Бесік – тәрбиенің қайнар көзі

1

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры жылдан-жылға әр түрлі құнды жәдігерлермен толығып келеді. Солардың бірі – 2020 жылы мұражайдың қорына қабылданған XIX ғасырдағы бесік.

Бесік – нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Ол көшпелі ата-бабамыздан қалған қасиетті мұра. Көшпелі өмір кешкен қазақ халқының арасына ертеден таралған деседі. Жалпы, бесік қайдан пайда болды? Осы орайда сіздерге бесіктің пайда болуы туралы халық арасында тараған мына бір аңызды ұсынбақпыз.                   

Ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған екен.

Айдархан бидің әкесі төңірекке белгілі Мизам баба қазақ даласына ағаш отырғызып, орманды көбейтумен айналысқан. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріп, еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар жайқалып өскен. Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қаскөйлер, бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би, алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйіне қайтады. Ауылға жеткен кезде ол ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп, қатты қапаланады.

Жылдар өте келе, Айдархан би үйленіп, тұңғышы өмірге келеді. Сәби тоқтамамастан жылайды. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағынан Айдархан қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды. Осылайша, «бесік» көшпелі қазақ халқының ажырамастай мұрасына айналады.

Ата-бабаларымыз бесікті қасиетті, киелі, құтты мүлік деп санаған. Төле би бабамыздың: «Жоңғарлар шапқыншылығынан тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, көшіп келе жатқанда, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», — дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», — деген екен.

Қазақ бесікті әр түрлі үлгіде жасаған. Қарағайқайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды.

Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра тікбұрышты, екі басы ағаштан иіліп, ортасы ұзын ағашпен біріктірілген. Түбіндегі қиюластырылған ағаштың беті  қалың жіппен торлап өрілген. Мұндай бесіктің құрылымы алып жүруге жеңіл, ықшамды, әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болды.

Бесіктің жабдықтарына – түбек, жөргек, құс төсек, жастық, шүмек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы жатады.

Бесіктің бекітілген тұсындағы ойыққа түбек орнатылады. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Бетіне жөргек – жұқа басылған киіз төсеніші төселеді де, түбектің түсетін тұсына ойығы бар құс төсек жайылып, бас жағына бесіктің енімен сәйкес келетін кішкене жастық салынады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатқан. Тартпа бауларды құр тәрізді биязы жіптен немесе екі-үш қабат матаны сырып тіккен. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарына таңылады.

Данышпан бабаларымыз бесіктің сәбидің денсаулығына пайдасының зор екенін ажырата білді.Себебі арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың кіші дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына септігін тигізеді. Яғни, бесік баланың таза жатуына көмектеседі.

Бұл үй шаруашылығымен айналысқан анаға қолайлы болған. Сондай-ақ көшіп-қонып жүргенде, баланың денінің сау болып өсуіне өте тиімді болған. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Сондықтан баланы бесіктен жиі-жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасап отырады.

Баланың қолы мен аяғы мықтылап байланып тұратындықтан, бұл оның оянбай ұзақ уақыт бойы тыныш ұйықтап жатуына мүмкіндік береді. Ал, бесікке орнатылған түбек аналарды сәбидің жаялығын уақытында ауыстыру қажеттілігінен босатады. Сонымен қатар, баласы бесікте жатқан аналар әрдайым нәрестені біраз уақытқа жалғыз қалдырып кетсе де, сәби одан құлап кетеді деп алаңдамайтын. Және бесiкте жатқан балалар қыңыр емес, тыныш, сабырлы болып өседі деп санаған.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деп айтып кеткеніндей, отбасындағы тәрбиенің басы тал бесіктен басталады. Бесік – тәрбиенің қайнар көзі. Қазақтар бесікке үлкен мән беріп, қасиетті мүлік деп білген.

Баланы бесікке салу ырымы ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлердің бірі. Жас нәрестенің дүниеге келуі  отбасы мүшелеріне үлкен қуаныш. Сондықтан туған баланың кіндігі түскен соң оны бесікке салған.

Бесікке салу рәсіміне ауыл-үйдің әйелдері шақырылады. Бесікке салуды ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырған. Бір-екі келіншек бесікті жақсылап жабдықтаған соң, алдымен, бесікті отпен аластап алады, сонан соң «тыштырма» жасайды. Бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беруді осылай атайды. Бұдан соң нәрестені айнала отырып, бесікке бөлеп, оның үстіне жеті немесе тоғыз нәрсе жабады. Яғни, баланы әруақтар қорғап жүрсін деп, ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды.

Иә, бесік – өмірге жаңа келген сәбидің ақ отауы. Қазақ баласы бесік жырын тыңдап өскен. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбиенің бірі.   «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Бесік тәтті ұйқының кепілі ғана емес, сондай-ақ тәрбиемен және сәбидің анамен рухани байланыс орнатудағы қайнар көзі. Бала онда жатып, анасы шырқаған бесік жырын естиді. Ананың дауысы балаға өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді, ал бесікті тербеу нәрестені тыныштандырып, жүйке жүйесінің дұрыс дамуына көмектеседі.

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде.

Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді.

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығып, есте сақтау қабілеті жақсы жетіледі.

Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай дем алмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.

Бесікке асыла отырып, мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Ендеше тәрбиенің қайнар көзі –бесіктен асқан киелі мүлік жоқ екенін естен шығармайық.

Светлана Нұрпейісова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сектор жетекшісі.

Бөлісу: