Халықаралық дәрежедегі кәсіпкер

«Керуен сарайы» кілемдер салоны 2001 жылы ашылды. Қазір «Фироз» деген атпен белгілі кілем дүкендері желісіне айналып үлгерді. Мұнда негізінен қолдан тоқылған кілемдер елге көрсетіледі.  Әрбір кілемнің қаншалықты еңбекті, өнерді, шеберлікті талап ететіндігі айтпаса да түсінікті. Бұл дүкендер желісінде шығыстың барынша сапалы тоқылған кілемдері жинақталған. Әр кілем жеке өнер туындысы іспетті. Оларды «Фироз» кілем дүкендері желісінің иесі Фарзанат Нәкібаева Ауғанстаннан, Пәкістаннан, Индиядан (Кашмир) және Түркместаннан өз күшімен алып келеді. Арасында қазақтың оюлы кілемдері де бар. Еңбектің қай түрінің де ел экономикасына келтірер пайдасы орасан зор.

Кілем –  қазақ халқының қолөнеріне  тән ұлттық, тұрмыстық мүліктердің бірі де бірегейі. Ертеде тұрмысы жақсы, дәулеті тасыған кез келген қазақтың үйінің төрінде оюлы, қолдан тоқылған кілем ілеулі тұрған.

«Қолдан тоқылған қымбат қалы-кілемдер туралы мәліметті екі мыңыншы жылдың басымен салыстырғанда бүгінгі күні еліміздегі әрбір екінші тұрғын біліп қалды.  Ол кезде қолдан тоқылған эксклюзивті кілемдерді тек қана шетелдіктер сатып алатын болса, қазір кез келген қазақстандық алып жүр. Бұл біздің жағдаймыздың жақсы болғанын, халықтың тұрмыстық мәселелерден шығып, әлемдік мәдениетті де меңгере бастағанын көрсетеді» деп білемін дейді кәсіпкер Фарзанат Нәкібаева ханым.

Түркі тектес халықтардың ішінде кілем тоқу өнері қазақ пен түркімен халықтарында ғана кездеседі. Қазақ халқында кілем тоқу ертеден дәстүрге енгенімен кешегі кеңес үкіметінің кезінде бұл қолөнер өндірісі тоқырауға ұшырады. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана кілемге қайта бет бұрыс жасалды. Онда да барлық жерде бірдей деп айтуға болмайды. Негізінен оңтүстік өңірлерде кілем тоқу жеке отбасыларының меншігіне ғана айналып қалды. Соңғы уақыттарда кейбір шағын жеке меншік өндіріс орындары кілем, текемет, алаша, басқұр, тағы да басқа қолөнер бұйымдарын шығарумен айналысып келеді. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде қолөнерге деген бетбұрыс әлі де өз дәрежесінде емес. Оларды жинақтап, көрме ұйымдастырып елдің назарына ұсынып жүрген кәсіпкерлер әлі де бірен саран.   Міне, кәсіпкер Фарзанат Нәкібаеваның жеке қорында әр жылдары тоқылған құнды жәдігерлерді де табуға болады. Оны да өз күшімен жинақтап, ел игілігі үшін көрмелерге шығарып жүр.

Ал туысқан түркімен халқында қолөнеріне деген қамқорлық қашаннан бері өз қарқынын әлсіреткен емес. Жылына бір рет кілем күнін (25 мамыр) өткізіп отыруы бұл сөзіміздің толық дәлелі. Сонымен қатар кілемдері де өрнегі мол, бояуы қанық, тоқылуы сапалы болып келеді.  Жалпы түркімен кілемінің көрнектілігін бұл күнде бүкіл әлем мойындап отыр.

Кілем тоқу түркімен халқының көне қолөнерлерінің бірі. Оның түп тамыры тым тереңде жатыр. Яғни, түркімен ағайын кілем тоқуды осыдан бес ғасыр бұрын қолға алғанын бұл күнде танып, біліп отырмыз. Түркіменнің Сумбар жазирасындағы Пархай өңірінде қазба жұмыстары жүргізілгенде халықтың көне қолөнерлерінің тарихын айқындайтын заттар табылған. Тіпті, қолөнерді тоқыған құралдарына дейін қазба жұмысы кезінде ұшырасқан.   Қабірлерден табылған саймандардың кейбірі кілем тоқуда қолданылып жүрген қазіргі заттармен сәйкес келген.

Түркімен мен қазақ арғы түбі ағайын, бергі жағы қойы қоралас, малы аралас қоңсы ел. Сондықтан да болар түркіменнің мәдениеті мен әдебиеті, әсіресе қолөнері бізге етене таныс. Үйіміздің төріне түркіменнің кілемін іліп, домбырамыздың үніне Мақтұмқұлының жырын қосып айтуды ежелден дәстүрге айналдырғанбыз. Әсіресе, Батыс Қазақстанның тұрғындарының кез келгенінің үйінен түркіменнің кілемін көруге болады. Тіпті, түркімен кілемі жоқ үйлерді мәдениеті жоғары санаттылыққа қоспайтындар да бар.  Жасыратыны жоқ, түркімен кілеміне деген сұраныс Қазақстанда бұрыннан бар. Қазір одан да жоғары болып отыр. Қазақ қолөнері дамыған ел бола тұрып, түркімен ісмерлерінен кілем тоқу тұрғысында үйренері көп.  Түркімен кілемдерінде даланың сұлулығы, ою-өрнегі бар.

 

Бөлісу: