Ақын есімі ұлықталды

1

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының  өлкетану әдебиеттер бөлімі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сәбит Баймолдиннің туғанына 80 жыл толуына орай «Ақын жыры – жүрек сыры» атты жыр кешін өткізді.

Кештің алғы сөзі «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Сағызбайұлына берілді.

Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев Сәбит ақынның  кітаптары туралы айта келе өз кітаптарында ақын, кейін біз де мойындағандай, «шындықты жырға қосыпты», «азаматтық парызды терең сезінуге үндепті», «жас ұрпақты отаншылдыққа, белсенділікке, елді, жерді, адамды, әділетті сүюге» шақырыпты.

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Анар Абдуллина ақынның шығармашылығына талдау жасап, туған жер, табиғат, өлке тынысын насихаттау бағытында шығарылған өлең-жырларына ерекше тоқталды.

Ақынның қызы Ләззат Баймолдина:  «Ол жас ұрпаққа өнеге ғып айтуға лайық ғұмыр кешті. Әкем шыншыл, қатал, тік мінезді, сауаттылықты жаны сүйетін кісі болды. Балаларына қатал болғанымен, жақсы көретін адамдарына қол ұшын беріп, көмектесуге әрдайым дайын болатын», – деп  естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ отбасының атынан кітапхана ұжымына өз ризашылығын білдірді.

Шуаққа, сағынышқа толы естеліктермен қатар, кеште ақынның көптеген жырларын «Тарлан» колледжінің студенттері мен №37, №49 ЖББОМ  оқушылары жатқа оқыды.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Назимат Демешова ақынның шығармашылығын насихаттау барысында облыс көлемінде 400-ден астам көпшілік іс-шаралар өткізілетінін хабарлады.

Шараға «Өмірі өлеңмен нұрланған» атты кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жүргізілді. Өлең сүйер қауым Сәбит Баймолдиннің өмір деректері жарияланған «Жәдігер» әдеби антологиясынан бастап, ақын қаламынан туған «Жер-мекен» атты тұңғыш жинағы, «Қырда туған», «Монолог», «Қызыл іңір», «Сенемін саған», «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген т.б. жыр кітаптарымен танысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар Сәбит Баймолдиннің кітаптарын QR-код сканерімен тез, әрі ыңғайлы түрде оқу әдісі көрсетіліп, таныстырылды.

Жыр кешіне жыр сүйер қауым, Жалпы білім беретін орта мектептің кітапханашылары және кітапхана оқырмандары қатысты.

Ақын есімін ұлықтау жұмыстары «Өлке болып оқимыз» марафонымен жалғасын тауып, жыл бойы облыс көлеміндегі сұхбаттар, кездесулер, жыр сағаттары т.б. көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ұлмекен Ужраева, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері

Бөлісу: