Атырау облысында темір сауытты батыр табылды

81

Атырау облысы тарихи өлкетану музейі мамандарының Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынының 3 қорғанына жасаған археологиялық қазба жұмыстары барысында батыр мүрдесі анықталған.  Мамандардың айтуынша, бұл – археологиядағы аса маңызды жаңалық, деп хабарлайды «Дәстүр» порталы Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан аумағында тұңғыш  рет кездесіп отырған мұндай тарихи құндылық  Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің назарынан тыс қалмады. Аймақ басшысы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне арнайы барып, батыр мүрдесін көрді.

Басынан аяғына дейін өте ерекше үлгідегі  темір сауытпен жабдықталған адам қаңқасының ұзындығы –  175 см.  Ал табылған қабірдің ұзындығы – 2 м  40 см, ені –  80 см.  Сондай-ақ, мүрдемен бірге ұзындығы 1 метр болатын семсері, жебе ұштары мен қорамсағы, қорғану қалқаны, патера, ат әбзелдері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер табылған. Зерттеу жұмыстары халықаралық дәрежедегі қалпына келтіруші, «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым Алтынбековтің басшылығымен жүргізілуде. Оның айтуынша, мұндай тарихи жәдігер өте сирек кездеседі.

WhatsApp Image 2020-10-08 at 16.07.17.jpeg

Табылып отырған адамды «темір адам» деп атауымызға да болады. Өйткені адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі ерекше үлгіде. Соған қарағанда, жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таң қалдырғаны – темір сауыттың ұрланбай сақталғаны. Мұндай дүниелердің мыңдаған жылдар бойы ұрылардың тимей, сақталуы – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық әлі бірде-бір рет табылған жоқ, – деді Қырым Алтынбеков.

Табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алтын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұйымдардың бар екені анықталған. Антропологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта мүрденің  бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.

Әлі тазалаймыз, жәдігерлердің әрқайсысына бөлек бөлек әдіс жасап, анализге дайындаймыз. Оған уақыт көп кетеді. Соның негізінде  талай қазбалар шығуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда темір сауытпен адам шықпағандығын ескерсек, мүрде толықтай  қалпына келтірілгенде,  тек Атыраудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы болары сөзсіз, – деп атап өтті Қырым Алтынбеков.

WhatsApp Image 2020-10-08 at 16.07.16 (3).jpeg

Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мұндай тарихи құндылықтардың табылуы еліміздің ұлттық ұстанымы мен келешек ұрпақ үшін маңызды дүние екенін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің археологиялық жоспарлы жұмыстарының нәтижесінде бүгін  тың оқиғаға куә болдық. Бұл сайып келгенде еліміздің ұлттық ұстанымы мен келешек ұрпақ үшін маңызды дүние. Міне, осы мақсатта Атырау облысы әкімдігі  сан ғасырлық тарихқа куә осындай жәдігерлердің халықаралық ғылыми деңгейге айналымға түсуі үшін жұмыс жасайтын болады, – деді Бақытгүл Хаменова.

Бөлісу: