Алматы облысында газдандыру деңгейі 61%-ға жетеді

1
Биылғы жылы тағы 13 елді мекенді газға қосу арқылы Алматы облысы тұрғындарының көгілдір отынға қолжетімділігі 61 пайызға жетеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлім етті, -деп хабарлайды Дәстүр сайты.
«Атмосферадағы шығарындылар деңгейін азайту үшін елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы біз облыс халқының 59%-інің, яғни 1,2 млн адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жеткіземіз», – деді өз сөзінде Амандық Баталов.
Баталовтың айтуынша, өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады.
Бұл ретте Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 жаңа автобус сатып алынып, қала маршруттарына шығарылғанын айта кеткен жөн. Оған 2,3 млрд теңге бөлінді.
Олжас Дахай
Бөлісу: