«Астана Балет» театрында жұлдыздар шеруі

120

«Астана Балет» театры Х мерейтойлық маусымында көрермен қауымды репертуардағы қойылымдары және премьераларымен, сонымен қатар, әйгілі әртістермен бірлесе жүзеге асырылған жобаларымен қуантып келеді, –  деп хабарлайды «Дәстүр» «Астана Балет» театрының PR қызметіне сілтеме жасап. Астаналық театр сахнасында әлемге танымал ірі тұлғалар өнер көрсетуде.

1-2 сәуірде биылғы көктемнің басты оқиғасы орын алады: заманауи және классикалық балеттің заңғар өкілі, Үлкен театрдың прима-балеринасы, Ла-Скала театрының этуалі, Ресей халық әртісі Светлана Захарова «Астана Балет» театрының сахнасында өнер көрсетеді. Ballet Globe фестивалінің аясында, астаналық көрермен алдында ол оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін «Кармен-сюита» балетіндегі Кармен бейнесін сомдайды. Тәкаппар Хозе мен албырт Тореадордың бейнесін Үлкен театрдың премьерлері Денис Савин мен Артемий Беляков сомдайды. Көрермен қауым Жорж Бизе мен Родион Щедриннің музыкасына кубалық хореограф Альберто Алонсо қойған «Кармен-сюита» балетін «Астана Балет» театры әртістерінің орындауында тамашалай алады.

Кештің екіні бөлімінде «Жолдан тайғандар» балеті көрсетіледі. Иржи Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың дауылпаздар композициясының үйлесімінің жемісі ретінде сегіз балеринаның самғаған қалпын суреттеген туынды пайда болды. Оның туындысын монохромды эстетика, орындаушылықтың әлемдік деңгейі мен әуезділігі даралап тұр. Килианның балеті – сан-алуан көңіл-күйдің тізбегі іспетті: нәзік болмысы мен ғажайып пластикасы таңдай қақтырады. 30 жылдан астам уақыт дүниежүзінің әйгілі сахналарында үнемі көрсетіліп жататын, заманауи бидің кемеңгері саналған Иржи Килианның әйгілі спектаклін астаналық театр сахнасына лайықтаған Стефан Жеромски.

9-сәуірде Астананың театр тынысындағы жарқын оқиғаның бірі орын алмақшы. Қазақстандағы Франция елшілігінің жыл сайын ұйымдастыратын Франкофония көктемі аясында, Францияның Rue des arts ұжымы елімізде алғаш рет өнер көрсетіп, әйгілі Costard қойылымын «Астана Балет» театрының сахнасында паш етеді.

Бұл хореографиялық қойылым «костюм әлемінде» күн кешетін түрлі адамдармен дидарласып, ой бөлісіп, костюммен байланыстырылатын әлеуметтік келбет, табыстылардың бейнесі жайлы ой қорытудың нәтижесі деуге тұрарлық. Қойылым авторы костюм мен оның матасын нысан етіп алады. Хореограф Хафид Сур осы әлемді қала көшелерімен үйлестіре отырып, оны қайта пішеді. Хип-хоп қимылдары кербез би өрнектерімен үндесе отырып, кей сәтте баяу, тіпті, поэтикалық шабытқа ие болатын қимыл тізбектері бишілердің мүлдем жаңа хореографиялық тілін паш етеді.

Сонымен қатар, «Жеті жамылғы» биін билеп, өгей әкесін азғырып, есесіне пайғамбардың басын шабуды талап еткен иудей патшасының өгей қызы жайлы көне библия әпсанасының негізінде қойылған «Саломея» бір актілі балеті көрсетіледі. Спектакльде сюжет иірімдері, бишілердің пластикасы мен актерлік ойыны бір арнаға тоғысқан. Қойылым барысында көрермен қауым демін ішіне тартып, сахнадағы көріністен көз алмай тамашалап, күрделі сюжет иірімдерін бақылап отырады. Бұл спектакль әлемнің талғампаз көрерменін тәнті етіп, әрқайсының жүрегінен мәңгілік орын алған туынды.

 

Бөлісу: