Кимешектің түрлері өте жақсы сақталған Қытай жағындағы қазақ аймақтарында Керей кимешек, Уақ кимешек, Найман кимешек, Албан кимешек, Суан кимешек, Қызай кимешек секілді 6 түрі бар. Төрт сайлы Керей тұмақ, алты сайлы Уақ тұмақ, Найманның жабасалмасы (төбесі аласа, қос құлағы иықты жапқан тұмақ), Албан қалпақ, Суан қалпақ, Қызай қалпақ деген ерлерге арналған бас киім түрлері де сүйікті мәдениетті құрайды.
Бір кимешектің тарихы. Бұл қандай қызықты тарих болмақ? Осы кимешек түрі өте жақсы сақталған, ел болып, түгел киілетін Қытай жағында Суан кимешек пен Қызай кимешектің үлгісі біп-бірдей. Пішіні ұқсас бола тұра, олар екі рудың кимешегін бір атаумен атамай, Суан кимешек, Қызай кимешек деп бөліп айтады, өстіп, өз руларын танытады. Қызайлар шежіре бойынша Найман – Төрт Төлегетай – Матай – Аталық – Қызай болып таратылады. Бірақ, Хан әулетінің – династиясының деректеріне қарасақ, Қызай руы 2 мың жылдан бері Күнес, Құтыби жерін бөліне жайлаған жергілікті тұрақты ел ретінде айтылады. Киім-кешек мәдениеті мен бойшаңдығы, ат жақты, қою қасты бет-әлпеті дөңгелек жүзді, қасы сұйық келетін, бойшаңдары аз басқа Найманнан толықтай парықталады. Найман руында көп түрлі генетикалық галлогруппа кездеседі. Найман өзі Төлегетай, Ергенекті, Балталы-Бағаналы деген 3 негізгі рулар одағынан тұрады. Әуелгі ноқта ағасысы – Бағаналы болғанымен, кейінгі ноқта ағасысы – Елата (Терістаңбалы). 2 мың жыл бұрынғы Қызай Сақтардың бір тармағы болған. Біздің қазақта Есіктегі алтын адамның тікелей мұрагері болып саналатын Ошақты мен Суан бар. Бұл екеуінің генетикалық тегі өзара ұқсас. Сақтардың нағыз жергілікті галлогруппасы. Қызай мен осы рулардың өң-әлпеті, дене тұрқы ұқсағанымен, тіпті кимешегі ұқсас болса да, Қызай руының жеке дара генетикалық тегі анықталмаған. Бұл көптеген тарихты індете түсінуге бөгет болып отыр. Қызай руы Қызай ананың атымен Қызай аталған делінеді. Рудың әсілгі есімі – Шағыр екен. Қызайды Үйсін бегі Бәйді бектің қызы дейді. Найманның Қаракерейлері біздің Мұрын ана Қызаймен бір шаңырақтан, екеуі де Бәйді бектің қызы деп санайды. Мұрын ананың әсілгі есімі Бейсеқан еді делінеді. Оларда Қызай ананы Дүзай ана деп те айтатын нұсқа бар. Қаракерейдің Сыбандары «руымыздың атына айналған Сыбан ана Бәйді бектің қызы делінгенімен, әсілінде оның ұлы Албанның қызы екен. Үлкен үйде, атасының қолында өсіпті» дейді. Қытай тарихында осыған сәйкес келетін Үйсін бегінің бірінің аты шынымен Дүзайға аттас келіп, Дисы деп дыбысталса, екіншісінің аты Сыбан деген сөзге жақын түрде дыбысталады, яғни Сугуаң деп. Қытай тарихында екі қызды алған адамға дейін анық жазған. Жарайды, біз Мұрын ана мен Қызай ана туралы екі бөлек мақала жазып, жария қылғанбыз. Біздің мақсатымыз – Сақтардың рухы қалған өзара байланысты үш рудың кимешегінің пайда болу тарихын жіліктеп, мүшелеп беру.
Ошақты үшбұрыш ошақ тастың бейнесін таңба етеді. Бұл Сақтардың айқын таңбасы. Бұл таңбаны XIV-XV ғасырдағы Әмір Темір өзінің Тұран әмірлігінің елтаңбасы еткен.
Суанның екі бұтты ошақ таңбасы да отпен, ошақпен байланысты.
Қызайдың су құятын шақшаға ұқсайтын, жанып тұрған оттан аумайтын, отты білдіретін Хуо деген ежелгі иероглиф тектес аталық таңбасы да ошаққа байлана түседі.
Пішіні ұқсас Суан, Ошақты, Қызай кимешектерін Сақтардың кимешегі деп айтуға әбден негіз бар. Сақтың кимешегін осы аталған рулар сақтап қалды десек, бұл кимешектің бастау көзі неде?
Заманымызға дейінгі 250 жылдан Парфия жұртының Аршак династиясы басталады. Билеушінің атына ер (батыр) деген атауды қосып отыратын елдердің бірі осы ел. Сақ сөзі алғашында Шақ болып дыбысталған. Ер сөзі ар, ор деген дыбыстаулармен Ар-Шак (Ер-Шақ, Шақ ері), Артабан (Ер-Табан) деген билеушілерден осы аңғарылады. Қызайдың әсілгі есімі болып тұрған Шағыр (Шақ-ер, Шақ ері) мен жаңағы Парфия билеушісінің аты Аршак (Ер-Шақ) қандай жақсы жақындыққа ие? Ол ғана ма? Біз қазір ұқсас тігілетін Суан кимешек пен Қызай кимешектің үлгісін осы Аршак патшаның теңгеге ойылған суретінен, жайпақ тәж бейнесінде көре аламыз. Аршактан кейін таққа кіші Аршак патша келеді. Оның да кигені тура осындай жайпақ тәж екен. Оның алды аласа, арты биік, жайпақ тәжі, қарақұсының жоғарғы жағындағы кетік аралық, жайпақ тәждің астындағы маңдайды жиектеп торлап тұрған, қатарласа қадалған жылтыр қыпықтары бүгінгі Суан, Қызай кимешектерінің үлгісін толық қайталайды. Біз атаған кимешектерден аумайтын осы жайпақ тәж Парфия билеушілерінде 59 жыл киілсе, осы үлгінің сәл өзгерген түрі 20 жыл киілген екен. Осы Парфия билігін ұстап тұрған әулеттер Сақтар болатын болса, осы мемлекеттің құрылуына Суан, Ошақты, Қызай руларының ата-бабалары ат салыса білді деуге болады. 79 жылдық даңққа бөленген осы ерекше жайпақ тәждің Сақ ұрпақтарында кимешек ретінде матада тігіліп бейнеленуі көз шымырлатар көк сеңгір тарихтың жүлгесін көрсетеді.
Мүбарак Қизатұлы, ақын
Фото интернеттен алынды.