Алаш идеясын ту еткен жастар ұйымы туралы алғашқы еңбек жарияланды

7

Алаш жұртына құтты болсын айтамыз!

Әділет Жағыпардың «Есеп» – Елін сүйген ерлер партиясы тарихы» еңбегі ХХ ғасырдың 40 жылдары мен 90 жылдары аралығында әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайында Алаш идеясы тыйым салынғанына қарамастан, оның негізгі қағидаларын жүзеге асыруды миссиясы етіп алған жастардың астыртын ұйымдары туралы тұңғыш іргелі еңбегін жариялады.

Әділет Жағыпардың бұл еңбегінде «Есеп» жастардың астыртын ұйымының бірнеше себептері көрсетіледі.

Біріншіден, ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңы мен 30 жылдарының басындағы ұжымдастыру саясатының салдарынан орын алған ашаршылықты атап көрсетеді.

Екіншіден, ХХ ғасырдың 30 жылдарының соңында Алаш қайраткерлерінің жаппай қудалау саясатының салдарынан туындағанын айқындайды.

Үшіншіден, ХХ ғасырдың 30 жылдарының соңында ұлттық мүдденің қорғалмауын ұзақ мерзімді себептер ретінде сипаттайды.

ХХ ғасырдың 30 жылдарының соңында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ұрпақтары мен идеясын қолдаған балаларды да қудалануының себептерін Б.Ысқақұлының «Әй, Сәкен үшін өскенде, өш алармын-ау!», – деймін ішімнен ызаланып, бірақ ол өшті кімнен және қалай алатынымды өзім де білмеймін», – деген ішкі күйзелісі негізінде түсіндіреді.

Автор «Жас қалам» әдеби үйірмесінен «Есеп» жастардың астыртын ұйым деңгейіне көтерілуін жүйелі түрде жеткізе білген. Алайда нақтылайтын тұжырымдары да кездеседі. Мәселен, «Есепке» әртүрлі сипаттама береді: бірде партия деп көрсетсе, кейде астыртын ұйым деп айқындайды, ал Е. Сұлтанмұраттың қоғамдық қозғалыс деген сипаттамасын қарастырғанмен, бірақ оның бұл бағасына жеке көзқарасын білдірмейді.

Кеңес үкіметінің қоғамды бақылауының әдіс-тәсілдері мен партияның бас бағытына сай келмейтін өзгеше ойлы азаматтарды жазалау түрлерін кеңінен ашып жазған.

Коммунистік партияның тыңшылары жастардың арасындағы ақпараттарды жеткізіп отырғанын мына естелігі арқылы баяндайды: «Бұл кезде бұрынғыдай лепіре бермей, сақтықпен сөйлеуге бейімделе бастағанбыз. Өйткені соғыс басталардың алдында институттың тарих факультетінен түнде келіп, жатақханада жатқан жерлерінен бір студентті тұтқындап алып кеткен. Оны бір бөлмеде ұйықтап жатқандардың бірең-сараңы ғана біліп, көбісі білмей қалған. Оны Бүркіт жақсы біледі. Осыдан кейін ол өзіміз дос санап жүрген кейбір студенттерге күдіктене қарайтын болды». Осы жағдайды назарға алсақ, «Есеп» жастардың астыртын ұйымының қызметін жүргізудің қауіпі мен қатерін түсінуге толыққанды мүмкіндік береді.

Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталар кезеңде «Есептің» мүшелерін анықтап, қудалау басталғанын айтады және халықтың осы саясатқа: «Опырмай, бір кезде ересектерді, әйелдерді «халық жауы» деп ұстап, соттап еді. Ал балаларды «халық жауы дегенді» о заманда, бұ заман, тұңғыш рет естіп отырмыз, – деп таңқалысты кейбіреулер», – деп халықтың берген бағасын жеткізеді.

Қазақ жастарының астыртын ұйымының мүшелерін қуғындауда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жоғары лауазымды қызметкерлері де ат салысқанын айқындап өтеді. Мысалы, 1948 жылы Ж.Өмірбектің ОК аппеляция бергенінде, «Ұлтшылдардың төртінші буыны» деген негізбен қанағаттандырмауымен растайды.

ХХ ғасырдың 50 жылдарының екінші жартысында жеке басқа табынушылық айыпталып, «Есеп» жастардың астыртын ұйымы жаңа деңгейге көтеріледі. Қоғамдық-саяси жағдай өзгеруіне байланысты коммунистік партияның қоғамды бақылау әдістерінде қитұрқы әдістерді қолдана бастағанын ашып көрсетеді. Оған астыртын ұйымның көрнекті өкілі Б.Ысқақұлының әрекеттерінен хабардар болуы үшін жас қыз Мәруа Әупейісқызын комитет қызметкерлері шақырып: «Жігіттер сүйкімді қыздардан еш уақытта өзінің ішіндегі сырын жасырып қалмайды. Сен де оған сүйкімді көрініп, жүрегін жібіте біл. Сөйтіп, оның айтқан әңгімелерін бізге жеткізіп тұр», – деп тапсырма беруін келтіріп айқындайды.

Әділет Жағыпардың  еңбегі коммунистік партияның бас бағытынан өзгеше бағытты ұстанған адамдарды қудалауының әдіс-тәсілдерін  жан-жақты ашып көрсетеді. Бұл кітапта сонымен қоса, Қазақ КСР-да қоғамдық саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты «Есеп» жастардың астыртын ұйымының бағыт-бағдарлары мен күрес тәсілдерінің өзгерісі мен Алаш идеясымен сабақтастығы жан-жақты баяндалған.

Құрметті оқырман қауымға кітапты алып оқуға кеңес береміз.

Ержан Өмірханұлы, тарихшы       

 

 

Бөлісу: