«Анаға құрмет» музейін білесіз бе?

5
Анаға құрмет

 

Сіз музей туралы не білесіз? Көбіміз музейді тек тамашалау үшін ғана барып аралаймыз. Негізі музей (грек тілінде museіon – муза сарайы) деген мағынаны білдіреді. 

Мұражай алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасқан екен. Мұражайдың қалыптасуына көне замандардан қалған коллекциялар негіз болды. Еуропада тарихи мұражайлар 16-18 ғасырларда пайда болған. Мысалы барлық адамзат білетін Франциядағы «Лувр» мұражайы 1792 жылы ашылған. Ал Ресейдегі «Эрмитаждың» іргетасы 1764 жылы қаланған. Ал Қазақстанда мұражай тарихы 1830 жылдан басталады. Бүгінгі күнде Қазақстанда 154 мұражай жұмыс істеп тұр. Оның 25-і Алматы облысында орналасқан. Оның ішінде бір ғасырдан аса тарихы бар, өзіндік ерекшелігімен дараланатын бір шегесіз соғылған «Жаркент мешіті» (1892-1895ж.ж.), жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың  1946 жылы құрылған әдеби-мемориалды музейімен қатар жеті жыл бұрын ашылған «Анаға құрмет» музейі де бар. Әлемдегі жалғыз анаға арналған музей. Тау бөктерінде орналасқан музейге келген кезде баласын көтеріп тұрған ана ескерткішіне қарап-ақ жүрегіңе жылулық ұялайды екен. Осындай киелі шаңырақты басқарып отырған Аршагүл Серікқызын әңгімеге тарттық.

  • Сөзімізді өзіңіз басқарып отырған «Анаға құрмет» музейінен бастасақ….
  • Музей 2014 жылы Бақыт Шпекбаеваның идеясымен басталған. Қос қабатты екі ғимаратты өз қаржыларына соғып, 2016 жылы мемлекет меншігіне өткізіп берген. Содан бері «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама» ММ-нің «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның филиалы болып, музей мәртебесіне ие болды. Бүгінгі күнде «Анаға құрмет» музейі еліміздің мәдени мұрасын байытуға, рухани қазынасын толтыруға өз үлесін қосып келеді. Ең бастысы музейіміз 2018 жылы Қазақстанның КИнЭС-тің рекордтар кітабына енді.
  • Қазақстан Рекордтар кітабына қандай жетістіктеріңіз үшін кірдіңіздер?
  • Біздің музей әлем бойынша Анаға арналған жалғыз музей және біз былтыр Алматы облысы бойынша музейлер арасында топ жарып, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атандық. Айта берсек жетістіктеріміз өте көп. Бір ғана мысал айтып кетейін, музей жаңадан ашылғандықтан қасымызда аялдама жоқ болатын, құжаттар жинап, әр есікті қағып жүріп «Анаға құрмет» музейінің қасынан аялдама соғып, қазір Алматы қаласы мен Шамалған ауылы ортасында жүретін 212 нөмерлі автобус соған аялдайды. Келіп кетемін деген адамға еш қиындық жоқ. Ашылғанымызға жеті жыл ғана болса да 500-ден аса экспонат бар. Бізде экспонаттар анаға қатысты яғни қазақ отбасының дәстүрлі тұрмыстық бұйымдары, қыз-келіншектердің киімдері қойылған.
  • Музей экспонаттарына тоқталсаңыз…..
  • Өзіңіз көріп отырғандай музей 8 бөлімге бөлінген.
  1. Қазақ халқының салт-дәстүрі
  2. Зергерлік бұйымдар
  3. Кимешек әлемі
  4. Кілем және тоқыма өнері
  5. Батыр аналар
  6. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отбасы
  7. Ислам – әлемдік дін (Көне құран кітап бөлімі)
  8. Көркем өнер бөлімі,- деп бөлінген. Мысалы ең маңызды экспозияциялық бөлім бұл: – жарты ай тәріздес (батыстық үлгіде тігілген) киіз үй. Дәстүр мен салт, қолөнер мен ұлттық мәдениетіміз өзара үйлесім тапқан киіз үйінің ішкі жабдықтары да этнографиялық талаптарға сай орналастырылған.  Ұлы дала тарихының ажырамас бөлігі болған киіз үйдің оң жақ бөлігіне әдетте әйелдер жайғасып, қазан асып ас-суларын дайындаса, сол жағы ерлерге қолайлы саналған. Сондықтан музейге оң жақ бөлігі қойылған.  Ал зергерлік бұйымдарға тоқталсам мұнда тек қазақ халқының ғана емес, жалпы «түбі бір – түркі әлеміне» ортақ әйел әшекейлерінің түр-түрін кездестіре аласыздар. Әрине мұндағы көздің жауын алатын қазақ қыздарының шолпы, шашбауы, маңдай әшекейі мен жүзік, білезіктерінің жөні бөлек. Сонау көне замандағы аналарымыздың қолданған заттарынан бастап, бүгінгі хас шеберлеріміздің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарын да көруге болады.
  • Экспонаттарды қайдан жинап жатырсыздар?
  • Музей экспонаттарын жинақтауға тек аудан халқы ғана емес, Жетісу өңірінің түкпір-түктірінде тұратын қарапайым ауыл азаматтары да атсалып жатыр. Олардың арасында түрлі материалдардың түпнұсқаларын да кездестіруге болады. Оның бірі XIV-XV ғасырдағы Ресейдегі Қазан баспасынан шыққан Құран Кәрім кітабы болса, тағы бірі Әлия Молдағұлованың соғыс кезінде қолданған заттары. Өткен жылдары Алматы тұрғыны Күмісхан Малдыбайқызы өзінің үлкен әжесінің 100 жылдық тарихы бар кимешегін тапсырды. Осындай ізгі ниетті, жанашыр жандардың арқасында жәдігерлердің саны артып, бүгінде 500-ге жуықтады. Осы жерде айта кетейін, ел ішінен аналарымыздың көзі болған көне дүниелерді музейге аманатаймын, үйде жатқанша құндылықтар қатарына қосылсын деушілер болса, қуана-қуана тізімдеп, мөрлеп қабылдап алатынымызды айта кетейін.
  • Сіздерде басқа музейлерге арман болып отырған жеке Галерея бар екен…
  • Иә, биыл ғана галереяны Ұлы отан соғысының біткеніне 75 жыл толуына орай Алматы облысының мәдениет басқармасы мен іскер азаматтары қосылып тарту етті. Галереяның бірінші қабатында «жылжымалы көрме» залы мен әкімшілік орналасқан. Екінші қабат толығымен галереяға арналған. Әзірге мұнда жиырмаға жуық картина қойылған. Бұдан бөлек галереядан мүсінші Бауыржан Жуасбаевтың «Тұңғыш», «Толғақ», «Жер Ана», «Ұмай ана», «Дала әуені» атты туындыларын көруге болады. Соңғы төртеуін автор галереяға «жылжымалы көрме» ретінде қойса, «Тұңғыш» атты туындысы бұдан былай галереяның «тұңғышы» болып қала бермек. Ұлы дала тарихындағы аналардың жүріп өткен жолынан хабар беретін картиналардың қай, қайсысы да бағалы. Бірақ әлі де талай дүние керек….
  • Атап айтсаңыз….
  • Аналарға арналған музей болғасын Галереяда басқасын айтпағанда ел бастаған Томирис, Зарина патшайымдар, ел анасы  Домалақ ана, Қызай ана, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зеренің суреттері тұрса қандай тағлымды дүние болар еді. Әзірше бұл жоспар күйінде ғана тұр….  Музей болғасын атына заты сай болса, келген адам рухани байып, тарихтан кішкене болса да мәлімет алып қайытса біздің еңбегіміздің жемісі сол.
  • Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, «Анаға құрмет» музейі әлем танитын музей болсын.
  • Сіздерге де рақмет.

 

 

Бөлісу: