Батыс қазақстандық мұғалім жалаңаш отырып видео түсірген

49

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында ата-аналар TikTok-та әдепсіз видео түсірген мұғалімнің үстінен шағымданды. Бұл туралы «Дәстүр» сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Январцев орта мектебінде баласы оқитын ата-аналардың айтуынша, меңгеруші қызметін қатар атқаратын ағылшын тілі пәні мұғалімі TikTok-та арнайы эффекттер мен бейәдеп сөздерді қолданып видео түсірген. Сол видеоны желіде жариялаған. Ал мектеп оқушылары әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Олар ұстазының парақшасына тіркелген және оның видеосын қарайды, дейді оқушылардың бірінің анасы.

«Менің қызым телефонды қолынан тастамайды. Қазір TikTok пайда болды, сол жақта бәрі видео жариялайды. Мұғалімі TikTok-қа әдепсіз видеолар жариялайды. Ол видеода боғауыз сөздер де бар, мұғалім кеудесін жалаңаштап тастаған. Шәкірттері оны көреді», – дейді ол.

Әйел ұстаз балаларға үлгі болуы қажет деп санайды. Сондай-ақ мұғалімдердің мұндай видео жариялауына қарсы.

«Оқушылардың ата-анасы бұл туралы мектеп әкімшілігіне айтты, бірақ ешқандай жауап болған жоқ», – дейді әйел.

Ал Бәйтерек аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин видеоны енді көріп отырғанын мәлімдеді. Ол жағдайды шешуге уәде берді.

«Мектепке барып, жағдайды реттеймін. Мектеп директорымен сөйлестім, ол ата-аналардың бұл мәселе жайында айтпағанын жеткізді. Қандай жағдай болмасын, мұғалім мұндай видео жарияламауы керек. Жалпы мұғалімдер балаларға үлгі болып, әлеуметтік желіге жүктейтін материалдарын бақылап отыруы тиіс», – деп түсіндірді Сафиуллин.

Ал мұғалімнің өзі бұл видеоны жариялағанына өкінеді.

«Мұның қате болғанын түсінемін және өкінемін. Парақшамды өшіремін. Оқушылар мен әріптестерімнен осы видеоны жүктегенім үшін кешірім сұраймын», – деді мұғалім.

Қазір мұғалім әлеуметтік желідегі парақшасын өшірді, видео да жойылды.

Бөлісу: