ҚОРЫҚПАЙМЫН ҒАЙБАТТАРДАН БОРАҒАН

Мақсат-алыс, өмір шақ.

                     Абай

 

Жесірлерін қаңғытып,

Жетімдерін жылатпаған ел едік,

Ұлтқа қарсы мұңсызды ұнатпаған ел едік,

Көңіл түссе көл едік,

Хас дұшпанға  шөл едік,

Көкбөрідей  көп едік,

Елдің қамын жеп едік.

Алпамыстай айбатты ек,

Қобландыдай қайратты ек.

Неге жеттік біз бүгін,

Көңілі бұл қазақтың,

                    қарашаға бергісіз құлазыған күзгі күн.

Жабырқатты-ау жұртымды,

Тілсіз, ділсіз көп мәңгүрт ұстап елдің тізгінін.

Катон жақта отырған, әлдеқашан ұмытқан

                                       қараша үйдің түндігі мен үздігін.

Тілге тірек болмаған сыйлар дейсің сізді кім?

Сүйер дейсіз бізді кім?

Ұлтымның рухы сен ешқашан қартайма,

Кемсіткенін қазақты келімсектер байқай ма?

Қызы сұлу, қысы ұзақ таңғажайып осынау

Оралхан да сағынып, оралғандай Алтайға.

Шекесінен қараған күні кеше кімсің деп,

Қашып жатыр жан-жаққа шенеуніктер біртіндеп.

Ұялмаған ұлттан,

Туған жердің асты-үстін тонап алып шулатып,

                                                 қашып кеткен құрықтан,

Олар ата-баба салт-дәстүрін балабақшада ұмытқан.

Олар қасиетті қарашаңырақ пен киелі

                                  табалдырықты ұмытқан.

Оларды кімдер қалай өткізген

            бас айналар баспалдақты сұрыптан.

Етегіне таулардың

     қабат-қабат ғимараттар салдырып,

Қытай, араб, үнді... асып,

                     қымбат-қымбат алуан бұйым алдырып,

Беліңдегі ұрықты  қонақ үйде... шет елде,

          бәденді жас қатынның жатырында қалдырып,

Кеткен сонау жеркенішті түн құрсын.

Ділі бөтен, тілі жат биліктегі әлгіндегідей жандардың,

Қайранда-қайран қазақтың сөзін сөйлеп, жыр жазып,

Алдына барған күн құрсын.

Мың құбылған алмағайып алыпсатар заманда,

Жүректегі зарыңды сенің кім білсін!..

...Қозғайтұғын  шерлерін бір әдемі ән күтті ел,

Көз ұшынан көрінер аламанда шаң күтті ел.

Шалқайып жүр ортада Тәуелсіздік тірегі,

Ата заңды аяулы, аттап өткен мәңгүрттер.

Қазағымның басына туғандай боп нұрлы күн,

Оңға баса бастады-ау кері кеткен тірлігім.

Абыздардың абызы Шығысымда ұлы Абай,

Рухымды күзетіп, ескерткіш боп тұр бүгін.

ҚАҚПАН

Күшік ит бөрі ала ма жабылса да...

                                         Абай

Досым ғой деп жан сырымды ақтарғам,

Сосын... өсек өрттеріне қақталғам.

Бір әңгіме айтқым келіп оқталғам,

Сол бір  адал, сол бір аңқау шақтардан.

 

Жылдар жылжып, айлар ізсіз аунаған,

Жаңбыры едім сахараның жаумаған.

Қорықпаймын ғайбаттардан бораған,

Қорықпаймын өсектерден лаулаған.

 

Басымыздан өтер, кетер ақпандар,

Қорықпаймын құра берсін қақпандар.

Ей, жас ұрпақ, достарыңды сатпаңдар,

Адал жанға бекер жала жаппаңдар,

Адамдықты, адалдықты сақтаңдар.

 

Жанды ауыртты жылдар ізсіз өтетін,

Көндіктік-ау жалаға жететін.

Бөрінің мен ұрпағы едім азулы,

Өз аяғын шайнап тастап кететін.

 

Осылайша барымыздан тоналып,

Соңымызға түскеннен соң шам алып.

Бөрі болып балкондарда ұлыдық,

Қалаларда тас үйлерге қамалып.

 

Адамдықты аяладым сақтадым,

Атпай қойды-ау, атпай қойды ақ таңым,

Даланың мен бөрісімін ызалы,

Құрса маған құра берсін қақпанын.

 

Қорықпайтын қаңтарыңнан, ақпаннан,

Сәттерім аз мергендерден сақтанған.

Мен даланың бөрісімін, дұшпаным,

Құрып қойған...   қашып шыққан қақпаннан,

...Жүрегімнің түкпірінде жатты арман.

ӘДЕБИ ОРТА

Бұл халге де жеткізді. Соншама не істеп қойдым бұларға?!

 ...о, не деген қиын уақытта өмірге келгенбіз, бауырым...

Мұқағали

2 мамыр, 1974 жыл.

Бұл орта біздің шеттеткен топ боп ірісін,

Айтқым келмейді, айтпаймын оны құрысын.

Байқап жүр бала, аңқылдай берме мен құсап,

Сұқ көзден таса қалмайды жүріс-тұрысың.

 

Бұл орта біздің ескермес кейде ұлысын,

Айтатын сөз бе, айтпаймын оны құрысын.

Алдымда кеткен сан толқындарға бас ием,

Қазақты сүйіп қалдырған асқақ жыры үшін.

 

Байқалмай қалмас бұл жерде жүріс-тұрысың,

Жақсы әдет емес, айтпаймын оны құрысын.

Мәңгілік сүйіп өтемін рас кейбірін,

Ана тілімде қалдырған ғажап сыры үшін.

 

Бұл ортаңызда қиялы көкке ұшқан көп,

Кешегі досың шыға келеді дұшпан боп.

Поэзиядан дәмелі мұңлы бозбала,

Қосылар екен қиқулап қайсы тұстан кеп.

 

Бұл орта солай, солайда солай шулаған,

Кей қылықтары ағаштай сусыз қураған.

Қызығып тұрған жүріске біздің  балақай,

Жүйкеңді сосын, жүректі сақта тулаған.

 

Бұл орта кейде тілеулес бағзы бапкердей,

Тыншымайтұғын бәйгені тағы ап келмей.

Бұл орта кейде көзіңе ыстық  көрінер,

Ғашықтық ғазал жазылған ескі дәптердей. 

 

Арқаңнан қағар мейрімдісі де табылар,

Көңілі босы қолыңды сүйіп табынар.

Өсектің өртін лаулатып жүрген анау «дос»,

Қайта келмеске кеткенде бәлкім сағынар.

 

Арулар сүйіп алдаса  ыстық  төсекпен,

Кейбірі кейде атады таспен, кесекпен.

Қақ жарып өтер қасқа соқпақпен тартпасаң,

Байқап жүр бала жіберер өртеп өсекпен.

 

Көзіңнің жасын көл қылып кейде саулатқан,

Қиял ғажайып әңгіме  отын лаулатқан.

Дәмете көрме халқым кеп ара түсер деп,

Күдік пен сынай тұрады ол қарап аулақтан.

 

Әдеби орта жүйкеңді жүндей түтетін,

Осы орта тағы мәреден сені күтетін.

Не айтам інім көрерсің, байқап сезерсің,

Дақпырт пен шуды бейітпен ғана  бітетін.

 

Әдеби орта тұратын майдан, шайқастан,

Әдеби орта жазылмас құшақ айқастан.

Асыға көрме бағасын берер, реттер,

Туады ұрпақ, тұлпардың ізін тай басқан.

 

Кездесулерге сан бармай қалып қызбенен,

Әдеби орта  бір кезде со-н-дай  іздеген.

Көзімнің жасын көл етіп жаздым бұл жырды,

Сабырлы болып сырласқан менен сізбенен.

 

Сауық сайранды, қадірі қалмас кештіңде,

Сенімен бірге көрге түспейді ешкімде.

Ақындық тағдыр алып қашады қиырға,

Не жетсін шіркін пәк болып өтсең бес күнде.

 

Есіңде болсын,  періште емес ешкімде,

Пенделік етпей өте алсаң шіркін бес күнде.

Ешкімнің сенде жұмысы болмас бауырым,

Ғұмырда мынау сан рет жанып өштің бе?!

 

Әдеби орта айырылған талай тарланнан,

Қасқа жайсаңмен түседі еске барған маң.

Рухқа айналып том-том боп тұрар сөреде,

Өткендерімен өздері мынау жалғаннан.

 

Бітпейтін бәйге, өтеді қысып тақымын,

Жұбатпай-ақ қой, ұмытпайды елім ақынын.

Өсек өртімен өртеген қалқам аяусыз,

Әдеби орта, тағдырым... әрі жақыным.

ӨМIРБАЯН ОРНЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Тамыздың туылыппын төртiнде мен,

Сырым көп сендерге әлi шертiлмеген.

Қолды сiлтеп кетiп ем барлығына,

Қайтадан Алматыға келтiрдi өлең.

 

Иттей талап,

                      шеттеттi,

                                       қақпайлады,

Жан дос деген жақыным сатты айлалы.

«Iшкiш,

           жүргiш,

                      жазғаны түк емес”,– деп,

Жоғарыға жалалы хатты айдады.

 

Эфирлерден ән болып естiлмедiм,

Тым кеш сездiм есiмнiң кеш кiргенiн.

Шынымды айтып,

                               шырылдап,

                                             шырқырап ем,

Сырларыма сенбедi ешкiм менiң.

 

Қатты батты,

                           жаныма сенбегенi,

...Шыр айналды уақыттың дөңгелегi.

Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,

Айырбастап бiреуге  сен де менi.

 

«Ешкiм жаза алмайтын”,–

                                 жырың бар деп,

Шылауыма оралып,  

                            шырылдар кеп.

«Ғайыперен,

                       қырық шiлтен” алдамайды,

Өзiмдi-өзiм алдаймын шыңым бар деп.

 

Боратқан етектегi есектiлер,

Күн сайын жүрегiмдi, өсек тiлер.

Жетiмдерге қайырым жасап едiм,

Күлiп жатты сыртымнан есептiлер.

Итпен жылдас,

                       айлас боп арыстанмен,

Дүние екi келмейдi алысқанмен.

Алматының аяулы  кештерiнде,

Талай-талай жүрсем де данышпанмен.

 

Күншiлдiктiң апыр-ау,

                               сыры неде,

Топ-топ қазақ...

                     бастары бiрiге ме?

Алыс ауыл,

                          мен сенiң үмiтiң ем,

«Ақтадың”,– деп айтпайды бiрi неге.

 

Бiрi айтпады-ау,

                     жылы сөз  шiркiндердiң,

Жылап тұрып...

                     тұлпардай сiлкiнгенмiн.

Ей, пенделер,

                сендерден жерiген соң,

Жалғыз барып бейiтке күрсiнгенмiн.

 

Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын,

Бiзден кейiн шыққандар...

                                    жазар бәрiн.

Қарайлама артыңа,

                          қайран менiң,

Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.

ШҮБЕРЕК

Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,

Адам көркi шүберек,

                            шүберекке орандым.

Бақ пен тақтан сен түгiл патшалар да жеңiлген,

Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.

 

Байлық жақсы-ау,

                         бiрақ та,

                                    ойлан-ойлан жас ұрпақ,

Өнерiне елiңнiң

                      қарамашы тосырқап.

Көңiлiңде не барын бiле бермен

                                          сенiң мен,

Бiзден бұрын өткеннiң бәрi

                                    ажалдан жеңiлген.

 

Бар өмiрi адамның

                         шүберекке тәуелдi,

Шүберектен тiгiлген

                          портфелiм де әуелгi.

Неге, неге ұзадым

                        бұлыңғырлау бүгiннен,

Шүберектен алғашқы

                            иткөйлегiм тiгiлген.

 

Адам көркi шүберек,

                              шүберекке орандым,

Жанарыңнан үзiлер

                                бiр тамшы жас болармын.

Екi-ақ сөзбен бағалар,

                              қайран асыл ағалар,

Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар.

 

Кетiп жатыр ар жаққа,

                              толқын-толқын қайық боп,

Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп.

Кетiп жатыр,

                   кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,

Қазақ дейтiн ұлы жұрт

                               тастап кеткен ғұрыппен.

Парығына жете алдым,

                               лақаттың ба ненiң мен,

Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен.

Мұзды шайна, отты жұт,

                               шыдамасаң шоқты аса,

Ел деп соққан бейкүнәм

                                талып барып тоқтаса.

 

Естiлмесе кеудемнен

                          жүрегiмнiң дүрсiлi,

Шүберекке оранып кетiп қалсам

                                          бiр күнi.

Кешiрiңдер қайран ел,   

                             қардай аппақ арым бар,

Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар. 

Тағы мақалалар...

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30