«Ашамайға мінгізу»  салты туралы білесіз бе?

1
Ашамай
Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді өте жақсы қастерлейді. Бұл саладан көптеген деректер жинақталған, сондықтан осы бір мақаланың аясында Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейдің ұрпақтарына тән барлық салт-дәстүрлер туралы айтып шығу мүмкін емес. Уақыт өте келе, ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Біздің қоғамда ежелгі уақытта айтылған бейресми заң бар. Ол былай дейді – үйіңе келген қонағыңды құдайыңдай күт.

Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды салты. Дәстүр бойынша, жас  балаға ересектермен қарым-қатынас жасау үстіндегі ұстамдылық пен парасаттылық негіздері үйретіледі.

Ұлтымыздағы кең таралған әдет-ғұрыптардың бірі – ашамайға мінгізу. Қазақ халқы ер бала бес жасқа келгенде атқа мінгізу дәстүрін жасап, ашамайға мінгізген. Ашамай – баланы атқа мінуге үйрету үшін арнайы жасалған ер-тоқымның бір түрі. Ашамайдың қарапайым ер-тоқым сияқты екі жағы (алдыңғы және артқы), екі жағы, оқпаны бар. Баспалдақтың орнына тепкішекті пайдаланады. Тепкішек – киізден тігілген шағын ғана сөмке. Тепкішек әдемі болуы үшін оны екі жағынан матамен қаптайды. Ашамайдың тағы бір құрамдас бөлігі – қолтырмаш.

Қолтырмаш – ашамайдың алдыңғы және артқы жағын жалғайтын жіңішке, тіреуіш таяқ. Жас өреннің қолына арнайы қамшы өріп береді. Қамшыны балаға салтанатты түрде тапсырып, оған ер жігіт болғанын түсіндіреді.   Баланы ашамайға мінгізу – олардың өміріндегі қуанышты әрі атаулы күн.

Ашамайға мінгізу – баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттардың бірі. Аталмыш дәстүр жөнінде бүгінде жастардың  білмегенімен, орта буын ағалар оны әлі ұмытпаған. Қазақтар балаларды ерте жастан атқа мінуді үйретуге тырысқан. Ер-тоқымда отыру қабілеті далада өмір сүрудің басты шарттарының бірі болды.

Бала атқа мінген күні ауылдың барлық адамдары жиналады. Үкінің  қауырсындары аттың жалына және құйрығына, баланың киген киімдеріне тігіледі. Қазақтар үкіні жоғары бағалап: «Үкі – зұлым рухтар мен жындардан қорғайтын құс», – деп айтқан.  Бала мінетін атты үйретуге көп көңіл бөлінеді. Ол жуас және әдемі болуы керек еді. Әсіресе, жылқы бала сияқты, үш немесе төрт жаста болуы тиіс.   Баланы атқа мінгізеді, оның аяғын тепкішекке салады, белін жұқа көрпемен орайды және денесі ауырмауы үшін қолтырмашқа байлайды.

«Ашамайға мінгізу» – баланың денсаулығына да өте пайдалы болып есептеледі. Оның омыртқасының дұрыс қалыптасуына, атқа нықтап отыруына, үлкендерге қолғанат болуға, ерік-жігерінің мықты, табанды болып өсуіне ықпал етеді.

Бала атқа мінгізілген соң,  жиналған жұрт қолдарын алға созып, ауыл ақсақалдарынан бата сұрайды. Осындай қуанышты сәтте ақсақалды атасы баласына:

Асқар-асқар таудан өт,

Ағыны қатты судан өт.

Ит тұмсығы батпайтын,

Іргесі биік нудан өт.

Айдын-шалқар көлден өтіп,

Жеті қылым елден өт.

Құс қанатын талдырған,

Қу мекиен шөлден өт!

Жолсыз жерде жол баста,

Жаугерлік болса қол баста.

Сәйгүлігің сай болсын,

Тілегім осы әу баста, Әумин, – деп бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшыны ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады. Баланы атқа мінгізген жігіт онымен бірге ауылды айналып жүреді. Оның құрметіне мал сойылып, қонақтар шақырылады, бәйге, той ұйымдастырылады. Баланың ата-анасы ақ батасын берген ақсақал мен баланы ашамайға отырғызған жігітке және рәсімнің орындалуына ықпал еткендердің бәріне арнайы сыйлықтар үлестіреді.

Осы қуанышты оқиғаға арналған той адам өміріндегі ең лайықты мерекелердің бірі болып саналады.

Динара Керімбекова, «Ұлы Дала елі» орталығының қызметкері.

Тағы да оқи отырыңыздар: Үлпершек — ұзатылған қыздың сыбағалы асы

Бөлісу: