Абай шығармаларындағы ғылымның сипаты

54

Бүгінгі күні Абайтану тарихында Абайдың ғылыми ой танымдары жайлы сан түрлі пікірлер айтылып, көптеген зерттеулер жүргізілуде. Әсіресе, жеке мақала етіп және ғылым туралы тақырыптарды оқулықтарға жарияланғандары да біршама. Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша Абай ғылым туралы ұғымды теориялық тұрғыдан негіздеп қана қоймайды, оның өмірде орын тепкен қазіргі ұғым деңгейіндегі желілерін де анықтап, нақтылап өтетіні де бар. Бұл таным Абай заманындағы қазақ қауымы үшін аса қажетті тың ұғым, соны таным болатын-ды. Осы себептен болса керек Абай өз танымын шығармаларында таратып, ойталқысына салғанда ғылым жайындағы танымын: білім (знания), ілім (учение), ғылым (наука) деп анықтап желілей таратып, жүйелеп отыратыны бар. Мысалға алар болсақ: «Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби Жан қуатымен жиған нәрсенің аты – ақыл, ғылым еді ғой», деп, ақыл мен ғылымды адамға ғайыптан келетін құбылыс ретінде қарамайды. Ақыл мен ғылым адамға ықыластана ізденіп еңбектенумен, оқып үйренумен келетін кәсіби құбылыс деген ой қорытындысын береді. [Мырзахметұлы, 2014: 57 б.].

Ғылымға құмарлық, істі шөліркеп қолға алу өнер-білімді үйренудің қажетті шарты болып табылатыны хақ. Абай орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский сияқты, білімді ойдағыдай беру үшін әуел бастан оларды ана тілінен бастап, ақиқат ғылым, білімдерге үйретуді, ал содан кейін барып шет тілдерді, соның ішінде араб, парсы тілдерін оқытуды ұсынды. Ғылымға жеңіл-желпі қарауды Абай қаламаған. Ол балаларға ең алдымен жалпы білім беруді ұсынды, демек бұл – оның ақыл ойын, дүние тануын және жалпы мәдениетін дамыту керек деген Бірақ сонымен қатар ол табиғат сырларын тануға, табиғат күштерін адам еркіне бағындыруға бағытталған ғылымды үйренудің тәжірибелік маңызын жоққа шығармаған. Бірақ ол ғылымды үйренудегі ұсақ кәсіпшілдік пен майдагерлікке қарсы тұрады. Ғылымды игеру материалдық дүниені дұрыс түсінуге көмектесу керек, ол адамды жетілдіре түсуі тиіс. Бірақ бар-жоғы осы ғана ғылымды үйренудегі негізгі мақсат – табиғат күштерін қоғам мүддесіне бағындыру, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы мен сауданың өркендеуіне көмектесу, орыстың озық мәдениетін меңгеру, міне, Абай ғылымды үйрену мақсатын осы тұрғыдан терең түсінген.  Қандайда болмасын кітапты оқыған кезде білімнің тереңіне сүңгуге дағдылан. Дау-шарларда жарқырау үшін оқыма. Даудан білім туатыны рас, бірақ оған салынып кетпе, оны өлшемімен қолданса, онда, – нағыз ерлік тұрғыда туған айтыс қана шындыққа жеткізеді, бірақ ондай адам көп білімді керек етеді, онсыз айтыстан пайда жоқ деп есептеді. Білімді  үнемі жетілдіру туралы көптеген шығармаларында айта келіп, Абай жастарды үстірттіктен ғылымға жеңіл желпі, үстірт қараудан сақтандырады. Ғылым – биік мұрат, сүймеген, берілмеген жанға ғылым қонбайды, оны тиянақты түрде сабырмен, салмақпен, табандылықпен үйрену керек. Егер ақиқатты тапсаң, өлсең де одан айырылып қалма, – дейді Абай [Құнанбаев, 1961: 158 б.].

Біздің білімдеріміздің көздері – материалдық дүниені бейнелейтін түйсікті қабылдау болып табылады. Бірақ адам сезімдік аңғаруларды тиісті електен өткізу, сана арқылы ғана ақиқатты таниды. Ақиқатқа жету жолы ұзақ та, қиын. Алдында белгілі айқын мақсат, сол мақсатқа жетер деген сенім мен құмарлық болғанда ғана, соған сәйкес білімің болса ғана ақиқатты анықтап тануға болады. Осындай жолмен табылған ақиқат деректі де, баянды да болады деп есептеген. Абайдың өз басы жалынды гуманист ретінде өз халқы үшін табанды еңбек етіп, қайткенде туған еліне пайда келтіруді көкседі. Адами болмыс оның барлық шығармаларына арқау болды. Әрбір шығармасының алдына қойған биік мақсаты болды.

                   Білімдіден шыққан сөз,

                  Талаптыға болсын кез.

                  Нұрын, сырын көруге,

                  Көкірегінде болсын көз.

Жазған әр шығармасында, ол әрқашан халыққа білім беруді, оны адамшылыққа тәрбиелеуді, оның материалдық жағдайын жақсартуды мақсат етумен болды. Қандай жағдайда болмасын саяси санасы артта қалған туған елін алға бастыруды алдына міндет етіп қойды. Жастарды гуманизм сезімдеріне, адалдық пен шыншылдыққа, достық пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу жөнінде ол ерінбей-талмай айтып отырды. Оның себебі: білім- ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең және әрбір білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат болды. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем деп үміттенген құмар, махаббат пайда қылды. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңіл жақсы ұғып, анық сөз, суретімен ішке жалғастырып алады. Ғылым іздеудің жолы – жарыстың жолы деп ойлаған Абай, ғылым жолындағыларға мынандай ақыл айтады: «Білмек үшін үйренбек керек, жарыққа бола үйренбе, азырақ жарыққа көңілді пысықтандырмақ үшін залалды емес, көбірек жарық адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір жарық адам шындықты шығармақ үшін ғана жарық қылмайды, жеңбек үшін жарық қылады» [Әуезов, 1953:145 б.].

Жетектеушісіз, құрғақ талаппен адамның ғылымды меңгере алмайтынын Абай жақсы білген. Сондықтан ол қазақтың оқуға ынтасы бар жастарына:

                    «Ғылым болмай немене,

                     Балалықты жеңсеңіз,

                     Болмасаңда ұқсап бақ,

                     Бір ғылымды көрсеңіз.

                   «Ондай болмақ қайда» – деп

                     Айтпа ғылым сүйсеңіз.

                     Дүние де өзі, мал да өзі, 

                     Ғылымға көңіл бөлсеңіз», – деген ақыл айтады.

Абай оқыту жүйесі әсерлі табысты, балалардың ақыл-ойларын дамытатындай болуы керек, – деп санайды. Ақын түйсік пен сезімді аңғаруды, еске түсіруді, көңілге тоқуды ойлауды, ақылды немесе сананы – осының бәрін адамның ақыл-ой құбылыстарына жатқызады. Адам сезімдеріне көңіл күйінің «жылылығын», қуат пен қайратты, құмарлық пен махаббатты және басқаларын қосады. Ақыры қайрат, жүректі бірдей ұстағанда ғана адамда ерік күші берік болатындығын, осылай етуге тырысу керектігін алға тартады. Қайрат пен ақыл-ой, сезім – бәрі бірлікте бола алмаған күнде, адам онда жүректің тілін алсын, яғни сезімнің айтқанын істесін, билік те, тізгін де соның қолында болсын. Ол ақылды дұрысымен бастайды, қайратты пайдалы іске жұмсайды, – міне Абай осылай толғайды.

Абайдың бұл айтылған пікірлері орыстың ұлы педагог, әрі психологы К.Д.Ушинский көзқарастарымен де қабысады. «Жапырағы қураған ескі үмітпен» деген өлеңінде Абай, адам қажымай талмай ойлауы керек, өйткені ой жұмысы үздіксіз қызмет еткенде ғана бір ойдан екінші ой туып отырады деп айтады. Ойдың ерекшелігі сол – әрқашан дүниені тануға қарай талпынып отырады. Ақыл-ой дүниенің мәнін ашып береді. Ақыл-ойдың ерекше қасиеттерінің бірі – білімге талпыну. Өйткені білімсіз өмір – тұл, ол адамның өзіне емес, көптеген адамдарда білімге талпынудың жоқ екенін назалап айта келіп, Абай мұндай адамдарда сана жоқ, олардың хайуаннан айырмасы аз, олардың көзі көргенмен, көңілі ұйқыда дегенді айтады. «Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды». Құр дүниені көреді, бірақ көргенінің дүние екенін сезбейді» – дейді Абай [Бейсембиев, 1969: 85 б.]. Тек терең ақыл мен күшті қайрат қана адамды әр алуан залалды істен сақтап қалады, кеселді іске көлденең тұра алады. Адам әрқашан еңбек үстінде болуы керек, кідіріп қалудан барып, адам жазым болады. Ол өзінің ақылына, алған дағдысына, өнері мен ойына өріс беріп, жетілдіріп, жол ашып отыруы тиіс. Егер бұл қасиеттер ұзақ уақыт бойына құрғақ күйде, қозғалмай тұралап қалса, онда олар жоғалып кетуі ықтимал, жоғалғанда өзі аңғармай қалуы мүмкін. «Жан қуатымен адамның тапқан өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің де мезгілден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың, онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды».

Адамның жүректен аяулы жері жоқ. Рақымдылық, адамгершілік, мейірбандық – жүрек қасиеті. «Жүрек ізгілікке бастайды, зұлымдықтан қашады: жақсылық біткен – кішіпейілділік, әділеттілік, ізгілік, сезгіштік, тағы тағылар соған тән. Тіл жүректің айтқанын растап шықпайды. Батылдылық та, ерлік те, жүрекке тән», – дейді Абай. Қайратқа Абай мақсатқа жету, өнер-білімді меңгеру жолындағы адамның қажетті қасиеті деп қарайды. Ерік, қайрат адамды қияға алып шығады, өткінші әуестік, жеңіл олжа сияқтыларға адамды ұрындырмайды, ерік, қайрат адамды өмірдің дұрыс жолына, еңбек етуге, өнер жолына бұрады. Оқу үдерісінде ақыл ойды дамытудың қажеттігін онсыз білім алуға болмайтынын да Абай көрсетіп өткен. Ойлау мен қиялдаудың өсіп-дамуы айналадағы өмірдегі заттар мен құбылыстарды барлық зерттеліп отырған нәрселерді терең және жан-жақты білуге мүмкіндік береді. Ақылды адам заттардың да, құбылыстардың да ішіне тереңдеп кіріп алады, олар жөнінде дұрыс бағалау жасайды, дұрыс ой қорытындысына келеді [Ғабдуллин, 1986: 156 б.].

Білім алу жолындағы кеселдердің бірі қамсыздық болып табылады, онымен аяусыз күресу керек. Азғындық пен қамсыздық – халықтың да, ақыл-ойдың да, ардың да жауы. Қамсыздық адамды мұқалтады, оны мақсатқа жету жолында кесе көлденең жеңуге келгенде еңбек етеді. Қайраты күшті, мінезі берік адам ғана білім алу жолында зор табыстарға жете алады. Білім оңай қолға түспейді, оған тиянақты еңбек пен зейін қою нәтижесінде ғана жетуге болады. Білімнің еңбегі үнемі жетілдіріп, толықтырып отыруы керек. Бойында бар біліммен қолыңнан келетін іспен ғана қанағаттанып қоймау керек. Өз білімін толықтыруға талаптанбаушылық білімі молырақ өзгеден үйренгісі келіп, мақтаншақтық пен жалқаулық жемісі. Уақыт зымырап өте шығады, өмірде де ғылымда да алға басып, қалып қоймау үшін адам өз білімін, ұштап, өткірлеп, жетілдіріп отыруы тиіс. Білім баянды, орнықты болуы үшін оны біліп қою ғана жеткіліксіз. Қажет жерінде іске жаратады, кәдеге асыра білу қажет. Әр алуан айлакерлікке әуес болып, еңбекке қырсыз қарап жүрген жастарды көріп,  ол бұлардың келешегінен қауіптенеді. Сенімі жоқ серменде, жалқаулыққа, өтірік пен мақтанға берілген, адамдық қасиеттерден ат-тонын ала қашқан бозбалаларды қатты шенейді. Ал,

           Осындай сидам жігіт елде мол-ақ,

           Бәріде шаруаға келеді олақ.

          Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

          Қу борбай, сидам етек, сымпыс шолақ, – дейді.

Абайдың ұстаздық ойларының ішінде білім-ғылымды өмір бойы игеру, оны кітаптан іздеу, өз бетінше оқу, естіп білгеніңді есте сақтау мәселелері айқын көрініс дамытқан. Өз басындағы тәжірибесі болар, Абай әр шәкірттің өзін-өзі ғылым мен білімге жетелейтін жолдарын көбірек сөз етеді. Білімді игерудің негізгі үш сатысы – кез келген жаңалықты білудің естуден басталатыны оны түсіну үшін әр шәкірт өзі не оқып, не көру қажет екендігін, ал содан соң барып қажетті жерді пайдалануды үйрететінін айқындап беріп тұр. Әрі бұл оқудың сапасын анықтайтын білім, білік дағдымен де сәйкес келеді. Ғылым-білімді, оқу тәрбиені уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді адамды аса жоғары бағалауы әбден орынды. Не нәрсеге болсын ақыл таразы. Дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды [Жиреншин, 1959: 146 б.].

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

                    Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Абайдың бұл пікірі ғылым үйренуге ұмтылған жастарға айтқан сөздерінен де айқын танылады. Ақын жастардың басқалар айтқан сөзге ермей, ақылмен өлшеп тапқан өз пікірі болу керектігін айтып, сол пікірде табандап тұра білуі қажеттігіне ерекше назар аударған. Сабырлы, табанды болу – ер, мақсатшыл адамның сапасы. Абай қазақ жастарын қиын кезеңде, ғылым жолында кездескен алғашқы сәтсіздік үстінде күдер үзбе, талаптың сұңқарын мініп, тас қияға өрле, мұратыңа жетпей тынба деп баулиды. «Білім ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар, оларды білмей, іздегенмен табылмас. Әуелі білім ғылым табылса, ондай мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемеске керек. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім ғылымның өзі де адамға «мейірленіп, тезірек қолға түседі». Абайдың:

Дүние де өзі, мал да өзі,

                 Ғылымға көңіл бөлсеңіз – деген нақыл сөзі білім–өнердің кілті, өнер білім; мағыналы өмір деген пікірді айтады. Ақын қазақтың бұл күнге дейінгі ғылымсыз тіршілігін санатқа қоспай «Ғылымсыз дүние жоқ», – деген берік байлам жасап, ол өзінің көптеген өлеңдерінде осы тұжырымын жариялайды. Ғылым тағылымы дәулеттің ішіндегі ең маңыздысы, асылы болды деп Абай жастарды салғырсымай, ғылымды терең меңгеруге шақырады. «Я тілмаш, я адвокат болсам деген бәрінде ой», – деп жеке бас қамынан аспайтын, мұндай тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтады, ол үшін оқитын жаста түбегейлі мақсат болуы керек деп ескертіп, жастардың алдына дана адамдарды Әл-Фарабиды, Ж.Баласағұнды, М.Қашқариды, Қ.Жалайриды, орыстың Салтыков-Щедрин мен Л.Толстойын үлгі етіп ұсынады. «Еңбек етсең емерсің» деп даналық нақыл ұсынады. Ғылым жолы оңай жол емес, соқпақты шатқалды қиын жол дей келіп, Абай соған қарамастан талмай еңбек етіп, зор ынтамен іздеген адам ғана ғылымды меңгере алатынын ескертеді. Ол өзінің өлеңдерінде жас кезінде көп оқи алмай, көп нәрсені ескерусіз өткізіп алғанын айтып өкініш білдіріп, жастарды уақытын бос өткізбеуге шақырады. Өзінің «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» – деген өлеңінде Абай ең алдымен, өзін жаңа үлгідегі ақын етуге жәрдемші болатын ғылымның жайын сөз етті. Жасында оқыған оқуын анық ғылым емес деп танымайды. Енді өзі бірталай оқып өсіп, бар өмірін қайта ойланып, қатты сынап, мінеп өткен ойшыл ақынды көреміз. Білген сайын жеткеніне місе қылмай, азсынып, зор ғылымға ұмтылғанын көреміз. Өзінің арманымен іздеп тапқанын, болашақ буыннан шыққан қазақ жасына ағалық өсиетпен ұғындырылып келеді. Анық үлкен жолды іздеп табуда өзінің кешіккендік өкінішін айта отырып, ол жастарды ойландырмақ. Тура жолға ерте күннен, жас шағынан түссе екен деп баулымақ болады [Машанов, 1984:145 б.]. Жастарға арналған өсиет өлеңінің ой жағынан көрнекті біреуі – ол «Ғылым таппай мақтанба». Ел ішіндегі жас желенге Абайдың көп ой қорытып айтқан мағыналы және мәнді өлеңі осы деуге болады. Мұнда Абай адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы – ғылым дейді.  Осы өлеңнің әр кезінде сол ғылымды Абай шақ, шағын дүние деп бағалаған. Абай адамға керекті, керексіз нәрселерді санап берді. «Тілеген өмірің алдында, оған қайғы жесеңіз» деп жастарды келешекке сендіре сөйлейді. Одан кейін адам болам десеңіз талаптанған жасқа ескерерлік, ең қажет «бес нәрсе» бар. Олар талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Ғылым тапқан жас болса, ірі адамгершілікке ие болсын, еңбекке үйренсін, азамат деп айтарлық ар иесі болса, ол шын мәніндегі қасиетке жетуге талпыну керек. Сондықтан ойы жетіп, адамдығы өскен жас, өзінің досы деп бес асылды таңдасын дейді. Гуманист Абай, ағартушы, әлеуметтік ағасы болған ақын сол бес нәрсені санағанда, ең алдымен талапты атайды. Еңбекті уағыздайды. Содан соң еңбек, терең ой, қанағат, рақым деген сияқты адамгершіліктің сипаттарын санайды. Надандыққа бой берме, шын сөзбен өлсеңіз, дегенде жаңағы қараңғы топты өзі тәрбиелеп отырған жас буынды бөліп алмақ болады. Оған қарама-қарсы қашық болар бес дұшпан бар; олар өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – деп көрсетті.

                                     Қызмет қылмай мал таппай,

                                     Ғылым оқып ой таппай,

                                     Құр үйінде жатады, – деген өлең шумағында ақын мақсатсыз құр селтең деп бос жүргендерді түйреп өтеді.

Абай надандарды терең ойы жоқ, қайраты жоқ, басқаның ақылымен, айтуымен күн көрген, терін сатпай, телміріп көзін сатқан, қамсыз бейшара таяз ойлы адамдар ретінде сипаттайды. «Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде», деп олар үшін өкініш білдіреді. «Осы бір арсыз надандар дейді ол, білім бергісі келген мінездер түзегісі келген ақылдан теріс айналады, ондай ақылды теріс тыңдайды. Басында миы жоқ, өзінде ойы жоқ адам адамшылық ақылды арзан санайды. Өтірік-өсек тарату біреуді аяқтан шалып жығу – бұлардың кәсібі осы дейді Абай [Қалиев, 1990: 184б.]. Тәжірибе негізі – ғылым, даналық негізі – білім. Ал осы ғылымды меңгеру даналық ойға ие болу – оқу мен оқығанды көңілге терең тоқумен байланысты деп түсінген қазақ халқы: «Оқу шала естіні бүтін, бүтін естіні данышпан қылады».

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»,

                               «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп»,

                               «Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы».

Өмір тұтқасы оқуда, білімде деп топшылады. Бастапқыда жастар оқу-білімге өз еркімен үйренгісі келетінін естіген Абай оны әуелде кейбір түсіндірумен, баулумен үйрету керектігін айтады. Уақыт өте келе, баланың оқу-білімге ынтасы артып, ғылым жолына түседі, сол кезде оның өзі де зейін қойып оқи беретін болады. Бірақ, адам ғылым туралы құмарлықпен ойлана білгенде ғана, оны тереңдеп халықтың пайдасына жарата аларлық болғанда ғана нағыз адам деңгейіне көтеріледі деп есептеген.

Әдебиет:

  1. Мырзахметұлы М. Абайтану: 2-кітап. Өңд., толық., 2-бас. Астана: Interaktiv, 2014.
  2. Абай Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, 1961.
  3. М.Әуезов. Абай Құнанбаевтің өмірі мен творчествосы, қызметі. Алматы, 1953.
  4. К.Бейсембиев. Мировозрение Абая Кунанбаева. Алматы, 1969.
  5. Н.Ғабдуллин. Абай тағылымы. Алматы, 1986.
  6. А.Жиреншин. Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары. Алматы, 195
  7. А.Машанов. Әл-Фараби және Абай. Алматы, 1984.
  8. С.Қалиев. XV-XIX ғғ. Қазақ ақын-жазушыларының педагогикалық ой-пікірлері. Алматы, 1990.

 Сырым Хасенов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

                    «Характеристика науки в произведениях Абая»

В 2020 году на государсвенном и международном уровне начато проведение празднования 175-етнего юбилея со дня рождения великого поэта, просветителя, основателя казахской письменной литературы и литературного языка Абая Кунанбаева (1845-1904 гг.).

В этой статье говориться об Абае – как о поэте призвавшим людей к знаниям и науке. Он видел науку не только как средство улучшения социальной ситуации, но и как путь к прогрессу. Он рассматривал социальное место науки, объединив его с лучшими качествами людей. Абай глубоко анализирует социальную роль науки и приходит к выводу, что в основе опыта лежит наука, в основе мудрости – знания. Он понимает, что овладение этой наукой, связано с обретением мудрости – чтением и глубоким изучением прочитанного. Наука поддерживает такие качества как, справедливость, скромность, милосердие и доброту сердца. По словам Абая, улучшение социальной ситуации, установление справедливости зависит от стыдливости, сострадания, доброты и справедливости людей. Он подчеркивает, что науку нужно изучать не для конкуренции, а для того, чтобы знать правду. Ведь соперничество губит человека, «пусть тот, сбивает с пути путников и тот, кто сам сошел с праведного пути попадет в ад», – заключает Абай.            

                        «Characteristics of science in the works of Abai»

 In 2020, at the state and international level, the celebration of the 175th anniversary of the birth of the great poet, educator, founder of Kazakh written literature and literary language of Abai Kunanbayev (1845-1904) began.

This article speaks of Abai – as a poet who called people to knowledge and science. He saw science not only as a means of improving the social situation, but also as a path to progress. He considered the social place of science, combining it with the best qualities of people. Abai deeply analyzes the social role of science and comes to the conclusion that experience is based on science, at the basis of wisdom is knowledge. He understands that mastering this science is associated with gaining wisdom – reading and deep study of the read. Science supports such qualities as justice, modesty, mercy and kindness of heart. According to Abai, improving the social situation, establishing justice depends on bashfulness, compassion, kindness and justice of people. He emphasizes that science must be studied not for competition, but in order to know the truth. After all, rivalry destroys a person, «let him lead the travelers astray and the one who himself left the righteous path will go to hell,» concludes Abai.

              About the Autor

             Khassenov Syrym Serikkazyevich – Senior Research Fellow, Department of History of Kazakhstan, National Museum of the Republic of Kazakhstan

                                                 
References:

  1. Myrzakhmetuly M. Abai study: book 2. Full edit. Astana: Interaktiv, 2014.
  2. Abai Kunanbayev. Complete collection of works. Almaty, 1961.
  3. M. Auezov. Life and work of Abay Kunanbayev. Almaty, 1953.
  4. K. Beisembiev. Abai Kunanbayev’s worldview. Almaty, 1969.
  5. N. Gabdullin. Abai’s reading. Almaty, 1986.
  6. A. Zhirenshin. Abai and the Great Russian revolutionary democrats. Almaty, 1959.
  7. A. Mashanov. Al-Farabi and Abai. Almaty, 1984.
  8. S. Kaliev. Pedagogical views of Kazakh poets and writers of 15th-19th cc. Almaty, 1990.

 

 

 

Бөлісу: