Дін-діңгегіміз мықты болса…

108

Білетіндер ХХI ғасырды «Жамағаттар ғасыры» дейді. Яғни, белгілі бір ірі-ірі діни ұйымдар мен қозғалыстардың дәуірі деген сөз. Ол ұйымдар мен қозғалыстардың айналымында миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржылары болады. Өздерінің телеарнасы, газет-журналдары, университеттері, басқа да білім ошақтары, қайырымдылық қорлары бар. Олардың бәрін қаржыландырып отыру әрі пайда табу үшін гипермаркет секілді ірі сауда желілері, үлкенді-кішілі зауыт, фабрикалары тағы бар дегендей. Түрлі тренингтер өткізеді, ағылшын курстарын ұйымдастырады, балалар лагерін ашады. Жамағат жинау үшін бәрі тегін. Бастапқыда тегін болған батпан құйрық ары қарай өзіңді сора бастайды. Бизнесі кең қанат жаю үшін ондай ұйымдар өз елімен шектелмей, өзге де мемлекеттерге ұя сала бастайды. Оның мысалын бүгінде әлемнің дамыған елдерінің бәрінен, Батыстан да, Шығыстан да табуға болады. Ол ұйымдардың көбісінде дін тек бетперде ғана, астарында нағыз саясат немесе нағыз бизнес жатады.
«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, не десек те, бұл ғасыр – адамдардың белгілі бір мүддеге сай өзара топтасу, бір-бір жамағатқа ұйысу ғасыры дейді білгіштер. Рас болса, мұны ашық мойындау және онымен санасу керек. «Мафиямен күресу үшін оны басқару керек» дегендей, ол ұйымдарды шағып тастау, мемлекеттік машинаның өзіне оңай емес. Өйткені мемлекеттік машинаны жүргізетін көптеген тетіктерде әлгі жамағаттардың кемінде бір-бір өкілі отырғаны анық. Қай-қайсының да мақсаты – түптің түбінде машинаның рөліне ие болу емес пе?!
Кешегі келмеске кеткен КСРО-ға шетелдік миссионерлердің мысықтабандап ене бастауы генсек Горбачевтің «Перестройкасы» тұсында белең алғаны анық. Парижде сол өткен ғасырдың 60-жылдары 2 мың мистикалық секта болыпты, соның бірі «Атланттар қауымында» 5 мың адам мүше болған екен. Ал 80-жылдардың басында Францияда әртүрлі ағымды ұстанатын 250 шіркеу ресми түрде тіркелген екен. Соның бәрі тыныш жатсын ба, қаусай бастаған КСРО-ға қарай лап қойды. Кейбір деректер бойынша, біз атеизм заманында өмір сүрдік дейтін 1989 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның өзінде 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестік болған екен. Сол 700 діни бірлестік арада 14 жыл өткенде, яғни 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206-ға жетіпті. 2017 жылдың сәуір айының аяғында елімізде 18 түрлі конфессияны құрайтын 3679 діни бірлестік тіркеліпті. Сонда 1989 жылы елімізде жүздеген қауымға бөлінген 30 конфессия болса, қазір ол 18-ді құрайды. Он екісі қайда кеткен? Ол, сірә, Қазақстанда тұрған неміс, поляк, батыстық украин, кәріс, тағы басқа ұлт өкілдерінің КСРО құлаған соң өз елдеріне үдере көшуімен байланысты ма, әлде сенім бостандығы бізде де бар деген кеңестік қоғамның сол замандағы көз алдауы ма, оны зерттеу керек.
Өткен ғасырдың 60-жылдары Қостанай мен Таразда Иегово куәгері ағымын ұстанған адамдардың жасырын жұмыс жүргізгеніне, Қарағандыда 1977 жылы котолик шіркеуін кеңес өкіметінен заңды түрде рұқсат алып тұрғызған немістердің әрекетіне қарасақ, құдайсыз саналған КСРО-ның өзінде сол кезде дін қазаны жасырын қайнап жатқанын байқауға болады. Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Әлгі 3679 діни бірлестіктің ішінде сүнниттен бөлек, шиитің де, ахмадияң да, буддисің де, индуисің де, кришнаитің де, бахаиың да, баптисің де, саентологияң да, иудейің де, евангелиің де, атынан жаңылатын басқа да түрлі ағымдар мен бауырластықтар жетіп артылады. Бұл тіркелген діни бірлестіктердің бәрі заң алдында тең және құқықтары мен міндеттері бойынша мемлекет тарапынан бірдей және қолайлы жағдай жасалған.
Әлемде 2639 христиандық секта барын санапты біреу. Исламдағы секталар да одан қалыспайды. Жалған пайғамбарлар былай қалып, өзін Құдаймын дегендер қаптап келеді. Оған сенетіндер де аз емес.
Алпауыт АҚШ тек қана исламды бүлдіру үшін жылына 50 миллиардқа жуық қаржы бөлетінін ескерсек, жіптің бір ұшы қайда жатқанын шамалай беріңіз. Қазақстандық бұрынғы саентолог бұдан екі жыл бұрынғы өзінің бейнесұхбатында еліміздегі саентологтардың осы ұйымға берген садақалары 100 мың доллардан 3 миллион долларға дейін жететінін мәлімдегені бар. Бұл ақшалар қоғамның мұқтажына, өзге мемлекеттердегі кедейлер мен жетім-жесірлерге беріледі деп сендіреді, әрине. Енді осыншама көп діни ағымнан елімізге қаншалықты қауіп бар, бар болса ол қандай деген мәселеге келейік.
Бүгінгі күні конфессияаралық тұрақтылыққа, ұлттық негізге және мемлекеттілікке ең үлкен қауіпті ислами бағыттың радикалды діни ағымдарының арасындағы белсенділігі жөнінде және ерушілерінің саны жағынан басымдылыққа ие болып отырған салафиттермен күрес жүргізілуде. Діни экстремизм әлеуметтік нысандарды және құндылықтарды тікелей қиратумен және өзінің идеологиялық бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі түрі болып табылатын адам өлтіру және террормен ғана қауіпті емес.
Жеке тұлғаның дүниетанымын бұрмалайтын және елеулі психикалық ауытқуларға жетелейтін экстремизм идеологиясының өзі аса қауіпті. Адамдардың көптеген топтарын қамтып, олардың психикасына және санасына ықпал етіп, мақсатты түрде тұлғаның санасын түбегейлі түрде өзгерту арқылы қоғамға қауіпті топтар дайындап жатыр емес пе? Жалған діни ағымдардың идеологтары өз тәжірибелерінде қорқыту, үрейлендіру және бопсалауды қолдануға тырысатыны ешкімге таңсық емес. Кейбір діни ұйымдардың сексуалды жақындық пен культ ішіндегі интимдік қатынасты бақылауда ұстайтыны, мысалы, басшы кімнің кімге үйленуі керек және сексуалды қатынасқа қашан түсу керек деп қатаң өмір салтын ұстануға мәжбүрлейтіні жалғанның жарығына шығуда. Көптеген ұйымдарда барлық қызметкерлер культтік мақсаттарға ден қою үшін ашылған жатақханалар (монастырь, ашрам т.б.) бар. Жаңадан қосылғандарды осындай үйлерде тұрғызу мақсатында бұдан да жоғары мәртебені уәде етіп, қысым да көрсетіледі. Сонымен қатар адам тартудың белсенді бағдарламалары немесе культтік басқа да қызметтері адамның жүйкесін жұқартып, оған культтің заңдарына күмән келтіруге уақыт та, энергия да қалдырмайды. Ол үшін олар трансқа түсіретін (медитация, дұға, монотонды өлең айту, өзін-өзі гипноздау) секілді әдістерді көптеп қолданып, мүшелерінің ойлау процесін, сезімдерін тежейді. Интеллектуалды және критикалық қабілеттерін әлсіретеді немесе мүлдем жойып жібереді.
Еліміздегі исламдық ағымдардың өзі сала-салаға бөлінген. Мәселен, Қазақстанға Ахмадия ағымы Пәкістаннан келді. Кезінде бір атақты жазушы ағамыз осы ағымның елдегі туын көтеріп жүрді. Орталығы – Лондонда. Пәкістанның өзінде ахмадиялықтарға өздерін мұсылман деп атауға тыйым салынған. Өздерінің тобының атауын олар Мұхаммед пайғамбардың екінші есімі – Ахмадпен байланыстырады.
Исламнан алыстап кеткен қозғалыстардың қатарына 1985 жылы құрылған құраниттерді де қосуға болады. Оның негізін қалаушы – Мысырдағы әл-Азхар университетінен сүннеттің талаптарын орындаудан, исламның негізгі принциптерінен бас тартқандықтан мұғалімдік жолдан қуылған Ахмад Мансур. 2002 жылы Мансур АҚШ-қа көшіп кетеді. Сол жерде Солтүстік Вирджинияда өзінің идеяларын тарату мақсатында Халық-аралық Құран орталығын ашады. 2009 жылы әл-Азһар университетінің беделділері Мансур мен оның сегіз ерушісін өлім жазасына кесті. ҚМДБ құраниттердің ілімін жалған деп пәтуа шығарды. Соттың шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдарға: әл-Каида, Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс, Өзбекстандағы исламдық қозғалыс, Күрд Халық Конгресі (Конгра-Гел), Асбат әл-Ансар, Мұсылман бауырлар, Талибан қозғалысы, Боз гурд, Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер, Лашкар-е-Тайба, Әлеуметтік реформалар Қоғамы, Хизб-ут-Тахрир ұйымы, АУМ Синрикё (жапондық діни секта), Шығыс Түркістан азат ету ұйымы, Түркістан ислам партиясы, Халифат әскерлері, Сенім. Білім. Өмір, Таблиғи жамағат, Ат-такфир уәл-хижра, ДАИШ, ан-Нусра жатады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оккульттік-мистикалық ұйымдар: Алля- Аят Фархат Абдуллаевтың адамдарды емдеу орталығы мен адамдарға олардың бойында әулиелік, емшілік қасиеттерінің бар екенін әрі оларға ауру адамдарды емдей аласыңдар деп сендіріп, «Шырақ жағу» «Ақтық жағу», «Бата шығару» сеанстарын жүзеге асырған, «Аққу», «Сұңқар» тағы басқа атақ берген «Ата жолы» қозғалысына тыйым салынды.
Әрине, Қазақстандағы қазіргі діни ахуал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жіті назарында екені анық. Әлгіндей түрлі секталардың миссионер басшылары, белсенді мүшелері кімдер, бәрі тізімде тұрғанына сенеміз. Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес жұмыстар да өз дәрежесінде жүргізіліп жатыр. Сондықтан да бақылауда, бәрі де біртіндеп реттеліп келеді.

Төкеш ӘЛІПҰЛЫ

Бөлісу: