Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды dasturkb.kz.
Үкімет отырысында энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің елді мекендерін газдандыру туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Жалпы елді газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады, ол Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша 2022 жылы жаңартылған болатын.
Одан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов газдандырудың бас схемасын іске асыру туралы айтып берді.
«Бас схеманы қаржыландыру бюджет қаражаты, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор – “QazaqGaz” компаниясының кірістері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. Жобаларды бюджеттен қаржыландырудың ұлғаюы газбен жабдықтау деңгейін 11%-ға немесе 2018 жылдан бастап қосымша 2,6 млн адамға газға қол жеткізуге мүмкіндік берді», — деді энергетика министрі Болат Ақшолақов.