Батамен ел көгереді

1
Қазақтың игі дәстүрлерінің бірі – бата беру. Аузы дуалы, көпті көрген, көкірегі жарық, абыз ақсақалдан бата алуға әркім-ақ құштар. Алғаусыз көңілден шыққан ақ тілек, адал ниет, ыстық ықыластың туындысы – батаның түрі көп. Бата беру дәстүрін жаңғыртып, мәні мен маңызына, түбі мен түріне үңіліп, шебер батагөйлердің ақ батасын көпшілікке үлгі етуді, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеуді көздеген облыстық «Батагөй» байқауының бағасы бөлек.

Дәстүрге айналған байқауды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Алматы облыстық және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе ұйымдастырды. Облыс орталығындағы Тіл сарайында байқау жеңімпаздары марапатталып, құрметке бөленді.

Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек салтанатты жиынға қатысқандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, Талдықорған қаласының облыс орталығына көшкеніне 20 жыл толуымен және Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бағзыдан бір ауыз аталы сөзге тоқтаған халқымыздың бата беру әдебі туралы толғамды ойымен бөлісті. Ал Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Керімбеков батаның түрлеріне тоқталып, оны судыратып жаттап алмай, қарапайым да көркем тілмен жеткізген жөн деген пікірін айтты.

Биыл елдегі ахуалға байланысты байқау онлайн түрде өтті. Жетісудың батагөйлері ел арасында кең таралған және өздері жазған батаны бейнетаспаға түсіріп, қазылар алқасына ұсынды.

Байқаудың бірінші кезеңінде аудан, қалалар өз ішінде іріктеу өткізіп, озық шыққандар облыстық кезеңге жолдама алды.

Байқауды ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, аталы сөздің сайысына барлығы 174 үміткер ұсыныс білдірсе, 37 үміткердің бейнероликтері облыстық кезеңде сынға түсті.

Үміткерлердің ең жасы 37 жаста болса, ең үлкен батагөй 85 жастағы қария. Қазылар алқасының мүшесі, дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы байқауға келіп түскен бейнеролик пен бата мәтіндерінің көркемдік деңгейіне, түсірілімнің сапасына және бата мәтініне мән берілгенін атап өтті. Салтанатты шарада Қожамсейіт Сүлейменов, Кәмнұр Тәлімов, Бақытбек Қауыш «Шебер орындаушы» аталымын иеленсе, Рақымғали Өтегенов, Бақытжан Атагелдиев, Мұрат Мықышев «Үздік батагөй» атанды. Жеңімпаздарға диплом, кітап және ақшалай сыйлық табыс етілді. Ақтық сынға өткен барлық қатысушы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

«Батагөй» байқауында «Шебер орындаушы» атанған ақын, сазгер, Талғар ауданының Құрметті азаматы Кәмнұр Тәлімұлының республикалық додаға аттанарда
«Жетісу Өнер көкпары» командасына берген батасы:

Қыздырып Өнер шоқтарын,
Жиналған өңшең көп дарын.
Берейін бата құттықтап,
Жетісу өнер көкпарын!
Тұрғызып өнер дауылын,
Қуантып қазақ қауымын.
Жол бастап барған көкпарға,
Тушаев Бақыт бауырым!
Жарыста болып табысты,
Үдетіңдер шабысты!
Сом білек, батыр жігіттер,
Бермеңдер қолдан намысты!
Жігіттер өңшең от дарын,
Бірлікпен түзеп саптарын.
Қуантсын ұлы додадан,
Сүрінбей келіп аттарың!
Өнердің ашып қатпарын,
Күн сайын өрлеп бақтарың!
Биікке алып шығыңдар
«Жетісу өнер көкпарын!»
Әумин!

«Үздік батагөй» атанған қапшағайлық Атагелдиев Бақытжан ақсақалдың батасы:

Я, Алла!
Күллі әлемді дүрліктіріп жатқан
мына ковид деген дерттен сақта,
Алапат өрттен сақта. Зілзаладан, сілкінген жерден сақта,
Құтырған құйын, дауылды желден сақта.
Топан су, селден сақта,
Кенезеңді кептірген қаңсыған шөлден сақта!
Я, Алла!
Аспаннан жаудырып,
Жерден өндіріп,
Қоймамыз дәнге толсын.
Дастарқанымыз дәмге толсын.
Өрісіміз малға толсын,
Құшағымыз жанға толсын.
Келіндер қос-қосынан бала тапсын,
Сериал мен уатсап қуып жүрген әжелер бала бақсын.
Ниетіміз тарылмасын,
Төрімізден қонақ арылмасын.
Тек қана жақсылық болсын,
Заманымызға тыныштық берсін.
Жерімізді жат аяғы баспасын.
Осы тілегімді Аллам қабылдасын!
Әумин!
Бөлісу: