюсер болып келдім. Менің бұл жігіттермен жұмыс жасауымның, араласуымның бірден-бір үлкен себебі- өнерге деген махаббат. Жаратқан сыйға тартқан тума талантқа деген тағзым. Шынайы өнер, шынайы шығармашылықтың адамы болу кез-келгеннің қолынан келмейді, бағына бұйыра бермейді. Сол үшінде мен өнерді әлдилеп өтемін. Жастардың өнер майданында мықты жауынгер болып, майталман атануына  барынша көмектесіп келемін.  Жұмыстың қиындығын қызықты сәттері жеңіп кетеді. Көңілім орнында, шығармашылық даму үстіндеміз. Інжу әншілеріңізбен де жұмыс жасап жүрміз. Продюсерлік орталығымыз, енді продакшн болды. "D-Alemshow" би тобын құрып жатырмыз. Алдымен, Алланың кейін Інжудің топқа деген тигізіп жатқан көмегі зор. Жастардың талабы, көрермендердің сұранысы бойынша әр әннің соңынан би билеуді жөн деп санадық. Інжу мен "Жебе" тобының дуэттері айтылып жатыр.Қасымхан Бегмановтай ірі ақындармен байланыстамыз. Шығармашылығымыз даму үстінде. Өнер бір мақсатқа қызмет етуі тиіс. Біздің мақсат-- халыққа тамаша туындыларды таныту, өмірге деген ынтызарлықтарын одан әрмен арттыруға көмектесу. Торайғыровша айтсам: "Ел жетіліп көркеймек, Өнер қанат жайғасын". Халық, ел үшін қызмет етіп келеміз.

–Бұрынғы топпен бес жыл жұмыс істедіңіздер. Арнайы жеке концерт бердіңіздер ме? Дәстүрлі әндерді жиі айтып тұрасыздар ма?

–Бұрынғы топпен  еліміздің барлық облыстарын аралап концерт бердік. Бізде дәстүрлі әндер көп. Жігіттер домбырасыз, заман талабына сай өзгертіп айтып жүр. Спортқа сай, қазақ спортшыларына күш, жігер сыйлайтын "Қазақ күресі" деген әнді жаздық, талай жерлерде жігіттер көптің көңілінен шығарлықтай жоғары дәрежеде орындап жүр. Біздің шығармашылығымызда осындай ерекше қарқын, даму бар.

–Дінмұхаммед аға, әдемі өрілген әңгімеңізге көп-көп рахмет. Өзіңізге табыс, топқа жетістіктер тілеймін.

Тоқталмайды өмірдің жаңбыр әні...

–Сәлем жігіттер. Өнерге, сахна өміріне қалай келдіңіздер? Қай өңірдің тумасысыздар? Өнер сіздерге кімнен дарыған? Сұхбатымызды осы сұрақтар төңірегінде бастасақ.

Ізбасар: –Мен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында дүниеге келдім. Өнер менің бойыма нағашыларымнан дарыған, әкемнің тумаластары да өнерден құр алақан емес. Жанұямда ата-анамда өнерге жақын. Мектепте жүріп-ақ, түрлі музыкалық үйірмелерге қатыстым. Орта білімнен соң музыкалық мектепке оқуға түстім, Тараз Мемлекеттік университетін сырттай бітірдім.

Асылжан: –Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының тумасымын.  Анамның жетелеуімен өнерге  бала кезден құштар болып өстім. "Бесіктің мықтылығы ағашынан, жігіттің мықтылығы нағашыдан" деп халық даналығында бекер айтылмаса керек. Маған өнер нағашы әжемнен келген. Отбасында 3 қыз, 3 ұл болып өстік. Мен үйдің кенжесімін, өнер жолында жүрмін. Қалған бауырларым өз салаларын таңдап кетті. Үлкен сахнада ән айту бала кезгі арманы еді. Аллаға шүкір, орындалып келеді. Мектеп қабырғасында жүріп, түрлі байқаулардың жеңімпазы атандым. Кейіннен Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада- цирк колледжін бітірдім. Қазіргі таңда, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында, эстрада және вокал бөлімінде  білімімді жетілдіру үстіндемін.

–Қандай ұлттық аспаптарды жетік меңгергенсіздер?

Ізбасар: – "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра" демекші, домбыраның құлағында ойнаймыз. Аздап фортепиано, гитара тартамыз. Басқа ұлттардың аспаптарында ойнағымыз келеді. Жас болған соң, қызығушылығымыз жоғары. Бәрін білсек, үйренсек деген тілектеміз.

–Репертуарларыңыздағы әндерге келсек. "Ер Төстігім бір төбе" демекші, ән қоржынындағы қай ән жандарыңызға жақын?

Ізбасар: – Бөліп жарғымыз келмейді. Топ құрамы өзгерместен бұрын Қасымхан ақынға жолығып жастардың сұранысы бойынша махаббат тақырыбында сөз жазып беруін өтінген едік. Қасымхан аға бізді бірден ұқты. "Сені ойладым" деп тақырыбын қойып, сөзін жазып берді. Сазгер  Бауыржан Өскенбеков сөзге ән жазды. "Сені ойладым" әні көпшілік жастардың көңілінен шығуда. Жанымызға жақын деп осы әнді айтар едім. Неғұрлым жүрекпен айтсақ, соғұрлым жүрекке жетеді. Бұрынғылардың өзі махаббатты жырлаудан жалыққан емес. Сондықтан, махаббат туралы әнді жас та, кәрі де жылы қабылдайды деп ойлаймыз.

–Шындығына келсек, қазіргі таңда жастар әннің сөзінен бұрын әуеніне қызығып жатады. Содан болар, кей әншілер әннің сөзіне аса мән бермей кеткен. Сіздер ән таңдарда ең бірінші қайсысына баса назар аударасыздар?

Ізбасар: –Біз музыкалық продюсермен, өзіміздің продюсермен ақылдаса отырып шешім қабылдаймыз.Ән сөзі мен музыкалық әрлеуі тұтас бірігіп тұрса, бір арнада тоғысса ғана жақсы шығады. Сөзі нашар әні жақсы болып жатса, сынға түсіп жатады. Сол үшінде, екеуінеде ерекше назар аударамыз. Бір-біріне үйлесім тауып тұрғанын қалаймыз.

–Сұрақ бағытын Асылжанға бұрсақ. Топқа қалай келдіңіз? 

–Тамыз айында "Жебе" тобына әнші іздеп, кастинг жарияланғанын жолдастарымнан естіп, іштей қуанып қалдым. "Жебе" тобы құрылғалы бері әндерін сүйіп тыңдайтын едім.  Кастинг жарияланғанын ести сала, болатын жерін, уақытын анықтап алдым. Белгіленген уақытта өтіп жатқан жерге бардым. Онда мен қатарлы жігіттер, менен үлкендерде бар. Бірін-бірі басып озып тұр. Көңілде үрейде, үмітте, қобалжуда бар. Тәуекелге бардым, бағымды сынап көрдім. Ерекше есте қаларлығы, кастинг өтіп жатқан жерге кірген кезде Дінмұхаммед Серікұлы мені жылы жүзбен қарсы алды. Әнімді айтып болған соң, "Жебеліктер", Дінмұхаммед аға, Інжу бәрі бір ауыздан мені ұнатқанын айтып, өздерінен хабар күтуін өтінді. Араға екі апта салып, маған Дінмұхаммед Серікұлы телефон шалып, кездесуге шақырып, "Жебе" тобына қабылдағандарын айтып, мені шексіз қуантты. Осылайша топ құрамына келдім.

–Киім таңдауда ақыл-кеңесін беретін арнайы мамандармен байланыстасыздар ма?

Ізбасар: –Қыз баланың көзқарасы басқаша, талғамы жоғарғы деңгейде. Інжу әншілеріңіз бізге көп кеңес береді. Стильімізді қалыптастырды, шаш қойысымызға пікірін білдіреді. Киім таңдауға да өз үлесін қосып, бағыт сілтеп жатады. Інжу тек әнші ғана емес, модельер, дизайнер. Алыстан іздемей-ақ, Інжудің ақыл-кеңесіне жүгінеміз.

–"Ұстазсыз шәкірт тұл". Өнер жолына жетелеген ұстаздарыңыз туралы айта кетсеңіздер?

Асылжан: –Бала кезден "Жігіттер" квартетіне, "МузАРТтың" әншілеріне еліктеп өстім. Шыны керек, мен жіңішке дауысқа қатты қызықтым. Көбіне Сәкен Майғазиевтің, Айдар Байжановтың дауыстарына тәнті болатын едім. Колледжде сабақ берген, бағыт сілтеген Жұмат Махамбетов, Жанболат Досаевтарды ұстазым деп атап айтқым келеді.

Ізбасар: – Мен, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Барлық өнерге жаны ашитын аға-әпкелерімді ұстазым деп есептеймін. Соның ішінде, өнер жолында әкемдей болған, рухани ұстаз деп Дінмұхаммед Серікұлын айтқым келеді.

–Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіздер? Биге қабілеттеріңіз қаншалықты деңгейде?

Ізбасар:  –Заман ағысына қарай, сахна талабымен күнде би залындамыз. Інжу би тобын ашып жатыр. Көптеген әншілер біздің фитнес залда. Арасында уақыт тауып біздерде билеп қаламыз. Алдағы уақыттың жоспарында жақсы бейнебаян түсіру.

–Журналға тілектеріңіз?

–"Дәстүр" республикалық журналына шығармашылық табыстар тілейміз. Салт-дәстүрді дәріптейтін басылымның тиражы арта берсін.

–Сұхбаттарыңызға рахмет. Биік белестерді бағындырып, асқақ арманның шыңына шығыңыздар!

Сұқбаттасқан Айдана ҚУАНТХАНОВА

Асыл мұра

(Естелік)

Адам өмірі естен кетпес естеліктермен өріліп жатса тіптен керемет емес пе? Сондай сәттерде өмірге не үшін,кім үшін келгеніңді сезініп, кейде өзгелерден бөліп тұрар өзгешелігінді де біліп жатасың. Керемет кездердің керім келбеті өміріңнің бір бөлшегіне айналары сөзсіз. Бойыңдағы өзің бағалай алмай жүрген өнеріңе де махаббатың оянып, шабыттануың да ғажап емес. Сондай бір сәт өз басымнан да өткен еді, осыдан екі ай бұрын яғни Қадір түніне тұспа тұс келді.

Толығырақ: Асыл мұра

Қазақ биінің халі қалай?

Қазақ өнерге бай халық. Қай өнер саласын алсаңыз да биік таудың мұз шыңындай көрінетіндігі ақиқат. Өнер әлеміндегі би саласына оның  ішінде ұлттық би жөнінде тоқталғанымыз жөн болар.  Би… Бұл –үлкен өнер. Ал үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат.

Толығырақ: Қазақ биінің халі қалай?

Қазақтың киелі ұғымдары

Қазақ ырым-тыйымдарға, киелі ұғымдарға, салт-дәстүрлерге, өте бай халық. Атадан балаға мирас болып қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз біздің бүгінгі өміріміздің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне көрік пен мән береді. Баяғы заманда, біздің бала кезімізде деп басталатын, қай заманда пайда болғаны белгісіз кейбір киелі ұғымдардың шығу төркіні ұмыт болғанымен, олар халық арасында күні бүгінге дейін сақталып қалған.

Толығырақ: Қазақтың киелі ұғымдары

Өс-өс-өс! Сала құлаш болып өс!

Білектей арқасында өрген бұрым, 

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,
Камшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

 

Ұлы Абайдың  қазақ бойжеткенін суреттеудегі теңдессіз өлең жолдары кімде-кімнің болмасын ойында әлдебір ностальгияны тудырса керек-ті... Ал ностальгия деген не? Ол - өткенді тәтті мұңмен аңсау, сағыну.   Мен де сағынам. Аңсаймын. Қанша адам жыр қылып жазған, сурет етіп сызған, ғажап әніне қосқан қазақ қызының байырғы образын қайтарғым келеді...

Толығырақ: Өс-өс-өс! Сала құлаш болып өс!

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30