Жүсіпбек Аймауытұлының аудармаларын зерттеп жүрген филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкірді жақында сұхбатқа тартқан едік. Сауалымызға тұшымды жауап алып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдік…
— Ж.Аймауытұлы шығармаларын зерттеген Қ.Мұхамедханұлы, С.Қирабаев, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Р.Тұрысбек, А.Зейнуллина, Н.Қуантайұлы қатарлы біршама әдебиетші ғалымдар жазушының көркем шығармалары жөнінде зерттеулер жазды. Сіз бұл тақырыпқа қалай және қай қырынан келдіңіз?
— Рас! 2011 жылғы библиографиялық көрсеткіш пен соңғы мәліметтерді саралау негізінде Ж.Аймауытұлына қатысты 15-тен астам диссертация жұмысы жазылып, 500-ден астам мақала жарық көрген екен. Алайда, бұл зерттеу жұмыстарының көпшілігі Ж.Аймауытұлының алашордаға қатысты қайраткерлігін, жазушылық шеберлігін, психология саласында сіңірген еңбегін, қоғамдық рөлін т.б. анықтауға бағытталған. Ал, аудармашы ретінде А.Ісмақова бастаған аздаған ғалымдардың жекелеген мақалаларынан басқа нақты жүйелі зерттеу еңбегі(аударма бойынша) болған жоқ. Жүсіпбектің жалпы саны қанша аудармасы бар, қай аудармасы қай жылы қайда жарыққа шыққан, олардың сандық көрсеткіші мен сапалық көрсеткіші қандай, кімдерді аударған, неге аударған, қалай аударған т.б көптеген сұрақтың жауабы беймәлім еді. Осы орайда, бізге Жүсіпбек Аймауытұлының аудармаларын тақырып етіп бекіткен ғылыми жетекшім, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлына айтар алғысым шексіз. Дихан аға Ж.Аймауытұлының аудармаларын бергенде, әуелде үрке қарап, қалай болар екен деп ойлағаным рас. Деректерге бір қарасам көп, бір қарасам жоқ… Бірақ, құдайдың бізге берген бағы қазақ әдебиетінің мэтрлары профессор академиктер С.Қасқабасов, Т.Жұртбай, Д.Қамзабекұлы, Р.Тұрысбек т.б. шәкірт болып, С.Смағұл, Қ.Кемеңгер сынды ағаларыммен бір кафедрада пікір алмастым. Ксенофонт пен Платонға далада дәріс оқып, ақыл айтқан Сократ секілді біздің де ЕҰУ кафедрадағы еркін пікір алмасуларымыз менің ғылыми ортам болды.
— ХХ ғасыр басындағы көркем аударманың жай-күйі, ерекшелігі жөнінде сөз болғанда қазақтың көрнекті қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылығына соқпау мүмкін емес. Осы кезеңде көркем аударманың да шарықтау кезеңі десек болатындай. Алаш арыстарының осыншалық бетбұрыс жасауының себебі неде деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда Англияда оқып жатқан әріптес ғалым Гүлшат Бақытжан жақында бір жақсы мәлімет жариялады. Аударматану салысындағы белгілі ғалым Гидеон Туридің 2012ж. «Тірілген тіл» атты мақаласында өлген тіл саналатын еврей (иврит) тілінің аударма арқылы қалай тірілгенін жазған екен. Ал, еврей тілінің атасы саналатын Йехуданың еңбегіне қарайықшы…Баласы иврит тілінде 220 сөз жаттаған кездегі қуанышы туралы оқысаңыз, өз ұлтына, тіліне деген махаббатына қайран қаласыз. Еврей мемлекеті аударма саласын дамыту арқылы өлі тілдер санатына кірген иврит тілін тірілтіп алды. Аударма тек ғылымның дамуы ғана емес, жалпы идеологияны насихаттаушы құрал және интеллектуалды дамудың алғышарты. Осыны ұмытпау керек. Өзім ғана білемін, менде бәрі бар деген адам көпті көріп, дөп түйгендей болмайды. Алаш арыстары аударманы қазақ оқырманының интеллектуалды деңгейін көтеру, ойлау диапазонын кеңейту және алаш идеологиясын насихаттау жолында өте сауатты пайдаланған. Бұл өте үлкен тақырып. Бірақ, егер аудармаға талдау жасайтын болсақ, аударманың ішінде саясат, әдебиет, дидактика (тәрбие), ғылым, тіл, даму бәрі бар. Сондықтан аударманы дамыту бұл тұтас халықтың ойлау деңгейін көтеру деген сөз. Алаш арыстары мұны өте жақсы білді. Сол себептен де аудармаға бет бұрды. Жазушы болмаса да Әлихан Бөкейханның аудармаларын қарасақ, не жоқ? Бәрі бар. Аударманың басты артықшылығы да сол, дұрыс сауатты аудармаға цензура да бөгет бола алмайды. Алаш арыстарының бұл мәселеде шеберлігі ғажап.
— Жүсіпбек Аймауытұлы аудармаларының әдебиеттегі орны қандай? Артықшылығы неде?
— Ж.Аймауытұлы аударманы нақты жүйелесек 3 мақсатта қолданған:
1. Алаш идеясын цензурадан өткізіп, насихаттау.
2. Жазушылық шеберлігін шыңдау, яғни, қазақ әдебиетіне жаңа жазу ерекшеліктерін енгізу, сол арқылы қазақ әдебиетін дамыту.
3. Қазақ оқырманының және өзінің ақыл, таным көкжиегін кеңейту. Кез-келген дүниенің өлшемі мен салмағы салыстырмалы жүйеде ғана көрінеді. Мысалы, қара түс болмаса ақтың ақ екенін білмейтін едік. Ауырмасақ деннің саулығын түсінбейтін едік. Сол секілді, қазақтың дүниетанымымен басқа халықтардың тұрмыс-тіршілігін салыстыру арқылы қазақтың өзін-өзі тану процесі жүзеге асуы керек. Жақсылығы қайсы, кемшін тұсы қандай дегендей? Бұл дамудың шарттарымен тікелей байланысты. Ж.Аймауытұлының артықшылығы жазушылық шеберлігінде және талғамында, бір сөзбен айтқанда интеллектуал жазушы әрі сезімтал. Бәрін үйлестіре білген шебер.
— Қазақтың тұрмысы мен тілін Жүсіпбектей терең білетін қаламгер сирек қой. Одан бөлек ақ өлеңге ұқсас осы бір жазу стилінің өзі бүгінде үзіліп бара жатқан сияқты ма, қалай ойлайсыз?
— Жүсіпбектің жазу шеберлігі құдайдың бергені деп білемін. Сондықтан, құдайдың ісіне араласпаймын. Ол өзін жақсы таныған. Құдай бергенін аялап, дамытып, аянбай еңбек еткен. Оқыды, үйренді, үйретті. Елге қызмет етті. Бұл тұрғыда нағыз бақыттың иесі. Егер, қазір дәл Жүсіпбектей жазушы болмай жатса, оған себеп іздеудің қажеті де жоқ шығар. Бәлкім, ол өзіндік қолтаңбасымен дараланып қалуы керек пе екен?! Жазушының бәрі Жүсіпбектей болуы шарт емес. Егер бәрі бір түрге ене бастаса керісінше уайымдау керек. Себебі, әр жаратылыстың өз сыры, ерекшелігі бар. Сұлулық та, көркемдік те сол жаратылыс болмысында. Өзінің табиғи болмысын сақтаған кезде ғана жазушы нағыз жазушы, ақын нағыз ақын болады. Құдай жаратқан жер бетіндегі 8 млрд адамның түр-тұлғасы бір-біріне ұқсамайтыны секілді, жан-дүниесі де әр алуан, мінезі де өзгеше әр жазушының жазу мәнері оның болмысын танытуы керек. Мен үшін сұлулық та, шеберлік те осы. Өзіңнің табиғи болмысыңды тану және сақтау.
— Әлем классиктерінің 30-ға тарта шығармаcын асқан шеберлікпен тәржімалап, қазақ зиялыларының арасында «Аударма туралы» алғаш арнайы мақала жазған Ж.Аймауытовтың аударматану тарихында алар орны қандай, аудармашыға қояр талабына тоқталсаңыз?
— Ж.Аймауытұлының аударматанудағы еңбегі ерен. Оны екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы оның аудармаға жауапкершілікпен келіп, өз міндетін қалтқысыз орындағаны деп білемін. Жүсіпбек аудармашыға аударма мәтінінің қандай тәсілмен аударылғанын көрсеткені дұрыс деп ұсыныс айтқан. Яғни, қысқарған аударма, еркін аударма, сөзбе-сөз аударма, транспозициялқ, диахроникалық т.б. Бұл сұрақ ауқымды. Жауабы ғылыми негізде берілуі керек пе деймін. Кейін бір ыңғайы келгенде кеңірек тоқталған жөн шығар.
— Қаламгерлердің қатарында, ақын әрі жазушы, драмашы әрі аудармашы, ұстаз әрі, ағартушы, актер әрі сазгер, режиссер Жүсіпбек Аймауытұлының есімі бүгінде қаншалықты жас ұрпаққа өз деңгейінде насихатталып жетіп отыр?
— Бұйырғаны. Ыбырай атамыздың «Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар» – дегеніндей, іздеген адамға бәрі бар, іздемеген неғылар?! Баланы күшпен оқытармыз, бұл мәселеде Ж.Аймауытұлы мектеп бағдарламасында бар, шүкір. Ал, есейген, оң мен солын ажырата бастаған есті жанға ақыл айтатын емес. Ж.Аймауытұлына қатысты дерек жетерлік. Ашылмаған сырлары да көп, бірақ, бұйырса болашақта жүйеленер, реттелер деп сенемін.
— Жүсіпбек Аймауытұлы аударған А. С. Пушкиннің, Н. В. Гогольдің, Г. Мопассанның, В. Шекспирдің, К. Берковичтің, С. Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық дарындылығын да соншалықты айқын танытты. Бүгінгі аударма сол биігінде ме?
— Жоқ. Кезінде М.Горький «Всемирная литература» баспасын ашып, әлем әдебиетіндегі таңдамалы шығармаларды 1-2 жыл көлемінде орыс тіліне аударып, оқырманға ұсынып отырған. Соның пайдасы, алаш арыстары орыс тіліндегі тамаша туындыларды бірден қазақ тіліне тәржімалаған. Мысалы, Джек Лондонның 1911 жылы Хэмптон журналында шыққан «The Strength of the Strong» әңгімесі 5-6 жыл көлемінде қазақ оқырманына жетті. Ал, қазір, біз Хәрри Поттердің өзін 11 жылдан кейін әзер дегенде аударып, 11 жылдан кейін оқырманға ұсынып отырмыз. Он жылда Поттерды оқуға тиіс 13-15 жасар балалардың өзі отбасын құрып, ата-ана атанып кетеді немесе орыс тілінде оқиды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне деген сенімсіздік қылаң береді. Ал, аударылмай қалғаны қаншама?… Біз интернет дамыған ХХІ ғасырда алғаш мектеп ашып, сиямен жазу жазған ХХ ғасырдан артта қалып қойдық. Бүгінгі жалпы қазақ аударма саласының хәлі осындай. Мемлекет ұйытқы болуымен құрылған «Ұлттық аударма бюросы» енді ғана еңбек ете бастады. Оған да шүкір. Бірақ, тағы да бәз баяғы бірақ…
— 1925 жылы шыққан «Аударма туралы» атты мақаласында ол орыс тілінен қазақ тіліне аудару және жазылу тәртібі жайлы ой қозғады. Аударманың сәтті болуы үшін не керек?
— Аударма – шығармашылық жұмыс. Кейде теорияның пайдасы болады, кейде зияны да бар. Шығармашылықта, әсіресе, сөз өнерінде сөзбен жүректің дүрсілін, жанның тебіренісін, көңілдің күйін шерте білуің керек. Сөзің сезіммен астасып тұруы керек. Сөзің шын болмаса, оқырманды сендіре алмайсың. Ал, сөзіңнің шын болуы үшін сол сезімді өзің сезініп отыруың шарт. Мұндайда, теорияның қатқан қағидалары тұсау болуы да мүмкін. Теория – бұл шекара. Ой мен идеяның қай жерде тұрақтауы керектігін бағдарлап, көрсетіп отырады. Ал, сезімнің, шынайылықтың шекарасы жоқ. Ол – шексіз. Сондықтан, мен үшін ең сәтті жасалған аударма – тұпнұсқаның идеясын дұрыс жеткізіп, сезімін жоғалтып алмаған шығарма. Шығарма тірі болса – сәтті аударма деген сол. Бұл, көркем аудармаға қатысты пікірім. Ал, синхронды, диахроникалық немесе транспозициялық т.б. аудармалардың мәселесі бөлек.
— Қазақ интеллигенция мүшелерінің арасында алғашқы репрессияға ұшырағандардың ішінде Жүсіпбек Аймауытұлы болды. Нендей себеп болды деп ойлайсыз?
— Елді басып алуға болатын шығар, бірақ ұстап тұру өте қиын. Ол үшін ең әуелі сол елдің баскөтерер тұлғаларын, ақыл-ой иелерін, ұлттық болмысын құрту керек. Сонда қарапайым халыққа ие боласың. Бұл тарихта, саясатта белгілі тұжырым. Сондықтан, алаш арыстары, соның ішінде Жүсіпбек Аймауытұлы алғашқылардың бірі болып ату жазасына кесілді. Алаш арыстары алып империяны революциялық жолмен жеңе алмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан интеллектуалды, сауатты шешім қабылдады. Ол — халықты дайындау, көзін ашу, білім-ғылымға жетелеп, біріктіру болатын. Бірақ, кеңестік билік өте сезімтал әрі сақ болды. 1926 жылғы Бакуде өткен Түркі халықтарының Бірінші құрылтайына Ахмет Байтұрсынұлы қатыса салысымен, тексеру мен аңду басталды да кетті. Түркі халықтары бас қосса, мұндай күшке тойтарыс бере алмайтынын түсінген кеңестік билік бірден еш аяусыз ұлтшыл деген айыппен алаш арыстарын да, алашқа қатысы бар басқасын да қынадай қырды. Жүсіпбектің «Күштілердің күші неде екенін білесіңдер ме? Бірлікте!» — деп, Теке сақал атты қария-кейіпкердің аузымен, аударма арқылы қазаққа қарата айтқан сөз мәнісі осы еді. Осы сөзді қазаққа айту үші сонау америка әдебиетінің өкілі Джек Лондонды пайдаланды. Ерліктің де түр-түрі болады ғой. Бірақ, интеллектуалдардың осындай айлалы ақыл шешімдері таңдай қақтырады. Қорыта айтсам, алаш арыстары өз міндетін атқарып кетті. Біз, қазіргі ұрпақ соның жемісін жеп жатқан бақытты ұрпақпыз. Жемісін жеп, рахметін айтар тәлімді перзентпіз бе, жоқ, суын ішіп, құдығына бәлсіне қарайтын әдепсіз бала боламыз ба, уақыт көрсетер. Дүние алма-кезек.
— Психологиялық прозаның басында тұрған Жүсіпбектің аудармаларын зерттеу барысында қандай жаңалықтарға, тың дүниелерге кездестіңіз?
— … Көөөп! Ең бірінші адамның рухани анатомиясын тану керек дегенді ұқтырған Жүсіпбек Аймауытұлы болды. Құдайдың шеберлікпен жаратқан адамының тән қалауын бәріміз білеміз, ал, жан қалауы қандай?» – деген сауалмен ой салған Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығы талай сырға толы. «Келдім қайдан, Нетсем пайдам, Өлгеннен соң не болам?» — деп жырлаған Шәкәрімнің де сауалы аса күрделі. Айналып келіп, Абайдың «Иманигүлі»-не, Шәкәрім атамыздың «Ар ілімі»-не, ғұламалардың рухани философиялық ой-тұжырымдарына ден қойдым. «Жүрек ілімін» танысам деп жүрген қазіргі жайымыз осы. Әлбетте, мұндай сұрақтың жауабын әркім өзіне өзі береді деген ойдамын. Себебі, кімнің жүрегінде не барын өзінен артық кім білсін!
Дереккөз: adebiportal.kz