Бата – тәрбиенің бастауы

Бата – тәрбиенің бастауы

23.11.2019 0 By admin

Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған, тәрбиенің бастауы болған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста үзіліссіз жалғасып жүрген дәстүрлердің бірі. Бата оқылған кезде үлкендер де, кішілер де әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Себебі қазақ халқы батаға үлкен сеніммен қарап, ерекше ықыласпен қабылдаған.  

Қазақ халқындағы сан ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан бата сұрау мен бата беру үрдісінің түп-төркіні Ислам дінінде жатыр.

Батаның шығу тарихына қатысты зерттеушілер бір пікірге тоқталмаған. Кейбір мамандар оның араб елінің «фатеке» сөзінен шыққанын айтады. Фатеке дегеніміз – алғыс айту, ақ тілек білдіру дегенді білдіреді.

 Жалпы батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғандықтан, қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.

Бата беру – адал ниет, жақсы тілек, білдірудің ұлттық дәстүрі. Сондықтан дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда т.б. адам өмірінде кездесетін қуаныштарда той иесіне арнап қол жайып, бата беріледі.

Сондай-ақ алыс сапарларға, жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың  ежелден келе жатқан, кең таралған баталар бар.

 Батаны көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер берген. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда медет беретін, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептеген.


«Батаменен ел көгерер» Батыс аймақтық бата беруші байқауының фотосуреті 2019 ж.

  Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. [1]

Халқымызда «Батамен ел көгерер,жаңбырменжер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қанатты сөзді халқымыз текке айтпаса керек. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі айтылады. [2]

Қазақтың бата сөздері – тамыры тереңде жатқан, тарау-тарау халық тарихымен тағдырлас, қиын уақыттың небір талқысына да түссе де, елдің тұрмыс салтында тайға таңба басқандай айқын із қалдырған, бүгінгі күнге жетсе де, тынымсыз талғампаз талай ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол тамаша мұрамыз. Осынау кәделі қазынаны игеріп халықтың өз игілігіне жарату, жас ұрпақтың санасына сіңіру – уақыт талабы.

     «Бата» сөзінің қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, оның ұғымының тек тілек немесе жүрекжарды сөздер ғана емес, қолдану аясы әлдеқайда кең әрі рухани қазына екенін аңғаруға болады. Бата беру қазақ халқында әртүрлі жиындарда орындалып отырған. [3]

Батаның ең көп тараған түрлері бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, қан майданға аттанғанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде айтылады. Соған қарай алғыс айтқанда, игі бастамаларға, мерекеде, жорыққа, тойда, асқа берілетін бата болып бірнеше түрге бөлінеді.

       Міне, осы бағытта ұлтымыздың ұлы құндылығы бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу, ел арасында бата берушілерді насихаттау мақсатында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі тәрбейлі мәдени шараларды ұйымдастырып келеді.

 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай Батыс аймақтық бата беруші ардагерлер арасында Атырау облысы әкімдігі және Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқауы болып өтті.

              Байқауға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 21 үміткер қатынасты.

        Байқау барысында осы шараға арнайы дайындалған «Батаменен ел көгерер» кітабының тұсаукесер рәсімін Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Наутиев пен Атырау облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Ризуанов жасады. 

Байқаудың шарты бойынша үміткерлер үш бағытта бағаланды.

  1. Ел есіндегі баталар (тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре айту);
  2. Ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне арнап, өзінің батасын беру (бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, жас жұбайларға, жаңа қонысқа және т.б);
  3. Ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беру.

Байқау  қорытындысы бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ардагері Сердалин Ертай, І орынды  Атырау облысы, Индер ауданының ардагер Әділов Уахит, ІІ орынды Атырау облысы, Индер ауданының ардагері  Берғалиев Молдабай мен Құрманғазы ауданының ардагері  Сабыров Ғалымжан, ІІІ орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ардагері Құмашев Таған, Ақтөбе облысының ардагері Қабижанов Марат және Атырау облысы, Атырау қаласының ардагері Батырқайыров Ақмырза иеленді. Байқауға қатынасқан ардагерлерге түгел Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Шара барысында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының фойесі мен сахнасына музей қорындағы этнографиялық ұлттық жәдігерлерден көрме жасақталып, Н.Жантөрин атындағы филармонияның ұжымы концерттік бағдарламамен және Амангелді халық театрының әртістері әрбір батаның мазмұнына қарай театрландырылған қойылыммен қатынасты. [4]

 «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп даналарымыз айтқандай, жоғарғы деңгейде өткен байқау биылғы жылы республика көлемінде өткізуге негіз болды.

 Тәрбиенің қайнар көзі болған батаны насихаттап жүрген батагөй аталарымызды насихаттау мақсатында Республикалық «Ардагерлер Ұйымы» Орталық Кеңесі және Атырау облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары орай «Батаменен ел көгерер» республикалық ашық байқауы өткен жылғы байқаудың жалғасы іспетті болды.

Байқау Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын,  Қазақстанның батыс өңірінде сақталған халқымыздың ежелден келе жатқан 14 наурыз – көрісу мейрамы аясында өтті.

       Байқауға республиканың Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен  өңіріміздің 14 облысы Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстанда өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 17 үміткер қатынасты.

       Байқауға Республикалық «Ардагерлер Ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор, комиссия төрағасы Ө.Озғанбаев, мүшелері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, Құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төралқа мүшесі Б.Тұрғараев, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ш.Бейсенова, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің директоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ж.Ерғалиев, Атырау облысы «Қоғамдық кеңесінің» төрағасы, Атырау облысының «Құрметті азаматы» М.Өтешов, Қазақстанның халық әртісі М.Өтекешова, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Өнер академиясының мәртебелі профессоры Н.Иманғали бастаған қазылар алқасы қазылық  етті.

Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан республикасы «Ардагерлер Ұйымы» Орталық кеңесінің жауапты хатшысы К.Бекмағамбет және Республикалық «Ардагерлер Ұйымы» Орталық кеңесінің жұртшылықпен байланыс және баспасөз бөлімінің басшысы Ж.Елубаева қатынасты.

            Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Алматы облысының ардагері Жақыпбек Өмірбек, І орын Павлодар облысынан Балтабай Сыздықов, ІІ орынды Атырау облысы, Исатай ауданының ардагері  Әділов Уахит, Шығыс Қазақстан облысы Мұхамеджан Рашитбек, ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ардагері Сердалин Ертай, Маңғыстау облысы Қаржаубай Рейімбайұлы, Ақмола облысы Жақсыбай Ахметов иеленді. Байқауға қатынасқан барлық ардагерлерге Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. [5]

       Бұл ұйымдастырылған шаралардың кейінгі ұрпаққа берер тағылымы өте зор. Себебі  шарада тәрбиелік мәні бар баталар халық назарына ұсынылды.

Ия, бата – жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің көрінісі. Бата сұрау – өзі қалаған адамнан ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс сұрау деген сөз.

Қорыта айтқанда, қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған.    

Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.

Бөлісу: