Алматы облысында жүргізушілер Сарыөзек Көктал бағытындағы жолды жауып, өз наразылықтарын білдірді

1
Фото ашық дереккөздерден алынды

Алматы облысында жүргізушілер Сарыөзек Көктал бағытындағы жолды жауып, өз наразылықтарын білдірді. Республикалық трассаның астаң-кестеңін шығарған цемент зауытының ауыр жүк көліктерін жүргізбей қойды. 40 тонналық машиналарға шамадан тыс тас тиеп, асфальтты езіп тастады, – деп отыр. Сондықтан, кәсіпорын басшылығы мен жауаптылардан күре жолды қалпына келтіруді талап етті. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

«Жол жасалсын!», – деп ұрандатқан бұл азаматтар Сарыөзек- Көктал бағытындағы күре жолмен күнде қатынайтын такси жүргізушілері мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары. Ойдым-ойдым шұңқырмен жүріп, көліктері де, өздері де әбден шаршаған секілді. Цемент зауытының жүк машиналары асфальтты саз балшықша илеп, жолдың быт-шытын шығарды, – деп отыр.

ҚҰРМАНҒАЗЫ НАСЫРОВ КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «10 тонналық Камаз жүрсе ештеңе емес қой, 40 тонна. 60 тонна басып алады ғой керек десеңіз. 40-45 тонна басып алады. Жолдан не қалады? Бітті. Ойлы, шұңқыр. Даже асылып қаламыз жеңіл машинамен».
ҚАНАТ АҚЫЛБЕКҰЛЫ ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ: «Картерімізді тестік ана 45-тің ар жағында. Одан Камаздар мына палатка жаппайды. Лобовойдың бәрін шағып бітірді. Кейбіреуі жолдан шығып кетіп жатыр. Камаздар шықты алдынан жолдан қашамыз деп».

Жалпы бұл жол сонау кеңестік кезеңде, яғни, 1984-ші жылдары салынған. Сондықтан, қазіргідей 40 тонналық ауыр жүк көліктеріне шыдас бермейді. Оның үстіне цемент зауытынан Алтынемел асуындағы кенорнына дейін 60 шақырымдай жер. Осы аралықта 30 шақты көлік күніне 3-4 рет әктас тасымалдайды. Жүргізушілердің айтуынша, кейде уақыт үнемдеп, шамадан тыс тас тиейтін кездер болады екен. Сол үшін көлік инспекциясы бірнеше рет хаттама да толтырған.

СУПИЯН МАХАМХАНОВ ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: «Күніне 3 рейс жасаймын 40 тоннадан. Иногда 2-еу жасаймын, дөңгелек атылып кетеді. Қазір жаңа ғой дөңгелектерім. Бір айдан кейін басталады. Шыдаймайды».

Жүргізушілердің наразылығын ести сала, жергілікті әкімдік пен зауыт өкілдері де Алтынмел асуына алып-ұшып жетті. Талаптарын тыңдап, қазір жолды жөндеу мәселесі шешіліп жатқанын алға тартты.

БОЛЫСБАЙ МОМБАЕВ, ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨКІЛІ: «8-шақырымда зауыт тұр. 8-шақырымнан 43-шақырымға дейін 10 мың квадратный жерді определять етті, түсіп кеткен жерлер. Біз соған санадық. Әр квадратный метріне қанша ақша кететінін санап, 80 млн ақшаны біз выделять етеміз. Оның сыртында өзіміздің техникамен көмектесеміз».
НҰРЛАН ӘДЕНОВ КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Енді, ары қарай, 43-шақырымнан 68-шақырымға дейін, мына перевалдың арғы жағына дейін күрделі жөндеу жұмыстары. Оған да конкурс ашылған. Бүгінгі күнге мердігер анықталды. Проектісі бар «Қазавтожол» ұлттық компаниясында 7 млрдқа. 10 күннің ішінде осы күрделі жөндеу басталады».

Зауыт өкілдері бүлгінген асфальт қабатын қалпына келтіріп беруге уәде берді. Әрі өздерінің жүк көліктері үшін жанама жол салатындарын да айтты. Осылайша, таң атысымен жолды жапқан наразы топ жауаптылардың сөзіне сеніп, түске таяу барып қана тарқасты. Алматы облысында жүргізушілер Сарыөзек Көктал жолда.

Бөлісу: