«ЖАС АЛАШ» ДЕСЕ...

Жасырып жабам бұл ойларымды несіне,

Сия алмай кеткен туған даланың төсіне.

Түркістан үшін сүйегі қалған Берлинде,

«Жас Алаш» десе Мұстафа түсер есіме.

 

Жаппаған кейде қалмайды тіпті жаласы,

Ұнамаған соң халықтық сөзі, қарасы.

«Жас Алаш» десе түседі менің есіме,

Бөкейханов пен Байтұрсыновтар наласы.

 

Ойласам болды аққусыз қалған көлдерді,

Дауы көп сонау бөліске түскен жерлерді.

«Жас Алаш» десе, арманда кеткен еске алам,

Заманбек пенен Алтынбек сынды ерлерді.

 

Жауап таба алмай басың қатқанда сұраққа,

Шөлейтті жерде тап болғандайын  бұлаққа.

«Жас Алаш» десе, қасқайып тұрып  сөз айтқан,

Махамбеттердің дауысы келер құлаққа.

 

Өмірі түрме, ойлары  қандай тартымды,

Таразылаған  о, дүние сенің парқыңды.

Екі империямен алысып өткен қазақ деп,

«Жас Алаш» десе еске алам  Жағда қартымды.

 

Сөздерің отты шықпайды елдің  есінен,

Қалмайды мәңгі қазақтың нұрлы көшінен.

Батыр жігіттер «Жас Алаштағы» бүгінгі,

Кешегі өткен хан Кенелерден несі кем.

ХАНТАҒЫҒА ТАҒЗЫМ

 

                          І

                                               Мен, мен едім, мен едім...

                                                                                                                  Махамбет

Сырласудың реті бүгін түсті-ау сізбенен,

Бозбаласы ем ауылдың кездесетін қызбенен,

 Күшігің ем кешегі, арлан болдық біз деген.

Елу жылдай еліне өлмес өмір іздеген,

Түбі соны табам деп  үмітін еш үзбеген.

Кемшілігін біреудің ақ қағазға тізбеген,

Мен ақыны ем даланың сырласатын күзбенен.

 

Сыздық төре төсіңді дүбірлеткен ұлы елім,

Тәуелсіз жұрт бақытты, бүгін неткен ұлы елім.

Рахымымен алланың, пейілімен халқымның,

Таңғажайып таңдарды сібірлеткен ұлы елім.

Келдім бүгін ортаңа, орала алмай жүр едім.

Ақ қағазға төгілген аспан жақтан нұр едім

Ашылмаған сыр едім,

Жазылмаған жыр едім.

Үміт күтер ұлым деп қарап маған тұр елім.

Мен екінің бірі едім,

Әлі қауыз ашпаған далаңдағы гүл едім.

 

Сәби едім ол кезде, періште едім, пәк едім,

Жаңа жауған ақ қардай кіршіксіз ем, ақ едім.

Жетімдер мен жеңілгенге жақ едім,

Шөл далада жайқалып жайнап тұрған бақ едім.

Ортаңызға кеп тұрмын бүгін міне, тағы елім.

 

...Марқұм әпкем оқыған ауласына мектептің,

Қаншама рет елеусіз Хантағыға кеп кеттім.

Түбі қайта айналып келемін ғой деп кеттім,

Жырларымды бір жазып беремін ғой деп кеттім,

Елу жылда ешкімнің жолын кесіп өтпеппін.

 

Мырғалымсай, Ащысай, Атабайға ұласқан,

Бабайқорған барады одан ары қыр асқан.

Қайда сол бір бала деп сұлу қыздар сұрасқан,

Баяғыдай бозарып сырын бүгіп тұр аспан.

Айналайын Хантағы, Қаратауға сыр ашқан,

Сұрайтының болса егер,  сұра ақ қайың, сұра аспан,

Жаңбыр болып себелеп жүрегімдей жыла аспан.

 

Қирап қанша шаңырақ көшкен дейді бұл таудан.

Керуен, керуен, керуен боп алыс жаққа жұрт ауған.

Жұрт ауған соң мәңгілік шыңдарынан бұлт ауған,

Осылайша қазағым құтылыпты құрсаудан.

 

Шөге-шөге жантайып кеткен дейді аспан тау,

Кенесары бір кезде Созақ жаққа асқан тау.

Талай серке жігіттер, жықпыл-жықпыл қашқан тау,

Қара қалмақ қазақтың қанын судай шашқан тау.

Қаратаудан басталған Алашыма аспандау,

Бір аспандап алған соң бойға біткен жасқанбау,

Айқастардың айқасы Қаратаудан басталды-ау.

 

Жалбарынып ешқашан жан қалмаған жауларға,

Қаншама ерлік көрсе де таң қалмаған тауларда.

Талай ғазиз махаббат қалған анау бауларда,

Шайыры мен шешенін салған қазақ дауларға,

Шортан балық тәрізді түсе қоймас ауларға.

 

Неге көңіл бөлмейді мына сөзге кей кісің,

Ұлы Әуезов «Тәжі» деп бекер айтты деймісің.

Қамын қара қазақтың Мұқаңдайын жеймісің,

Жасырмаймын шенеунік, ұнамайды кейде ісің.

 

Ей жас әкім, қарайла, мынау елге қайыр қыл,

Момынымның қолында мылтық емес, айыр тұр.

Көрден өзге қорлықты талай көрген шайыр бұл,

Кіндігімді кескен ел, көкейімді тескен ел,

Хантағы мен Кентауым, Балабүрген, Байылдыр.

Көктем. Кентау

 

                   ІІ

Барлығы ұмытқандай мені мүлде,

Көргем жоқ бұндай азап өмірімде.

Жолданбай қалған кейбір хаттарымдай,

Жазылмай қалған шағым көңілімде.

 

Туған жер жайлы қанша таптым аңыз,

Кеудеме сөнбес алау жақтың абыз.

Қайда екен құрдастарым бірге ойнаған,

Қай екен әдемі сол аққұба қыз.

 

Сағыныштың сазымен тербелемін,

Жырым көп жазар әлі сенде менің.

Бұл күнде анам да жоқ, досым да жоқ,

Көшеңнен елес іздеп сенделемін.

 

Күн батқанда шуағын шашып келіп,

Көрген адам тұрады-ау ғашық болып.

Менің туған қалама тығылады,

Шымқаладан шыққан жол қашып келіп.

 

Көктем бұл, көрінбейтін дала гүлден,

Жасанып шыға келді-ау қала бірден.

Хантағыдан жарысқан бұлақтардан,

Құлпырып сала берді-ау Балабүрген.

 

Тосырқап қарсы алғандай қала бүгін,

Есіне сол баланы алады кім.

Түсіме көп кіреді алыс жақта,

Көшеңде қалған, Кентау, балалығым.

 

Жер жібіп жапты гүлмен дала белді,

Бұл көктем көп қызықты ала келді.

Мен жалғыз ұзай бердім қара жолмен,

Барлығы қолын бұлғап қала берді.

 

Көңілге демеу болар көктем ғана,

Тырналар әнін салып жеткенде, аға.

Ортаңа қайта оралды, атамекен,

Даңқыңды шығарам деп кеткен бала.

 

Қаяулы көңіліме жарық түсті,

Аяулы өңірімнен алып күшті.

Анашым, бала кезім,  сағыныш боп,

Көзімнен бір тамшы жас тамып түсті.

 

 

                       ***

Жүрегімді нұрға бөлеп, толқыттың-ау сен,

Жалт ете қап, жоқ боп кетіп, қорқыттың-ау сен.

Сол бір сәтте жас жанымды жараладың сен,

Неге мені бақытыңа баламадың сен.

 

Ауыр ойдың тереңіне бойламадың ба,

Әлде  жаным, сол күндерді ойламадың ба?

Қоңыр күзде  қоңыр кешті сағынбадың ба,

Жалт-жұлт еткен жылтыраққа арындадың ба?

 

Жапырақтың сыбдырына елеңдедің бе,

Баяғыдай кездесуге келем дедің бе.

Жоғалтқан бір асылыңа балап тұрдың ба,

Терезеңнен мені іздеп қарап тұрдың ба?

ОҢТҮСТІК

 Бақытжан Алдиярға

Бас бұрма жаным өсек-ғайбатқа бораған.

               Төлеген Айбергенов

 

Өлiлердiң өресiнен жоғары,

Өлеңiмдi жан түсiнген жоқ әлi.

 Бақытжан Алдияр

 

Шымқаланың елеусiздеу кафесiнде отырмыз,

Ескi әйнектi төпелейдi ақ жаңбырлы соқыр күз.

Талайлардың өр екпiнiн мысыменен басатын,

Ал жанымда  ойға батқан, арманы асқақ жас ақын.

Мына кiрбiң жап-жас болып қабағыңда тұр қайдан,

Бiлем, бiлем алдыңда әлi қатал сынақ сұр майдан.

Жан-жағыңнан шырмап алған сайқалданған саясат,

Ақылды дос ерiп кеткен ақындықты қоя сап.

Жарқ-жұрқ еткен жарнаманың құны саған көк тиын,

Көк тиындық жарнамаға бұл қоғамда жоқ тыйым.

Кешегi өткен Шәмшi менен Төлегеннiң соқпағы,

Дәл өзiңдей бiр ұланды қаншама уақыт жоқтады.

Жиырма үшке де жете алмаған Саттарханов,

                                                             Саттарлар,

Өмiрбай мен Танабай боп талай жерде тапталды ар.

Екi көкем Тоқаш пенен Тәкендерге табынған,

Қаныбек пен менiң досым Мәукенұлын сағынған.

Бейбiт кезде Отан қорғап тобығынан қан кешкен,

Қаратаудың бiр қызына ғашық болып танды естен.

Тiптi, тiптi кей сәттерi Мәжнүн бола жаздаған,

Досы түгiл, жауларының кемшiлiгiн қазбаған.

Жұлдызды аспан, жауһар жырлы, айналайын саз ғалам,

Көкiрегiнде намыс оты  қаршадайдан маздаған.

Жүрегiнде Кенесары, Наурызбайдың жорығы.

Жетi үңгiр,

                      Монтайтас пен Қалдақ баба  қорығы.

Жақпар тастар арасында алқына аққан Ақпарақ,

Шарапхана, Ақкөйлекте бiрге жүрген ақ тамақ.

Ғайыперен, қырық шiлтен, Жаңабазар, Қарабау,

Атшабардың жазығында бiр шабуға жарамау.

Азартеке ойпаң құзы, Қызылқия, Көкiбел,

Сан ғасырлар күткен ұлым Ақпан батыр осы дер.

Кәпiрзада жонында анау,

                                 Итөлгеннiң соқпағы,

Жiбек жолмен көш  кеп қанша  Айнатасқа тоқтады.

Алтын төбе, сұлу Өгем, Тамшыбастау, Жарбастау,

Бекзат төбе, Керегетас,  Суықбастау, Көлбастау.

Қайынбай сай, Ақбурада берген сәтте таң қылаң,

Құндыз қайыр,  көкемарал, киiкоты аңқыған.

Дүниеге сен осындай топырақтан жаралдың,

Ақбастаудан тармақ-тармақ өлең болып таралдың.

Түсiңе ендi алыстасаң Сансыз баб пен Отырар,

Рабат пен Күбiқұдық, Қақпақтағы шоқылар. 

Тектi  туған сары баласы, сонау сырлы Тұрбаттың,

Бұл-бұл ұшты-ау,

                            жанарымнан алаңсыз шақ,

                                                     қымбат күн,

Себебi мен өтiп кетiп, қайырылмаған жылдарға,

Көз жасымды сенiң мұңлы жырларыңмен құрғаттым.

Талай-талай қимасымды, сыйласымды ұрлаттым,

Дос деп сенiп дұшпанымды  басты шұлғып

                                                         тыңдаппын.

Кейiнгi ұрпақ iшiнен бiр iнiлерi табынар,

Қатар жүрген тентек бiткен сап тыйылар, бағынар.

Кей кездерi жалғыз атты Сыздық сұлтан секiлдi,

 Бақытжанның Алатаудай асқақтығы тағы бар.

Асыл iнiм алысты ойлап аламаннан ат қайтқан,

Қайта тумас Жұмағам мен

                                      Ғафекемдi  жатқа айтқан.

Жалғыз кетiп бара жатып ойлай-ойлай бiрақ та,

Жауап таппай шырмап алған шырмауықтай сұраққа. 

Көп қарадым орда бұзар отыз қалған ойпаңмен,

Қамал алар қырық  қалған  беткейдегi қыратқа.

Мең бар едi құлай сүйген асылымның бетiнде,

Кездескен кеш алыс қалды Күреңбелдiң шетiнде.

Досым сатып, көп таныстар кеткен кезде жалтарып,

Тек сен ғана қорғап жаздың басылымның бетiнде.

Қайырымсыз шулы қала... жалғызсырап қалар деп,

Сенiң досың хабар алып тұрады ылғи Жанарбек.

Ақ шымылдық тәрiздi аппақ сырылмаған Сырың бар,

Көлеңкеңдей қасыңнан бiр қалмайтұғын мұңың бар.

Тебiренетiн ұлы дала, жетедi ертең бiр әнiң,

Қазығұртын қимай жүрген көк бөрiдей қыраным.

Достан безiп, оңашалау солай өмiр сүрдiм мен,

Талай даудың ортасында жалтақтамай тұрдым мен.

Мұңлық-Зарлық тәрiздi-ай,    соқыр, мылқау қоғамға,

Мұң-зарымды жаспен жазған өткiзе алмай жүрдiм мен.  

Рух үшiн ұлы майдан... ғасырлармен жұлқысқан,

Баба түктi шашты Әзiз,

                                Арыстан баб, 

                                                Түркiстан.

Ұлы Оңтүстiк атамекен, топырағым, киелiм,

Тұла бойда жалғыз тамшы қан қалғанша сүйемiн.

Адамдарың мәңгi байлық, сарқылмайтын қазынаң,

Қуат алып ғұмыр кештiм Бақытжанның сазынан.

Етек жауып, ес жиғанда айтқан жалғыз базынам,

Өңi жап-жас,

                      ал зейiнi, жүз жасаған қарт тұлға,

Поэзия  зор сенiмiн қағiлездеу артты ұлға.

Қара балаң не көрмедi,  айналайын Оңтүстiк,

Оның тартқан тақсыретiн сары балаңа тарттырма!

Ақын түгiл,  адамдар бар аямайтын әкесiн,

Шымқаланың қимай қарап тұрдым бiр сәт кафесiн.

... Еске салып поезд жүрдi, шаруа жайын, бас қамын,

Ал перронда қолын бұлғап, қала бердi жас дарын.   

ҚҰБЫЛЫС

Алатаудың етегiнде бiр қала бар ғажайып,

Ұлы ақындар сол шаһарда бара жатыр азайып.

Жыр оқитын ортамызда тау суындай сарқырап,

Көрiнбейдi  сол бiр ақын ақ дидары жарқырап.

 

Ал бүгiн ше,

                сол Алматы, сол айқаспен, сол майдан,

Қалқып ұшқан қыраным-ай,

                         Ақшығанақ, Торғайдан.

Әр қайталап оқығанда, әр жолыңнан сыр ұғам,

Қара өлеңнiң көшiндегi қайталанбас құбылам.

 

Бұл жалғанға екi келмес ер жiгiттiң сұлтаны,

Жауһарыңнан ғасырларға шашырап тұр шұғылаң.

Пiр тұтып ең алдыңдағы Ғафу, Сырбай, Қасымды,

Сағыныштан көздiң жасы моншақ болып шашылды.

 

Ортамызда жыр оқыған сырахана баяғы,

Алматының көшесiнде көзiме оттай басылды.

Қыз-жiгiттер қол ұстасып сауық-сайран құратын,

Есiне алып күрсiнгендей жұлдыз аққан мына түн.

 

Сарыарқаның даласындай жаратылған ерекше,

Абылай аспас сары белден, асқан ақын, ұлы ақын.

Тұрады өмiр жауабы жоқ неге мұңлы сұрақтан,

Алашыңа сендей тағы керек боп тұр бiр ақ таң.

 

Жан сырыңды тыңдап кеше Мұқағали мұңайса,

Гауһар жырың қайта оқыған жас аруды жылатқан.

Өлеңiңнiң сырлы сазы сан толқынды толқытқан,

Шыңыраудай тереңдiгiң жауларыңды қорқытқан.

 

Тәнiңдi алып, әнiңдi алып ұшақпенен қаңтарда,

Арқалыққа бiр қаралы ең соңғы рет жол шыққан.

Нәзiк жанды, ерке мiнез, бөлек бiтiм тектiм-ай,

Соңындағы екi ұлына мейiрiмiңдi төк құдай.

Артыңа ерген бозбала едiм арасында тобырдың,

Табындырып, сағындырып тым ертерек кеттiң-ай.

Мынау елiң аңсады ғой, шын сағынды даусыңды,

Қайран ақын дәм-тұзың да неге ерте таусылды.

Қылшылдаған қырық екi жасқа толған шағыңда,

Қасиеттi туған жердiң топырағы қаусырды.

 

Содан берi жүрек сыздап көктем келiп, жаз өткен,

Құбылысты елемеген билiкке бар, наз, өкпем.

Он жетi жыл эфирлерден естiлмедi дауысың,

Он жетi жыл жаңа жырың көрiнбедi газеттен.

Шет-шегi жоқ,

                    сағым жүзген өнiп шығып өртеңнен,

Қызыл заман шылауында кеткендерден жеркенген.

Есiн алып ескi белдер,

                              ескi ауыл, ескi сөз,

Ол ұлттың ақыны едi, өзегi ерте өртенген.

 

Есiме алсам көкiрегiм қайғы-мұңға толатын,

Жазушылар одағына оралмады сол ақын.

Дала жырын аспандатып, құбылыс боп тербеген,

Ол Кеңшiлiк Мырзабеков болатын.  

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ ЖАЙЛЫ ЖЫР НЕМЕСЕ АҚЫН ЗИРАТЫНДАҒЫ ОЙ

I

Қабырға сөккен қазақтың мұңы тербеткен,

Қара бала едiм қараша ауылда ержеткен.

Қаратау жақтың қара талының шыбығын,

Ат қылып мiнiп түскенмiн жолға сен кеткен.

 

Көсiлiп жатқан

                      куә ғой,

                                       қырат,  сай мына,

Қырандар көкке қанатын бiрден жайды ма?

Мәңгiлiк өмiр iздедiм мен де өзiңдей,

Қаршадайымнан айналып Асан қайғыға.

 

Жырақта қалып жылдарым сауық құратын,

Басыңда тұрмын,

                       қасыңда тұрмын ұлы ақын.

Қасым боп ашқан дүниенiң мынау есiгiн,

Сұрапыл жылдар сырларын бiзден сұра түн.

 

Бiр кезде қалған iзiңдi iздеп Ембiден,

Боталап көзiм жырыңа қайта телмiрем.

Жұртыма ертең  соңымда менiң мұра боп,

Өлеңнен өзге қалады дейсiң ендi нем.

 

От жалын кештiң кешпеген мынау еш пенде,

Жабықтың ба екен ескi шинельдi шешкенде.

Жұмақ-ау шығар ол жақта сенiң мекенiң,

Көп көрiп едiң тозақты ғұмыр кешкенде.

 

Ал қара көктей дариға-ай сол бiр қайда арман,

Қиялың  қалқып аспанда жүзген айды алған.

Сене алмай тұрмын көздерiм менiң бұлдырап,

Қасым ба мынау ақ топыраққа айналған.

 

Өлмейдi мәңгi рухы күштi асылдар,

Қалады олар алмасқанменен ғасырлар.

Маған да бiр сәт көз салып өтсiн ертеңгi,

Қазақ деп туған қара көз жап-жас Қасымдар.

 

Ақ толқындардай жағасын жардың ұратын,

Сағыныш дертiн бiздерден ғана сұра түн.

Жүз жылдық жүктi арқалап даңқ-дақпыртсыз,

Басыңда тұрмын, қасыңда тұрмын ұлы ақын.

 

II

А, анау Балқашқа қарай,

                      алқына аққан Ақтайлақтың өзенi,

Қызыларай тауларының көлге ұласқан кезеңi.

Жүзiмдi жаңбыр жуған-ай.

Қара нарлардың үстiнде

         аруларымды тербеткен алтын шатырлар,

Төбелерiнде мәңгi тұрарын,

                                    бiлгендей екен туған ай.

Кешегi өткен дулыға киген батырлар.

Артында азынаған үй қалып,

Жарық жалғанды қимай да,  қимай қиналып.

Бұрынғылардың жолына

                              бұрылып барып түскенсiз,

Сондықтан ба екен Алаштың сан баласынан үстемсiз.

Сұп-сұр боп жүзiң соңғы рет,

                сары қымызды сапырып тұрып iшкенсiз...

Еңкейгенге еңкейген,

Шалқайғанға шалқайған.

Сен жоқ жерде бақыт тапсын жар қайдан.

Өзiмсiнiп келгендi өзегiнен теппеген,

Атқан оғы айдалаға кетпеген.

Қабырғаларын бiртiндеп тұрып сөккенде,

                              шытпай тұрған қабағын,

Алтынменен жалатқан ет салатын табағын.

 

Қаршадай кезде ауылда далалық дана,

Кемпiр-шалдардың  үздiк бiтiргем сабағын.

 

Жұлдызды түнде ай нұрына жуынған,

Қынабынан ақ семсердi суырған.

Бозбалаға бойжеткен қасын керiп назданған,

Ей, мiрi кем аяулы,

                                   нұрлы ғұмыр аз жалған.

           

Сол бозбала әп-сәтте ботакөзi қаласа,

Арыстан мен жердегi, аспандағы қазды алған.

Соңдарында аңыздай отты жыр мен саз қалған.

Зымырайды замандар,

Өзгередi қоғамдар.

Аруақтар ертеңгi,

Бүгiнгi барлық адамдар.

Теңеспейдi ешқашан,

Жақсы менен жамандар.

Менiң мұңым жер бетiнде жоқ қала мен жоқ ұрпақ,

Аманаттап туған жердi тастап кеткен сол ұрпақ.

Осындай елдi ешкiмде сала алмас ағаш табытқа,

Талпынған сонау себездеп түскен жарыққа.

Көзiмнiң жасы тамады үнсiз,

Батысқа қарай, мұнайлар аққан арыққа.

Бүгiнгi мынау,

               қайырсыз қара иттерге бiткен мол байлық,

Не пайда сенен аш-жалаңаш,

                                      бiз сүйген сорлы халыққа.

Асты мен үстiн жерiмнiң

                                сататын iскер тажалдың,

Қақпайларына көнгiм келмейдi менi аңдып,

                                           соңымда жүрген ажалдың.

Қайран аңқау қазағым,  бүгiнгi барлық қайғыңды,

Кешегi өткен Қасымдай,

                              құлазып жүрiп жазармын...

                       

                        III

Дүниеге келер әлi талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бiр байқасын.

                                                    Қасым Аманжолов

Ұлы жырыңды, 

                     ұлы даланы шайқаған,

Өзiңнен соңғы қаншама толқын байқаған.

Ақындар келiп кеткенмен мына өмiрге,

Дүниеге сендей келмейдi Қасым қайтадан.

Боз жусандайын бозбала кезде от кешкен,

Қысқы окоптарда досыңның төсiн оқ тескен.

Жарқылдай жеттi жырларың жаңа ғасырға,

Бетiнен жердiң жоғалып өшiп кетпестен.

      

Қаршадай кезде-ақ бас тiккен қауiп-қатерге,

Күркүреп күндей майданнан жеткен аты елге.

Өзiңдi ойлап,  қуана алмастан, қиналып,

Мұңайып тұрдым кiргенде жаңа пәтерге.

 

Келгенде көктем тыраулы үнiн тырнаның,

Қырға да шығып сен құсап аға тыңдадым.

Семейге соғып сандалғанменен таппадым,

Кезгенмен жалғыз Қарқаралының қырларын.

 

Жеткiзiп бәлкiм айта алмай жүрген болармын,

Теңiздей сонау тартылып барып толармын.

Жағалауынан таппадым iздеп Жайықтың,

Жастығың қалған ормандарынан Оралдың.

 

Кейбiр пенделер жетпей жүргенмен парқыңа,

Жырларың сенiң жасын боп жеттi халқыңа.

Жан-жаққа қарай поездар аққан далаңда,

Туатын таңда шолпандай мәңгi жарқыра.

 

Алаш деп iштей алаулап жанып, күйiнген,

Қазақ деп өткен Хан Кене ерге сүйiнген.

Отыңды жаққан Сақыпжамалдың қолынан,

Ғафаңмен бiрге дәм татқам бiрде үйiңнен.

 

Дауысың жеттi саңқылдап асқақ залдардан,

Алысқа кеткен даңқыңа сонда арбалғам.

Сұрағам қанша мен өзiң жайлы,  кешегi,

Сырбай мен Ғафу секiлдi тектi шалдардан.

 

Сарыарқадағы боздайды бүгiн сары нар,

Ақындар сирек Сақыпжамалдай жары бар.

Сахарамызға тұлпарлар аздық етпеген,

Қазақстаным Қасымын мәңгi сағынар.

 

Дәуiрлер жайлы толғай да толғай толғаған,

Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған.

Қасқа жол салған, басқа жол салған қашанда,

Қазақта бiздiң Қасымдар осал болмаған.

 

IV

Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным,

Семсер тiлдi,

                  от жүректi тынбай соққан дауылым.

Жалғыз қалып жабыққан бiр осы мұңлы жылдарда,

Аруағы мен жыры менi демеп келген бауырым.

 

Он бестегi таңғы шықтай мөлдiреген сезiмдей,

Қараша ауыл,  қасқа жолда қалған балғын кезiмдей.

Қызыл заман құрсаулаған Түркiстанның қайғысын,

Жүрегiме жасырып ап жолға шыққам өзiңдей.

 

Тына қалған тамшы көрген,  сан ғасырлық тастардан,

Мұрат iздеп «Мұңлық–Зарлық”  секiлдi асыл дастаннан.

Атамекен Аққорада қасiретiң басталған.

Сағым көшкен Сарыарқадан алыс-алыс жақтарға,

Алдыңды орап ақ киiк боп бала кезден қашты арман,

Алашымның шоқ жұлдызы ағып түскен аспаннан.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30