«ӨМІРДЕ ҚАЙДАМ, ӨЛЕҢДЕ ӨТІРІК АЙТҚАН ЕМЕСПІН...»

Поэзияны өмірінің өзегі еткен талантты ақын Қасымхан Бегманов жарты ғасырды артқа тастап отыр. Осы орайда сұхбат құрмақ ниетпен қоңырау шалғанымызда ақын аға өзімізге қарсы сұрақ қойды.

– Жалпы менің кітаптарымды оқып па едің... Әңгімеміз қай бағытта өрбиді?

– Лирикалық жырларыңызды сүйсініп оқыдық. Ашығын айту керек, арнау өлеңдеріңізді онша түсіне алмадық.

Ақын аға көктемгі найзағайдай шарт ете қалды.

–Ақындардың тырнағының астынан кір іздеп сенсация жасағың келе ме? Өлеңдерімді дұрыстап оқымаған екенсің ғой, ондағы арнаулардың бәрі аруақтарымызға арналған. Мысалы,  Хан Кене, Махамбет, Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Қасым Аманжолов,  Дінмұхамаед Қонаев, Саттар Ерубаев, Нәзір Төреқұлов, Асқар Сүлейменов, Кеңшілік, Дәуітәлі және тағы басқа о дүниелік алаштың ардақтыларынан сеніңше мен не дәметуім мүмкін?

– Ал әкім Иманғали Тасмағанбетовке арнаған өлеңіңізді қайда қоямыз?

– Немене Иманғалиға өлең арнауға болмайды деген заң шығып па еді. Біріншіден, мен  бір кезде Үкімет Үиінде Имекеңнің тікелей қол астында екі-үш жылдай қызмет істеген адаммын. Бұл өзгелерге қарағанда ол кісіні мен жақсырақ білемін деген сөз. Мен оның мемлекетшілдігін, қазақылығын, қарапайымдылығын, алмас қылыштай өткірлігін, әділеттілігін талай рет өз көзіммен көргенмін. Жарайды оны да қояйықшы, жалпы Иманғалиға өлең арнамаған қазіргі көзі тірі ақынды тауып берші маған. Оның қазақ халқына сіңірген еңбегі ерен. Сен маған жаудың сауалын қойып отырсың. Жазушылар одағында бір кездесіп әңгімелескен кезімде Тұманбай ағам:  «Ақындар ақындарды аяп жүрулері керек. Өмір, тағдыр ақындарды онсызда аямайды »,-деп еді.  Неге екенін білмеймін өзім ұстаз санайтын өте үлкен ақынның осы сөзі менің есімнен шықпайды. Қазір ешкім ешкімді аямайтын заманға тап болдық қой, өзі.

Ақынмен телефон арқылы алғашқы әңгімеміз осылай басталды.

Менің бір курстасым сіздің  «Көше ақындары» деген өлеңізді жатқа оқиды дедім ойланып қалған ақынның көңілін көтергім келіп.

–Елуді еңсерген ел ағасы Қасымхан ақын иір-қиыр өмір жолына көңіл тұшынар қандай із тастапты?

–Көңілге перзенттерімізді медеу тұтамыз. Осындайда ауызға ілігетін іштен шыққан төл баландай бес-алты ауыз өлеңімізді айтамыз да бізде. Баяғының шалдары  өткен бір күнін үлкен өкінішпен шығарып салады екен. Біз қазір бір күніміз тыныш өтсе қуанатын болдық қой.

–Тым алыста қалған сол үміті едім солардың,

Адам көркі шүбірек, шүбірекке орандым.

Бақ пен тақтан сен түгіл патшалар да жеңілген,

Үш-төрт кездей шүбірек әкетерін өмірден.

Халық нарықтың құлына айналғалы ақындарымыздың да көкейін қара бақыр тескендей ме?

–Түлкі бұлаң тіршілікке нақты көзқараспен қарамасаңыз өмір сүру өте қиын. Менің кейбір ағаларым сезімге бас-көзсіз берілді. Сонысынан талай рет оңбай таяқ та жеді. Соданда болар көпшілігі дүниеден ерте кетті. Түркістан қаласының мәденит бөлімінің бастығы болып жұмыс істейтін кезім. Алматыға бір топ әртістерді алып келгем. «Қазақстан» қонақүйіндегі жалға алған бөлмемде бір ақын аға екеуміз сырласып отырмыз. Сонда ол «Заман қатты өзгеріп барады. Біз жүрген жолмен жүрмеңдер» деп өсиет айтып еді.Көп ұзамай ол ағамда қайтыс боп кетті.Нарықтың заңы қатал, сондықтан сезімтал нәзік жанды заман аямайды. Сендер осы заманға тап болдыңдар. Ал біз екі заманның ортасында талтайып тұрмыз. Нәзік қыздарымыздың жүрісінен жаңылғаны, атпал азаматтарымыздың базарда арба сүйреп жүргені бәрі-бәрі көз алдымызда өтті. Осындай дүрбелең ақын жанын ауыртты. Байлықтың ортасында жүрсем де, оған құныққан емеспін. Оған әлгі өзің оқыған «Шүбірек» атты өлеңім дәлел. 

– Ана қайғы, жар қайғы. бала қайғы,

Мансап қайғы,  бақ қайғы, дала қайғы.

Азамат боп қайғыра алмасаңыз,

Ішіңдегі шеменің тарамайды.

Сізді қайғыртатын не?

–Ғұлама Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген. Ал  Қадыр Мырза Әлиде мынандай керемет өлең бар:

Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді,

Үйренді күлуді, бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,

Жылайты өлерде – жақсылар бар қимайтын.

Шәкәрім өмірдің өзін төртке бөліп тастаған: көктем, жаз, күз, қыс деп.   Сталинградты қорғауға қатысқан атам Бегман, әжем Айнаш, әкем мен марқұм анам Айжамал – төртеуі мені Түркістанның вокзалынан оқуға шығарып салғанда қатты қуанып едім. Сәл былай шыға бере қол бұлғап тұрған өзіме ең жақын төрт адамға алыстан қарап кеудемді сұмдық бір сағыныш биледі. Сол жолы ауылымнан мәңгілік ұзап бара жатқанымдай кеудемді өксік кернеді. Мен үшін кейде ақындық дәл осы сәттен  басталғандай көрінеді. Балалық шақтан ақырын алыстауда қайғыртады. Сол кеткеннен студент болып оралдық. Өз үйіңе өзің бөтенсің. Студент деп қарайды. Кейін үйленіп оралдық. Он тиындық  жұп-жұқа кітабымызбен ақын атанып оралдық. Оны бір жыл жудық. Ол кітапты кездескен адамға көйлегіміздің қалтасынан суырып алып көрсетіп  жүрдік. Бірақ бәрібір ақындық деген ол емес екен.

–Тым көңілсіз өтті қызық күзің де,

Қыздар маған хат жазбайды бүгінде.

Құлағына сыбырлап мен ақырын:

Ұлы шайыр бола дегем түбінде.

Қыздарға сыр ғып айтылған осы өлең жолдарының үдесінен шықтым деп есептейсіз бе?

–Өмірді қайдам, өлеңде өтірік айтқан емеспін. Ақ қағаздың алдында не айтсам да, шынымды айттым. Бірақ, бұл қыздарға айтқанымның бәрі орындалды деген сөз емес шығар. Менің қандай ақын екендігіме халық пен уақыт сарапшы. Егер мен кейбіреулердей көлем қуалап қаламақы үшін жазған болсам, қазір 6-7 томдығым жарық көрген болар еді. Жанымды не ауыртса, соны жаздым.

–Атаққа қызығасыз ба?

– Атаққа қызықпайтын адам болмайды. «Атақ  қажет емес» дейтіндерге сене қоймаймын. Албырт бозбала шақта алқынып даладан келгенімізде құлдыраудан арқан тартып ұстап қалған ешқандай атағы жоқ ағалар болды. Асқар Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев, Зейнолла Серікқалиев,Кеңшілік, Жұматай Жақыпбаев, Дәуітәлі Стамбеков сынды алдынғы толқынның артынан ердік. Өлең жазудың ауырлығын жан –тәнімізбен түсінгендей болдық. «Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің қарағым» дейді  Төлеген Айбергенов. Әсіресе, қазақы ортасында ақын болып өмір сүрудің қиындығын мен қырықтан асқанда әрең түсіндім. Менде сен ойлағандай атақ жоқ. Жастар одағының сыйлығы, Түркістан қаласының құрметті азаматы дегендері маған деген халықтың азды-көпті еңбегіме құрметінің бір белгісі деп есептеймін. Қасым Аманжоловтың атындағы мүшәйрада «Көше ақындары» деген өлең жазып, бас жүлдеге тігілген авто көлікті мінген болатынмын. «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығын алғам. Қазір тіпті бізден жас жігіттер бір-екі сағат  ән салып, бір-екі кітап шығарып жіберіп Мемлекеттік сыйлықты иемденіп жатқандар бар. Атақ деп мен қоғамдық ұйым емес, биліктің жоғарғы жақтың шешімімен шыққан марапаттарды айтар едім.

Әлі есімнен кетпейді. Сонау жетпіс жетінші жылдары ғой деймін. Бір топ жас ақындар ескі алаңдағы Ленин ескерткішінің көлеңкесінде ішімдік ішіп отырғанымызда ішіміздегі бір ақын жігіт орнынан атып тұрып «мен 1980-ші жылғы Ленин комсомолы сыйлығының лауреатымын» деп саңқылдап бірнеше өлеңін оқығаны әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Мәселе кімнің атақ алып, алмағанында емес, кімнің қай асуға жеткенінде.

Жеңешемайлап ән салып ұзай берген

Қай асуға жетті екен жалғыз қара? - деп келетін баяғыда менің бір өлеңім болған. 

–Өлең үшін елден кеттім, сарсылдым,

Түбіне мен жетемін деп бар сырдың.

Қара өлеңге деген ұлы махаббат,

Қабырғама шаншу  болып шанылдың.

Арман қуып кеткен ақынды туған жер қалай қабылдайды?

–Егер елім мені керемет қарсы алады десем өтірік болар еді. Қара чимоданымды арқалап жұпыны күйде отарбамен жалғыз барып, жалғыз қайтам. Атамның, анамның басына барып құран оқимын. Сексеннің сеңгіріндегі әкеме сағынып жетем. Өлім-жітімде ауылға ат басын бұрып тұрам. Былтыр елуден енді асқан ағам қайтты.Ондай жағдайда қалай бармайсын? Қазір ауылға сыймаймын. Кейде елге барып алаңсыз жатқым келеді. Бірақ, оған уақыт жоқ, себебі біз тым өзгеріп кеткенбіз.

–Арман жолы адастырған жоқ әлі,

Жүрегімде дауылы мен бораны.

Түркістаннан басталған бұл соқпағым,

Түркістанға түбі айналып соғады.

–Бір күні алып Алматыны тастап Түркістанға тартып отырмақ ойыңыз бар ма?

– Постернак «Өлеңде өз тағдырыңды алдын ала болжа ма» деген. «Бесіктен бейітке дейін» деген кітабым шыққанда бұл ескерпені Күләш Ахметова апам да айтты. Анамының қолынан дәм татқан осы кісі «өз-өзіңе бұлай қатал қарауға бола ма?» деп өзінің біраз ескертпелерін айтты. Бұл ешнәрседе қорықпайтын бозбала кезде жазылған өлеңдер ғой. Ал әлгі өлеңде мен топырағынан түлеген Түркістан деген нүктеге айналып келіп мәңгілікке дамылдаймын деген ишарат жатқан жоқ па.

–Сол қайыңға тағыда келесің бір,

Туған жердің басқанда белесін бір.

Екі жаққа кетсекте екі жолмен,

Мені мәңгі айналып елесің жүр,

Қалмай қойды жанымнан елесің бір, -деп жазыпсыз ертеректе шыққан бір жинағыңызда.

Сіздіңше, ақындық бақыт дегеніміз не?

–Ақындық бақыт дегеніміз өлеңді жазып бітіргендегі аз ғана сәттік қуанышың. Ғұмырдың өткенші екенін сезіп тұрасын. Мына жеткен елудің өзі ертең-ақ бір белдің астында қаларын түйсік арқылы түйсінесің. Бастан кешкен қуаныштың өзін, бір сәтте қазір-ақ өтіп кетеді деп  қабылдап тұрасың. Паралеллді ойлайсың.

Француз жазушы Франсуан Рене де Шатобрианның мына сөзі ғажап: «Жастық шақ бақытты, себебі түкті де білмейді, кәрілік бақытсыз, өйткені бәрін біледі». Бұған келісу, келіспеу өз шаруаңыз.

Балабақ шадан мектепке, мектептен студенттік өмірге аяқ басасың. Ол кезде барлық жүріс –тұрысың, іс-әрекетің кестемен белгіленген. Студенттік жылдарың аяқталғанда қолына бір жапырақ дипломынды ұстатады да жібереді. Ендігі өмірін өз қолында. Мен алдымда екі тарау жол тұрды. Өйткені, бір қалтада Қазақтың политехникалық институтының машина жасау факультетінің инжинер-механигі деген диплом тұрса, бір қалтада «Бастау» деген өлең кітабым тұрған болатын. Қайда бару керек? Көшеде Тоқаш, Жұматай Жақыпбаевтар бастаған қызылды-жасылды ақындық ғұмыр кешіп жүрген ақын достарым  күтіп тұрды... Несін айтасың енді. Мен аманат арқалаған ақынмын. Сондықтан менің жазғанымды мың жерден қандай ұлы ақын тіріліп келсе де жаза алмайды деп ойлаймын.Өйткені ол мен жүріп өткен жолмен жүріп өткен жоқ.

–Сізді қаралайтын кімдер?

–Қадыр аға бірде Шымкенттен қайтып келе жатқанымызда: «Сенің ағаларыңа керегің жоқ, олар сені жамандап не табады? Сенің інілеріңе де керегің шамалы, олар сені қаралап не ұтады? Бақыт тапсаң да, опық жесең де өз қатарластарыңнан табасың» деген еді. Менің көптеген өлеңдеріме ән жазған Ілия Жақанов бірде Әблахат Еспаевты көріп: «Әбеке, сізді жұрт ішіп кетті деп жүр ғой» десе керек, Әбекең «қайдам айналайын Ілияжан, қайдам өзім оны естіген жоқпын» деп жауап берген екен. Мені сыртымнан жамандайтындар бір жерде кездесе кеткенде достық пейілде бетіме күліп тұрады.  «Шіркін де ес болсашы сезед деген» дейтін Абайдың керемет сөзінен басқа мұндайда не айтуға болады.

–«Тұран Әлем» банкінің демеушілігімен мүшәйра өткізуді дәстүрге айналдырдыңыздар. Ақиқатын айтыңызшы, қазақтың барлық мүшәйралары бақай есеп, таныс-тамырлық негізінде белгіленеді деген алып-қашпа әңгіменің қаншалықты жаны бар?

–Аламан бәйгеге шапқан да, шаппаған да тақым қысады. Мүшәйра да сол сияқты. Мүшәйралардың барлығын бармақ басты, көз қысты сыбайластық деп қарайтындарды түсіне алмаймын. Саған сыр ретінде айтайын, Мұхтар Әуезовтың мерей тойына баланысты өткен мүшәйраға Хан Кене жайындағы өлеңмен қатыстым. Ал Әуезовты Алатау, Қаратау деп жазғандар сыйлық алды. Тіпті бір ғана ақынның өзі төрт сыйлық иемденіп жатқанда мен бір бұрышта елеусіз ғана отырдым. Ол уақытта ешкімен етене араласпайтынмын. Үкімет үйінде жұмыс жасаймын. Мүшәйраны басты ұйымдастырушы сол Үкімет үйі болатын. Бас жүлде алған ақынға тағыда бір ақын атындағы сыйлықты қоса берді, тіпті олда аздай Шыңғыс Айтматовтың қаламсабында кеш соңынан тарту етті. Әділетсіздіктің неше түрін көрдік қой бізде!

–Кінә Қазылар алқасында болып тұр ма?

–Әрине, саралап, сұрыптап, барлығын елеп-ескерулері қажет еді гой.

Былтыр «Тұран Әлем Банктің» мүшәйрасын өткіздік. Бірде-бір адамнан әділетсіз шешім шығарылды дегенін сөзді естіген жоқпыз. Қазылар алқасының төрағасы – Қадыр Мырза Әли болды. Өмірі бас жүлде алып көрмеген Серік Ақсұңқарұлы мен Жанарбек Әшімжан жеңімпаз деп табылды. 11 адам қазылар алқасына жұмыс істегендері үшін  әрқайсысы жүз мың теңгеден сыйақы алды. Қанша ақын жүлделі болды. Осылардың бірде-біреуі де бізді тіпті бір рет бильярдқа шақырған жоқ. Басқасында шаруам жоқ, біздің мүшайраның өте таза өткенін осыдан-ақ білуге болатын шығар. Позияны бір кісідей түсінетін адаммын. Өлеңдерді сұрыптап, қазылардың ортасына ұсыныс етіп тастаймын. Ал олар шешім шығарады. Сондықтан біздің мүшәйра әділ өтеді. Ал басқалар үшін мен жауап бере алмаймын. Мұхтар Әблязов, Жақсылық Жәрімбетов, Қарлығаш Еженова сынды ұлтжанды басшылардың қолдауының арқасында бұл жоба биыл тағы жүзеге асатын болды. Биыл бас бәйгеге бір миллион теңге тігілгелі тұр. Осындай қомақты тағыда тоғыз қаржылай сыйлықтар ақындарымызды күтіп тұр. Мынандай қиын заманда нарық қыспағындағы ақындарға әйтеуір ретін тауып көмек көрсетудің қандай түрінен болсын қорықпауымыз керек. Бірақ ала алмай қалғаны сыйлық алғандарды да, сыйлық бергендерді күндейтіні жаман енді. Шынымды айтсам менің де кейде осыған жаным ауырады. Ана бір жылдары үлкен бір ақын ағамның кітаптарын ондап, жиырмалап ақырын екі-үш есе бағасына сатып алып жүрдім. Быйлай бірдеңе ұсыну саған, ала салу оғанда ыңғайсыз ғой. Сондықтан ғой ақындарға қаржылай көмек көрсетудің кез-келген түрінен қорықпау керек дейтінім.    

–Жалт еткен сұлулықты қалт жібермейтін ақын жүрегі қашанда махаббатқа іңкәр. Расул Гамзатовтай мың қызға ғашық болдыңыз ба, әлде Жұматайдай жүрегіңізде өз Ләйліңіз бар ма?

–Үш-төрт жыл бұрын  Алматыдағы республика сарайында өткен «Ана тілі аруы» байқауында «жер бетінде Алматыдай қала, қазақ қыздарындай керемет қыздар жоқ» деп едім. Шын жүрегіммен ғашық болмасам, өлеңді жазбай қояр едім. Барлық үлкен дүние сұлулықтан туады.

Гүл терген асыл еркем Бөкейіңнен,

Кетпейді бала бейнең көкейімнен.

Аруын Күреңбелдің ұмытпасын,

Жыр жазып кейінгіге кетейін мен.

 

Бөкей тау, сұлу Сүңгі, Күйіктегі,

Таңшығыс, Жетітөбе биіктері.

Боранды,

Датқа саз бенҚошқар ата,

Сол қызын мына мендей сүйіп пе еді?

Осынау өлеңдегі жер атаулары ұйқас үшін қолданылған ба?

–Алматы түні. Кішігірім екі кісілік отырыс жасап отырмыз. Жиырма жылдан кейін кездескен бетіміз осы. Мен оны іздемеген жерім жоқ болатын. Бір күні бір мекеменің тізімінен кездейсоқ есімін тауып алдым.  Не керек, «өлеңдерімнің бәрі саған арналған» демеймін бе? Ол әдебиетке жақын адам еді, «ақындар айта береді» деп шорт кесті.  Ақырында почтамен салып жібрсең мекен – жайына жетіп барардай етіп жер атауларын әдейі тізіп келтірдім.  «Сағыныш» деген кітабым негізінен  бір адамға арналған деуге  болады. Ал жалпы осы уақытқа дейін ұйқас үшін бір жолда өлең жазған емеспін.

–Шығармаңыздағы сізді ақын еткен осынау кейіпкердің есімі кім?

–Оны бір себептерге байланысты ашып айта алмаймын...

–Әйеліңізден қорқасыз ба?

–Жоқ, қазақ қатыннан қорқушыма еді, тәйірі. Оны қойшы. Жаңа айттым ғой себептері бар деп.

–Егер тағы жолыға қалсаңыз, қайтер едіңіз?

–Құшақтап сүйер едім. (Сосын қалжың ғой деп күлді) Сәлден-соң сәл ойланып барып:

–Құпиясыз адам жалаңаш қалған адамдай болады. Бұл әңгімені 10-15 жылдан кейін кездессек,  сонда ашық айтар едім.

Тургенев ақсақал «Махаббат – ауру. Ал ауруға заң жүрмейді» деп қалай тауып айтқан. Бірақ, бұл өте тәтті дерт.

Бақытжан Алдияр екеуміз Қызылордаға қарай ұзақ жол жүріп келеміз. Рулде Бақытжан. Мен жолаушымын. Ұзақ үнсіздік. Соның өзінен екеумізде бір ләззат алғандаймыз. Бір кезде Бақытжан «Осы неге техникасы мықты өлеңдерде жан болмайды» деп сұрақ қойды. Мен ол «бар ғұмырында бір рет те ғашық болып көрмеген адам солай жазады. Өмірін асхана мен әжетхана ортасында өткізіп алғандар» деп тіл қаттым. Махаббат пен ақындық егіз ұғым. Сүймегендер өлең жазса, мірі кем дүние болып тұратындығы сондықтан дедім.

Үзілерде жанарымда жатар мұң,

Қамығармын қайғылы ойға батармын.

Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

Жаным сенің есімінді атармын.

–Өлеңдеріңізде мұңға бір соқпай өтпейсіз. Не себепті?

–Көп қуана алмайтын адаммын. Табиғатым солай. Үнемі мұңлы, ойлы қалпымнан арыла алмаймын. Мен тек мұңайған, қайғырған, тарыққан, торыққан кездерімде өлең жазамын.

–Бақытжан Алдияр сіздің көзіңізді қасқырдың көзіне ұқсатыпты...

–Бұл жайында Бақытжанның өзінен сұрау керек шығар, әйтеуір иттің көзі демегеніне қуанам.

–Махаббаттың мәңілік жыр алыбы Жұматаймен байланысыңыз жақсы болғанға ұқсайды...

–Біз аға мен іні ретінде араласып тұрдық. Өткен жылғы біз ұйымдастырған мүшәйраға Жұмекеңнің жары Зайда әпкеміз Айнұр деген қызымен бірге келіп, «Жұматай жақсы көрген қазақтың ақынына» деген қолтаңбамен өзінің екі томдық жыр жинағын тарту етті. Қуанып қалдым.

–Сіз сөзін жазған «Ол көктем оралмайды» әні жұртшылықтың жүрегінен орын алған. Өзге де әндріңіз әншілердің аузынан түспейді... Жалпы, осы күнгі әннің сөзі кейде қой қайыруға жарамсы болып жататыны неліктен?

–«Ол көктем оралмайды» деген ән ғана емес, менің екі-үш жыл бұрын шыққан кітабымның аты. Әлгі «Сағыныштың» жалғасы ретінде жарық көрген. Осынау әнге әуен жазған дарынды қарындасымыз Роза Әлқожа.  Жуырда «МузАРТ» тобының жігіттері сөз жазып бер деп келіпті. Екі әндеріне сөз жазып бердім. Осы күндері өзі ақын, өзі композитар «сегіз қырлы, бір сырлылар» қаптап кетті ғой.  Бірін–бірі қайталаған, ұлттық сезімнен ада әндердің қатарын көбейтіп жүргендерге тосқауыл қойылатын уақыт жетті. Шынайы дүние екі–үш минут ішінде халытың жүрегінен орын алады. Ал талантсыздар даңғырлақ әндерін күні–түні тоқпақтау арқылы таланттыларды басып кетіп жатыр. Нағыз өнерпаздың жарқырап шығауы қиындап кетті.

–Ақындар әншілерден «рахметақыны» көп сұрайды деп жатады...

–Осы күнге дейін бірде–бір комозитардан бір тиын алып көрген жоқпын.Несін береді олар. Мен поэзиямды дұрыс насихаттайтын кез келген жұмыстан қашқан емеспін. Әншілерге өзім көмектеспесем, ешкімнен ақша сұрамаппын. «Ол көктем оралмайы» атты кітабымды үш жыл жазып 55 мың теңге қаламақы алғам. Бұл қоғам еңбегімізді осылай бағалағаны ма, сонда? Сол ақшаға пәтерімнің терезесіне тор көзді темір салдырдым. Сосын үйдегілерге әлгі темір торды көрсетіп мынау менің мына кітабымның қаламақысына салынған решетка дедім. Естерінде қалсын деген далбаса ой ғой бір.

–Достарыңыздан кімдерді жақсы көресіз?

Шынайы достарымның барлығын да жақсы көремін. Негізінен бала кезімдегі, студент шақтағы достарым қазір жанымда қалды. Олар негізінен инженерлер, банкирлер, кәсіпкерлер. Саясат, әдебиет пен өнерде санаулы-ақ достарым бар. Уақыт өзі барлығын сұрыптайды екен ғой. Дегенмен Шымкент жақта Әлішер деген досым бар.

–Ол кісі Шымкетте тұрады екен ғой?

–Иә, Шымкентте тұрады. Жақында сол Әлішер достың демалысқа шақыруымен Үрімші, Шанхай, Пекин, Үрімші бағыттары бойынша, сол елде тұратын Қабатай деген бауырымыздың жол бастауымен бес ұшақ ауыстырып он шақты күнде ішкі Қытайды жермен де, көкпен де кесіп өттік. Шанхайдағы алып мұнарадан төменге бір рет қарасаңыз өзіңізді де, Қазақстанды да қатты аяп кетесіз. Айналма жол салдық деп біз шулап жүрміз. Іргедегі Қытай бұндай жолдардың бес-алты қабаттыларын, тіпті көше көліктері теңіз астымен де жұлдыздай ағып өтетіндерін баяғыда салып тастапты. 

–Сіз қай қаланы жақсы көресіз?

–Әрине Алматыны жақсы көрем. Жердің бетінде Алматыдай қала жоқ дедім ғой жаңа. Алматы таудың ететіндегі мәдениет пен өнеріміздің алтын ордасы емес пе?

 

Сұхбаттасқан Арман СЕРІКҰЛЫ, журналист

 «Жас қазақ үні», №07(328), 18.02.2008 ж.

«РУ ЕМЕС РУХ БОЙЫНША БІРІГЕР КЕЗ КЕЛДІ!»

Дүниеден ерте өткен Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан, Міржақыптың қызы Гүлнар секілді жүздеген қаламгердің ұрпақтары мен жесірлеріне қаржылай көмек көрсетіп, үлкен ас берген, Саттар Ерубаевтың қазіргі Райымбек даңғылындағы автотұрақ астында қалған сүйегін қайта жерлеуді ұйымдастырып, көрнекті жерден жер сатып алып, басына үлкен ескерткіш қойған, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, ақын Қасымхан БЕГМАНОВ  ағамызбен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

–Қасымхан аға, соңғы кездегі  «қазақ әдебиеті тоқырауға ұшырады» деген пікірге көзқарасыңыз қалай?

–Қазақ әдебиеті тоқырауға ұшыраған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір жазушылар абдырап қалған шығар. Бірақ, біздің әдебиетіміз тоқырауға ұшырады деп айтуға болмайды. Осы пікірдегілердің өздері тоқырап жүргендер болуы әбден мүмкін.

–Тәуелсіздік алғаннан кейін «не жазарларын білмеді» дегенді қалай түсінсек екен?

–Соңғы 10-15 жылдың ішінде дүниенің астан-кестеңі шықты. Ол кезде барлық шығарма сол дәуірдің идеологиясына негізделіп жазылатын. Міне, осы солақай идеология күшін жойғаннан кейін, кейбір қаламгерлер шығармаларын неге негіздерлерін білмей қалған болулары мүмкін.

–Иә, сол кездің өзінде  туындылар дүниеге келді ғой. Мысалы, «Абай жолы», «Қан мен тер», «Мөлдір махаббат», «Махаббат қызық мол жылдар», т.б. Ал, бүгін сондай туындылар неге жоқ. 

–Бұл идеологияның жоқтығынан. Бірақ, қаламгерлеріміз шама-шарқынша еңбек етіп жатыр. Бұрын өкімет Жазушылар одағын үлкен бір идеологияны насихаттайтын ұлы күш ретінде аса тиімді пайдаланатын. Ұлттық идеологияның бір парасы қаламгерлерде, ақын-жазушыларда жатыр. Оларға жөні түзу қаламақы төленбейді. Демек, қазір жақсы туындылар жазылмай жатқандығының бір себебі осы. Бірақ жалынды туындылар дүниеге келмеуде дегенге қосылмаймын. Өйткені, ірілі-ұсақты ойлы шығармалар жазылып жатыр. Қазір әдебиетке жаңа толқын келді. Прозамызда да тегеурінді серпілістер бар. Ал, енді бүкіл Орта Азияда біздікіне жетер поэзия жоқ. Талантты толқындарымыз бір-бірінен өткен. Мысалы, Талғат Ешенұлы, Бауыржан Жақып, Әмірхан, Жарас, Жанарбек, Бақыт, Есей сынды жігіттер бір-біріне ұқсамайтын талантты ақындар, ал анау Маралтай, Әлібек, Назиралар өз алдына... Жуырда мен Түркістандағы Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенті Анар Шамшейітова деген жас дарынның өлеңдерін оқыдым. Бір ауыз артық сөз таппайсыз.

–Мүмкін осы ақындарымызды  насихаттай алмай жатқан шығармыз...

–Бізде шындығында да насихат мәселесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Жазушылар одағы насихатқа ерекше көңіл бөлсе, бұл мәселе өздігінен шешімін табар еді. Оған болысып жіберу біздің мұнайлы мемлекетімізге түкке тұрғысыз дүние деп ойлаймын.

–Жазушылар одағының ісіне көңіліңіз қалған сияқты ма, қалай?

–Жоқ, тіпті де олай емес. Мысалға, Жарас Сәрсек ағаң Жазушылар одағында 3 жылдай әдеби консультант    болып қызмет істеді. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейін, Жарастайә бұл қызметті тындырып істеген консультант  өте аз болды. Бұл сөзім ешкімнің көңіліне тимесін. Үш жыл қатарынан төрт рет поэзия кештерін өткізген одақта Жарастай қызметкер болса, сен менің есіме салшы. Егер өкпелейтіндер болса, маған хабарлассын. Ал, «Одағымызға» тиісті көңіл бөлінбегесін, жетім баладай әркімге бір қарап жаутаңдап отырғандығы шындық.

–Өкпелейтіндер хабарлассын дедіңіз.  Бұған дейін өкпе-наз білдіргендер болып па еді?

–Жігіт адам өсектен аулақ болу керек. Ал, біздің кейбір «нарқасқалар» әйелдерге тән осы жаман қасиетті бойларына жиып алған. Бірде үш ақын отыр едік. Бір жақыным телефон шалып, «кездесейік» деп мазаны алды. Ана екеуі «барсаңшы» дейді. Мен «бірге қайтайық, алаңсыз тараймыз» –дедім. «Неге?» – демесі бар ма, біреуінің? «Мен кеткесін екеуің мен жайында өсек айтасыңдар» – деген едім оларға тіке қарап. Екі жақыным ештеңе айта алмай ыңғайсызданып қалғанын сездім. Бұл бір. Екіншіден, өкпе-наз білдіргендер емес, шығармашылық жолда көзімше аяқтан шалғандар болды. Бірде «Қазақстан Жастар одағының сыйлығын алдың» — деп үйге Жәнібек Кәрменов келді. Бір ақын ағамның атын атап, сол кісіден абайлап жүруімді қатты ескертті. 1989 жылы қазір үлкен қызметте отырған бір дарынсыз әдебиетші үйге телефон шалып, конкурстан кітабымды алып тастауымды талап етті. Мен неге бәйгеге қосылмауым керек екенін әлі күнге дейін түсінбей жүрмін. Әбубәкір құрдасым бәйгеге ат қоспай қойған кімді көріп едіңдер. Қай қырда қалса, сол қырда қалсын, барсын» –деді.

–Біраз мадақтауларға қол жеткіздіңіз...

–Мен билік тарапынан Құрмет грамотасын да алмаған жанмын. Не берсе де қоғамдық ұйымдар берді. Меніңше, қоғамдық ұйымдар билікке қарағанда халыққа бір табан жақын. Ал халық қалап, қолдап жатса, мызғымайтын қара тасты да аударып тастауға болады. Мен қырықтан асқанда осындай түйін жасадым. Бірінші жер бетінде қазақ қыздарынан әдемі қыздар жоқ. Екінші, жер бетінде қазақтың тілінен көркем, тіл жоқ. Үшінші, мен үшін жер бетінде табиғатпен астасқан таулар қоршаған Алматыдай әдемі қала жоқ. Осы үштік мені өмір бойы қанаттандырып келеді.

Жебемеген жетім менен жесірді

 Өлеңшілер аяспасқа бекінді.

Жүріп өткен иір-қиыр жолдарым,

Менің нәзік ғұмырнамам секілді.

 Гаванада теңіз мұңын аңғардым.

Үрімжіде үр қызына ғашық боп,

 Стамбулдың көшесінде сандалдым.

 Жырларымды түсін, гүлім, кеш гүлім

Жалақордан жаман сөздер естідім.

Қара жолда жалғыз келе жатып мен

 Есіме ап,

  Елді сонда өксідім.

Осы өлеңді ертеректе жаздым. Өлеңде жазылғандай өмір бойы өлеңшілермен, яғни, «халтуршиктермен» шама келгенше алысып келемін. Әлгі сен айтқан өсек айтатындар – халтуршиктер. Олар кешкен жұртта қалған бұралқы иттердей түбі ұлып қалатындығына сенімім мол. Міне, осы сенім мені әрдайым тар жерде қолтығымнан сүйейді.

– Ақынның жаны жалғыздықты қалайтын секілді...

–Ақын болып тудың ба мәңгілік жалғызсың. Баяғы 40-50-ден аса өлеңді бірге бастаған бозбалалардың ішінен 7-8-і ғана қалды. Егер «мен де бармын ғой» дейтіндері болса, кітаптарын шығарсын, жазғандарын елге көрсетсін. Поэзияда әркімнің өз орны бар. Осыны айтып, үлкендер жағы бата беріп, жол сілтеудің орнына екеу-ара айтысып жатыр. Осыған жаным құлазиды. Дегенмен де, нағыз таланттар әдебиетте қалады. Жұмекендер бойын жасырған тұлпарлар сынды еді. Жұмекеңнің өлеңі Әнұран болмай тұрып, «Алтын орда» газетіндегі Маралтайға берген сұхбатымда «Жұмекеңнің стансасына халық қайта оралады» –деген ертегіге сенгім келеді» дегем. Кеше Мұқағалиды жамандады. Мұның бәрін әдебиет шенеуніктері жасады. Таланттардың ерте өлуіне басқа ұлт емес, солар кінәлі. Кітаптарын шығармайды, үй бермейді, марапаттамайды. Халықтан бөліп тастайды. Сол себепті, олар жалғыз қалады. Ал жалғыздық жаныңды жегідей жеп тынады.

Қасым Аманжоловтың 90 жылдығындағы мүшәйрада бас бәйге алдыңыз. Поэзияны сүйетін жастар өлеңдеріңізді іздеп жүріп оқиды. Атақты композитор Илия Жақановпен бірігіп жазған оннан аса «Оңтүстіктің алтын күзі» атты әндер топтамаңызды қалың жұртшылық біледі. «Сағыныш» деген кітабыңызды іздеп жүрген студенттерді білемін. Бұл кітапты қайдан алса болады?

– Менің өзімде ол кітап жоқ. Жазушы Мереке Құлкенов басқаратын «Өлке» баспасынан сұрау керек шығар. «Сағыныш» сол баспадан шыққан болатын.

– Қазіргі қаламгерлердің көбі шет елге еліктеп кеткен жоқ па екен?

–Иә, солай. Осы күні өзі түк түсінбесе де Кафканы, Хемингуэйді, Пастернакты, Бунинді, Руцовты, тағы басқа көптеген әлемдік деңгейдегі классиктерді орынды-орынсыз айтатындар көбейді. Айналайын, мен мұхиттың  ар жағында Хемингуэйдің өзінің музейінде, атылып өлген, «Шал мен теңізін» жазған жерінде болғам. Распутин жайлы сөз қозғайтын достарым бар. Мен оның 4-5 әңгімесін аударған адаммын. Егер де, осындай мықты әлемдік тұлғалардың шығармаларындағы құндылықтары өз шығармаларында оқығандығы сезіліп тұрмаса, көрініс таппаса, бір бояулары астасып жатпаса, оны оқығаннан не пайда?

Сіз «ТұранӘлем Банкте» қызмет  істейсіз. Банкирлердің арасы ақын адамды құлазытпайды ма?

– Әрине, әр түрлі әңгімелерге қарамастан әдеби ортаны әрқашан аңсап, сағынып жүресің. Егер әдеби орта қызмет беріп жатса, ойланбай ауысар едім. Жарайды, оны қойшы, анадан туғанымыз, қазақ екеніміз, көк бөрінің ұрпағы екеніміз рас болса, ру болып бөлінуді қойып, бір рухтың айналасына топталатын кез келді. Ана тіліміз үшін ұлы майдан басталды. Шегінетін жер жоқ. Жардың жиегінде тұрмыз. Біздің бүгінгі басты трагедияларымыз осы айтқандарымның астарында жатыр.

Сұхбаттасқан Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, журналист

                                       «Қазақстан - Заман» газеті, №10,

3 наурыз 2006 жыл

«ҚАЗАҚЫ АУДИТОРИЯНЫ САҒЫНАМЫН»

Қасымхан Бегманов Қазақстан Жастар одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Студент кезінде жарық көрген тұңғыш «Бастау» жыр кітабынан кейін «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш», «Ол көктем оралмайды» тәрізді жыр кітаптары шыққан. Өлеңдері өзбек, қырғыз, түрік, якут, орыс тілдеріне аударылған. Елге кеңінен таралған ән мәтіндерінің авторы.

 

–Кезінде политехтың ақын жігіті Қасымхан үнемі «Казгуградтан», болашақ ақын-жазушылардың ортасынан шықпаушы еді. Ақындық қасиет кімнен дарыды екен?

–Бүгінде белгілі адамдар  сұхбат бергенде «пәлен деген атамыз, түген деген бабамыз батыр болған» дегенді сәнге айналдырды ғой. Мақтанып отыр демеңіз, нағашы әжем Өтебике өз заманында айтысқа түскен, өлең-жырмен той-думанның сәнін келтірген адам болған. Оның үстіне әжем бет біткеннің сұлуы, ажарлы кісі еді. Сол кісіден туған анам Айжамалдың өзі қара сөзге дес бермейтін. Маған сөз өнері, өлең, көне сөзге құмарлық нағашыларымнан дарыған. Сіздің курстасыңыз, дарынды журналист, марқұм Бейбіт Құсанбек Алматыға барған сапарында анам Айжамалмен телесұхбат жасаған еді. Сонда ол: «Анаңыз қара сөзден қаймақ қайырған шешен екен, қазақтың мақал-мәтелін орнымен, ретімен қолданатынын қайтерсің» деп тәнті болды. Алайда ел алдына шығып танылмағанымен, анам суырып салма ақын болған. Анамның өзі жұртты осыншама таң қалдырып жатса, әжем туралы қандай мақтау айтса да жарасады енді. Өзіме жар таңдағанда ажары, парасат-пайымы әжеме ұқсас қыздарды көп іздедім. Нағашымның Айнұр деген қызы көркі жағынан Өтебике әжеме қатты ұқсайтын тәрізді.

–Туған жерге жиі келесіз бе? Оңтүстік туралы пікіріңіз қандай?

–Оңтүстікте менің табаным тимеген аудан мен ауыл кемде-кем. Сол үшін де оңтүстік маған қатты ыстық. Сондай-ақ, бұл топырақта менің анам жатыр, күндіз естен, түнде түстен кетпейтін қастерлілерім жатыр.

Институттан кейінгі жастық жалынды жылдарым туған өлкемде өтті. 1980 жылдары Еңбекші ауданы бойынша 72 мекеменің 1000-ға жуық жұмысшысына басшылық жасап, Киров ауданына мақта теру науқанына апарғаны есімде. Содан «Шымкентке тез жетсін» деген хабарды алған соң  келсем, ақын Қабылбек Төретаевтың ұсынысымен облыстық комсомол комитетіндегі лекторлар тобына, сол кісінің орнына қызметке алындым. Одан кейін екі жылдай Түркістан қаласының мәдениет бөлімін басқардым. Мәдениет министрінің алдына мәселе қойып, 30 өнерпазды арнайы концерттік бағдарламамен Мәскеу арқылы Кубаға, Кариб теңізіне саяхат жасатып қайттым. Кешегі кеңес үкіметі тұсында түкпірдегі Түркістанда жүріп КСРО-ның  атынан шетелге өнерпаз апару екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін бақыт болатын.

Шымкенттегі троллейбус басқармасында жұмыс істеп жүргенімде ақын Тоқаш Бердияров іздеп келді. «Адресіңді Алматыдағы достарыңнан алдым» дейді. Куйбышев алаңындағы  (қазіргі Ордабасы) қонақүйдегі айтқан бөлмеге кіріп барсам, Бауыржан Момышұлының нөмірінде екеуі отыр екен. Баукең маған өлеңдерімді оқытты. Сөйтіп екеуінің жанында екі күн бірге жүру бақытына ие болдым. Үкімет үйінде қызметте жүргенімде Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей көмегімен Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев сияқты көптеген арыстардың есімдерін мәңгілікке қалдыру сияқты көптеген арыстардың есімдерін мәңгілікке қалдыру сияқты құжаттарға тікелей мұрындық болғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

Ертеректе Ілия Жақанов екеуміз Үрімжіден келе жатқанда ол кісі вагоннан сыртқа қарап тұрып: «Туған облысымның орталығына соқпағалы отыз жылдан асты» деп күрсінген еді. Сол жағдай менің де басымда бар. Дегенмен, Оңтүстік жақсы көретін досым Ислам Әбішев пен сұрапыл жас ақын Бақытжан Алдияр бар.Осы екеуі іздейді мені. Бақытжан Оңтүстіктің ғана емес, бар қазақтың үкілеген үміті. Оңтүстіктегі мені білетін миллионнан астам қазақтың біреуі іздеп, өсек-ғайбатқа ара түсіп, бір ауыз сөз айтуға жарамағанда Бақытжанның республикалық басылымдарда еңіретіп тұрып мақала жазуы – үлкен нәрсе. Былтыр Шәмшінің тойына келгенімде осында біреулердің шеттеткісі келді. Ал, мен қазақы аудиторияны сағынып жүрген адаммын. Менің бүкіл өмірім сағыныштан тұрады. Шымкентті айналып өтіп жүргеніме он бес жыл болды. Соңғы екі жылда, онда да Ислам мен Бақытжанның арқасында келіп жүрмін.

–«Ташкентпен қоштасу» өлеңінің жазылуына не себеп болды? 

–Былтыр «Сарыағаш» шипажайына Жанат Ахмади, ғалым Рымғали Нұрғалиевпен бірге демалдық. Ташкентке бармақ болғанымызда кеденнен өткізбеді. Сонда жүрегім ауырып, бірер сағаттың ішінде осы өлең құйылып түсе салды.

–Елден не үшін кеттіңіз Алматыға?

–Елден мені ешкім қуған жоқ. Түркістанда мәдениет бөлімінде жүргенімде жағдайым жаман емес еді. Астымда машина, қол астымда 20-30 адам бар, «күнде ойын, күнде той» боп жүріп жатсам да елден кету керек болды. «Өлең мені елден қуды, шаршатты» деп  жазғанымдай, Алматы жаққа өзімді-өзім іздеп кеттім. Адам өмір бойы өзін-өзі іздейді екен  ғой. Ақындарда ешкім түсіндірі бере алмайтын кездер болады, «жыламайтын жерде жылайтын, күлмейтін жерде күлетін» деген сияқты, қарағым. Мұхтар Шаханов ағамыз «Жалын» журналына шақырып, сонда жауапты хатшы болдым.

–Сізді  талантты ақын Жұматай Жақыпбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған дейді. Жұматай жайында айтыңызшы.

–Жұматай қазақ ақындарының ішіндегі бекзаты, болмыс-бітімі ерекше лирик ақын еді. Ұлттық тұрғыда ойлайтын. Мен Жұматай ақынмен өмірінің соңғы бес-алты жылында бірге жүрдім. Оңтүстіктен алып-ұшып жеткенімде үстінде көнеоеу плащы бар мұңлылау ақын екінші Алматының вокзалынан төрт-бес рет  күтіп алған. Жұматай Хафиздің өлеңдерін ең бірінші болып қазақшаға аударды. Кейіннен Хафизді көптеген ақындар аударды ғой. Бірақ, Жұматай тұңғыш рет тәржімалағаны үшін де Жұматай еді! Оның «О, түрік қыз мен де саған Шымкентті берер ем, Әлібек дос қоса кетіп қалады-ау» деген сенсациялық өлеңін жатқа айтып өстік. Бұл жерде Әлібек деп ақын Әлібек Мейірбеков досын айтып отыр. «Егер сол тұста жеке көлігім болса Жұматайды Әлібек ағам сияқты Бұхара, Хиуа, Самарқаны бар Өзбекстанды бір айналып өтіп, сонан соң Оңтүстікті түгел көрсетсем деп» деп армандайтынмын. Өкінішке қарай, кезінде ондай мүмкіндік болмады ғой. Кейін көліктің неше түрін міндік, бірақ Жұматацй аға жоқ баяғы...

Алматыға сыймай жүрген жас ақындарға Жұматайдың поэзиясы        ерекше қатты әсер етті. Оңаша сәттерде, поезда кетіп бара жатқанда кітаптарына үңілсең, көзіңе жас үйіріліп, кеудеңді мұң тербейді.           Жаныңды белгісіз сағыныш, өткен жылдарға деген қимастық,          жалғыздық тербеп, қалғып бара жатқан намысыңды түртіп оятатын.         Осындай ақын ағаларыма «Көше ақындары» деген өлең арнадым. Мен            өзімді әлі күнге дейін көше ақынымын деп есептеймін. Өкінетінім, өз        тұстастарым сияқты алшаңдап КазГУ-ге барғаным жоқ, Зейнолла      Серікқалиевтің дәрісін тыңдағаным жоқ. Менікі, орысша айтқанда        «самоучка», Алланың берген бес-алты ауыз сөзі, сосын            кішкентайымнан тәрбиелеген екі-үш кемпір мен бес-алыт шалдан           естіген көне сөздер мен аңыз әңгімелер ғой бар болғаны.

–Саттар Ерубаев  ассоциациясында атқарған игілікті істеріңіз жайлы нақты өзіңізден естігіміз келеді.

–Саттар маған қыз алыспайтын аға боп келеді. Ең өкініштісі – Саттар не моласы жоқ, не баласы жоқ, өмірден ештеңе көрмей кеткен ақын. Егер ол дауасыз дерттен небары 22 жасында қайтыс болып кетпегенде, 37-38 жылдары бәрібір халық жауы деген айыппен атылатын еді деп ойлаймын. Саттардың 80 жылдығын үкіметтік дәрежеде өткізбек болып жатқан тұста Жазушылар одағында  хатшының ұйымдастыру жөніндегі орынбасары едім. Шұғыл түрде Жазушылар одағының жанынан жас ақындардың Саттар ассоциациясын құрдық. Үкімет үйіндегі белгілі қайраткерлердің мерейтойын өткізуге жауапты Мәди Артығалиевқа өтініш жасап, тізімге ендердім. Ақынның шығармасын ғалым Тұрсынбек Кәкішев зерттеп, кітабын қайта сұрыптады. Бір томдығын «Жазушы» баспасынан 20 мың тиражбен шығарттық. Баспаның сол тұстағы директоры Дулат Исабеков көп көмек берді. Түркістанға баратын бір топ ақын-жазушылардың тізімін жасадық. Сол кезде кабинетке академик, марқұм Зейнолла Қабдолов келіп қалды. Мен ол кісіні тойға шақырған едім, сол-ақ екен қабағы түйіліп кетті. «Даңғырлатып, даңғаза жасап мерецтой өткізгенге құмарсыңдар. Әуелі сол Саттардың сүйегінің қайда жатқанын біле ме ел-жұртың?» дегені. Академик ағамыздың мына сөзі арқамнан қмшымен осып жібергендей болды. Күмілжіп «білмейді» дегенді әрең айттым. «Жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов айтып еді, содан сұрап ал, Сәбит Мұқанов 1970 жылдары Қалаубекке: «Өмірде орнына келтіре алмаған бір өкінішім бар. Менің қайыненем жерленген жердің дәл қасында Саттар Ерубаевтың сүйегі жатыр. Ескі автостанцияны салатн кезде қайыненемнің сүйегін келесі бетіне ауыстырып жерледік. Саттардың сүйегі автостанцияның астында қалып қойды. Бұл бір ішімде қалған дерт еді, Қалаубек, сен де Оңтүстіктің қазағысың ғой, есіңнен шығарма» деген екен. Мерейтойын дүркіретіп өткізейін деп жатқан ақынымыздың сүйегі Райымбек даңғылындағы ескі автостанцияның астында қалғанын естіп ішіме үлкен дерт енді. «Апыр-ау, біз мына жақта меерйтойды дүркіретіп жатсақ, ешкім оның сүйегінің қайда екенін білмесе, не болғаны?» деймін.

Сүйекті тауып алу мүмкін емес болғасын сол жерден бір уыс топырақ алып, Ташкент көшесінің бойындағы (қазіргі Райымбек даңғылы) ғұлама Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Қасым Аманжолов жатқан зираттан өз қаржыма сатып алған жайға қайта жерлеуді ұйымдастырдым. Ғ. Қайырбеков, Қ. Ергөбек, К. Ахметова бар, барлығы 40-50 шақты ақын-жазушыны жинап, ас бердік, ақындарға сөз сөйлетіп, үлкен ескерткіш қойдық. Оған ақынның «Өмір деген өкісігімді баса алмаған жан едім, Өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім» деген өлеңін жаздырттым. Сол кезде зираттың бастығы қазақ жігіті: «Ерубаевтың «Менің құрдастарым» деген кітабын оқыған едім. Өмірден өксігі басылмай кеткен қыршын екен. Мен бұл жерде уақытша адммын, әзірге Саттардың моласына ешкім тиісе алмайды. Бірақ, мен қызметтен кеткен соң орныма келген адам мына жерді сатып жіберуден тайынбауы мүмкін. Сондықтан егесі бар сияқтандырып «Саттар ассоциасының мүшелері» деп бір-екі адамның атын жазыңдар» деп кеңес берді. Сол ксінің кеңесімен ісімізді ертең біреу зая кетірмесін деген ниетпен екі адам амалсыздан аты-жөнімізді жаздық құлпытасқа. Осы аты-жөніміздің жазғанныі өзін біреулер сан-саққа жүгіртті. Сол өсек әлі күнге артымнан қалмай келеді. Ассоциация бес-алты жазушының құрған қауымдастығы. Қауымдастықты қормен шатастыруға болмайды. Ешкімнен жылу жинаған жоқпыз. «Ерубаев арқылы өзінің атын шығарғысы келді» деді біреулер. Ерубаевтың дұшпандары маған жауығып: «Сен Ерубаевтың өзінен мықтысың ғой, кім ол өзі Саттар?» деген сияқты әңгімелерді өзіме келіп айтудан тайынбағандар болды. Мерейтой өткізу үшін Отырар ауданына, Түркістанға келіп кеткен екі вагон ақын-жазушының барлық жол шығынын Саттар ассоциациясы көтерді. Саттардың 90 жылдық мерейтойына мені шақырмады, екі күн қалғанда ғана тізімге қосыпты. Сол келгенімде Түркістанның барлық зиялы қауымының алдында, Тұрсынбек Кәкішев, Дулат Исабеков, Серік Пірәлиев, Құлбек Ергөбек, сол кездегі қала әкімі Мұхит Әлиевтердің алдында барлық шындықты ашып айтып кеттім. Бар ақиқат осы, айналайын. Сол тұста ақын Нұрлан Мәукенұлы респубикалық «Жас қазақ» газетінің бір номерін тұтасымен Саттар Ерубаевқа арнады.

–Айтпақшы, Нұрланмен өмірінің соңғы күндерінде бірге болыпсыз. Оның жүректен кетуіне не себеп болды?     

–Нұрлан поэзияда мәуелі ағаштай жемісті еңбек етті. Басынан небір қиын тағдыр өтті ақынның. Нұрлан екеуіңіздің қолында билігі бар дүрілдеп тұрған курстастарыңыз өз араларынан шыққан талантты ақынды қызметке тартпады. Ол жұмыссыз қалды. Билік үй бермеген соң тұрмыс тауқыметі мойнына түсті. Қаппен цемент, көршісінің машинасымен ағаш тасып, үй салды. Ақырында аяулы ақынның нәзік жүрегі шыдамады, шиеттей балалары мен жары Гүлмира шулап  қалды артында. Нұрланның курстастары кейіннен кітабын шығарды, асын өткізді, басына құлпытасын қойды. Алайда ,сол қамқорлыққа ол көзі тірісінде зәру еді ғой...Нұрланмен өмірінің соңғы кезінде күні-түні бірге болдық. Өмірбаяным жайлы кітап жазып жатырмын, сонда бәрі де айтылады. «Нұрланды кім іздейді екен?» деп жүргенімде «Жас қазақ» газетіне тағы да Бақытжан Алдиярдың Нұрланды жоқтаған мақаласы шықты ғой.

–Үкімет үйі жайлы емес пе еді, неге  кеттіңіз?

–Үкімет үйінде мен сияқты адамның қызмет істеуі қиын. Өсуге болатын еді, өзіңнен жоғарылардың табанын жалай беруге болатын еді. Мен олай жүре алмадым, мені ешкім қуған жоқ, сауатсыздығымнан кеткен жоқпын. Мінезімнен, сол ортаға сыймағаныман кеттім. Бір күні жұмысқа келсем: «изьят пропуск Бегманова» деп жазып қойыпты. Сол күннен бастап маңайымда ағыл-тегіл жүрген адамдар сап тыйылды. Маған өмірді қайта бастауға тура келсе, тағы да нақ осы жолмен қайта жүріп өтер едім.

Алыстағы ауылдан бастап Үкімет үйіне дейінгі жолдардан жүріп өттім. Сөз азабын тартатын қазақтың бір баласы болса, мен тарттым  сол азапты. Мен 30-ға жуық мемлекетте болдым, сонда мынадай қорытынды жасадым. Жер бетінде қазақтың қыздарындай әдемі қыз жоқ, Алматыдан әсем қала жоқ, қазақ тілінен әуезді, сұлу, мағыналы тіл жоқ екен.

        Жанына еріп арманы асқақ жандардың,

        Гаванада теңіз мұңын аңғардым.

        Үрімжіде үр қызына ғашық боп,

        Ыстамбұлдың көшесінде сандалдым, - деп бекер жырлаған жоқпын. Достық дегенге күмәнмен қарайтын болдым. Мағжан «Ақында адамзаттан дос болмайды» деп тегін айтпапты. Кейбір досым сатып кетті. Соны жүрегіммен сезінген жанмын.

–Есенғали ақынның хадистерін кітап етіп шығарып бергеніңіз есімізде.

–Шымкентте жүргенімде Есенғали Раушанов Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінің қазақша тәржімасын алып келді. «Тез кітап етіп бастыру керек» дейді. Дереу Жайсаңбай Әлімбетов ағаға өтініш айттық. Сол кісінің демеушілігімен пайғамбарымыздың хадистері тұңғыш рет көп тиражбен кітап боп шықты. Есенғалидың аудармасындағы хадистерде көп нәрсе айтылған. Бүгінде хадистердің неше бір варианты қаптап кетті ғой, бірақ олардың ешбірін Есенғалидың аудармасымен салыстыруға болмайды. Оңтүстікте қолтығыңнан демейтін осындай ағалар аз емес. Мысалы, Қазығұрттың әкімі Нұржан Әжімбетов Әзілхан Нұршайықовтың туған жиені, студент кезінде жазушының үйінде тұрған, әдебиетке жақын жан. «Ташкентпен қоштасу» өлеңін оқығанда «Сіз менің әкеме жолығуыңыз керек». Өйткені, менің ата-бабаларымның зираты Ташкент жақта жатыр» деп қатты тебіренді. Оңтүстікте Қабылбек, Жайсаңбай сияқты дарқан ағалар бар. Бұған да шүкір делік, қарағым.

–Бұрынғы Шымкент пен қазіргі Шымкенттің арасында айырмашылық бар ма?

–Өмірзақ Шөкеевке берген бағаны Елбасымыз әлі күнге дейін басқа  бірде-бір әкімге берген жоқ. Шөкеев ел басқару ісінде әбден ысылған, орда бұзып, қамал алған кезінде өзі туған өлкесіне әкім болып тағайындауы кездейсоқтық емес.  Шөкеев өз командасымен Шымкентті таяу уақытта Қазақстандағы ең әсем үшінші қалаға айналдары алатынын кәміл сенемін. Мұхит Әлиев, Серік Ибадуллаев, Қадлыбек Алдабергенов, Серік Тәукебаев, Асқар Меңдібаев сияқьтаудың басындай іскер жігіттері бар  облыс әкімін халық қолдап отыр.

–Қазір  қандай қызметтесіз? Өлеңде өзіндік қолтаңбасы бар ақынның жайынан оқырмандар хабардар болғысы келеді.

– «ТұранӘлем Банкі» АҚ-ның бастығы болып қызмет атқарғаныма сегіз жылдан асты. Бұл жерге өмірден ерте кеткен осы банктің бұрынғы төрағасы  Ержан Тәтішевтің шақыруымен келген едім. Кешегі Ержан Тәтішев, банктің директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязовтар оңтүстіктің перзенттері. Олардың туған жерге деген махаббаты шексіз, атамекенін ешқашан ұмытпайды. Олар өткізіп отырған бүгінгі «Оңтүстік жұлдыздары» байқауы соның жарқын бір көрінісі.

–Әңгімеңізге рахмет! Жұлдызыңыз жарық болсын!

 

Әңгімелескен Үмітхан АЛТАЕВА, журналист  

 «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №89-90 ,

 9 маусым, 2007 жыл. 

«ТІРШІЛІГІМДЕ ТЕК ПОЭЗИЯҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН»

Өйткені, оның ар жағында халықтың рухы, трагедиясы, мұң-зары жатыр, дейді Қазақстан Жастар одағы сыйлығының және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі ақын Қасымхан БЕГМАНОВ.

 

Бұл сұхбатты кешегі және бүгінгі қазақ жеріндегі талайларды поэзияның құдіретіне табындырған атақты ақын, терең ойлы философ, қоғам қайраткері Қадыр Мырза Әлі ағамыздың 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Жазмыш» атты қасірет кітабынан үзінді келтіре отырып бастағанды жөн көрдік. Кітабының «тиегін» (алғысөзі деп ұғарсыздар), «Дүниенің ең басты жұмбағы – адам. Адамдар дүниенің бәрін түсіндіргенмен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алған жоқ. Әу баста қандай жұмбақ болсақ, қазір де сол жұмбақ қалпындамыз. Ал өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе, ақындар – болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум. Олар кейде белгілі бір шығармаларының белгілі бір сәттерінде ақырын-ақырын ашылғандай болады. Бірақ, ондай сәулелі сәттер көп адамның санасына сыя қоймайды. Ақынның аты-жөні өзгермейді демесек, өзі үнемі өзгеру үстінде, құбылу үстінде, керек десеңіз, өзін-өзі жоққа шығару үстінде, жаңғыру үстінде ғұмыр кешеді. Оның өзі өмір сүруге ұқсамайды. Оның өмірі –бейнеттену, азап шегу, тіпті у ішу. Ақын-жазушыға байланысты портрет деген сөзді жиі пайдаланамыз. Сол сөздің өзі, ұғымның өзі ақын аталатын айрықша құбылыстың сексен сегіз қыры түгіл, бір қырының бір белгісін берсе беретін шығар. Бере алмауы да мүмкін. Менің бұл пікіріме біреу келісер, біреу келіспес. Қайткенде де, оны айтпасқа болмайды. «Қырық кісі –бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, «алпыс адам–бір жақ, ақын өзі бір жақ»,– деген жолдармен ағытқан екен қаламгер. Ақын атты құбылысқа бұдан асқан анықтама, бұдан асқан түсініктеме бола ма? Сан қырлы поэзия әлемінің ішкі палитрасын, өміріміздің бояуларын тек ақындар ғана осылайша анық түсініп, айқын суреттеп бере алады. Өйткені, шабыт пен сезім кеңістігінің субъектілері саналатын ақындардың жан-дүниесі – жалын, табиғаты – тынышсыз. Олар уақыт ағымын, қоғамның дамуы мен халықтың өіміріндегі өзгерістерді, тылсым тарих пен бүгінгі дүние, болашақ арасындағы байланысты өзгелерден терең түсінеді, нәзік сезінеді. Сондықтан да әрдайым тебіренеді, толқыныста жүреді. Солардың бірі  бүгінде жасы қырықтың қырқасына шыққан ақынымыз Қасымхан Бегманов екендігі ақиқат.

Үстіміздегі сәуір айының 4-інші жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағында дүркіретіп тұрып шығармашылық кешін өткізді. Ол кешті бүкіл халқымыз білетін, әрі сүйетін белгілі де беделді ақынымыз Исрайл Сапарбай жүргізді. Сөйтіп, күнделікті күйбең тірлікті бір сілкіп тастаған Бегман атаның ақын ұлы ел-жұртымен жүздесті, ал ақынына сенетін, сыйлайтын халқы оның өлеңдерін өз аузынан естіп бір қуанды. Көпшілік риза, рух көтерілді.

Қайсыбіреулер құсап ұйқас қумай, ұйқысыз түндерде шабыты мен жігерін серік етіп буырқанған асау ойларын, асыл сезімін ақ қағазға өлең шумақтарына айналдырып төгетін Қасағаның поэзиядағы өзіндік өресі биік, өрнегі нақышты екендігіне қарапайым жұрт та, қаламгер қауым да тәнті болды.

Осы шығармашылық кешінен кейін ақынға арнайы жолығып, құттықтап, сыр-сұхбатқа шақырғанбыз.

–Қасаға, Қасымхан ақынның бүгінгі деңгейінің қандай екендігін күллі жұртқа көрсеткен шығармашылық кешіңіздің сәтті өткендігімен әрі халықаралық «Алаш» сыйлығын алуыңызбен құттықтаймын!

–Рахмет, айналайын, рахмет!.. Бұл сыйлықты халқымның маған берген жоғары бағасы деп білемін!

–Кешті «Тарлан» сыйлығының лауреаты Исрайл ағамыздың өзінің жүргізгендігі, ақын досыңыз «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов пен Қазақ Ұлттық политехникалық университетінің бірінші проректоры Ұлықпан Сыдықов сияқты ғалым, сазгер ағамыздың жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шапан жапқандары, Байғали Есенәлиев, Гауһар Әлімбекова, Қапаш Құлышева, Айжігіт Асанов сынды көптеген әнші, сазгерлер мен өнер жұлдыздарының  тамылжыған музыка, әсем әнмен көмкергендігі бәрі-бәрі өз сәнімен жарасымды болды. Тек бір білгіміз келетіні кешіңізді неліктен «Ол көктем оралмайды» деп атадыңыз?

–Әп, дегенде-ақ қиюласпай қалатын әлдебір  тірліктер үшін  бастапқыда әбіржігенім, алаңдағаным, қалай болар екен деп іштей толқығаным рас. Бірақ, абырой болғанда, бәрі ойдағыдай өтті, сәтті ұйымдастырылды. Соны көріп, ұғынып, ниет білдіріп жатқаныңа рахмет! «Жақсы сөз –жарым ырыс» деген емес пе... Қаламдастарыма, әріптестеріме, ағайын-туыстарға, азаматтарға қолдауы, көңілдері үшін ризамын! Ал, кешті неге олай атадың дегенге келсек, себебі, ол менің келесі кітабымның аты. Қазір дайын болып қалды. Баспаға әзірлеп жатырмын.

–Болашақ кітабыңыздың аты өткен өмірге деген сағыныштан, жас кездегі  таза махаббатты аңсаудан туған сияқты?

–Иә. Өткен өмірде бәрі қалды ғой... Алғашқы махаббат та, балалық бал дәурен де, ата-ананың мейірімі де – бәрі-бәрі елес болып, сағынышқа айналды...

 «Өсектерін өрбітті халық түрлі

Біркелкі өмір лезде жалықтырды

Ертеңінде Түркістан вокзалында

Бір қыз мені шығарып салып тұрды», – деген шумақтар сол сағыныштан туған.

Одан соң мектепті бітіргеннен кейін 1975 жылы сол Түркістан вокзалынан мені атам Бегманның, апам Айжамалдың, әжем Айнаштың үлкен сапарға – Алматыға шығарып салғаны әлі есімнен кетпейді... Түркістан, Кентау тәрізді қалаларды ешкімге ілеспей-ақ жалғыз аралап көрсем деп, бала кезімнен армандайтын едім. Атам бастаған туған-туыстар шығарып салып, вокзалда қалып бара жатқанда солай армандағаныма өкіндім ғой. Міне, сол өкініш, сол сағыныш есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегімді сыздатады.

–Онда алғашқы өлеңіңіз де сол сағыныштан туған шығар?

–Иә, солай болды. Туған жерге арналған алғашқы «Ақ қайың» деген өлеңім Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде басылған. Бірақ, жарыққа шыға салысымен-ақ оңбай сыналды. Содан соң мен біраз уақыт өлең жазбай кеттім.

–Әрине, әр ақынның өзіндік әлемі, өзіндік арнасы болатындығы белгілі. Сіздің поэзияңызда, жалпы алғанда, әлдебір аңсау, сағыныш, пессимизм сарыны басымдау. Мұның сыры неде?

–Мұның бәрі балалық шағымның, туып-өскен ортаның әсері. Мен атамның баласы болғанмын. Кішкентайымнан сол кісінің жанында жүрдім. Ал, шалдардың айтатыны не – мына өмірдің қысқалығы, жалғандығы, ықлым замандардан келе жатқан аңыз-әңгімелер, ертедегі салт-дәстүрлер, тағысын-тағылар. Міне, сол көнекөз қариялардың өмірі менің балғын санама, жан-дүниеме, үлкен ықпалын тигізді. Менің өлеңдерімде пессимистік сарынның басым болатындығы содан.

...Айнала түгел әулие- әмбелердің молалары, қорымдар...Мысалға, Қожа Ахметтің басына құран оқу үшін 40 шақырым жерден арбамен, атпен келетін шалдар. Сонда мен атамнан қалмай, ілесіп жүретінмін. Күн ыстық, жол ұзақ, ішің пысады. Содан соң шалдар не істейді, бірінен кейін бірі небір әңгімелерді, аңыздарды айтатын. Мен соның бәрін тыңдайтынмын. Міне, сол кездегі өзінше бөлек, тылсым дүние маған қатты әсер етті. Ал, кейіннен Алматыға келдім – мүлде бөлек орта – адамдары да, әңгімелері де, дүниетанымдары да басқаша. Әрине, жаңа өмірге біртіндеп бейімделуге тура келеді. Бірақ, бастапқыда қандай күйді бастан өткергенімді білсеңіз ғой... Түркістанның әулиелері қоршаған орта мұнда жоқ. Ол тек менің поэзиямда қалды...

–Сыбырлап шалдар шертетін бір сыр балаға,

Айналды дала қаңғыбасы көп қалаға.

Парлатып жасты, күңірентіп құран оқыдық,

Белгісіз мұңлық томпайған неше молаға»– деген өлең жолдары осы айтқандарыңыздың дәлме-дәл көшірмесі сияқты.

–Иә, өзі де солай ғой. Жаңа айтқанымдай, қаншама алыс болса да бір құран оқып қайту үшін ерінбей-жалықпай кесенеге келгенде шалдар жолда кездескен небір молалардың тарихын әңгімелейтін. Әне, анау пәленше батырдың зираты, ал анау пәленше деген елге танымал кісінің зираты деп, бір-біріне сол адам жайлы айтып естеріне алатын. Қарап отырсаң, соның бәрі енді ел естіп жатқан тарихымыз екен. Мәселен, мен Кенесары хан туралы кішкентай кезімнен естіп өстім. Бертінде ғана белгілі болған Созақ көтерілісінің де бүкіл мән-жайын жастайымнан білетінмін. 1997 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бесіктен бейітке дейін» деген кітабымда осы Созақ көтерілісі туралы дастанның фрагменттері  «Тұяқ серпу» деген атпен жарияланған. Жалпы, хан Кененің тағдыры мені қатты толғандырады.

–Хан Кене –қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Ал, бергі, бүгінгі тарихымызда тағдырларына тебіреніспен қарайтын тұлғалар деп кімдерді айтар едіңіз? Шығармашылық кешіңізде Саттар Ерубаевқа қатысты атқарған азаматтық істеріңіз жайлы естідік...

–Мақтанғаным  емес, туған өлкемнің – Түркістан жерінің, тарихқа да, тұлғалар да бай екендігі рас. Олай дейтінім, егер кеше ол қазағыма Саттар Ерубаев сынды азаматын сыйласа, бүгін Бекзат Саттархановтай айбынды ұланын сыйлаған. Бірақ, амал не, екеуі де тым ерте, жиырмадан аса бере өмірден өтті. Сөйтіп, екеуі де менің мәңгілік інілеріме айналды. Әрдайым жүрегімді сыздатып, жанымды ауыртатыны да сол.

  Халқымыздың жалынды ақыны Саттар Ерубаев менің жерлесім ғана емес, туысқан ағам. Кезінде ол кісінің бейіті қазіргі Райымбек даңғылының бойындағы ескі автовокзалдың астында қалып қойған. Мен сол жерден арнайы жер бөлігін сатып алып, басына ескерткіш қойдырдым. Содан соң Саттар Ерубаевтың бүкіл шығармаларын қайта сұрыптатып, 20 мың данамен «Жазушы» баспасынан шығарттырдым. Ақынның, азаматтың алдындағы парызымды өтедім.

–Қасаға, өзіңізге өркениет  пен мәдениеттің жоғары деңгейіне жетуге ұмтылған ұлтымыздың алға басқан қадамын кері тартып отырған кейбір жағымсыз жақтарымызға байланысты бір-екі сұрақ қоймақпын.

Алдымен, «зиялы қауым – зиянды қауым» деген теңеуге орай не айтасыз? 

–Зиялы қауым  деген сөздің өзіне күмәнмен қараймын. Өйткені, нағыз асыл сүйекті аристократтардың жеті атасына дейін жоғары парасатты интеллигенттер болуға тиіс. Сондықтан да зиялы қауым деген теңеуді байқап айтуымыз керек. Халықтың интеллигенция өкілдеріне деген өкпесі бар. Алдымен соны ескеруге, соны түсінуге міндеттіміз. Біз елге не бере алдық, нені істей алдық, сол үшін есеп беруіміз қажет.

Жасыратын несі бар, қазіргі кезде біз жүрген ортада небір өсек-аяңдар, қаңқу әңгімелер көбейіп кетті. Ер азаматтар өсек айтуды жиілетіп, бұған керісінше, әйелдер аз айта бастаған секілді. Ұят-ақ. Және бұл осы соңғы кездері ғана пайда болған жаман әдет емес, бұрыннан келе жатқан ауруымыз. Міне, ең әуелі осыдан арылуымыз керек. Сонда ғана зиялы қауымның қоғамға әкелетін зияны жойылатыны анық.

–Енді екінші   сұрағыма көшейін  –әсіресе, әдебиетшілер арасында ерекше байқалатын жүзге, руға бөлінушілік жөніндегі ойыңыз қандай?

–Ұлтымыздың өміріндегі әріден келе жатқан өте күрделі мәселелердің бірі осы – жүзизм. Менің түсінбейтінім, осындай жиіркенішті әдетті дертті тоқтатуға, жоюға болатындығын біліп тұрсақ та, соған өреміз жетіп тұрса да солай істемейміз. Неге? Себебі қазақтың бүкіл қадір-қасиетін, байлығы мен барын Алаштың деңгейіне көтеру жағы жетпей жатады. Парасат пен пайым жетіспейді. Әдебиетшілер қауымының кейбір өкілдері осы аурудан айыға алар емес. Ал, оларды айықтыратын күш қайда? Өкінішке орай, ащы да болса, қазіргі айтылар шындық осы. Бұдан қашып ешқайда құтыла алмаймыз.

–Қазақ поэзиясының деңгейіне  қандай баға берер едіңіз? Бүгінгі поэзияның басты мақсаты не?

–Тоқ  етерін айтқанда, поэзиямыздың қазіргі деңгейі жоғары дер едім. Кейінгі жастардың өлеңдерінен небір інжу-маржандарды көруге болады. Іргелі ізденістердің ізі, талпыныстардың табы аңғарылады. Өсу, өркендеу жолында екендігіміздің айқын айғағы осы емес пе?

Поэзия дегеніміздің өзі бұл алысқа бағыт алған ұлы дүрмек. Аламан бәйге секілді. Оның ішінде ұзаққа шабатын нағыз тұлпарлар санаулы ғана болады. Көпшілігі ерте шаршайды. Шаршағандары, әрине, дүрмекке ілесе алмай, орта жолда қалады. Ондай ақындар аз ба?..

Ақын ретінде айтарым, мен тіршілігімде тек поэзияға ғана қызмет етемін. Өйткені, оның ар жағында халықтың рухы, трагедиясы, мұң-зары жатыр. Поэзияның шексіз кеңістігінде өзіме тән бір жол бар. Мен сол жолмен келе жатырмын. Халыққа соны жеткізуім керек.

Неге қазақтың күрсінісі көп? Себебі, өткенімізге қарасаңыз, еліміздің тарихында қайғылы кезеңдер көп болған. Сол халықты біз сергітуге тиіспіз. Бірақ, өкінішке орай, біз қазір осы  парызымызды атқара алмай жатырмыз. Әрине,  бұл уақытша іркіліс, уақытша осалдық. Әлі-ақ тың серпіліс аламыз. Біздің алдымыздағы ұлы міндет сол.

Тәуелсіз жас мемлекетіміз қазір анталаған оттың ортасында тұр. Сондықтан да сыртқы елдермен арадағы саяси ынтымақ, ішкі ұлтаралық түсіністік мәселелерінде біз Елбасына қолдау көрсетуге тиіспіз.

–Соңғы сұрақ,  халық әндерінен кімді ұнатасыз?

–Әсіресе, Қайыптың «Жадау көк» әнін жаным сүйеді.

Әңгімеңізге рахмет!

P.S.  Қасиетті қазақ даласы ақындық өнердің ата қонысы іспеттес. Дархандық та, батырлық та, сарқылмайтын дарын да сақтар ұрпақтарының қанына сайын даладан дарыған. Міне, сол себепті біз арқалы да арынды, асау мінезді әрі адал, ақ жарқын ақындарға бай елміз. Саны азғантай ұлтымыздың жасампаздығының түп кепілі, кілті осында. Бір бақытымыз да сонда, баға жетпес байлығымыз да сол. Өзгелермен қатарласып, шексіздікке шеру тартқан қазақтың қуаты таусылмайтындығы, қанаты талмайтындығы да содан. Тек соны бағалай білсек болғаны.

 

Сұхбаттасқан Мұрат МҰҚАШТЕГІ, журналист

«Алматы ақшамы», №50, 6 сәуір, 2003 жыл

 

«АЛМАТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДІ»

Белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы және Алаш әдеби сыйлықтарының лауреаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы Қасымхан Бегмановтың есімі бүгінгі жұртшылыққа жақсы таныс.  «Бастау», «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», және «Сағыныш»  атты бірнеше кітаптардың авторы. Қай кезде де қолынан қаламы түспеген талантты ақынмен бүгінгі әдебиет, мәдениет, нарық, жалпы өмір туралы сұхбаттасқан едік.

«Мұңсыз өлең жаза алмаймын...»

– Сізді әдебиетке алып келген нендей күш? Мүмкін біреуге еліктеген шығарсыз...

– Бала кезімнен әдебиетті сүйіп өстім. Ауыл кітапханасында мен оқымаған кітап қалмаған шығар. Оның үстіне, менің туып-өскен жерім   Түркістан мен Кентаудың ортасында. Яғни, Түркістанның арғы жағында Қаратауға асатын асудың етегіндегі Жаңақорғанға ұласатын жазықта Бабайқорған, Майдамталдың  даласы дейді.  Сол жерде балалық шағым өтті. Біздің ауыл қазақы әңгімеге ұйыған, қып-қызыл замандарда да дінді берік ұстаған қалың қазақтың шоғырланған ортасы болды.  Ауылымыздың биік қырларына шықсаңыз  қасиетті Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың күмбезі алыстан сағымға араласып менмұндалап көрініп тұратын.  Бала кезімде таң ата ауыл мешіті азан шақыратын.    Кейін сол азан ұмытылып кетті. Кеңес үкіметі біздің мойнымызға алқызыл галстук байлап пионер, кейіннен кеудемізге значок тағып, комсомолдың қатарына өткізді. Соған қарамастан ауылдың шалдарына ілесіп, мешітке баратынбыз. Мешітке жұма намазға жиналған шалдар көсіліп, әңгіме-дүкен құратын. Аңыз-әңгімелерден сыр шертетін, қасиетті бабаларымыз жайлы әңгіме қозғайтын. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ары-бері жүріп өткен жолдарын, Сыздық төре жайлы небір әңгімелерді  аңыз ғып шертетін. Солардың жанында отырып алып, әңгімелерінің бірін қалт жібермей, ұйып тыңдайтыным әлі есімде.    Соның бәрі бала болсам да, жадымда жақсы сақталып қалыпты.  Қызылды ақ қуып,  ақты қызыл қуғандығы туралы әңгімелер осы күні ойласам өз алдына бір драма тәрізді екен. Соның бәрін естіп өскеннен кейін бе, мектеп бітіріп, Алматыға алғаш келгенімде, Алматы маған мүлде жат, суық көрінді. Вокзалда тұрып-ақ, мүлдем жат ордаға келгендей күй кештім. Ешқандай қазақы қасиеті жоқ, ешқандай қазақтың иісі жоқ, қып-қызыл орыстың ордасы болатын Алматы ол кезде. Сондай сұлу, тәкаппар, әдемі... бірақ мейірімсіз. Бала кезімде   естіген әңгімелерім, ертегілерімнен мүлде бөлек, басқа картина көз алдыма шықты. Ауылымда естіген шалдардың әңгімесінің сарқыты да байқалмайды мұнда.   Қырық рет үзілгіш сырылдаған кинолентаның өзінен біз Амангелдіні басқаша көріп, басқаша сүйсініп өстік қой. Сенсеңіз Алматыға өзімді мүлдем жат сезіндім. Сөйтіп жүріп, жетпіс бестің жазында политехникалық институтың машина жасау факультетіне оқуға түстім. Онда толған орыс тілділер. Мен бүгінгі   өмірдің шындығын осында сезіндім. Оған дейін бала қиялмен, ертегімен, аңызбен өмір сүріп келген екенмін.  Содан іштей қатты құлазу басталды. Мен шын  құлазыдым, у-шуы көп қалада өзімді жалғыз сезіндім. Сондай күндерде елден де хабар жиі келе бастады. «Пәленше атаң қайтыс болды, төленше деген әжең дүниеден өтті» дейтін хабарлар бірінен соң, бірі келіп, мені елге шақыра бастады.  Сенсеңіз, әлі күнге осы қалада өзімді жалғыз сезінем. Өйткені, курстас деген менде жоқ десе де болады. Орыс бөлімінде оқыдым, жанымда көбінде орыстар немесе орысша сөйлейтіндер жүрді.  Содан бері өмірімнің көбі сол орыс тілділердің арасында өтіп келеді. Қызметке таңертең кіріп кетем, кешке бір-ақ шығам. Менің айналамдағылардың біреуі қазақша сөйлемейді. Ол мен үшін – үлкен трагедия. Менің халімді басынан кешпеген адамдар түсінбейтін де шығар. Олар:«Ей, осының қайғысы бар дейсің бе?» деп, ойлауы да мүмкін.

Осы қайғы, осы мұң мені әлі күнге серік етіп келеді. Жер басып жүрудің өзінің уақытша ғана екендігін сезінудің өзі мұң емес пе? Шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап адамның өмір сүру үшін күресі басталады екен. Өмір сүру қашанда оңай болмаған.Оның үстіне ақын боп өмір сүру, мынандай қоғамда қазақ ақыны боп өмір сүру тіпті ауыр. Қатал өмірмен қорғансыз ақынның бетпе-бет қалуы екінің бірі түсіне алмайтын азап. Бар салмақ жүрек пен жүйкеге түседі. Өзге  қарапайым адамдардай сенің де бала-шаға асырауың керек. Барлық керектерге жету үшін алысуың керек. Ақындарды керек етпейтін қоғамда ақын боп қалу екінің бірінің қолынан келмейді.

 Тек, бір жұбататыны, біз алдыңғы толқын ағаларымыздың өнегесін көрдік.   Кешегі Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Хамит, Қалижан, Сырбай, Ғафулардың  көзін көрдік.  Одан кейінгі толқын Жұматай, Кеңшіліктерге іні болып ілестік.  Талай   сайрандарға бірге бардық, мұң-қайғысын бөлістік. Кешегі Тоқаштардың артынан ердік. Тәкен Әлімқұловтың, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиевтердің әңгімелерін естідік. Осының бәрі өмір. Сол тұстағы ұлттың барлық жанашырларының бәрінің шын ниетімен құлазығандарын, шын мәнінде  көп нәрсеге көңілдерінің толмағанын іштей сезіндік. Осыдан кейін Алматыдағы ең бір қазақы орта Жазушылар Одағы өзіне қарай тартты да тұрды.

–Аға, өзіңіз айтқан сол мейірімсіз, бірақ тым тәкаппар қаладан ешқандай ақын кете алмады ғой. Сіз де кете алмадыңыз, оның сыры неде?

–Мен Алматыдан екі рет кетіп, екі рет қайта оралған адаммын. Елде әдеби  орта жоқ. Ғазиз басыңды қайда сыйғызарыңды білмей дал боласың. Тобығыңнан келмейтін парықсызға тәуелді болғың келмейді. Орта іздейсің. Ақындар сол ортаны аңсайды.

Соңғы кездері жыл сайын жазушы Мереке Құлкенов ұйымдастыратын «Ана тілі» аруы байқауы өтіп жүр ғой. Сол байқауға мені де шақырады. Әділқазылардың мүшесі ретінде әрі «ТұранӘлемБанкінің» өкілі ретінде   былтырғы жылы сый-сияпатымды тапсырғанымда:«Жер шарының жартысын аралап шықтым. Бір жағы мұзды мұхитқа дейін, бір жағы Латын Америкасына дейін бардым. Ата-бабаларым бармаған жерге табаным тиді. Кеңес Үкіметінің тұсында мұхиттың арғы жағында айлап жатқан кезіміз болды. Сонда байқағаным, жердің бетінде қазақтың тіліндей тіл жоқ екен. Жердің бетінде Алматыдай сұлу қала жоқ екен. Жердің бетінде қазақтың қызындай сұлу қыз жоқ екен» деп айтып едім, зал қатты қошеметтеп қол соқты.  Міне, сондықтан да Алматыдан кете алған жоқ ақындар, кете алмайды да.  Алматыны түсінде көреді олар.  Алматыға арнап, өлеңді де көп жаздық. Бұл Алматыда кімнің ізі қалмады?! Бұл Алматы кімнің көз жасына, таңғажайып махаббатына куә болмады?! Біз Алматыны қазақиландыруымыз керек.  Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келіп, көп өзгерістер жасап жатыр ғой. Алматы қазақша сөйлемейінше, Қазақстан қазақша сөйлемейді.

– Алматы мемлекеттік тілге көшейін деп жатқан жоқ па?

– Оның бәрі талпыныс қой. Бұл ұлы күрестің басы ғана. Ол айтуға оңай болғанымен, өте қиын нәрсе. Бұрыш-бұрышта, сыраханаларда отырып  кіжінеміз де қоямыз. Марқұм шешем: «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» деуші еді. Айдалада отырып, аспанда ұшып бара жатқан орыстың  самолетіне жұдырығын түйетін кешегі шалдар сияқты тірлік етеміз.  Жеке-жеке тірлік етеміз, ал шындығына келгенде, қазақтың қаржысы қазақтың тіліне қарсы жұмыс істеп жатыр. Бізде комитеттер құрылып жатыр, қозғалыстар көбейді. Оның бәрі құрылу керек. Осындай жолдан өтуіміз керек. Классик  Қадыр ақынмен, данышпан ағаммен күніне бір рет сөйлесіп тұрам.  Қадекең бірде: «Қасымжан айналайын, адам баласы, өзіне қол жұмсауына болмайды, Алладан ақырын күту керек» деп айтып еді. Ақырында бәрі қалпына келер деп үміттенемін.

 Бізде  аристократтар жоқ деп жатамыз.  Арғы жағын қуып келетін болсақ, Кеңес үкіметіндегі жетпіс жыл бір-екі буынды алып кетті. Қарап кеткен жоқ, үшке бөлінген қайғылы халықты төртке бөліп кетті.  Сонда қазақтың баласының бәрі құл болды ма? Әңгіме осында.   Кеңес үкіметі барлығын «теңестіріп» кетті. Сен ханның баласысың ба, әлде қараның баласысың ба, барлығы тең болу керек деген идея үшін жұмыс істеді. 

– Қазақтың баласы құл болған жоқ. Бірақ, Кеңес үкіметі қалыптастырған құлдық психологиядан  әлі арыла алмай отырған сияқтымыз.

– Бұл жерде сізбен келіспеймін. Барлығын Кеңес үкіметіне жаба салуға болмайды. Мәселен, бір адам өліп кетсе, «еркек тоқты құрбандық» деп итере саламыз. Ал, менің жеке принципім, кім жеңілсе, соның жағындамын. Димаш  Қонаев қайтыс болғанда, шығарып салуға бардым.  Адам көп. Жан-жағында қаумалаған адам. Дулат аға кездесіп, «сонда бара жатырмын» деген соң, ілесіп келгем. Шашы аппақ қудай бір  шал табытта жатыр. Iштей жылап тұрдым. Сол шалдың кезінде керемет жақсылығын көрген,  астына ат берген, басына бақ берген, адамдардың теріс айналып кеткендерді де көзіміз көрді.   

– Кешегі үкіметтің тұсында айтуға болмайды, жазуға болмайды деген цензура болды ғой...

– Ондай болды. Кемшіліктері де бар. Оны мойындауымыз керек. Әсіресе, ұсақ ұлттарға өзінің идеологиясын жасады. Кіші халықтарға қарсы керемет идеологиялық машина жұмыс істеді. Мәселен, ақын-жазушыларды, өнерпаздарды, тұлғаларды өздеріне ұтымды пайдалана білді. Бір кітабың шығу керек пе,  «Советстан», «сөзстан» деген өлеңің басында тұру керек, сонда кезек күттірмей, жарық көреді.  Бірақ, соған қарамастан айтатын жерінде ақын-жазушылар айтты, тұспалдап жеткізді. Бүгінгі күнгі қазақы болмыстың сақталуына ақын-жазушылардың үлесі өте жоғары болды. Турасын айтқанда ақын-жазушылардың қазақылықты сақтап қалудағы ерліктеріне баға берілмей келеді.  Егер орыстанған ақын-жазушыларымыз көптеу әрі қазақ тілділерден күштірек болғанда қазақ осы күнге де зар болатын еді.  Бірде-бір партия туралы өлең жазбаған ақындарды да білем. Өз басым да сондайлардың бірімін. Кеңестік идеологияны жырлап, керемет дастандар, пьесалар, романдар жазған адамдарды да білем. Сондай жігіттерге іштей жаным ашиды. 

Неге екенін білмеймін, кеңестік заманның өзінде теледидардан бұрынғы қоғамды теріс насихаттайтын фильмдерді көрсем, соларға жаным ашып отыратын. Ақ гвардияшылардың қайғыларын көріп, қызылдардан гөрі, соларға жаным ашитын. Өйткені, ол да адамның баласы ғой. Адамды неге көзқарасы үшін соттауға, елден қууға тиісті. Кейде ойлап отырсам, сол тұста егер менің ішкі жан-дүниемді біреу білер болса,  мен де сотталып кететіндердің қатарында екенмін-ау.   

– Сол ішкі жан-дүниеңізді неге сыртқа шығармайсыз?

–  Ол үшін әуелі менің өлеңдерімді оқу керек. Егер менің өлеңдерімде менің жан-дүнием көрінбесе, онда айтуыңызға болады. Адам өзі мән беріп оқу керек.   Кеңес үкіметі тарқамай тұрып, бірде менің Стамбулға жолым түсті. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, аэропорттан түсіп, көшеде кетіп бара жатқанымда, ең алғаш естігенім, мешітте азан шақырып жатыр екен.    Бала кезімде талай естіген азаным.   Стамбулдың көшесінде келе жатып, ағыл-тегіл жыладым. Көзімнен парлаған жасты тоқтата алсамшы...

Жанына еріп, арманы асқақ жандардың,

Гаваннада теңіз мұңын аңғардым,

Үрімшіде үр қызына ғашық боп,

Стамбұлдың көшесінде сандалдым.

Жырларымды түсін гүлім, кеш гүлім,

Жалақордан жаман сөздер естідім,

Қара жолда жалғыз келе жатып мен,

Сені есіме ап, елді есіме ап өксідім.

Жылдар мынау, үнсіз, тілсіз жылысқан,

Мектепте де құтылмадым бұрыштан

Ең болмаса, дән септіріп, жүн жинар,

«Бригадир болмадың,»- деп ұрысқан.

Қайран әкем, зілсіз ғана зекіген,

Кеше сені өкпелетіп кетім ем.

Қара өлеңдей қадірлі дос таппадым,

Бәрі жалған, бәрі өткінші, өкінем.

Кейбір шумақтары қалып кетті. Әңгіме онда да емес. Дегенмен, сол сәттегі менің көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.   Өзбекстанда Кеңес үкіметінің кезінің өзінде де азан шақырылып жататын.  Диплом жұмысымды жазу үшін Өзбекстанға барғаным бар. Ұмытпасам, Гүлстан облысы болу керек. Шағындау Бекебат қаласы. Автобусқа мінсеңіз де, түссеңіз де, бәрі өзбекше. Радиоңыз өзбекше сайрап тұр. Металлургия зауыты болатын. Зауыттың бас инженері «тұра тұрыңыз» деп, мені қабылдау бөлмесіне отырғызып кетті. Ұзақ тосып қалған соң, хатшы қыздан, «Мына кісі ұзаққа кетті ме» деп сұрасам,  «Ол кісі намазын оқып алсын» деді.  Сол сөз маған қатты әсер етті.    Дүкендердің есігіне дейін өзбекше ашылып-жабылатындай  әсер қалдырған маған. Ол сонау сексенінші жылы болатын. Астана мен Алматының қазағы осындай сезімді қашан бастарынан кешер екен. Ол енді арман ғой бізге.

«Халықпен ақындардың арасында әкімдер тұр..»

– Сіздер  әдебиетке келген жылдары бір  толқыннан кейін бір толқын келіп жатты, қазір неге олай емес? Процесс тоқтап қалған сияқты...

– Тоқтап қалды деп ойлайсыз ба? Жалпы, шыныңызды айтыңызшы, біздің буынның өзін оқырман біледі деп ойлайсыз ба?

–  Жүз пайыз біле ме, білмей ме, елдің атынан жауап бере алмаймын ғой. Әйтеуір, өзімнің білетінім айқын...

– Елдің білетініне мен де сенем. Бірақ,  өзімді соншалықты танымал ақынмын деп есептемеймін. Біздің бақытымыз әдебиетке дер уақытында келгендігімізде шығар. Тоқаш көкеміздің соңынан еріп алып, күніне бір рет Жазушылар одағына келетінбіз.  Ол кезде жұрт поэзиямен өмір сүретін.  Кешкісін жап-жас бала болып ұйықтасаң, таңертең «Жас Алашқа» немесе басқа бір газетке өлеңің шықса, белгілі ақындай сезінетінбіз өзімізді.   Бұл бір жағынан біздің бақытымыз, бір жағынан қайғымыз да деп ойлаймын. 

– Неге?

– Бақытты болатын себебі, біздің толқынның алған пайдасы  ана шалдардың барлығын көріп қалдық. Солардың маңында жүрдік. Олардың құлазығанын, кейбіреуінің тіпті жылағанын да көрдік. Көрдік те, көп нәрсені көкейімізге түйдік. Жан-жүрегіміз солармен бірге болды. Олармен қосыла жылап, бірге жұбатқан кездеріміз болды. Ұлттың алапат қайғыларын  айтып жылағандай күй кешкен кездерінің куәсі болдық, айта алмаған сәттерін де сездік.  

– Дәл бүгінгідей ашық айта алмады ғой, бірақ...

– Дәл бүгінгідей ашық айта алған жоқ.  Бірақ, оны әлдеқалай түйсігіңмен  сезінесің. Аяғына дейін айтпауы мүмкін, бірақ, көкірегің ояу болса, өзің-ақ сезінесің ғой. Мағжанды да кеше оқыдық қой.  Жүсіпбектер де кеше шықты. Оған дейін олардың атын сыбырлап айтатұғын... «Мына жүрген бес-алты шалды он орап алатын ақын-жазушылар болған»  деп, өздері күбір-сыбырмен айтып отыратын.  Біз олардың  тығырыққа тірелген сәттерін сезіндік. Оларды осындай тығырыққа қоғам әкеп тіреді. Қазір көбіне оларды «ішті, жеді» деп жазып жүрміз ғой. Бірақ, солар неге ішті, неге күйінді?  Соның себебін ашып көрсете алмай жүрміз. Кейбіреуінің сырт көзге ерсілеу көрінгені ол судың беті ғана, біз теңіздің тереңіне бойлай алмай жүрген тәріздіміз.  Қазір жақсы буын келе жатыр. Iштерінде сұмдық таланттылары да бар. Кейде сол балалар өткен заманды көргенде ғой деп ойлаймын. Мен көрген сұмдықтарды көргенде, сезінгенде бұдан да жақсы жазар ма еді деп ойлаймын. Олармен бір-екі сағат сөйлесудің өзі үлкен ғанибет еді ғой. 

– Кешегі әдебиеттің қасіретін Кеңестік үкіметке жабамыз ғой, ал бүгінгі әдебиеттің қасіреті неде?

– Бүгінгі әдебиеттің қасіреті сол, үкіметтің тарапынан әдебиетке қамқорлықтың болмауында. Өнер адамдарын екінші-үшінші планға ысырып тастауында...   Халықпенен  ақындардың ортасында әкімдер бар, яғни билік тұр. Неге екенін білмеймін биліктің ақындарды халыққа жақындатқысы келмейтін сияқты көрінеді тұрады. Олай ойламайын десең, екінің бірі кіре алмайтын атшаптырым кабинеттерде отырған жоқпыз, халықтың ортасында жүрміз.

– Әкімдерсіз ақындар елдің арасына шыға алмай ма?

– Шыға алмайды. Қалай шығасыз?  Елге не деп барам? Кім кездесу жасап береді? Өлеңімді оқығым келеді. Маған сый-сияпат жасамай-ақ қойсын. Әкімдерге барам десең, қабылдамайды да.   Өзің басыңды иіп, алдына барғың келмейді.  Ол үшін ауылдық әкімдерден бастап, облыстық идеологтарға дейін, өнерді, әдебиетті таразылай алатын, ойлы, парасатты азаматтарды қою керек. Айтыс ақыны мен жазба ақынды шатастыратын, қайсының кім екенін білмейтін, журналист пен жазушыны ажырата алмайтын әкімдерге сіз барғаныңызбен, абырой таппайсыз. Барасыз, жаныңыз одан сайын ауырады, құлазисыз... Сондықтан, бір  Аллаға, сосын өзіме ғана сенем. Өзім барам, үлкен залдарда болмаса да, күнделікті өмірде өлең сүйетіндерге жақын жүруге тырысам...

– Елдің арасына бармаса, елмен араласпаса, ақындар нені жырлайды, айтыңызшы...

– Сұрағыңыз дұрыс. Ақынның өзінің жеке-жеке сапарлары болады. Анамның басына барам. Құран оқимын. Жылына бір  рет барып, бабаларымның, ағайын-тумаларымның басына құран оқытып қайтам. Бұл дегеніңіз, елге оралу деген сөз. Сексеннен асқан әкеме сәлем беріп қайтам. Сонда елге барғанымда, елдің де жағдайын таразылаймын. Өз көзіммен көрем, мұңын тыңдаймын, шеріне құлақ түрем. Кейде солардың тірлігін көріп,  құлазитыным бар. «Бір күн өтсе, жылайды екен бұрынғының адамы» дегендей, күн өткен сайын, құлазып, жабырқайды екенсің. Сондықтан, «елмен араласпай қалды, өзі жеке кабинетінде отырып, өлең жазып жатыр»  деген шындыққа жанаспайды. Бізді іздеп жатқан әкімдер жоқ. Міндетті түрде әкімнің іздеуі де шарт емес. Әр ақын өз тіршілігін жасап жатыр. Бұл солай болған, бола да беретін жазылмайтын дерт тәрізді.

«Анадан асыл туған ардақты Ержан..»

– Сізді «Тұран Әлем Банкіне» жұмыс істеткізген қаржыға деген мұқтаждық па?

– Ақын неге банкте жұмыс істемеу керек? Ақын омырауын  ашып, жүре берсін деген заман келмеске кеткен.  Олай жасау үшін, маған жағдай жасасын. Мен жалпы тізімде жоқпын. Бірде-бір стипендия алған жоқпын. Биліктің тарапынан бірде-бір құрмет грамотасын алған адам емеспін. Тым болмаса,  филологиялық білімім де жоқ екен. Политехникалық институтты бітірдім. Орта жоқ болды. Кеңес үкіметі құлады. зауыт, фабрикаларыңыз істен шығып қалды. Қайда баруым керек? Бизнеске барып көріп едім, онда біреуді алдау керек екенсің, өтірік айту керек екенсің, ондай менің қолымнан келмеді. Маған бала-шағаны асырау үшін, тұрақты айлығы бар жұмыс қажет болды.   «Банкке неге қызметке келдіңіз?»  дегенге келсек, Ержан Тәтішев қызметке шақырды. Онда да кездейсоқ. Өмірімде банкте қызмет етемін деп ойлаған емеспін. Оған дейін айтып отырмын ғой, Үкімет үйінің қызметтерінде жұмыс істедім. Ой өрістері төмен, өз ұлтына жаны ашымайтынтардың жанында ұзақ жүруге төзімім жетпеді. Елге кеттім. Кейін  оның бәрін тастап, өлең үшін елден кетуге тура келді. Кейінірек, Алматыдан Астанаға көшу  басталды. Біреу оңға, біреу солға кетіп жатты.  Маған ешқандай сұраныс болған жоқ. «Қасымхан, сен не істеп жүрсің?» деген тірі жан болған жоқ. «Қызмет берейін»  деген де  ешкімді көрмедім.Дулат Исабеков қызметсіз үйінде бірнеше жыл жатқан, өнер институтына директор болып келді. Сол кісі өзіне орынбасарлыққа шақырды. Екі жылдай сонда қызмет істедім.Жалақысы мардымсыз болды. Сондай күндердің бірінде  Ержан Тәтішев ұсыныс жасады. Алғашында біраз сынап көрді. Ержан Тәтішевтің бірінші баспасөз-хатшысы болдым. Баспасөзбен бірінші рет байланыс жасайтын ұйым құрдым. Маған дейін банкте баспасөз қызметі болған жоқ. Кейін ол басқармаға айналды. Бұл менің кездейсоқ тағдырым.

– Ержан Тәтішев қандай азамат еді?

– Ержан анадан асыл туған, Алла оны аса иманды етіп жаратқан азамат еді. Ол өте инабатты, мейірімді болатын. Ержанмен бір рет кездесіп, сұхбаттасқан адам оның адамшылық қасиетін, кісілік келбетін ұмыта алмайтын.  Біреудің мақтау сөздерін қаламайтын. Ол қашанда жинақы, парасатты, сабырлы қалпынан айнымайтын. Қашанда сергек жүретін, өмірге жан-тәнімен ғашық еді. Туған топырағын, елін-жерін, оның әдеп-ғұрпын ерекше қастерлейтін.  Өз ортасының  көтерілген еңсесі, жарық жұлдызы болатын.

– Арманың қалды-ау  қаршадай кезден басталған,

Көзімнен менің топырағыңа жас тамған.

Қырыққа жетпей қамал алғанмен қайтейін,

Жұлдызым едің ерте ағып түскен аспаннан.

немесе

Сүйген жүрек  көңілін суытпайды,

Көрген қызық жанымды жылытпайды.

Анадан асыл туған ардақты Ержан,

Халқың сені ешқашан ұмытпайды, — деп Ержан бауырымның асыл рухына бағыштап, жырлар жаздым.

–Қазір банктеріңізде Ержанның жолын қуған, халыққа жақын, іскер азаматтарды атап кете аласыз ба?

– Әрине болады. Басқасын айтпағанда Мәскеуде білім алған Сәдуақас Халықсоветұлы Мәмештегінің аты-жөнінің өзі мән берген адамға, қазаққа бір табан жақын, ойлы азамат екендігін  айқайлап айтып тұрған жоқ па. Еркін Тәтішевті сондай-ақ, Әбіләкім Жұмахметов деген парасатты да, іскер азаматты ерекше бөліп айтуға болады.

Қазір облыстардан орталыққа кадрларды тарту үшін іріктеу жүріп жатыр. Шығыстан Санат Әбенов деген білімді де іскер азамат банктің Алматы филиалына директор болып келіп, аз уақытта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Ақтөбеден тәжірбиелі Генриг Холодзинский төрағаға орынбасар болып келді. Сондай-ақ, Болат Байміров, Бағдатқали Тасыбеков, Нұрлан Бейсенбинов, Олег Рахматуллин, Молдахмет Әшімұлы, Данияр Қуантқанов, Қайрат Алтынбеков, Досым Енкебаев, Алма Мақсұтова тәрізді мамандарды атап кетуге болады. Бұлар  ең алдымен мемлекетшіл, сосын елге бүйректері бұрып, алдарына барған адамдарға түсіністікпен қарап, қолдарынан келген көмектерін аямайтын азаматтар екендіктерін мен жақсы білемін.

–Кеше әдебиетке сіздерді танымал адамдар алып келді. Бүгін сіздер кімдерді алып келіп жүрсіздер?

–Әдебиетке келуге біреудің  біреуге себебі тиуі мүмкін.  Біреу біреуге тіреу болуы мүмкін. Бірақ бұның бәрі уақытша ғана нәрсе. Жастардың осыдан аулақ болғандарын қалар едім. Сондықтан да мен топқа қосылмаймын. Топ құрған жоқпын. Өзіме жылы қарайтындарға мен де  құрметпен қараймын.

Ал менің төңірегімде осы қалада аға деп хабарласып тұратын ақын іні-қарындастарым бар. Біразы елде. Өлеңдерін жіберіп,   пікір сұрап,  хабарласып жатады.  Жуырда ғана  елден арнайы Айнұр Шәмшеиітова деген жас ақын қыз іздеп келді. Түркістандағы университетте оқиды екен. Өлеңдері тәп-тәуір көрінген соң, алғысөз жазып, бір топ өлеңдерін, «Жұрағат» журналына  жариялаттым.

– Республикалық газеттердің біріне берген сұхбатыңызда: «Иманғали мен Исламнан басқа әкімдер ақындардан теріс айналғалы қай заман...» деген екенсіз. Әлі де сол көзқарастасыз ба?

– Әлі де сол көзқарастамын. Өйткені, әкімдер Иманғали мен Исламдай болу керек қой .  Неге дейсіз ғой? Өйткені, бұл екеуі  тура сіз бен біз сияқты, ауылдың кітапханасын ауылда жүргенде оқып тауысқан адамдар.   Әкімдердің барлығы бірдей емес шығар. Мүмкін біразын танымайтын да шығармын. Тек мен білетін кейбірі,  айтыс ақыны мен жазба ақындарды шатастырып жүреді.   Бұл  олардың деңгейін, мүсәпірлігін көрсетеді. Кейде осыны көріп, «халықты кім басқарып отыр?» деген ой жаныңды құлазытады. Өйткені, ұлттың  азабын, тақсыретін   қазақтың ақын-жазушыларынан артық айтқан, жеткізген адамдар өте сирек қой. Әнмен, күймен айтсын, бәрібір ақын-жазушылардай ұлтқа қызмет еткендер сирек. Менің ойымша, осындай ұлтқа қызмет еткен ақын-жазушыларын білмейтін әкімді  елін бақытқа жеткізеді деп ойламаймын.  Ол өзінің ұлтының тарихын білмейді. Ұлтының тарихын білмеген адамның ұлтқа жаны аши ма? Біз осы үшін күресуіміз керек.

 

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАСОВА,

журналист

«Түркістан» газеті,

№17, 27 сәуір, 2006 жыл. 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30