Баласағұн Қазақ жерінде

26.10.2018 0 By admin
Уахит Шәлекенов,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, соғыс және еңбек ардагері.

Елбасының «Қазақстан- 2050», «Болашаққа бағдар»: рухани жаңғыру бағдарламаларының аясында тарихи Баласағұн қаласын қайта жаңғыртайық. Осы тарихи бағдарламалардың негізінде, ата- бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылықтарын қайта жаңғыртып, оларды Егемендік еліміздің талабы бойынша өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуге кеңінен пайдаланайық. Ұлттық сананы қалыптастыратын бірден бір пән, ол тарих пәні. Әрбір саналы азамат өз халқының тарихын білулері, оның перзенттік міндеті екенін естерінен шығармауы тиіс.Осы орайда , Елбасымыздың ұлтымыз үшін тарихи мәні зор бағдарламалары , көнерген қазақ халқының өте бай құндылықтарын қайтадан жаңғырту мен рухани серпілістің үлкен қозғаушы күшіне айналып тұр.
Қазақ халқының ғасырлар бойы агрессорлар мен күрескен азаттық күрестің нәтижелеріне қазіргі ұрпақтардың қолы жетіп, бақытты Егемендік Қазақстан Республикасын құрып, оны дамытып, әлемдегі 30 алдыңғы дамыған елдердің қатарына қосу үшін, қалқымыз күшінен жемісті еңбек
көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарымыз шоғырланған тарихи ескерткіштерді қайта жаңғыртуға кең жол ашты.
Егемендік Елімізде тарихтың барлық кезеңдеріне жататын ескерткіштер өте көп. Солардың бірегейі Баласағұн қаласы. Ол Жамбыл облысының Шу ауданында орналасқан. Оның үстінен Алматы- Тараз тас жолы өтеді. Ол табиғи географиялық аймақта орналасқан. Алатауда сағасын алатын Шырғау, Ақсу, Қарабалта және Тоқташ өзенднрінің Шу өзеніне құятын төменгі ағыстарында орналасқан Баласағұн қаласы. Бұл жердің тұрғындары құрғақшылықты сезбейді. Жері тегіс, суы мол, егістік және жайылым жерлер жеткілікті.
Баласағұнның тарихы да өте бай. Біздің зерттеулеріміздің барысында, оның алып жатқан жерінің бір бөлігі Жетіжардан 76 сақ обалары табылып оның үшеуі ғана зерттелді. Соған қарағанда Баласағұн қаласы көне замандағы елді мекеннің үстіне салынғанын жоғарыдағы обалар хабар саңғыртады. Сөйтіп Баласағұн ертедегі және ортағасырдағы әйгілі ескерткіш. Баласағұнның негізін қалаған Шу қаған. Ол Жетісу және Шу өзендерінің алқаптарын жайлаған сары үйсін руынан шығып Түркеш мемлекетін құрып, осы күнгі Шу станциясының оңтүстігінде бұрынғы «Белбасар» совхозының жерінде Шу қаласын салдырып, кейін мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласын салдырған. Бұрын Сужаб деп атайтын өзенді өзінің атына көшіріп, салған астананы Баласағұн деп атаған. Оның мәні бала- жас, сағұн- қаған деген мағынаны білдіреді, жас қағанның қаласы. Тарихи деректерде Баласағұн қаласын Шу қаған астанаға айналдырған.
Тарихтың кейінгі кезеңдерінде осы Баласағұн атымен Қарлұқтардың, Қарахандардың, қытайлардың V-VIII ғғ бас астанаса атанған. Оның жәрдемші астаналары- Өзкент, Тараз, Исфиджап қалалары атанған. Өзкент Қырғыстанның ОШ облысында Қарадарияның жағасында жайласқан.Баласағұн Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бойында орналасқан бірден бір саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми орталық болған және аты әлемге жайылған. Бұл қала туралы көптеген жазба деректер сақталған. Соның бірегейі Баласағұнда күнделікті намаз оқитын 200 мешіт, жұма намазын оқитын 40 мешіт, 10 медресе, 20 ханака тарихи деректерде жазылған. Бұл қаладан Баласағұн атауымен көптеген ғұламалар шыққан. Солардың бірегейі Жүсіп Баласағұни. Баласағұн шаһарінің дәуірлеген , гүлденген уақыты X-XII ғғ Қарахан империясының уақыттарына тура келеді. Бұл жылдарда қала үлкейіп, оның орталығы 70 шақырымды алып жатқан жер 52 км ұзындықты ені 7-8 км биіктігі 10-12м . дуалмен қоршалған.
Хорезм мемлекетінің ханы Мұхаммед Хорезм Шах Қарақытай мелекетінің батыс жағын басып алып, 1210жылы Таразы қаласына келген.
Бұл жерге Баласағұннан Гұрхан келіп, Тараз қаласында Талас өзенінің жағасында бір апта соғысқан. Бұл шайқаста Мұхаммед Хорезмшах жеңіске жетіп, Гұрхан жеңілген соң, қалған әскерімен өзінің астанасы Баласағұнға келсе, қала тұрғындары өзінің ханын қалаға кіргізбеген. Енді Гұрхан қаған қала тұрғындарымен бір апта соғысқан. НәтижесіндеГұрхан қалаға кіріп, Баласағұнды 3 күн өртеуге бұйрық берген. Нәтижесінде қала тұрғындары өртеніп, өлтіріліп қырғынға ұшыраған. Тараихи деректерде Баласағұнгда 47 мың адам өлтірілгені жазылып қалдырылған. Осындай жағдай ұшыраған қала қайта қалпына келе алмаған.
1218жылы Шыңғысхан Жетісуды иеленгеннен кейін, Баласағұн қаласы өз еркімен Шыңғысханға берілген. Сөйтіп уақыт өте келе даңқы әлемге жайылған. Баласағұн қаласы сахнадан түсіп, 14 ғасырда оның орналасқан жері де, атыда белгіСіз болып кеткен. Міне, бірнеше ғасыр мемлекет астанасы болған Баласағұн қаласы осындай жағдайға ұшыраған.
Тарихи деректерге қарағанда, Баласағұн қаласының орналасқан жері де және оның ежелгі аты да XIV ғасырда ұмытылған. XV ғасырда өмір сүрген түрік ғұламаларының бірі Мұхаммед Хайдар Дулати: «Баласағұн туралы еш нәрсе білмеймін» – деп текке айтпаған. Сол тарихи кезеңде бұл қаланың ел арасында белгісіз болғанын аңғарамыз. Тарихтың жаңа кезеңінде Баласағұн шаһарының орнын табу күрделі мәселелердің біріне айналған, алайда кейбір ғалымдар оған айрықша мән берген. Солардың бірі әйгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд. Ол Баласағұн қаласының тарихына және оның қай жерде орналасқанын зерттеген. Ол 1893-1894 жылдары Шу, Талас және Жетісу өңірлерін аралап, көне ортағасырлық қалалардың орнын көріп, олар жайлы өзінің «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг.» атты еңбегін жариялаған. Осы шығармасында алдағы уақытта да Баласағұнның орнын анықтаудың тарихи мәні зор екенін жазған және өзі де осы проблеманы шешуге әрекет еткен.
В.В.Бартольдтен кейін де Баласағұнның жұмбағын шешуге көптеген ғалымдар ұмтылыс жасаған, олар өз пікірлерін жазумен шектелген. Олардың арасынан А.Н.Бернштам, Л.Р.Қызыласовтар тарихқа «жаңалық» енгізген болып, көлемі шағын Ақбешім қаласының орнын Баласағұн шаһарының орналасқан жері деген мақала жариялау арқылы, ғылыми дәлелсіз жалған ақпарат берген.
Л.Р.Қызыласов белгілі тарихшы, археолог, ұзақ жылдар бойы МГУ-дың тарих факультетінің профессоры болып жұмыс атқарған. Ол Қырғызстанға келіп, Ақбешім мен Буранада көп жылдар археологиялық зерттеулер, тұрақты қазба жұмыстарын өткізудің нәтижесінде келесі қорытындыға келген, оны сол күйінде келтіруді жөн санадық: «Таким образом, ни городище Акбешим, ни городище Бурана не могут связываться с историческим Баласагуном. Их забытые имена еще предстоит установить историкам Киргизии. …Исторический Баласагун – блестящую столицу караханидов ХІ-ХІІ вв., город просуществовавший согласно письменным источникам, вплоть до XIVвека – надо искать в другом месте» (Кызыласов Л.Р. Археологические исследования на городище Акбешим в 1953 – 1954 гг.//Труды КАЭЭ. Т.И. М-Л. 1959. С.236), (Кызыласов Л.Р. Городская цивилизация Срединной и Средней Азии. М., 2006. С.226-235; Шалекенов У.Х. город Баласагун в V-XIII веках. Алматы. 2009. С.57-69; Научные труды. Т.І. Алматы. 2014. С. 69-82).
Белгілі шығыстанушы Л.Р.Қызыласовтың келтірген ғылыми дәлелденген тұжырымдамасымен келіспеу қиын. Себебі ол Ақбешімді кең көлемді зерттеп, олардан табылған жәдігерлерге талдау, жасау арқылы жоғарыда айтылған қорытындыға келуі, профессор Л.Р. Қызыласовтың ниеті таза, шынайы ғалым екенін байқатады. А.Н. Бернштаммен бірге жіберген қатесін ашық мойындаған.
Баласағұн Қазақ жерінде. Енді Баласағұн қаласының Қазақстан жерінен табылғанына қысқаша тоқталайық. 1973 С.М.Киров (қазірде әл-Фараби) атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих факультетінің студенттері тәжірибеден өтетін ескерткіш қажет болды. Ондай ескерткіштердің шоғырланған жері Жамбыл облысының Шу ауданы екенін еске алып, бірқатар ортағасырлық қалалардың орнын көріп, нәтижесінде осы аудандағы «Калинин» колхозының жеріндегі «Ақтөбе» атты ескерткішке тоқталдық. Ескерткіш Ақсу өзенінің жағасында орналасқан және жанынан Алматы-Тараз даңғыл жолы өтеді екен. Ақтөбенің биіктігі 20 м астам төбесіне шығып, айналасына қарасақ, сансыз үлкенді-кішілі төбелерден құралған ортағасырлық қаланың орнын байқадық. Осы ескерткіштің университеттің археологиялық базасы болуға лайықты екенін сол кездегі университеттің ректоры, ұйымдастырушылық қабілеті керемет Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековке айтқан едік, ол бірден қолдау көрсетті, содан Ақтөбеде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды.
1974 жылы университеттің археологиялық экспедициясы (УАЭ) ұйымдастырылып, оқу және зерттеу жұмыстары басталып кетті. Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтті. Тарих факультеті ұстаздарының басшылығымен студенттер археологиялық тәжірибеден өтіп, ескерткіш сырын зерттеп келеді. Оның қиындығына тоқталмай, тек нәтижесіне тоқталуды жөн санаймын. Нақты айтар болсақ, осы аталған ескерткіш археологиялық тұрғыдан зерттелмеген, жұмбағын талай уақыт құм астында сақтаған қала еді. Осы қиынның қиыны Ақтөбенің жұмбағын шешуге кірістік. Алғашында біздің ойымызда Баласағұн қаласын зерттеп жатырмыз деген түсінік болмаған. Негізгі мақсатымыз – Ақтөбенің қандай қаланың орны екенін анықтау ғана болатын.
Алдымен ортағасырлық Ақтөбе ескерткішінің алып жатқан жер көлемін анықтау керек болды. Ол үшін 1980 жылы 5 мамырда ИЛ-14 ұшағымен 1:2000 масштабта аэрофототүсірілім жасалды. Нәтижеде Ақтөбенің алып жатқан жер көлемі 150 ш.км, оның орталығы 70 ш.км құрайтыны анықталды. Ескерткіштің макро және микро картасы жасалды. Қаланың орталығы 52 шақырым қамалмен қоршалған. Оның ені 5-6 м, биіктігі 6-7 м. Шаһардың айналасында қарауыл төбелер орналасқан. (Шалекенов У.Х. Ғылыми еңбектер, Т.І. Алматы, 2014.377-386-б.). Қала үш бөлімнен құралған: цитадель (кухендиз), шахристан (медина) және рабад. Осы бөліктердің бәрінде де жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде
Ақтөбенің сыры ашыла түсті. Қала көп қабатты: V-VIII ғасырлар, ІХ-ХІІ ғасырларды қамтиды.
Ақтөбенің үстіңгі қабатында Қарахан дәуірінің жәдігерлері: хан сарайлары, мұнаралар, монша, су құбырлары, ақша шығаратын сарай, көптеген бөлмелер, қолөнер орталығы және т.б. жатыр. Қарахан мәдениеті Ақбешімнен де, Буранадан да табылған жоқ (Сонда 386-443-б.). Осы ашылғандардың ішінде жазулары бар жәдігерлер кездеседі (Бекжан О.Д. Ақтөбе қала-жұртынан табылған Баласағұн атауына қатысты және басқа да жазулардың мағынасы (Сонда 520-539-б.). Бұл жазбаларда: «Баласағұн ұлы қаласының орталық мешіті; Баласағұн балқы мәркез мәсджідіне Мұхаммед ау Али Шер» сияқты сөздер жазылған. Ұзақ жылдардың ішінде Баласағұннан табылған деректерге негізделіп, студенттер курстық және дипломдық жұмыстар жазды. Ал ұстаздар қауымы монографиялар мен көптеген ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Солардың ішінде: Шәлекенов У.Х. Құм басқан қала. Алматы. 2006; Баласағұн альбом. Анкара. 2006; Ғылыми еңбектер. Т.І.(қазақ, орыс тілдерінде). Алматы. 2014 және т.б. Осы және тағы басқа ғылыми еңбектерде Баласағұн проблемасы жан-жақты талқыланды. Бізге Ақтөбе атауымен жеткен, ертедегі ортағасырда Түргеш (Сарыүйсін) Қарлұқ, Қарахан және Қарақытай мемлекеттерінің бас астанасы, ірі саяси, экономикалық және мәдени орталығы болған Баласағұн қаласы екені ғылыми тұрғыдан дәлелденді. 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жиналған құнды деректер, жәдігерлер Баласағұн қаласының тұрмыс-тіршілігін толықтай сәулелендіреді. Кеңес Одағының тұсында ауылшаруашылығы саласының мамандары осы ескерткішті бұзса да, астана болған көне қала өз сырын топырақ қойнауында сақтап қалған. Шу, Талас өңірлерінде осындай үлкен ортағасырлық қаланың орнын кездестіре алмайсыз. Әйгілі Баласағұн сияқты қаланың Қырғызстан жерінде орналасатынына қарасты аймақтардың бар екені байқалмайды.
Ақтөбенің Баласағұн екендігін дәлелдейтін М.Қашқаридың «Түрік сөздігі» деген еңбегінде тайға таңба басқандай етіп жазған Баласағұн қаласының төңірегіндегі тарихи жер атамалары: Баласағұн тауы (Әулие тау), Бақырлығ тағ – Мысты тау, яғни мысы көп тау; Юн-Арық – Баласағұн қаласының жайлауы. 1989 жылы Баласағұн қаласының төңірегіндегі тарихи жер атамаларын анықтау мақсатында этнографиялық зерттеу жұмысы ұйымдастырылып, аталған жерлер анықталды (Шәлекенов У.Х. V-XIІІ ғасырлардағы Баласағұн қаласы. Алматы. 2006. 172-185-б.). Осы аталған еңбектің көрсетілген беттерінде Баласағұн тауы, Бақыр тау, Юн-Арық (Жанарық) тарихи жерлердің қай жерлерде орналасқаны жазылған. Бұндай ономастикалық – тарихи жерлерді Ақбешімнен де, Буранадан да төңірегінен таба алмайсыздар.
Жүсіп Баласағұнның бір бәйетінде: – Сөзің қысқа, өмірің ұзақ болсын! – деген екен. Бізде сөзімізді тұжырымдайық. Көп жылдар бойы жүргізілген кешенді археологиялық зерттеулердің барысы мен нәтижесінде жинақталған мол деректердің негізінде 6 ғасырға жақын уақыт жұмбақ болып келген тарихи Баласағұн қаласының орны ғылыми тұрғыдан анықталып, шешімін тапты. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Баласағұн қаласы – Жамбыл облысының, Шу ауданы, бұрынғы «Калинин» колхозының жеріндегі «Ақтөбе» деп аталып келген археологиялық ескерткіш. Қазіргі уақытта бұл жер Баласағұн ауылы деп аталатын болды. Бұл ғылыми негізделген тұжырымдамамызды ешкім жоққа шығармайтын айрықша айта аламыз.
Бүгінгі таңда Баласағұнда археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Оның бергенінен әлі де берері мол. Баласағұн тарихи ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Осы аталған киелі әрі көне қаланың төл тумасы Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойын жалпы түрік әлемі де, Қазақстан Республикасы да айрықша көңіл бөліп, жоғары деңгейде атап өтпекші. Осыған орай Баласағұн ескерткішіндеде кешенді зерттеулерді жалғастырып, жүргізуге жағдай жасалса деген ниет білдіреміз, үміттенеміз. Себебі бұл қала көп қабатты, ол қола дәуіріндегі қоныстардың орнына салынған. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Баласағұнды қайта жаңғырту жұмыстарына мұрындық етіп келеді. Таяу жылдарда осы ескерткіш ашық табиғаттағы ғылыми-туризм орталығына айналуы керек. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрліктері бірлесіп, Баласағұн қаласын ұзақ жылдарға арналған кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алып, жалғастыруға басшылық жасаса, «Баласағұн кешенді археологиялық-этнологиялық экспедициясын» ұйымдастырса, түрік әлемінің тарихына қатысты тағы да бір тың мәселе өз шешімін табар еді.

Бөлісу: