АНТРОПОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗАҚҚА ЖАТ ПА?..

19.10.2018 0 By admin

Думан РАМАЗАН

Қазақы таным-түсінікке, ғұрыптық салт-санаға салсақ, антропология қазаққа жат ғылым сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені қазақ аруаққа сиынған, аруақты қатты қадірлеп-қастерлеген. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген де аталы сөз бар. Сондықтан көр қазып, қабір ақтару бізге оғаш көрінері сөзсіз. Десек те, кез-келген нәрсенің қисыны, жөн-жобасы болатыны сияқты, антропология ғылымының да халқымыздың рухани жағынан өсіп-өркендеуіне қосар үлесі аз емес.

Антропология – жаратылыстану ғылымының бір саласы екенін бәріміз де білеміз, оның адам мен адам нәсілділердің шығу тегін, дене құрылысы эволюциясын, өзгеру заңдылықтарын зерттейтіні әмбеге аян. Біз көбінесе антропология ғылымының адам қайтыс болғаннан кейінгі құрылысын, ет тарамдары мен клетка өзгерістерін, мидың, бас сүйектерінің ерекшеліктерін анықтайтынын көбірек тілге тиек етеміз де, оның тірі жан иесінің сыртқы ерекшеліктерін, дене пропорцияларын, жалпы салмағын, бұлшық еттерінің тартылу күштерін және көптеген дене мүшелерінің қасиеттерін зертейтінін атаусыз қалдыра береміз.

Күре тамырлы тарихы бар қазақ жері антропологиялық тұрғыдан зертелген бе? Әрине, зертелген. Арнайы антропологиялық экспедициялар ұйымдастырылған, біршама ғылыми зерттеулер жүргізілген. Ежелгі қазақ жерін мекен еткен тайпалар мен ұлыстардың нәсілдік белгілерін, антропологиялық типтерін, олардың қалыптастыру жолдарын, этникалық тектерін зерттеуге арналған ғылыми еңбектер баршылық. Бірақ олардың барлығы – В. Бунак, С. Руденко, А. Ярхо, Г. Дебец, В. Гинзбурк, М. Левин, Н. Чебоксаров сияқты өзге ұлттың ғалымдары жазған еңбектер. Бізде антропология ғылымы түгілі, жалғыз Оразақ Сұмағұловтан басқа антрополог жоқ. Сонда қазаққа антропология ғылымының қажет болмағаны ма? Қазір де қажеті жоқ па?

Жоқ, кешіріңіз, антропология ғылымы ең алдымен басқаға емес, көшпелі ғұмыр кешкен қазаққа қажет. Олай дейтініміз, арғы тарихты сөз етпей-ақ қояйық, бергі тарихтағы есімдері алтын әріптермен жазылу тиіс хандарымыздың, билеріміздің, батырларымыздың жыршы-жырауларымыздың фотобейнелері сақталмағандығынан-ақ анотропология ғылымының қазаққа қаншалықты дәрежеде қажет екенін айтпай-ақ түсінуге болатын шығар. Нақты ғылым жоқ жерде долбар үстемдік құрады. Ал долбар қанша жерден сенімді болғанымен ғылым емес қой. Соның салдарынан көптеген келеңсіз жайттардың белең алып жатқаны да жасырын емес. Бір-ақ мысал келтірейік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халқымыздың  тарихында өзіндік орындары бар үш ұлы тұлға – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің суреті салынғаны белгілі. Бір қызығы, осынау үш би бір-біріне қатты ұқсайды. Тіпті бір анадан туғандай десек те болады. Ал өмірде ше? Осылай бір-біріне егіз қозыдай ұқсап жүрді ме екен? Әй, қайдам, күмәнім бар. Бірақ бір нәрсе анық – осы үшеуінің портіретін де бір-ақ суретші салған. Ұқсамай қайтсін?.. Ал батырларымыздың бәрі бір-біріне ұқсап кетеді, бастарындағы дулығаларына дейін. Осының бәрі неліктен дейсіз? Сол нақты ғылымның жоқтығынан. Құр долбармен тон пішетіндігімізден.

Мен кейінгі жылдары Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург шаһарларына жиі барғыштадым. Сондағы бір байқағаным, Ресейде антропология ғылымы қатты дамыған екен. Антропологтар да жетіп артылады. Мәскеу қаласының өзінде арнайы екі-үш зерттеу орталығы бар. Санкт-Петербургте екі антропология мұражайы тұр. Ал бізде бірде-бір арнайы зерттеу орталығы жоқ, қит етсе, аруақтардың сүйектерін саудыратып қашанғы Мәскеуге немесе басқа да шет елге ала жүгіреміз…

Әрине, Оразақ Смағұлов – талантты антрополог. Дегенмен, «жалғыздың үні шықпайтынын» бәріміз де білеміз. Бар қазаққа бір-екі антропологтың аздық етері сөзсіз.

Ендеше, Ұлы Даланы атпен кезген көшпелі ата-бабаларымыздың тарихын толық танып-таразылағымыз келсе, елімізде антропология ғылымын дамытуды қолға алу керек. Тым құрыса, бір зерттеу орталығы, мұражай бола ма, ашылса, ғылымның дамуына жағдай туғызылса, еліміздің рухани әлемінде игі бір іс атқарылған болар еді. Жас мамандар даярлауға да мүмкіндіктер туар еді. Әрине, ойланатын, ойландыратын жайт!..

Бөлісу: