***

Қай қырда қалдың, қиылып туған ай сындым,

Қай жырым менің үзілді

                                     ұшына жетіп қай шыңның.

Жабылып бәрің,

                               соңыма менің түсердей,

Жолыңды кестім қайсыңның.

Дүниені кезіп архив ақтарып, сары қағаздарға үңілдім,

Сұқсырдай мынау сүмпиген сұрқыңнан сенің түңілдім.

Сорақы болды-ау  бүгінгің,

Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім.

 

А, анау қырғыздағы сыр бүккен он бір жыраның,

Құпия сырын білгенде,

                  шешем бүгін өлгендей,

                                            ағыл да, тегіл жыладым.

 

Баурайында гүл аңқыған қолаттың,

 Шолтаң  етіп өте шықты-ау  шолақ күн.

Бір  татысқан дәм тұздан да  қорықпай,

Ғайбат сөздерді соңымнан менің бораттың,

 

Болмаса тек еліккен...

                                          бірер ессіз кей кісің,

Бүгінгі есті  қазақты  саған сенер деймісің.

 

Қаршта-қарш шайнасып,

Ұлы тарихшымен оңашада ойласып,

Қара қазанға қойды асып.

Мұстафа Шоқай жолымен өткенде жүріп көктемде,

Алысқа сапар шеккенде –

Құс ұшырып төбемнен,

                                   ит қосқанмен топтасып,

Ана иттермен соттасып,

                                мына иттермен қоштасып.

Тамтығым қалмай кетседе,

Шәуілдеген көп итке сыр берместен өткенмін,

Шуағына шомылып күзбен сол бір көктемнің.

 

Талқыға түскен тар шақта бұлт ете қалған сол ағам,

Жүрегі оның жаралған екен қоладан.

Намысымды таптаған,

                                               ортаңнан сенің таппаған,

Бақыт дейтұғын итіңді, сол бір итінген,

Табам ба барып моладан.

***

Жаратушым мені еркін жүрсін деген шығарсың,

Бұл өмірдің қадірін білсін деген шығарсың.

Анамды алып... жылап ап, күрсін деген шығарсың,

Асу бермес  биікке ұмсын деген шығарсың.

Қиянатқа осынау  төзсін деген шығарсың,

Махаббаттың қадірін сезсін деген шығарсың,

Таңғажайып дүниені кезсін деген шығарсың,

Жалған достан біржола безсін деген шығарсың.

 

Шын сүйді ғой сүйгенін жазсын деген шығарсың,

Шоқай жолын  екшелеп қазсын деген шығарсың.

Жағда шалмен сырласып қалсын деген шығарсың,

Сыбағасын өмірден алсын деген шығарсың.

Дүниені шарлап бір қайтсын деген шығарсың,

Жүрек сырын жыр етіп  айтсын деген шығарсың.

 

Қазақ қызын ес-түссіз сүйсін деген шығарсың,

Көңіліне бір мұңды түйсін деген шығарсың.

Ақ қағазға дастан ғып құйсын деген шығарсың,

Сол сүйгенін өзгеге қисын деген шығарсың.

 

Жаратушым көңілде, жүрегімде тұрарсың,

Көз жетпейтін көкжиек, қол жетпейтін шынарсың.

Менің мұңлы  у-шулы  өмірімде тұрарсың,

Сәл жұмбақтау, қайғылы өлімімде тұрарсың,

Соңғы минут, соңғы сәт көңілімде тұрарсың,

 

...Терең ұққан жас ұрпақ өксіп-өксіп жыларсың.

***

Жиделібайсын –  көзімнің жасы ыршыған,

Санама жетті-ау  ғасырлар сыры сыңсыған.

Бабамнан қалған қайғылы мұңы өлкенің,

Жазира белді, көгілдір көлді көркемім.

Кеудемде қатқан шеменді мұздай ерітерім,

Өзің деп өткен  шалдардың сырын шертемін.

 

Олардың бәрі бейітте жатыр тізіліп,

Көзімнің жасы үзіліп

Тырналар  кетті көкжиек асып тізіліп

Жан ұқпас мұңлы сырымды, тұрғандай мына күз ұғып.

 

Қаншама ұрпақ 

                               ауысқан сыр ғой біртіндеп,

Ертіп кетердей ғайыптан біреу бір күн кеп.

Олардың бәрі жалғаннан өтті арманда,

Байсынға бірге  барар ма екенбіз шіркін, деп.

Соларды көріп өстім мен,

Сәби болғасын сұрай алмадым ешкімнен

Содан да болар жалғыздық дертін кештім мен.

 

Қажытты-ау түнде қамалап ойлар  қаңғырған,

Сағыныш дерті жүректе  қайта жаңғырған.

 

Ұлттан ұлттың десекте қалқам кемі жоқ,

Сан ғасырларға созылған дерт бұл-емі жоқ...

Ұлы сахара шапандай болды-ау жеңі жоқ,

Жиделібайсын атамекенім-теңі жоқ.

 

Жиделібайсын жанардан жас қой төгілген,

Жүрегім бе екен атқақтай соғып егілген.

Қабырғам ба екен біртіндеп тұрып сөгілген,

Құйрықты жұлдыз ағып бір түскен көгімнен.

 

Жұлынған жағам, жат жанның кеткен қолында,

А, ана Самарқанның Байсынға барар жолында

Әлішер досым екеуміз қанша мұңдастық,

Байсыннан соққан шерлі жел үнін тыңдастық.

...Амал жоқ  кері  Ташкенге барар қырды астық

Байсын, мен саған түбінде бәлкім соғармын,

Өзіңе қарай құстайын қанат қағармын.

Қабірі  қалған әжем мен онда бабамның,

Жоқ іздеп шыққан жолаушы едім кім білсін,

Жоғымды содан табармын..

***

Білемін сіздер өшсіздер,

Қан жоса болып үзіліп кеткен Қаддафименен ыржақтап

                                                         суретке түскен ессіздер.

Ессіздер мынау ғаламды жайлап барады талқандап,

Бораған оқтың астында қорғансыз ару қалқам қап.

Ессіздің бірі шыныдан шығып кетердей

                                                   ары да бері талтаңдап

Өлген патшаны жүгірді аспақшы болып арқанды ап.

Есіме түсті-ау сол сәтте баяғы Саддам Хусейін,

                                               арқанды салған мойнына,

Қара жер менен қанішер қанға тойды ма?

Түршіктіргендей денемді,

Ливиядағы бүгінгі ессіз той мына.

Экрандардан қан шашқан...

сұмдық, кім күткен,

Дүние мынау төңкерістерден дүрліккен,

Үмітін үзіп қарап тұр бала тірліктен.

Атыс-шабыстан мына әскерлер де сүрліккен.

Алаулап атар ақ таң мен,

жарқырап шығар күн күткен.

...Түсіме кірді ақ әжем түнде

пештің түбінде жүн түткен.

Ақ әжем қайран аруағың желеп-жебеген,

Торыққан кезде демеген.

Түсіме кірді-ау шіркіндер,

Жылап ояндым, тағы да тағы бір күн бер

Айжамал ана аяулы,

Көңілі бәлкім қаяулы.

Жаза алмай асау жырымды,

Тағы да көзім ілінді.

Түсім бе мынау өңім бе,

Мазаңды алдым ба сенің де.

Ары да бері ауған ел,

Қос-қостап бие сауған ел.

Әлішер досым, жан-жүрегімізді ауыртты-ау,

Өзбекке сіңіп біржола Жиделібайсын,

                                       Жаңажол жақта қалған ел.

Бозақтай мынау топырақ басқан мұңлы да,

                                                         шерлі қаласын,

Қазақтың анау шетелге кеше

                                   сатылып кеткен баласын.

Шалдардың қайтем жатжұртта жылап

                                  мәңгіге қалған моласын

Созақтың сонау Қаратау асқан

                                           Бабайқорғандай саласын

...Жиделібайсын, Майдамталдайын даласын,

А ана Ташкеннің түбіндегі Қауыншыдайын қаласын,

Есіңе түбі аласың!

Беу, он сегіз мың ғаламат ғалам қайтейін,

Жаза алмай жанның жарасын

Жанарға сыймай, қимайда, қимай барасың

Қамшыменен маңдайдан жібергендейін тартып кеп,

Қадекеңменен, Тұмағаңдардан артық па ек,

Бізден де ертең қаласың!

Түк көрмегендей боласың!

***

Шіркін мына бұлақта бүлкілдеген,

Балалығым қап қойған күлкімменен.

Содан кейін қаңғыдым елден жырақ,

Қасқырыңмен жолдас боп, түлкіңменен.

 

Айнала аққан ауылым  сыртыңменен,

Бар екен-ау сол бастау  бүлкілдеген.

Ессіз күнді есіме тағы салды-ау,

Табыстырып мені ескі жұртымменен.

 

Білгің келсе қысылма сұра менен,

Тулай ақты қанымда жылап өлең.

Анау үйде  жалғаннан анам өтіп,

 Ұрлап алған  күлкімді мына белең.

 

Ана алаң ғой  сыр айтар асығымнан,

Мына жол ғой  айырған  ғашығымнан.

Баяғыда қап қойған осы ауылда,

Балалық шақ уақыттан жасырынған

 

Өткен күндер жүректе, санамда тұр,

 Қаралы бір күн келер маған да ақыр.

Мына сайда қап қойған балалығым,

Ана қырда аяулы анам жатыр.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30