Ардагерлер кеңесінің есебі тыңдалды

3

Бүгін Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің сегізінші есеп беру конференциясы өтті, деп хабарлайды Дәстүр тілшісі.

Тіл сарайында өткен жиынға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, сондай-ақ онлайн форматта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Конференция басталмас бұрын делегация өкілдеріне мекеме жұмысы туралы бейнебаян көрсетілді.

Бүгінгі еңбек ардагерлері 30 жылдық тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекетіміздің қуатын арттырып, іргесін нығайтуға үлес қосқан азаматтар. Олар бүгін де қоғам өміріне белсенді араласып, өңір үшін маңызды шешімдерді қабылдауда ат салысуда.

Ардагерлер кеңесінің сегізінші съезін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде Е. Келемсейіт облыс бойынша ардегерлер кеңесінің мүшелері жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтып өтті.

«2016 жылы облыста 628 ардагер ұяшығы болса, биылғы жылы оның саны 922-ге дейін өсті. Ұйымға мүше азаматтардың жалпы саны 240 мыңға жетті. Бес жыл ішінде жастармен кездесуден бастап, кітап шығару сынды қомақты жұмыс атқарылды», деді ардагер.

Басқосуда Алматы облысының дамуы туралы кеңінен айтып өткен облыс әкімі тұтастай Алматы облысының дамуы жолындағы еңбектері үшін облыс жұртшылығы атынан ардагерлерге алғыс білдірді.

«Еліміздің қалыптасу жолында ардагерлеріміз көп атсалысты. Ардагердің әрқайсысы еліміздің, облыстық дамуының оң динамикасына өз үлестерін қосты. Біз, өз кезегімізде, әрқайсыңыздың еңбегіңізді бағалаймыз. Сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие берудегі және аймақтың саяси-әлеуметтік өміріне де үлес қосып келесіздер, – деп атап өтті облыс әкімі.

Амандық Баталов аталған мерзім ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық бағытта дамуы туралы қысқаша баяндады. Одан бөлек, аймақ басшысы жеткен жетістік – облыс тұрғындарының еңбегі екенін, оның ішінде ардагерлер ұйымының жұмысын атап өтті.
Конференция соңында қатысушылар бірнеше ұйымдастырушылық сұрақтарға тоқталды. Соның негізінде қоғамдық бірлестіктердің алдағы уақыттағы жұмысы да жоспарланды. Сол күні республикалық ардагерлер ұйымының съезіне қатысатын делегаттар тізімі де талқыланып, бекітілді.

Алтынбек Бекнұр

Бөлісу: