АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВТI ЕСКЕ АЛУ

Тағы да келдi,

                     Сызғанның керiм көктемi,

Саураннан берi Шорнақта туған тектi едi.

Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге,

Асекеңдердiң жалғанға келiп кеткенi.

 

Ширалған ойлар шиыршық атқан бесiнде,

Шырмаған едi-ау Бабайқорғанның кешiнде.

Алматы жақта жанына ерiп жүрдiм мен,

Ешкiмге оның ұқсамайтыны есiмде.

 

Көңiлiм бүгiн қарашадағы мұңлы аспан,

Сол көктем жайлы жаза алмай жүрмiн бiр дастан.

Асығыс соққан дөңгелегiндей поездың,

Зырлады уақыт орнында бiр сәт тұрмастан.

 

Шорнақта туып,

                     далада өскен ұлы адам,

Оңашаларда отырып жалғыз жылаған.

Жердiң бетiне елшiдей келiп,

                                     Алладан,

Қазақ пен Созақ тiлегi жалғыз сұраған.

 

Тағы да келдi,

                   Баба ата жақтың көктемi,

Түркiстандағы Шорнақта туған тектi едi.

Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге,

Сүлейменовтiң өмiрге келiп кеткенi.

ҚАРАОЙДАҒЫ МАХАМБЕТ ҚАБIРI БАСЫНДАҒЫ ОЙЛАР

Оу, Едiлдiң бойы елдi қиян,

Жайықтың жағасы жайлы қиян.

Маңғыстау маңы майлы қиян,

Айналайын табындырған,

                       сағындырған үш қиян,

Атам қазақ жайлаған,

Бейiттерден көрiнбейдi айналаң.

Тарихыңды бiлер ме екен,

                                  өндiрлер,

Алтын далам, асыл далам, бай далам.

Ештеңе де болмағандай алаңсыз,

Сол даламда өмiр шiркiн қайнаған.

Қараойдағы жетiм үйдей құлазыған кезiмде,

Мейiрiм мен шапағат бар көзiңде.

Сан сүйедiң асыл ағам қолтықтан,

Ойыл, Қиыл,

Шыңғырлауға шұбатылып жол шыққан.

Жадау көкке Ақбөбек деп,  мұңын шаққан

Қайыптай,

Бұхара жақ бетiндегi Жайықтай.

Шейiтсайдан соққан желдi тыңдағам,

Бiрақ ғажап оның ұлы рухы,

Қобызбенен, домбырадай сынбаған.

Ол бiр үндi жеткiзе алмас

                     ешбiр жырмен, термен де,

Шерлiлердiң шерлi үнiндей шермен де.

Ары-берi қаша көшкен елмен де,

Көз жасындай мөлдiреген көлмен де,

Оңаша қап сан сырласқам бөлмемде.

Еңсемдi езiп сан қайғысы

                       Сарайшық пен Сағыздың,

Көздiң жасын Ақжайық пен Ақбұлаққа ағыздым.

Шындық, шiркiн, қандай ащы сырлы едiң,

Қараой менен қырғыздағы мұңлы өлiм.

Махамбет пен Исатай,

Кенесары, Наурызбай,

Қайғылары қабырғамды қаусатып

Көкiрегiмдi қарс айырып жүр менiң.

Алашым деп кеткен қайран қос құрбан,

Ер Махамбет, Атай, Матай қос құмнан.

Екi аяқты адамдардан безiнiп,

Төрт аяқты қасқырларды дос қылған.

Қатынжанды еркектердi ертпестен,

Қылыш сүйiп, ай астында серттескен.

Халық мұңы жер басқызып, жүргiзбеген ұлтандай,

Топырақ шағыл, Ұшбөкенбай қыр қандай.

Сай-саламен жүре алмады ерлерiм,

Хиуаға тұра қашқан сұлтандай.

Айдалада аңыраған аймаңдай,

Сорға мiнген Сорлыкүрең сормаңдай.

Озбыр орыс, сатқындар мен жансыздың,

ойдағысы болғандай.

Бiрақ тарих бәрiн бүгiн өз орнына қойғандай.

Жолдыкүрең, Көгiлдiр ат жер тарпып,

                                     кiсiнейдi түсiмде

Екi жүз жыл өткеннен соң,

             дүбiрлеген мынау бiздiң той қандай.

Адыра қап алтыбақан,

                             сауық-сайран,

                                                     бұла түн,

Ауызында адырнаның

                            алты оғы бар ұлы ақын.

Денесiз бас, үнсiз, тiлсiз, түнерiп,

Қара түнде көзiмiздi iлсем,

                                  маған қарап тұратын.

Көңiл шiркiн, болса-дағы қылаусыз,

Жүз жиырма жыл ескерусiз,

                                   сұраусыз.

Жатты-ау... ақсын көздiң ыстық сорасы

Қойылмады-ау ең болмаса ескерткiштiң қоласы,

Алты Алаштың жайсаңдарын жасытты,

Бассыз көмген арыстандар моласы.

Олар бiздiң жаратылған таңның алтын нұрынан,

Сағым жүзден Самның сары құмынан.

Ат артына ақ найза мен айшықты ту байлаған,

Өзiн емес, ұрпақ қамын ойлаған.

Ақ боранда ауыздықпен алысып,

Ұшқан құспен жарысып.

Тiзесiмен жарып өтiп Жайықты

Жолбарыстың жымымен,

                           құм iшiне терең ары бойлаған,

Қамалаған қара құрым дұшпанды,

                                        қақпақыл қып ойнаған.

Қиыл үшiн қырылып, қызыл қанды төгiсiп,

Едiл үшiн егесiп,

Тептер үшiн тебiсiп,

Ер үстiнде жеп iшiп.

Көрген жұртты естерiнен тандырған,

Күмбiрлетiп күй тартып, өткен жерiн ән қылған.

Исатай мен Махамбеттiң жорығы,

Қасым салған қасқа жолды шаң қылған.

Есiм салған ескi жолда сүрлiккен.

Алла бiздi айырма деп бiрлiктен.

Зеңбiрекке қарсы шапқан батырларды есiтiп,

Петербор мен Орынбордың дүрлiккен,

Таңдап түскен ата жолдан қайтпаған,

Жеке бастың қайғысын

                       әңгiме деп ешқашан да айтпаған.

Баз кешсе де тiрлiктен.

Алатау мен Қаратауды айналып,

Осы өлкенiң өткендерiн ойланып,

Жетiсудай жасыл белден,

Ер Махамбет басын берген

Сол қырық төрт жасымда.

Қасқа, жайсаң қасымда.

Тарихқа найзаменен атын жазған жан бабам,

Мәңгiлiкке асау жыр мен хатын жазған жан бабам.

От шашырап, жалын атқан сөзiңе,

Бостандықтың жолында бассыз қалған өзiңе,

Бас июдi парызым ғой деп бiлдiм.

Екi жүз жыл өткеннен соң арада,

Қараойдағы қабiрiңе ағамменен кеп тұрмын. 

***

Сәби болғым келедi...

                      Мұқағали

 

Осында қалған келмеске кеткен күндерiм,

Жұлдыздар аққан, нұр шашқан айлы түндерiм.

Қиялмен ғана оралатыным өткенге,

Жан жүрегiмдi ауыртып қазiр жүр менiң.

 

Осында қалған алаңсыз күлкi, балғын шақ,

Ұмыттыра алса, шөп жина сосын шалғын шап.

Жүзiңе тура қарай алмайтын, несi айып,

Баяғы ұяң қара көз қызды жар қылсақ.

 

Алаңсыз кезге оралсам шiркiн бiр күнге,

Ақ бұлағыңмен жарысар сәби күлкiм де.

Олай болуы алайда оның мүмкiн бе,

Сәби қалпыма келсем-ау шiркiн бiр күнге.

 

Оралсам шiркiн арылып бiр сәт мұңымнан,

Жүгiрiп түссем құлдыраң қағып қырыңнан.

Тартып ойнаған бала боп тентек бұрымнан,

...Көрiнiп тұрса барлығы соның жырымнан.

 

Тартып ойнаған бала боп кетсем бұрымнан,

Шапқылап жүрген аумайтын анау құлыннан.

Он беске әлi толмаған сол бiр аруға,

Қызғалдақтарды сыйласам жаңа жұлынған.

 

Осында қалған келмеске кеткен күндерiм,

Жұлдыздар аққан, нұр шашқан айлы түндерiм.

Қиялмен ғана орала аларым өткенге,

Жан жүрегiмдi ауыртып қазiр жүр менiң.

АНА БЕЙIТIНДЕ

Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,

Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.

Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,

Жанымда әкем, сосын Садырхан бар.

 

Ажал кеп ақ кебiнге  оранғалы,

Жан анам үйге қайтып оралмады.

Алатау асып кеткен ақын ұлы,

Өзгелердей атақты бола алмады.

 

Бола алмады болам деп талпынғанмен,

Қоғамға қарай бiлдi салқын қанмен.

Ғасырмен бiрге келген жұмысы аз,

Ұлтқа қатысы жоқ жарқылдармен.

 

Өкпелеп табансыздау ағасына,

Iнiсiне жармасқан жағасына.

Күндiз естен шықпайтын, түнде түстен,

Келiп тұр анасының моласына...

 

Бiр кезде шулап жатқан ормандай ем,

Орманға өзiң пана қорғандай ең.

Сырт көзге көрiнсем де бақытты боп,

Мен сорлы о бастан-ақ сормаңдай ем.

 

Түсiме ендiң сәтте сан жылаған,

Тағдыр деп мұңын шақты жаңбыр оған.

Бiлем ғой, бiрақ мына сағыныштан,

Қайтемiн жүрегiмдi қан жылаған.

 

Қараша үй ашылмаған түңдiгiм-ай,

Ұрлаған жылды жыл-ай,  күндi күн-ай.

Құран оқып болған соң күйбең қаққан,

Жайымды сездi-ау әкей, мұңлығым-ай.

 

Жел тұрса жапырақтай орманда ойнар,

Ойсызға жердiң бетi толған тойлар.

Ананың аманатын естiмеген,

Аз ба екен арамызда сормаңдайлар.

Ей, бейбақ, аруақты еске ал,

                                      жет басына,

Өмiрде өтер-кетер көп тасыма.

«Жан апа ана болса сендей болсын»,

Сөзiм бұл ойып жазған көктасына!

 

Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,

Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.

Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,

Жанымда әкем, сосын Садырхан бар

ЖАҢА ЕРТЕГI (Әзiл - шыны аралас өлең)

Жайсаңы көп қауым мынау зиялы,

Маған ертең бiр биiктi қияды.

Күлiмсiреп бас изейдi барлығы,

Тұлпар ғой деп мұқалмаған тұяғы.

 

Нұрғиса ағам күй арнайды сарнаған,

Қадыр көкем дастан оқыр арнаған.

Менiң осы жыр кешiме айтпай-ақ,

Бұл қазақта бiр адам жоқ бармаған.

 

Ақалтеке ат мiнгiзiп Атырау,

Астана жақ шапан жауып жатыр-ау.

Ел ағасын үйiме мен шақырып,

Ұлы адамдар бiрге келдi апыр-ау.

 

Күн көзiнен ерiп кеттi тас бүгiн,

Өтер кезi елу емес жас күнiм,

Өз орныңа қайтып кел деп қайтадан,

Жалынады Ақ үйдегi бастығым.

 

Ауыл болып бөлiнбестен жарасып,

Бiр-бiрiне iлтипатпен қарасып,

Мен туралы мақалалар жазады,

Мағауин мен  Әбiш ағам таласып.

 

Ертеңiне басталады ақ сапар,

Нан, тұзымен қарсы алады

                                 көп шаїар.

Қос ат жегiп хор қызымен баратам,

Көз алдымда қылаулайды ақша қар.

Содан кейiн мұхит асып шет кеттiм,

Ғарыш кезiп,

               айды айналып, көкке өттiм.

Париждегi он бес қабат ғаламат,

Ауласында ең атақты мектептiң.

 

Гүл ұсынған ортасынан топырдың,

Әрең шығып жанына кеп шопырдың.

Естi жисам... әйелiм тұр ашулы,

Үйiмде мен жалғыз iшiп отырмын. 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30