Бұл есімді арысы шет ел, берісі Қазақстан түгел біледі. Алты Алаштың баласына мәлім есім. Кино мен театр сахнасында сомдаған 100 деген бейнелері сыншылардан, өнер зерттеушілерінен, ең негізгісі – халықтан жақсы бағасын алды, көрерменнің есінде қалды.
Актер Асанәлі Әшімовтың ерекшелігі оның кейіпкерді бейнелеуде жасандылыққа, өзін өзі мәжбүрлеп сахнаға шығуға немесе кадрге түсуге жол бермейтіндігінде. Қандай рөлде ойнаса да, бүкіл болмысымен, жан-тәнімен кейіпкердің бейнесіне еніп кетеді де, сол болып шыға келеді. Оны көшеде немесе көпшілік орындарда кездестірген көрермен «мына адам пәленшенің рөлінде ойнаған актер» деп емес, сол кейіпкердің өзі ретінде қабылдайды. Айталық, Бекежанды біз көргеніміз жоқ, тек жырдан естіп білдік. Өзімізше бейнесін әртүрлі кейіпте топшыладық. «Қыз Жібек» фильміндегі Асанәлі Әшімов сомдаған рөль арқылы әрі батыр, әрі барымташы Бекежанды танып-білдік.
Шынайы етіп сомдағаны соншалықты Асанәлі Әшімов көрермен жадында Бекежан болып қалып қойды. Актерлік шеберлік, актерлік құдірет деген, міне, осы.
Сол майталман өнер саңлағы 85 жасқа толып отыр. Мерейлі жасымен құттықтаймыз?
Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы
АБЫЗ-АҢЫЗ
Асанәлi Әшiмұлы туралы жазылған мақалалар, эсселер, портреттер, арнау өлеңдер, салынған суреттер, түсiрiлген фильмдер, фотоальбомдар, өзiнiң берген сұхбаттары мен фильмдерi, жазған кiтаптары бiр атан түйеге жүк болатын шығар. Қазақ өнерiнiң аңызға айналған абызының өмiрiнен шертiлер сыр, айтылар әңгiме түгесiлмек емес. Мына жазбалар да сол қойын дәптерге түскен әр кездегi ой-толғаныс, пiкiр, көзқарастардың ықшамдалған бiр үзiгi.
***
Аллатағаладан оған талант берiлдi. Талант болғанда да сан қырлы, көл-көсiр талант. Оны жұрт алдымен киноның, сахнаның актерi деп бiледi. Солай екенi солай. Адам баласы әу бастан бiр нәрсеге қабiлеттi не дарынды болып туады десек, бұл кiсi актер болмаған күнде де жерде қалмас едi. Оны көрген бетте кiм-кiмнiң де тарапынан оған пайда болатын үлкен сүйiспеншiлiк, сенiм осылай деуге ден қойғызады. Сондай-ақ, бойындағы бiр ғажайып тартымдылық оның бәрiбiр тегiн адам болмасының айқын айғағындай көрiнiп тұрады. Ол жұртты өзiнiң дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын нышандары оның былайғы өмiрiнде де жалғасын тауып, оған тәнтi етiп жатады. Өмiрiнiң өзi өнерге айналып кеткен.
Ойды ой түртедi. Телеарнадан бiр қылмыскер туралы айтылып жатты. Әлгiнiң iстеген сұмдықтарына қанша жағаңды ұстасаң да «талантына» тәнтi боласың. Бұл да талант. Өкiнiшке орай, бұл қаскөй талант. Оның таланты iзгi мақсаттарға қызмет етпейдi. Сутегi бомбасын ойлап тапқан Сахаровтың да өмiр бойы өкiнiп өткенiн бiлемiз. Тiптi, өзiн өлердей жек көретiн сәттерi де болыпты. Демек, iстеген iсiне еш уақытта өкiнбейтiн, тек елге қызмет етуге жаралған дарынның ғана бәсi биiк екенiне ендi көп дәлелдiң керегi жоқ. Сол биiкке шыққан бiр бекзат – Асанәлi Әшiмұлы.
Ендi бұл кiсiнiң сан қырлы дарынынан хабар беретiн өмiрдегi қарапайым ұстанымдарына, соншалықты танымалдылығының қыр-сырына дендеп көрейiкшi.
***
Бiрде ауруханаға Асағаңның көңiлiн сұрауға бардым. Бiр белгiлi жазушы отыр екен. «Мен өмiрi шылым тартқан, арақ iшкен адам емеспiн. Сонда да денсаулығым дұрыс емес» дедi ол. Асекең: «Мен темекi де тарттым, арақты да iштiм, әлi де iшiңкiреймiн, тартыңқыраймын. Бiрақ, кейде ағзамды да адастырамын. Арақтың орнына шарап iшiп, темекiнiң орнына насыбай атып жiберемiн. Соған қарап, ағзамның өзi де абдырап қалатын болса керек» дедi.
Бұл Асекеңнiң әлгi жазушыға берген жауабы. Ол бұл ұтқыр сөзден не ұқты, қандай шешiм шығарды, ол ендi басқа әңгiме. Тек қай жерде, қай ортада не айту керек, өзiн қалай ұстау керек екенiн бiлудi ұқтырды, егер ұқса. Егер әлгi жазушыны талантты десек, кем талант болып тұр ғой. Себебi, нағыз талантты адам – мәдениеттi адам, қандай жағдайда да өз қалпын сақтап қалған адам.
***
Асағаң өзiнiң қатарластарымен, жақын араласатын достарымен қатар, жастары кiшi iнiлерiне де кiшiлiк танытып, iлтипат бiлдiрiп отыратын адам. Мәдениеттiлiгiнiң белгiсi ғой, жақтырмаған адамына ишара бiлдiредi. Кiшiлiк пен кiсiлiктi бiрдей ұстанады. Бiрақ, соны түсiнбейтiндердің де бар екенін қайтесіз?
Бiрде бiр iнiсi шет елге бара жатқанын айтып, «Сiзге қандай сыйлық алып келейiн?» дедi. Әуелде оның сөзiне бұл кiсi аса мән бермедi, дұрысы естiмеген сыңай танытты. Осының өзi-ақ жақтырмағанының нышаны екенiн әлгi жан сезетiн емес. Сыйлықты жасағысы келсе, жұрттың көзiнше жария қылмаса да болады ғой. Бiрақ, анау қояр емес. Асағаң ақырын ғана, «Айналайын, сыйлықты алдымен анаңа ал» дедi. Осы сөз бiздiң көңiлiмiздi босатып, мейiрленiп қалдық. Ол да Асағаңның өзi айтқандай, «бүгiнгi таңдағы iнiлерiнiң бiрi».
***
Актердiң тiрлiгiнен бiр байқағаным, ол гүл еккендi жақсы көредi. Жұрттың көңiлiнде батыр бейнесiнде сақталған адамның жанының нәзiктiгi, үлбiреп тұратыны сондай, тiптi күнделiгiнде «Гүлдер де жылайды» деп жазды. Әсiресе, үй ауласының күтiмiне ерекше көңiл бөледi. Ауладан мәдениеттiң, әсемдіктанудың – эстетиканың иісi аңқып, лебi сезiлiп тұрғанын ұнатады. Эстет адам, нәзік адам. Ұқыпты келiндерiн жақсы көредi. Күнделiгiнде жазғанындай: «Лас әйелдердің қолынан шай iшпейдi». «Бiздiң қазақтар үйiнiң айналасын көгалдандырмайды, оның орнына картоп егiп тастағанды жақсы көредi. Бiрiншi ойлайтынымыз – тамақ» деп отырады.
***
Жеңгемiз Бағдат өте әсершiл, сезiмтал, адал жан. Бұл да өнер адамы үшiн – бiр бақыт. Ол Асекеңе кешiгiп қонған бақыт болғанымен, сол бақытты дер кезiнде кемелiне жеткiзген адам. Бағдат шаһарын бомбылап жатқан кез едi. Асағаң мен жеңгемiз мәртебелi махаббаттың арқасында сол кезде табысып, қосылды. Сондағы Асағаңның: «Жұрт Бағдатты бомбылап ала алмай жатыр, ал мен Бағдатты бiр оқ шығармай-ақ алдым» дегенi бар. Әрине, бұл қалжың ғой. Асекең «…Жан бөлек» деген кiтап жазды. Сол кiтапты бiр түнде оқып шыққан Бағдат арудың өзi айтқандай, «түнiмен жылап, мен бұл кiсiнi бақытты етуiм керек» деген шешiмге келiп, тағдырын мәңгiлiкке осы босағаға байлады. Бұл шаңырақ бүгiнде ағайын-туыстың аңқылдап келiп қосылатын қосынына ғана емес, кемел кеңес құратын Алаш ардақтыларының аудиториясына айналды.
***
Ендi оны бұл биiгiнен түсiре алмайсың. Өйткенi ол – талант. Ол тiптi, шалағай шаруамен – халтурамен айналысып кетсе де (өкiнiшке қарай, ол қолынан келмейдi ғой) бәрiбiр сол биiкте. Бұл бәлкiм кем таланттыға, танымалдылығымнан айрылып қаламын деп жанталасатындарға ғана тән нәрсе болар. Ал бұлар өйтiп жанталаспайды. Мәселен, кейбiр жүйрiк журналистер кейде күнкөрiс үшiн мақала жазады. Бiрақ, ол да сәттi шығады. Себебi, жаман жаза алмайтын жағдайға жеткен. Әшiмов те сол, не iстесе де жарқырап тұрады. Ол өмiрден тек әдемi үйлесiм iздейдi. Сұлулықты, тартымдылықты жақсы көредi. Ұсақ-түйекке көп мән бермейдi, тек терең, таза, тұнық ойларға берiлiп, сол төңiректен ғана ләззат табады. Кiтапты көп оқиды, әңгiменi жақсы тыңдайды, өзi де жақсы айтады. Ал ендi бар ғой, надандықтың иісi шыққан жерде бiр минөт те отырмайды.
***
Надандық демекшi, Асағаң бiр жетiм баланың қамымен институтқа барады. «Институттың ректоры надандау кiсi екен. Менi танымай «атың кiм едi?» дегенде, ол үшiн ұялдым. Артынан өзi де қатты ұялды» деп жазады күнделiгiнде (27.09.1986).
Қазiргi заманда ештеңеге де таңғалуға болмайтын шығар, десек те, мынаған қалай таңғалмайсың. Асекеңдi танымау – қазақты танымау ғой. Асағаң бұған да таңғалмайды. «Наданмен надан болу – ол да надандық» деп күнделiгiнiң бiр бұрышына жаза салады.
Егер қазiргi көп «жұлдыздардың» бiрi әлгiндей жағдайда осы кiсiнiң орнында болса, қайтер едi. Әрине, бұлқан-талқан болып, барған жерiн жайпап кетер едi. Мұндай деректер де аз емес.
***
Қанша дарынды болса да өз мүмкiндiгiнен төмен өмiр сүретiн жандар бар. Себебi, оларға жарамсақтық, жағымпаздық жат. Оның мүмкiндiгi өзiнiң жиған абыройы, бар болғаны сол. Оған бәрi де өзi келдi, атақ та, абырой да. Өйткенi ол – талант. Ол, тiптi, сол өзінен ат үркетiн атақсыз да атақты болар едi. Ал ендi бiр ғажабы, өз мүмкiндiгiнен жоғары өмiр сүретiн жандар да бар. Ол жаңағы айтқанымыздай, танымалдылығынан айрылып қаламын деп жанталасатын жандар.
***
Қазiр бiреумен қалжыңдасудың өзi қауiпке айналған заман. Алайда, қай кезде де қауіп емес, тауып айтатын Әшiмов әзiлiнiң қарсыласынан қыңсылап қайтқан кезi жоқ. Қайта ондыққа дөп тиiп, көңiлiмiздi көкке көтерсе, кейде әзiлдiң түбiнде зiл жататынын да аңғартып кетедi. Әдетте ауыр сөзiмен балама деп жүрген зiл дегеннiң өзi де кiшкентай қара тас екен ғой. Кiсiнi қайғыға салу оңай, күлдiру қиын. «Көмейдi толтыру оңай, көңiлдi толтыру қиын» дейдi халық. Демек, күлдiру арқылы зiлдiң өзiн де жеңiлдетiп жiбередi екен кемеңгер кiсi. «Қалжыңыңды қоймасаң, қалған достарыңнан да айрыласың, Асанәлі» деген уәжді де естігенбіз.
Асағаңның ауызекi әңгiмелерінен, өзге жұртпен қарым-қатынасынан да талант шiркiннiң ұшқындары шашырап жүредi.
Қайсыбiр жылы Жамбыл облысында бiр мерейтойы өттi. Бұрыннан да мәлiм ғой, бұл кiсiнiң танымалдылығында шек жоқ екенiне бұл жолы да одан әрi көзiмiз жеттi. Қонақүйден театрға баратын қарға адым жерге қырық минөт жүрген шығар-ау. Халық аттап бастырмайды. Қонақүйдегi бөлмесiне келiп, қолтаңба алушылардың өзiнде қисап жоқ. Балаларының аузына түкiртiп, тұсауын кестiртiп, мәз-мейрам болып жатқан жұрт. Осы тойдан қайтқаннан кейiнгi жол үстiндегi қауышулар, жүздесулер өзінше бiр хикая. Бiрiнен-бiрi естiген жұрт соңынан қуып жетiп жатады.
Қордай асуынан асқанда бiр мейрамхананың алдына келiп тоқтадық. Артымыздан қуып жеткен Есiм деген жiгiт Асағаңды жiбермей тұрып алды. Көргендi, тәрбиелi, әзiлкеш азамат екен. «Меркенiң энергетика министрiмiн» деп таныстырды өзiн. «Қадiрлi Асеке! Бiз сiзбен өстiк. Сiз болмасаңыз, бұзылып кетер ме едiк», – дедi Есiм. Сөйттi де Асағаңа ту бие атады.
– Қай кезде айтасыз, сол кезде апарамыз, – деп сөзiн нақтылап қойды. Мәселе жылқыда емес, көңiлдi айтсайшы. Қайран қазақтың марқасқа, ақжүрек жiгiттерi-ай, мына далаға қалай сыйып жүр екен, – деген сөздi оқыдым абыздың жүзiнен.
Есiм сол тұрыста Асекеңнiң бетiнен үш рет сүйдi. Асекең «Әй, сенiң жылқың үшеу болып кеттi ғой» дедi. Көлден су iшкен өгiздей боп келе жатқан бiз қарқылдап күлiп, бiр жеңiлдеп қалдық. «Сiзге бiр үйiр жылқы айдап апарсам да көптiк етпейдi» дедi ер көңiлдi Есiм. Бүгiнде сол азамат қайда жүр екен деп те ойлап қоямын. «Бiз бақыттымыз ғой» деп едi сол жолы Есiм жүрегi ақ жалынға толып тұрып.
Бақыт дегеннiң өзi не осы?! Бiз тойда, жиында басқа жағдайда болсын, осы бақыт деген ұғымды жиi ауызға аламыз. Бiрде Қадыр Мырза Әлінің «Айналайын, адам ешқашан да толық бақытты болмайды. Адамның бақытты сәттерi болады. Сол шiркiннiң көбiрек болғаны жақсы ғой» дегенi бар едi. Тараздың Дулати атындағы мемлекеттiк университетiнде өткен кездесуде актеріміз де осы төңiректегі бiршама толғаныс күйiн кештi.
– Сiздермен кездесу мен үшiн үлкен бақыт. Сiздер Әуезовтердi әдебиеттен бiлесiздер. Ал бiз өз көзiмiзбен көрдiк. Бiздiң бақытымыз сонда, – деп едi.
Сондағы Әбсаттар қажының «Жаңа Асекең сiздермен бақыттымын дедi. Оған таласым жоқ. Алайда, осындай ұлы адаммен кездесiп отырған бiз және оны берген Тараз жерi бақытты» дегенi сол жол үстiнде есiмiзге түсiп, жер-көкке сыймай, бақыттың бесiгiнде тербелiп келе жатқанда, Есiмдей ердiң кездесiп, сол бақытты тағы да еселеп жiбергенiн айтсаңызшы.
***
Әзелгi досы Есмұқан Обаев айтқандай, Асағаң шынында адами бақыттың басында тұрған адам. Басына түскен қандай қиындықты да iшкi рухани кемелдiгi жеңiп, сол бақытты сәттерге қайта оралған жан. Сол жолы Мекемтас Мырзахметов «Өмiрге сенiмдi адам – нық жүредi», «адамның болмысына енетiн өнердi» (Абай) игерген мұндай адамдарды тағдырдың өзi де аз сынамаса керек» деп едi. Сол тағдырдың сынына қарсы жүзгенде аға досы Төрегелдi Шармановтың «Трагедия дегенiмiз бұл – бостандық алдындағы жауапкершiлiк» деген сөзi аса көрнектi адамды ұстап қалу жолындағы талпыныстар едi. Осы бiр терең түсiнiктер Асағаңды бақыттың барақатты жағалауына қайта алып келдi.
***
Ол өмiр деген ұлы ағыстың сарындарын күнделiгiне түсiрiп, жан дауасын емдеудiң бiр жолын тауып алды. Айнала қауымың қаумалап, әулетiң әлеуетiңдi асырып отырса да, талантты адамның жалғыздық күйiн кешетiн күндерi де кездеседі.
Алтын дәуiрiн бастан кешкен әкемтеатрға да бiр кезде топалаң келгенiн бiреу бiлер, бiреу бiлмес. Жарайды, бұл әңгiменi уақыт ағзамның өзiне қалдырайық. Бiздiң айтпағымыз, аса талантты адам неге жалғыз деген сөзге жауап iздеу едi ғой. Бар мақсаты ұлтқа, елге қызмет етудi ғана ойлайтын кiсiнiң оңашада тағдырмен бетпе-бет қалуын сiз елестете аласыз ба? Сол оңашада ол кейде Құдайға қоятын сұрақты өзiне қоймады дейсiз бе? Қойды және оған өзi жауап бердi. Ұстазымыз Ш.Мұртазаның талантты адамның кемшiлiктерiне көз жұмып қарайтынын талай байқадым. Оның себебiн өзiмше былай топшылаған болдым. Ол – талант. Бiз оны құрметтей бiлуiмiз керек. Құрығанда соны түсiнуге талантымыз жетуi керек қой деп ойлайтын болуы керек.
Бiз де осы түсiнiкпен өмiр сүруге тырыстық. Бұл ойдан әлi де ажыраған емеспiз.
***
Сол бiр түнжыр күндерде ол күнделiгiне «Бiздiң үйдi кеш түсе бiр көңiлсiздiк басады» деп жазады. Осылай дегенмен де, оның алуан тағдырының бiр ғана сәтiнен хабар беретiн осы бiр деректiң де ойлы адамға, ойлы оқырманға салмағы зiлбатпан едi. Әдетте, актер Әшiмұлына көрермен ұғымы жақын болғанымен, ол соңғы жылдары оқырманға бiрнеше кiтап сыйлады. «Шер кiсiнi шайыр етедi» демекшi, күнделiктер негiзiнде жазылған оның «Майраның әнi», «…Жан бөлек» кiтаптары оқырманының көкiрегiн тек күрсiнiске толтырмай, жiгерлендiрiп, рухтандырып отыратыны да рас. Себебi, ол шерлi ағыстардың толқынымен ағып кетпей, өзiнiң iшкi рухы мықты екенiн де дәлелдедi. Режиссер Р.Андриасян өзiне арнап қойған Н.Гауптманның «Ымырттағы махаббатты» мен И.Вовнянконың «Апаты» арқылы сол сахнаға қайта оралып, қыранның қалықтап келiп, өз тұғырына қонғанындай, қайта бiр сiлкiндi. Күнi бүгiнге дейiн неше рет сахналанғанын қайдам, «Ымырттағы махаббаттың» 150-рет қойылғаны бiр сәт те естен кетпейдi. Бұл Әшiмовтiң шешемiздiң зейнетақысымен күн көрiп, сахнаға араға он жыл салып, оралған күндерi едi ғой. Ол қойылым алдында ертерек келiп, сахнамен жүрiп өтетiн ежелгi дағдысымен де қайта қауышты.
Шебердiң аты – шебер. Шынайы ойынды, шын өнердi сағынған жұрт сол жолы шабыт шәрбатынан қанып iштi. Шын шебер қанымызды қыздырды. Театрды өсiретiн – ойлы, бiлiмдi, эрудит көрермен. Үлкен театрдың көрерменi де үлкен болуы тиіс. Бұл көрерменнің деңгейiн өсiретiн, пендешiлiктен алыстататын жер. Сахнада патша да өзi, паң да өзi Әшiмовтiң көрерменiн неше мәрте биiктеткенiн санап тауысу мүмкiн емес. Сондағы жұрт көзiндегi ағыл-тегiл қуаныш жасын зерделi көрермен сан мәрте байқаған да болар-ау. Өкiнiшке орай, осындай сәттердi бiз селт етпей, елеусiз өткiзiп жатамыз. Саңлаққа сахнаны сағындыртып қою сiрә бiздiң ғана қолымыздан келедi. Бұл азаптың азабы ғой. Сондай күндердi де абыз бастан кештi. Сiрә, шын талантты адам ғана шын сағына ала ма деймiн.
***
Сағынышты «жұмақтың сегiзiншi есiгi» дейдi. Солай шығар. Осы қасиеттiң оның жан серiгiне айналуы оны сол азап апанынан арашалап қалған тәрiздi. Оның кейде қатты толқыған, емiренген сәтiн бiр жағдайдан аңғарып қалатын едiм. Сондай бiр сәт таянғанда ол көз әйнегiн кие қояды. Сол сәтiмен де ол бейнеге оранып отырар едi.
Бiрақ ол мұны былайғы жұртқа сездiрмеуге тырысатын. Оның кеңсесiнде де, театрдағы бөлмесiнде де бiр сағыныш лебi есiп тұрады. Бiрде балаша қуанып «Әнуармен түскен суретiмдi тауып алдым» дедi. Кейiн бiр барғанымда сол суреттi майлы бояумен салдырып, көрнекi жерге iлдiрiп қойыпты. Сонсоң өз қолымен Әнуардың суретiн салып, астына «Достығымыз жарасқан, сахнада, өмiрде, дұшпанымыз адасқан, жем болмадық жебiрге. Мен – Еламан, ол – Тәңiр, мен – Бекежан, ол – Шеге, ол Керiм де, мен – Айдар» деп бiрауыз жүрекжарды сөзiн жазыпты. Суреткердi сағыныш сазы жиi тербейдi. Ақселеудей досым болған емес, болмайды деп күнделiгiнде жазғанындай, оның жұмбақ өлiмiне өзегi өртенген күндер де өттi күркiреп. Алайда, мәңгiлiк сағыныштың бiрегей нысаны болып қалды.
Сайын, Оспанхан, Жұмекеңдермен консерваторияда оқыған күндерi есiне түссе күледi. Оспанхан ойына түссе, қай қазақ күлмеушi едi. Бұл күлкiнiң жөнi бөлек. Бұл оғаштық – парадокс дегендi қойсайшы. Кезiнде консерваторияда ұзындығы жетi метрлiк «Актер» деген қабырға газетi шыққан. Редакторы – А.Әшiмов, орынбасары – О.Әубәкiров. Жазатын – Осағаң, оған редакторлық ететiн – Асағаң. «Қайран, Оспанханды айтам-ау, кейiннен бiр кiтабына «Бұл кiтап – екеумiздiң әзiл-қалжыңымыздың жемiсi» деген қолтаңба жазып бердi» дейдi Асағаң. Осағаңның рухы қолдады ма, өзi де соңғы жылдары қаламгерлiк қуатын танытты ғой.
***
Негiзде бар нәрсе кетпейдi екен. Үлкен әкесi Ысқақ пiрадардың төртiншi ұлы Әшiм де сөзге шешен, тiлге бай болған көрiнедi. Кешегi екiншi жаһандық соғыста опат болған Әшiмнiң оқ пен оттың ортасында жүрiп те әзiлiн тастамағанын құрдасы Жарылқасын Сырттанбеков ақсақал әрдайым айтып жүредi екен. Әшiм екеуi окопта жатып махоркасын тұтататын сiрiңке таппайды. Сонда ғой Әшiмнiң қолындағы шылымын окоптан көтерiп, «немiстердiң оғына тұтатып алайық» деп жауынгерлердi қыран-топан күлкiге батыратыны. Құдайдың құдіретi сол қасиеттiң Асағаңның бойына көшiп, сөзге ұста еткенiн қарасайшы. Бала күнiнде әкесiнiң құрдастарын «Он алты шал» деген әзiл өлеңге қосып айтатынын Сәтжан жеңгесi күнi кешеге дейiн аузынан тастамай жүрдi. Мiне, тегiнде бар, қан тамырында бүлкiлдеген сол қасиет те оны жылдар өте келе, жазу үстелiне отырғызып, бiрнеше кiтап жаздырды.
***
«Менiң жанрым – күнделiк» деп өзi айтқандай, сағыныш та кейде оның жансерiгiне, бiр жанрына айналады. Өткен күндердi сағынып отырады. Әлдекiмдерден қарадай көңiлi қалғанда осы сағынышпен өзiн емдейдi. Оны жалғыздықтан құтқаратын да осы сағыныш. Сағынғанда да сарыуайым сағыныш емес, кiсiнi қанаттандыратын, көңiлге серпiлiс сазын әкелетiн сағыныш. Осы сағыныш оның көп күндерiне алданыш болған. Ол бiрде сол сағыныш-сағымдар арасынан Қасым көкесiнiң бейнесiн көрiп қалады. Сахнаға әр шыққан сайын әруағына табынатын үлкен әкесi Ысқақ пiрәдардың кенже ұлы Қасымды айтып отырмыз. Бұл кiсi – кезінде Сарысу ауданында совхоз директоры қызметiн атқарып, өте абыройлы, бiр елдiң ағасы мен жағасындай болған азамат. Асағаң осы кiсiнiң қамқорлығында өскен.
– Мiнезi тiк, қаталдау едi. Шәкең екеуi бiр-бiрiн жақсы түсiнетiн. Майра екеуiмiздiң үйлену тойымызда Мұқаң, Ғабең, Шәкең бастаған кiлең мықтылар болды ой. Сонда қанаттанып жүрдi. Менiң артист болғанымды көп уақыт ұнатпай жүрдi. Кейiн елге танымал болдық. Сонда да ризашылығын бiлдiре бермейтiн. 43 жасымда КСРО-ның халық артисi атағын алдым. Ол кезде бұл атақ СОКП Орталық Комитетiнiң Саяси бюросында май шаммен қаралып, бекiтiлетiн. Сол атақты алған күнi «Әй, анау алғаның Күләш, Шәкен алған атақ па?» дедi. «Иә», деп едiм, «онда достарыңды жина, барып банкет жасап берем» дедi. Банкет жасады. Дүркiретiп тойладық.
Кейбiр күңгiрт күндерде Сарысудың аңызақ есiп, сарыатан желген сары даласын, оның сәнi мен мәнiне айналған саңлақтарын да осылай есiне алып, елжiреп отырады абыз. Сондайда бiр дүр сiлкiнедi.
***
Әкемтеатрдың көркемдiк жетекшiсi Асанәлi Әшiмұлы Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттiк өнер академиясында да ұстаздық етедi. Профессор. Осы күнге дейiн үшiншi түлектерiн ұшырды. Дипломдарын өте жақсыға қорғайтын шәкiрттерiнiң идеясымен Ғ.Мүсiрепов театрында ұстазға арналған спектакль қойылды. Авторы белгiлi ақын Бақыт Беделхан. Осы жылы Жүргенов академиясының үшiншi курс студенттерi – Асанәлi Әшiмұлының шәкiрттерi оңтүстiк облыстарды аралап, спектакль қойды. Бұл тарихта болмаған жағдай. Бұл жөнiнде аталмыш университеттiң профессоры Аман Құлбаев тебiренiп жазды.
Асанәлi Әшiмұлының бiр қасиетi ол әр мерейтойын ерекше бiр өрлеу үстiнде жұмыспен қарсы алады. Бұл жолы да ат үстiнде болды. Сексенiнде де сергек. Студенттерiмен бiрге сахнаға шығып, кешегi жастық жiгерiмен қайта қауышып жүр. Дүниенiң бар құндылығын артып алып, Академияға қарай қара жерде жүзген кемедей тербелiп келе жатады. Сол кеме толы қазынадан, сарқылмас қайнардан қанып iшкен студенттердiң Алаштың аңызға айналған бiр абызының тәрбиесiмен өсiп жатқан бақытты сәттерiн көзге елестетудiң өзi бiр бақыт қой.
***
Қайсыбiр жолы елжанды, мемлекетшiл, қайраткер азамат, ұзақ жылдар бойы құқық саласында iрi лауазымды қызметтер атқарған Болат Сембин ағамыз екеумiз 70-80-жылдардағы әкемтеатр туралы әңгiменi бiр гөйiттiк-ау. Әңгiмемiздiң өзегi – кiл бiр нұрлы ағыстар, сағыну, аңсар, құштар көңiл, арзу ойлар. Әкемтеатрдың артистерiнен айтылмаған ешкiм қалмаған болар-ау. Театрдың екiншi үйiмiздей, тiптi, әкемiз бен шешемiздей боп кеткенiн ағыл-тегiл сөз еттiк. «Өнер – адамдармен сырласу» деп Мусоргский айтпақшы, бiздiң ақылшымыз да, сырласымыз да, сүйенiшiмiз де сол бiр қасиеттi қара шаңырақ болғанын жарысып айттық-ау. Өзiңiздi «Әй, Ашимовский» дейтiн Серағаң, Елағаңдардан бастап, Камал, Таңат, Сейфолла, Нұрмұхан, Ыдырыс ағалар, Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан, Фарида апалар, Әнуарлар, Есболғандар, Мейiрман, Құдайбергендердiң (қайсыбiрiн айтарсың) тал бойында бiр мiнi жоқ өнерiне, тiптi, әрбiр қимылына, демiне дейiн ынтығып айттық. Өзiмiзше бiр шешiлдiк, көсiлдiк. Құдды солардың рухымен сырласып отырғандай күй кештiк. Сөйтiп, бiр жеңiлдеп, желпiнiп қалдық. Қазiр қайда кеттi сол өнер деген бiр сағыныш, назымыз да қоса айтылып жатты. Несiн айтасыз, Мәмбетовтан қалған сол бiр алтын дәуiр театрдың басына қайта бiр келер ме екен деген де арман-аңсардың құшағына ендiк. Әрине, мұның бәрi уақытша қамығу, мөлдiр мұң деп сенейiк. Әр кезеңнiң өзiнiң бағыты, қолтаңбасы болады. Театр талантсыз емес, бүгiнгi Омар, Дулыға, Бекжандар бастап, Азамат, Назгүлдер қоштап жүрген әкемтеатр өзiнiң бiр рухани өрлеуiн әлi талай бастан кешерi сөзсiз. Өйткенi, олардың алдында сiздер – Сәбеңдер, Есағаңдар сес болып жүрсiздер. Сiздердiң алдарыңызда Қаллеки, Шәкен, Елағаң, Серағаңдар болды. Сол саңлақтар салған сара соқпақты сiздер жалғастырдыңыздар, мiне, осылай әкемтеатрдағы үздiк үрдiстiң әлi талай жаңғыратыны да сөзсiз. Саңлақтар демекшi, 101 жасқа қараған шағында өмiрден озған Хабиба Елебекованың қаралы жиынында сiз тебiренiп сөйледiңiз.
…Бiз Қаллеки, Елағаң, Серағаңдардай бола аламыз ба, сондай шал бола аламыз ба – деген бiр өкiнiштi айттыңыз. Қуана беруiңiзге болады. Сiздер сондай болдыңыздар, тiптi, олардың арманын асыра орындадыңыздар. Ол қауiп әлдеқашан сейiлген. Сахнадан бөлек, Сәбең екеуiңiз жарысып жазған, бiрiнен бiрi өтетiн кiтаптардың өзi не тұрады? Ұлы өнердегi сабақтастықтың бүгiнгi күнге жалғасуының дәлелi әлгiнде айтқан Азаматтардың, Дулығалардың бойындағы рухани мұратқа деген адалдықтың ақ туының желбiреп тұруы дер едiк. Сiздер «жақсыда кек болмайды, жаманда тек болмайды» деген ұлы сөздiң биiгiнен көрiндiңiздер. Тәйтiк бiреулер тексiз сөз айтып, бақанын ала жүгiргенде, «Ит қапты екен деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады» дейтiн ұлы Әуезов тәлiмiн маңдайға басып, сабырмен жүрдiңiздер. Мiне, сол қасиеттi қара шалдардан қалған тектiлiкпен тыныстаған Сәбең екеуiңiңiз бүгiнде абыздың жасына жеттiңiздер. Бұл жасқа әркiм де келер-ау, қалай келедi, мәселе сонда ғой. Сiздер сөйтiп, аңызға айналдыңыздар. Аңызды ақиқатқа айналдыру, ақылы асқан абыздың жасына келу бұл сөз жоқ таланттың iсi.
***
Ол туралы айтылмаған, жазылмаған ештеңе қалмаған тәрiздi. Талай жақсы мен жайсаң қалам тербедi.
Бiз соған бiр жаңалық қосайын деп отырған жоқпыз. Кезiнде Оралхан Бөкей «Әлi талай өлiп-тiрiлерсiң» деп жазып едi. Ол талантты адамның әлi де талай от пен суға түсетiнiн меңзегенi болар. Солай болды да ғой. Бiрақ, бақытымызға орай Әшiмов ортамызда.
Асағаңның туған топырағында, ел iшiнде болған бiр ерекше жағдайды айтқым келiп отыр. Сол баяғы жарыссөз басталды. Бiр заматта сыныптасы Октябрьге сөз берiлдi. Әлгi кiсi бiр-ақ ауыз сөз айтты. «Бұл итiң келе жатыр дегенде ел iшi қуанғаннан жер-көкке сыймай кетедi. Асанәлiнi көрген сайын төбем көкке бiр елi жетпей қалады. Құдайға тәуба, сондайда, бар екенбiз ғой деймiн» дедi. Осы сөзге бәрi сыйып тұр едi. Осы сөз есiмнен кетпейдi. «Шығып келе жатқан күннiң көзi ең алдымен шыңға түседi» деген тәмсiлмен тәпсiрленген, шырайланған шын сөз едi бұл.
***
– Ей, тәккапар дүние,
Маған да бiр қарашы.
Танимысың сен менi,
Мен қазақтың баласы.
Қасымның осы бiр ауыз өлеңiн әркiм де бiледi. Осы бiр шумақ өлең «Транссiбiр экспресi» фильмiнiң өнбойына алтын желi болып тартылды. Асанәлi дегенде осы өлең де оның болмысындай болып, көз алдыңа келе қалады, тұп-тура өзiнiң жүрегiнен ұшып шыққандай шумақ едi.
Сiздi бүгiнде Алаштың Асанәлiсi дейдi. Ертеректе «Сiз алшынның емес, Алаштың Асанәлiсiне айналдыңыз» деп жазып едiк, сол теңеу айналымға енiп кетiп, талайлардың қаламына арқау болғанына қуаныштымыз.
Аман жүрiңiз, ей, қазақтың баласы, Алаштың Асанәлiсi, Алаштың «атаманы», абыз-аңыз!
Сiздi көрген сайын «Е, бар екенбiз ғой» деген Октябрь сыныптасыңыздың сөзiн еске алып жүрейiк.