Әбдіқадыр Дүлдүлов, Иманбай Жаңабаев үшеуімізді Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Алаш» этноауылында қолөнершілер, өлкетанушылар қарсы алды. Осы «Алаш» этно-ауылын кәсіпкер Алмас Сыздықбеков өз қаражатына жасап жатқандығы жанды жадыратады.
Бұл этноауылда «ЭКСПО–2017» көрмесіне орай, еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып Алмас Сыздықбеков
бауырымыз ұйымдастырыпты. Бұл Бестораңғыл елдімекенінде орналасқан этнографиялық ауыл ашылғанына аз уақыт болса да, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін бірден-бір орталыққа айналған.
Келген қонақтарға (бұл жерге сонау алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келіпті) қазақтың тұрмыс-тіршілігін, өнерін, мәдениетін шынайы көрсететін этноауылды көрген бойда, болашақта тойларымызды неге осындай этноауылдарда барлық салт-дәстүрімізді, ырым-тыйымдарымызды ескере отырып, жасамасқа деген ой келді.
Бұл жерде, сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары да ойналып жатыр, шынайы. Арғы жағында қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтіп жатты.
Қазақ ұлтының сан мың жылдық этнографиялық құндылықтарын этноауылы арқылы әлемге таныту, насихаттау үшін салынған осы орталық өркендей берсін, болашағы зор болсын деп шын жүрегімнен тіледім. Бұл жерлер әлі де қаншама әлемдік туристерді өзіне тартады деп ойлаймын. Өйткені мұндағы (Оңтүстіктегі) көне қалалардың көбі бүгінгі күнгі әлем зерттеушілеріне көптеген ортағасырлық әдеби деректер арқылы белгілі.
Олар туралы еліміздің қарапайым тұрғындары да жақсы біледі, жыл сайын республикамыздың түпкір-түпкірінен осында зияраттауға келетіндер де баршылық. Ол – Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Түркістан сияқты қалаларымыз.
Араб жазбаларында айтылатын Испиджабтың (Сайрам) сол кездің өзінде әлемге танымал ірі сауда-қолөнер орталығы болғаны айтылады.
Ертеден отырықшы-диқаншылық қоныстар мен мекендерді қамтыған атақты Отырар қаласы да әлем назарында.
Түркістан қаласының алар орны ерекше. Бұл қала Қазақ хандығының ірі рухани, саяси және әкімшілік орталығы болған киелі мекен. Түркістан туралы төрт өлең жазғанмын. Әндері де бар. Бұл шаһар туралы жырламаған ақын, қалам тербемеген қаламгер жоқ шығар. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін көне Сауранның топырағынан тұрғызған дейді. Орта Сырдарияның аймағында және Қаратау тауының оңтүстік бөктерінде орналасқан көне қалалардың бірі – Сауран туралы алғаш рет жазбаша деректер Х ғасырлардан бастап кездеседі екен.
Қазақстанда құрылған алғашқы археологиялық қорық-музейі
Отырар ауданына қарасты Шəуілдір ауылындағы Отырар археологиялық мемлекеттік қорық-музейін көріп, ондағы жәдігерлермен танысып, құнды деректер алуға мүмкіндік жасағаны үшін Елтай Үмбетов бауырыма ерекше алғысымды айтамын.
Отырар археологиялық мемлекеттік қорық-музейі – 1979 жылғы 11 мамырда Қаз КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени ағарту және археологиялық еекерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылған. Бұл қорық-музейде қазақ халқының көне тарихы насихатталады.
Бұл қорық-музейде бес ғылыми-зерттеу бөлімі жұмыс істейді: Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімі; Қор сақтау бөлімі; Реставрация және Консервация бөлімі және Этнография бөлімі. Этнография бөлімінің қызметкерлері – «Дәстүр» журналының тұрақты авторлары. Өз жаңалықтарымен, зерттеулерімен дер кезінде журнал оқырмандарымен бөлісіп отырады.
«Төрт қақпалы Түркістан»
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Түркістанның мәдениет бөлімін басқарған кезімде сол кездегі шаһар басшысы Нұридин Балқияевпен Санкт-Петербордағы «Тайқазанды» елге алдыруға атсалысқанымды мақтанышпен еске аламын. Жәдігеріміз елге келгенде Яссауи кесенесінің ішіне қойып, оның таспасын академик Зейнолла Қабдолов ағамыз қиған болатын.
«Қорық-музей өз жұмысын негізгі екі бағытта жүргізеді. Бірінші бағыты – Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары. Яғни, қорық ретіндегі қызметін жүзеге асырады: мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 2306,383 га. Құрамында 207 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың ішінде 1 халықаралық, 23 республикалық, 14-і жергілікті маңызға ие. Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орны да айрықша. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне үш жүзден астам тарихи тұлғалар жерленген. Қорық-музейдің қорында 25000 дана құнды тарихи жәдігерлер қордаланған.
Қорық-музейдің екінші бағыты – қорық-музей ретінде, ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен көне, тарихи құнды жәдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру және оларды насихаттау жұмыстары (Музей тарихынан). Музей директоры Жандос Әубәкір.
Түркістан қаласындағы музейде өткен кездесу Түркістан қалалық «Мәдениет және Тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Жанболат Ибрагимовтың ұйымдастыруымен өткен кездесу де өте əсерлі болды. Кездесуге Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбеков, сондай-ақ осы өңірде тұратын этнограф-өлкетанушылар мен қолөнер шеберлері қатысты. Қолөнер шеберлерінің осы музейдегі таңғажайып еңбектерімен таныстық.
Сапар барысында Оңтүстіктің Отырар, Түркістан, Кентау қалалары, Қарнақ, Бабайқорған, Шорнақ, Сауран, сондай-ақ Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарының түрлі қолөнер шеберлерімен кездестім. Кездесулерде көптеген ұсыныстар айтылып, талқыланды. Сұрақтарға жауап берілді. Көптеген тың деректер мен фотосуреттер жиналды. Журналист Айдар Құлжановтың менен алған сұхбаты «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қазақтың әрбір азаматы мемлекетшіл болуы керек!» деген тақырыппен жарық көрді.
БҮГІНГІ ҚҰДАЛЫҚ
Жуырда Астана қаласында тұратын немере қарындасым Рыскүл Әлібекқызы мен күйеу Сайлау Бұрхановтың сүйікті қызы Перизатты талдықорғандық жас дәрігер Дастан Ғалымұлына ұзаттық. Қазақтың жөні бойынша Сайлау бір жағынан менің шешемнің туысқан інісі болып келеді. Астанада қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері түгел ескерілген бүгінгі күнгі үлкен қыз ұзату тойы өтті. Өз басым бұл отбасының қуанышына өмір бойы тілектес болып келемін. Биылғы қазан айының соңғы күндерінде сол Перизаттың келін болып барған жерінде өткен тойына, Суан еліне құда болып бардық. Құдамыз Ғалым Қабылбеков тіс дәрігері, түбі Жаркенттік, құдағи – Бағалы Шешенбайқызы.
Бізді Талдықорған қаласында құдамыздың бір топ достары – Талдықорған қалалық қаржы бөлімінің бастығы Қайрат Мәженов, тіс дәрігерлері – Болат Сейітқазин, Серікжан Иманбеков, Қабдірахым Аманбаев, Бақтияр Махамбетов, Жасқайрат Дуланбаев, Серік Зайытбековтер қала сыртында ежелгі салтымыз бойынша, ән-жырдан шашу шашып, үлкен құрметпен күтіп алды.
Құдалыққа екі-үш көлікпен келген түркістандықтардың ішінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев жұбайы, заңгер Әлия Жұматовамен, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, запастағы полиция подполковнигі Салыбай Ахметов жездеміз, ұзақ жыл мектепте директор болып абыройлы қызмет істеп, зейнетке шыққан әпкеміз Сәрсенкүл Бұрханова мен Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі, немере інім Кенжебай Жақсылық, Түркістан қаласында ұзақ жыл ұстаздық етіп, зейнетке шыққан Дүйсенкүл Әлібекқызы, түркістандық танымал кәсіпкер Ілияс Жақсылық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Ержан Сайлауұлы, Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің подполковнигі Қанат Қалиев, жеке кәсіпкер Мөлдір Бұрханова және тағы басқалар болды.
Қонақ күтумен шаршап жүрген құда-құдағимен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жалпы бүгінгі құдалықтың жөн-жобасы жөнінде сыр тарқатудың сәті түсе қоймағаны өте өкінішті. Десе де, Талдықорғандағы қонақ үйде құрдасым Тәжібек
Мұсаевтың аяулы жары Әлия ханыммен шағын сұхбат жасадым.
Қ.Бегманов