АУЫЛҒА БАРДЫМ

28
Мырзабай Омаров

Бәрі де туыс бауырлар. Кең пейіл дархан көңіл жандар. Әке-шешелеріміздің көзін көргендерге сәлем беру де бір парыз. Ұлы Абай айтқандай «қой қоздап, түйе боздап» жатқан қарбалас шақ. Қарашаңырақтағы Аманбайдың үйінде дастархан жайылып, көрші қолаңдар да алғашқы дәстүр бойынша «Уызкөжеге» жиналды. Наурызбен құттықтап мәре-сәре болып жатырмыз.
– 8 Наурыз туған күнім, – деді бір кейуана. Есіме бір кездері ауылға барғандағы анаммен болған әңгіме түсті.
– Апа, Сіздің туған күніңіз қашан еді?
– 8 март қой, балам.
– О-о, қандай жақсы екі қоянды бір күнде ататын.
– Қайдам, осы ауылдағы Бәтжан, Құрманкүл (бүгінде бәрі бақилық, жандары жәннәттан болғай!) апалардан бастап бәріміздікі солай болып кеткен.
Сөйтсем, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңа төлқұжатқа іскер Қалдыбек нағашы (өзі қалжыңқой, сол кезде селсебет хатшысы) бәр кемпірдің туған күнін тоғытып сол күнге рәсімдеп жіберіпті. Не деген «тапқырлық»!
Дастарқан басында ауыл-аймақтың түрлі қызығын еске түсірдік. Арасында бүгінгі саясат, проблемалар да қозғалып жатты.
– Қой, «әңгіме бұзау емізер» деген деп әңгімені түйіндей бастағам. Сөйтсем, Тиыштық апам: «бұзау тұрмақ, түйе еміп қойса да маған бәрібір, тірліктің бәрін келінге өткізгеміз, одан да Мырзабайдың әңгімесін тыңдайық» деп мені қолпаштап қойды. Сөйтіп ауылдан бір сергіп, көктемді көріп қайттым. Теріскейде биыл көктем ерте туған сияқты. Адамы да, күні де шуақты екен. Сіздің ауылдың көктемі қандай?
Мырзабай Омаров, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ғылыми әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі

Бөлісу: