БАҚЫТ ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА

                           ...Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

                               Көп кещеге мен несіне кектенем.

                               Бізге бақтың сірә қолы жетер ме,

                               Мұқағали, Төлегенге жетпеген.

                                             Жұматай Жақыпбаев

Тағдыр.., билік  еркіндігін  шектеген,

Ғарыш жаққа олар босқа  кетпеген.

Бақыт, бағың   керек емес маған да,

 Қолы кеше Жұматайға жетпеген.

 

Өткен күндер көз алдымда көлбеген,

Сағыныштың саздарымен тербеген.

Пәтеріңді, қызметіңді неғылам,

Қасым менен Жұматайға бермеген.

 

Құлазумен  Кеңсай  жаққа қарадым,

Іздегенмен  таппай өтіп барамын.

Ұлт бақытын таба  алмадым  шарқ  ұрып,

Бәлкім түбі сен табарсың,  қарағым.

 

Жадымда әлі алыс қалған кез де ескі,

Сезіп өстім тірі пенде сезбесті.

Он алтымда мөлдіреген қыз болып,

Бақыт маған бір-ақ  рет  кездесті.

 

Ол ақырын ұзай берді қасымнан,

Ұзай берді... іздеп  келем  жасымнан.

Маған қайтып жолықпады сол бақыт,

Жан-жағына  шуақ  болып шашылған.

 

Елес болды сан сәулелі шақтарым,

Бәрін жиып көкірегімде сақтадым.

Сыйлар едім о, адамдар, сендерге,

Бақытты іздеп жер бетінен таппадым.

 

Өмір – майдан, шатыласың, шатасың,

Тағдыр жолы… кетіп бара жатасың.

«Бақытты бол, бақытты бол, балам» деп,

Шалдар маған беріп жатты батасын.

 

Ащысын да, тұщысын да татасың,

Жазықсыздан таяқ жеп те жатасың.

«Өмір жолың ұзақ болсын, балам» – деп,

Әжелерім беріп жатты батасын.

 

Түп-түзу деп  айта алмаймын  жолдарым,

Қара  қайғы көкірегімді торладың.

Адамдарға тек жақсылық тілеген,

Қалқам неге мен бақытты болмадым?

 

Ойша шолып өмірімнің жолдарын,

Сырлас  болған  дарындарды қолдадым.

«Бақытты бол» деді  маған қанша адам,

Қалқам  неге, мен бақытты болмадым?

 

Қиял  шіркін қияларға  шарқ  ұрды,

Ұстап өттім әдет, ғұрып, салтымды.

Бақытсыздық себебін сен сұрасаң,

Бақытты деп кім айта алар халқымды.

 

Бір аңыздан құралады, бір аңыз,

Бақытсыздық себебін сіз сұраңыз.

Бақытты деп кім ойлайды  мына қыз,

Не сыйлайды білесіз бе, мына күз?

 

Құйтырқылау сұрақ қойды,  қағытты,

Дарынсыздар  бар билікке жағыпты.

Туған  елі болса  егер бақытсыз,

Шын ақындар бола алмайды бақытты.

 

Өтті бастан қанша көктем, қанша ақпан,

Тіршілік  бұл құлазытқан,  шаршатқан.

Жұматайды  оқығандар біледі,

Биікпіз біз, байлық пенен мансаптан.

 

Уақыт түбі барлығынан шектейді,

Осы бір ой көкейімнен кетпейді.

Бір-ақ  рет  берілетін  өмірде,

Бақытыңның  қолы маған  жетпейді. 

***

Қасиетті құпиям бар санамда,

Ол қасиет бартын менің анамда.

Жұматайды жабырқатқан қара жол,

Бүгін міне, қолын созды маған да.

 

Не айтамын, алып сатар заманға,

Заманына лайық туған  наданға.

Кеңшілікті елемеген сол иттер,

Тұра-тұра ұмтылады  маған да.

 

Тап-тап беріп, ырылдап кеп таламақ,

Жүрегімде қалған содан қара дақ.

Тең жартысы өтіп кеткен өмірді,

Қара түнде ойға батам саралап.

 

Өтіп кеткен сол бір нұрлы шақтайсың,

Ей зарлы өмір сен де бір күн тоқтайсың.

Бақыт іздеп әуре болма бауырым,

Халқың іздеп таппағанды, таппайсың.

 

Әрбір күнің ойсыз, мұңсыз атпаған,

Жаныңда жүр сұр жебесін сақтаған.

Бақытты іздеп не қыламын әуре боп,

Қанша ғасыр іздеп қазақ таппаған.

 

 

Бақытсызбын,  ере көрме,  қал еркем,

Үмітім бар жетер деген ел ертең.

Халқым  кешке бақытты боп көз ілсе,

Бақытты боп оянамын таңертең.

ТӨЛЕГЕНГЕ ОРАЛУ

Белдерден асып қайырылмай кеткен қара жол,

Шолпандай таңғы дара еді ол.

Далалық біздің шалдардай сергек дана еді ол,

Кей сәтте сәби бала еді ол.

 

Жалықпайтұғын жағаға қарай толқындай тулап қайтудан,

Теңіздей шулап айтудан.

Қасқая шапты-ау,

                                   алдынан сонда ай туған,

Алыбым едің заманаларға сай туған.

 

Сыбырлап қана іздейтін мына күз біздің,

Махаббатына өртеніп кеткен жүз қыздың.

Оның жырына жер менен көгің теңселген,

Қаранарым еді ол ел сенген.

Ұлы даланың қырына,

Шыңыраудай түпсіз сырына,

Жасындай аққан Жанарбектердің жырына.

 

...Жауыз боп кетсең бұл күнің ертең болар мұң,

Келгенде уақыт жауқазындайын солармын.

Оралмайтұғын көктемді іздеп жүріп мен,

Төлеген жырға қайтадан қалқам оралдым.

 

Жарқырай берші адастырмайтын жұлдызым,

Жанымен сүйген артыңнан ерген ұл-қызың.

Жаныммен сүйген сен туған жақтың бұл жылдар,

Жаза алмай жүмін, жаза алмай жүрмін бір қызын.

 

Жүрек шіркінде қырық қатпарлы сыр жатыр,

Жазылмай қалған жыр жатыр.

Ал анау текті де туған сол қыздың,

                               жатырында,

                                       алтын айдарлы ұл жатыр.

 

Сол бір ұл, бәлкім,

                            туылмай  белімде кеткен,

Бір шырын қалған кенезіп ерінде кепкен.

Несін айтайын сендерге,  қалқаларым-ау,

Армандай  сұлу қалған-ды жерімде көктем.

 

Қаталсың уақыт...

                                 жанардан жасты үзгіздің,

Адамдар емес, ұққандай сырды

                                                      тоналған мұңлы күз біздің.

Маңдайға әжім сызғыздың,

Жүрекке қатқан ерімес,  сірә, мұз біздің.

Төлеген жырға оралдым қайта ормандай,

Елім деп өткен сормаңдай.

Махаббатына өртеніп кеткен жүз қыздың.

***

Арықтардан су ағады жосылып,

Көктем таяу… сүйеніш ғой осы үміт.

Үкіметі тастап кеткен Алматы,

Құлазиды меніменен қосылып.

 

Басым қатып толқын-толқын ойлардан,

Мезі болған у-шуы көп тойлардан.

Достарыңның  бірі сатқын, бірі жау,

Бұл күндері бақталасқа айналған.

 

Олар талай нұрлы істерден сырт қалды,

Аң-таң болып қарақұрым жұрт қалды.

Ертең тағы алыс елге аттанам,

Еске алмаймын, ойламаймын қырттарды.

 

Бұл қала үшін келіп кетер жан қиғым,

Сосын оның қас-қабағын аңдимын.

Үкіметі көшіп кеткен Алматы,

Көшесінде жалғыз қалып қаңғимын.

 

Мынау дүкен сатады тек қарулар,

Бомба қойған… атыс-шабыс, жарулар.

Кептелісте тізіледі көліктер,

Жол сұрайды асыққан кей арулар.

 

Әр күн сайын не сұмдықты есітті ел,

Сіресіп тұр құлыпталған есіктер.

Жын ойнаққа айналғандай кафеге

Селт етпейді суық қарап мешіттер.

 

Осындай бір тіршілік бұл арбасқан,

Жас баласы жағаңа кеп жармасқан.

Менің нәзік көңілімдей мұңайып,

Құлазып тұр қысқы Алматы қар басқан.

 

Үзік елес сол бір сырлы шақтардан,

Құстар үні естілмейді бақтардан.

Түніменен құлазиды Алматы,

Көшелері аршылмаған ақ қардан.

 

Жастық шақта талайлармен достасқан,

Вокзал мынау қимай тұрып  қоштасқан.

Кесіп-кесіп, бөліп алған барлығын,

Бұл шаһардан жер таппайсың бос жатқан.

 

Басым ауған жаққа тартып барамын,

Баласы едім кеше ғана даланың.

Тұрғынымыз бұл күндері, қарағым,

Үкіметі көшіп кеткен қаланың.

***

Ана арудың бойында балам кетіп барады,

Жанарында әкемнің заман кетіп барады.

Алысуға дұшпанмен, күннен күнге, бауырым,

Шамам кетіп барады.

Толқын, толқын, толқын боп қазақ өтіп барады,

Қазағымды  қорлаған мазақ өтіп барады.

Жұмақ емес, даламды тозақ етіп барады

 

Өлгеніңде көзіңе құмы тұрып қалады.

Дәстүрім мен салттарым ұмытылып барады,

 

Күннен күнге қайтейін төзім бітіп барады,

Жетесізге айтуға сөзім бітіп барады.

Сұлулыққа лап етер сезім бітіп барады,

Ойнап күлер бал дәурен кезім бітіп барады.

 

Жүрегінде  шалдардың ғалам кетіп барады,

Мойнымда ескі дос жалаң кетіп барады.

Осылай да осылай дәурен өтіп барады,

Қадекеңдей асылым әулием өтіп барады.

Ойлап тұрсаң жаныңнан бәрі кетіп қалады.

Сондықтан да көңілім қаралы ғой қаралы

Ұғар менің мұңымды елді ойлаған саналы

Қайран менің жүрегім жаралы ғой, жаралы.

Тағы мақалалар...

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30